Автордан
Информатика пәнін неғұрлым терең, әрі тиянақты оқып үйрену үшін педагогика мен дидактиканың негізгі талаптары толық ескерілгені жөн. Мұнда оқытудың басты бағыттары: теориялық, технологиялық және қолданбалы негіздері өзара бірлікте жүргізілуі тиіс.
Осы айтылған бағыттар қазіргі информатика оқулықтарында толық қамтылмай, көбінесе оқушыларды бағдарламаларды дайын күйінде пайдаланудың қыр-сырына үйретумен ғана шектелуде. Әрине, компьютермен, оған орнатылған программалармен жұмыс істей білу дағдыларын игерту қажет-ақ.
Алайда, осыған бейімделген оқушы информатика пәнінің ең басты міндетін – бағдарламалау негіздерін оқып-үйренуге құлықты болмайды және өздігінше түрлі бағдарламалар құра білу дағдысын игермейтін болады. Бұл жағдайда оқушының информатика пәніне деген ынтасы азаяды, олар компьютерді ойын құралы ретінде түсініп, солай пайдалануға үйренеді.
Бүгінгі жаңа техникалар мен технологиялардың сәт сайын даму үрдісіне шыдас беріп, оларды үйренуден қалыс қалмау үшін мемлекеттік тілде информатика ілімінің іргетасы – бағдарламалау негіздерін оқытуға қажетті оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге баса көңіл бөлінгені жөн деп есептеймін. Міне осы мақсатты көздеп, оқушылар назарына соңғы кезде көп қолданылып жүрген – Delphi визуалды бағдарламалау жүйесі туралы жазылған еңбегімді ұсынып отырмын.
Бұл әдістемелік оқу құралында осы жүйенің құрылымы мен олардың басты компоненттерінің атқаратын қызметтері және оларды практикада қолдану жайы жинақты түрде қарастырылған.
Бұл оқулық теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады, міне сол себептен ол информатика саласындағы мамандардың белгілі дәрежеде қажетін өтейді деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |