ҰЛЫ ДАЛА тарихы
43
жасайды. Бұл 160 жылдан астам уақыт бойы Батыс ғалымдарын таңғалдырып
«руна» саналып келген беймәлім жазудың құпиясының анықталуы еді.
Аталмыш «руна жазуының» иелері «жабайы қараңғы, сауатсыз дала тағылары»
деп есептелген Ұлы даланың байырғы тұрғындары екендігі әлемді қайран
қалдырды. Осы жазуды көшпелілер біздің заманымыздың VII ғасырында
қолданғандығы, оның ешкімге ұқсамаған жазу екендігі, тілінің түрктік екендігі
анықталады. В.Томсеннің алғаш тауып оқыған сөзі де «Тәңірі», одан «Күлтегін»,
«Түрк» деген атау болды. Аталмыш үш сөз Корей түбегінен Қаратеңізге дейінгі
кең аумақта өмір кешкен жауынгер түрк оғландарының ұлттық коды болатын.
Осылайша, Түрк империясының салтанатты қаһармандық тарихының
мәңгітасқа қашалған мол мұралары сөйлей бастады.
Көп ұзамай түрколог В.В. Радлов Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк және басқа
көптеген бітіктастардың мәтіндерін зерттеп жариялады. Ғылым әлемінде түрк
бітіктануы деп аталатын жаңа саласы қалыптасып, Орхон, Енисей, Талас,
Алтай, Тұрпан, Лена, Кавказ, Шығыс Еуропа сынды аумақтарда кеңінен тараған
ескерткіштердің мәтіндері ғылыми зерттеліп, әлемнің көптеген тілдеріне
аударылды. Көне түрк бітік жазуын зерттеуге Х.Н. Орхун, С.Е. Малов, Г.Ф.
Рамстедт, Т. Текин, И.В. Стеблева, О.Ф. Серткая, И.А. Батманов, З.Б. Арагачи,
Ч. Жумагулов, К. Конкобаев, Д.Д. Васильев, И.В. Кормушин, И.Л. Кызласов,
А.С. Аманжолов, Л.Ю. Тугушева сынды көптеген ғалымдар атсалысты.
Көне түрк жазба ескерткіштерінің қазақ тілінде жарыққа шығуына, кең
көлемде насихатталуына Ғұбайдолла Айдаров, Мырзатай Жолдасбеков
сынды ғалымдар өлшеусіз үлес қосты. Осы орайда Халықарлық Түркі
академиясы да Вильгелм Томсен атындағы медаль шығарып, түрк жазуының
қызметі үшін атақты ғалымдарды, зерттеушілерді марапаттауға атсалысып
келеді.
Түрк танымының айрықша бір болмысы ретінде төл жазуымыз Еуразиялық
кеңістікте кең таралғандықтан, ареальдық тұрғыдан батыр бабаларымыздың
байтақ мәдениетке ие болғандығын дәлелдейді.
Көне түрк бітік жазулы ескерткіштері бүгiнгi Қазақстан аумағы Ертiс, Iле,
Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Моңғолия, Алтай, Тыва, Хакасия, Бурятия, Саха
(Якутия), Шығыс Түркiстан Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, Сиань (ҚХР),
Ішкі Моңғолия, Қырғызстан (Талас), Өзбекстан (Ферғана), одан ары солтүстiк
Кавказ (көне түрк монетадағы жазулар), шығыс Еуропаны қамтиды. Бұл бүкiл
Еуразия құрылығын алып жатқан орасан зор аймақ екені белгілі. Көне түрк бітігі
бүгінгі түрк тектес этностардың байырғы рухани мәдениетінің куәсі, әрі ортақ
мирасы болып табылады. Демек көне түрк бітік – дүние жүзі өркениетіндегі
шоқтығы биік ірі мұралардың бірі.
|