2. Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары Қоғамдық сана - қоғамның рухани өмірінің, адам ойында шындықтың бейнеленуінің барлық түрлерін қамтитын философиялық категория; әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүруі процесінде пайда болатын адамдардың әлемге және өздеріне деген қатынастарының рухани тәсілдерінің жүйесі.
Оған қоғамдық идеялар, теориялар, саяси, құқықтық, адамгершілік, эстетика, философия және діни қозғалыстар, ғылыми білімдер, т.б. жатады. Қоғамдық сана әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез- құлықтарды, қалыптасқан дәстүрлерді, үлттар мен халықтардың психикалық кейіп ерекшеліктерін де қамтиды. Қоғамдық сана қоғамдық болмыстан туып, соның бейнесі мен туындысы болып табылады. Сана болмыстың бейнесі болғандықтан, қоғамдық болмыс өзгергеннен кейін сана да өзгереді. Бірақ қоғам мүшелерінің санасы белгілі бір мерзімге дейін өзгерген болмысқа сәйкес келмеуі, яғни артта қалуы мүмкін. Қоғамдық сана болмысты бейнелеп қана қоймайды, ол бейнеленген нысанды қозғайды, оны өзгертіп, дамытады. Оның күрделі ішкі құрылымдарының деңгейі мен түрлерін ашып көрсетуге болады. Қоғамдық сананың деңгейлеріне тікелей бүқараның, жекелеген әлеуметтік топтар өмірінің күнделікті жағдайларынан туатын қарапайым, эмпирикалық сана және қоғамдық топтардың түпкілікті мүдделерінің рухани көрінісі ретінде ғылыми-теориялық сана жатады. Қоғамдық сананың түрлері объективтік дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуін көрсетіп, адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалып, қоғамның рухани мәдениетінің қүрамдас бөлігіне айналады. Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді түрде ықпал етеді. Оның әрқайсысының өз нысанасы мен бейнелеу тәсілінің болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізіп, идеялық-саяси күресте ерекше рөл атқаруымен сипатталады.
3. ХХІ ғ. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мәселесі Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады:
1. сезімдік, түйсіктік.
2. саналы теориялық.
1-сі ез елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық сезімнен туса, 2-сі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүниежүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал, ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым халықтың тек сезімі ғана емес, ойы, санасы оянған өкілдері, артына, қазіргісіне, алдына ой жүгіртіп, көз жіберетін,
«Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алып,
Кектеніп надан залымға,
Шиыршық атып, толғанатын» ұлы ойшылдар ғана ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалаған. Дәл осы тұрғыдан Абай сезімтал да ойшыл, білімдар да кемеңгер. Халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне күмәнданған, алайда келешегінен үміттеніп, «шиыршық атып толғанған» Абай: «Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді... Ондайым жоқ. Егер жек керсем, сөйлеспес ем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жата беру керек еді... бұлардың бәрі де жоқ... Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін... Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын...» деп, халқының қамын ойлап қиналады, қапаланады, халқының мінін, кемістігін көрсетіп, бетіне баса сынайды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың. Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп бір жағынан қатты қиналса, екінші жағынан «Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді? » деп, үміттенеді.