Өмірбаяны
Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жауыр тауының етегінде, Мұстафа қажының отбасында дүниеге келеді. Әуелі арабша хат танып, сауатын ашқан ол, оған қанағаттанбай, 14 жасында Спасск зауытына барып, бір жыл орысша оқиды. Кейін орыс-қазақ мектебінің төртінші сыныбына түсіп, ары қарай оқуға жағдайы болмай, оны он алты жасында бітіріп шығады. (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты. 1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды.
Шығармалары
1925 – 1964 жылы Қарағанды шахтасында темір жонушы, “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 1956, 1962 –1964) қызметтерін атқарды. Алғашқы әңгімесі “Сәрсен мен Боқаш” (1927) “Жыл құсы” алмағанында жарияланса, тұңғыш жинағы “Ер Шойын” (1929) деген атпен шықты.
1940 жылыҚарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады, шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттелді. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Мұстафин Ғабиден дәуір ш ындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ” (1942), “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді (“Жиырма бес”, 1953).
С оғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүние жүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған ақтөбелік диқан Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды. “Миллионер” повесі (1948) соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған. Повесть бірнеше шет тілдерге аударылған (ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай, т.б.), шығарма желісі бойынша осы аттас пьеса да жазылған. Ол “Қарағанды” (1952), “Дауылдан кейін” ('1960), “Көз көрген” (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық - көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді.
Мұстафин Ғабиден шығармалары шетел тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. Мұстафин Ғабиденнің шығармалары 20 ғасырдың басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауыртпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда Мұстафин Ғабиден өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, ондағы адамдар қарым - қатынасын көркем бейнелейді. Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалардың біріне айналған “Қарағанды” романы (1952) – ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен сол өңірдегі жұмыскерлер, зиялылар турасындағы кең тынысты, күрделі роман. М ұстафин Ғабиден бұл шығармасында “Өмір мен өлім” романының кейбір сюжеттік желісін пайдалана отырып, ұлттық зиялылар қауымының қалыптасу кезеңін нанымды бейнелейді. Кейіпкер тағдырын қайшылықты оқиғалар легі арқылы өткір, ұтымды көрсетіп, адамдар әрекетін уақыт тұрғысынан емес, адамгершілік ұстаным тұрғысынан тануға ұмтылды. Әлеуметтік - психологиясының. тереңдігімен ерекшеленетін “Дауылдан кейін” романы (1960) 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Көркемдік сапасы, шынайылығы, психологиялық сезім күйлерін суреттеудегі шеберлігі, образдарының жан - жақты ашылуы, оқиғаларының күрделілігі жағынан роман қаламгердің елеулі табысы саналды. Шығармадағы өмір шындығы “Көз көрген” романында (1963) отаршылдық пен езгіге қарсы күрес арқылы жалғасын тапты. Өз өмірінен және өзімен тұстас аға буынның басынан кешкен тарихи кезеңдері жайында мағлұмат беретін мемуарлық трилогия жазуды жоспарлаған Мұстафин Ғабиден “Көз көргенді” дүниеге әкелді. Мұстафин Ғабиден шығармаларының негізгі тақырыбы – өндіріс өмірі мен ауыл тіршілігінің тынысы.