Стационарлық көмек көрсететін және амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін медициналық мекемелерге арналған аккредитация стандарттары
Жаңартылған стандарттар құрылымы
А. Жетекшілік(5 стандарттар)
1.0 Ұйымның этикалық нормалары
2.0 Басқару
3.0 Стратегилық және оперативты жоспарлау
4.0 Жалпы басқару
5.0 Қауіптерді басқару және сапаны жоғарылату
В. Ресурстарды басқару(3 стандарт)
6.0 қаржыларды басқару
7.0 ақпараттық басқару
8.0 адам ресурстарын басқару
С. Қауіпсіздікті басқару(6 стандарт)
9.0 Ғимарат менеджиенті мен қауіпсіздігі
10.0 Төтенше жағдайлар және өрт қауіпсіздігін басқару
11.0 Жабдықтар мен шығын материалдарын қауіпсіз қолдану
12.0 Еңбек шарттарының қауіпсіздігі
13.0 Тағамдардың қауіпсіздігі
14.0 Инфекциялық бақылау
Д. Науқастардың күтімі (9 стандарт)
15.0 Науқас пен отбасының құқықтары
16.0 Медициналық қызметке қолжетімділік, госпитализация, медициналық қызмет көрсетуді жоспарлау
17.0 Медициналық қызмет және ем көрсету
18.0 Анестезия және хирургиялық емдеу
19.0 Лабораторлық қызмет
20.0 Қан қызметі
21.0 Медикаменттер менеджменті
22.0 Медициналық карта
23.0 Науқастарды емдеу және күтім сапасы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы N 1559 қаулысымен бекітілген
1. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі (бұдан әрi – Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегi Кодексiне сәйкес әзiрлендi және денсаулық сақтау саласында аккредиттеу жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.
2. Осы Ережеде, мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: денсаулық сақтау субъектілері – жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ жеке тұлға; медициналық ұйым – негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы; тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау субъектілері қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға; аккредиттелетiн субъект - медициналық ұйым, жеке тұлға; халық медицинасы (емшілік) – емдік заттар, сондай-ақ емдік және гигиеналық тәсілдер мен дағдылар туралы халықтың жинаған эмпиризмдік мәліметтерінің жиынтығы және оларды денсаулық сақтау, аурулардың алдын алу мен емдеу үшін практикалық қолдану. Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
3. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге: көрсетiлетiн медициналық және фармацевтикалық қызметтердiң денсаулық сақтау саласындағы белгiленген талаптар мен стандарттарға сәйкестiгiн тану мақсатында медициналық ұйымдар; денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптамалық бағалау жүргiзу үшiн жеке тұлғалар жатқызылады. Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен. 4. Аккредиттеу ерiктi сипатта болады және аккредиттелетiн субъектiнiң қаражаты есебiнен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған өзге де қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
5. Денсаулық сақтау саласында аккредиттеудi жүзеге асыратын орган (ұйым) аккредиттеу жөнiндегi тиiстi комиссиялар (бұдан әрi – Комиссиялар) құрады және аккредиттелген денсаулық сақтау саласындағы медициналық ұйымдар мен тәуелсiз сарапшылардың дерекқорын қалыптастырады. Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен. 6. Медициналық ұйымдарды аккредиттеудi аккредиттеуші орган не денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргiзедi. 7. Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ереже аккредиттеуші органның шешімімен бекiтiледi.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеуді жүргізу тәртібі
8. Денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптамалық бағалауды жүргiзуге аккредиттеуден өту кезiнде жеке тұлғалар аккредиттеушi органға мынадай құжаттарды: 1) уәкiлеттi орган бекiткен мамандықтар номенклатурасына сәйкес мәлімделген аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеушi орган бекiткен нысан бойынша аккредиттеуден өтуге арналған өтiнiшті; 2) жеке куәлiгiнiң көшiрмесiн; 3) салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесiн; 4) жоғары кәсiптiк бiлiмi туралы дипломның көшiрмесiн; 5) ғылыми дәрежелерiнің, атақтарының (олар болған кезде) болуы туралы құжаттардың көшiрмелерiн; 6) бiрiншi немесе жоғары бiлiктiлiк санаттарының берiлгенi туралы сертификаттардың көшiрмелерiн; 7) практикалық денсаулық сақтауда мамандығы бойынша кемiнде 7 жыл жұмыс өтiлiнiң болуын растайтын еңбек кiтапшасының көшiрмесiн; 8) жұмыс орнынан (негiзгi) мiнездеме немесе кәсiптiк медицина қауымдастықтарының немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың немесе медициналық бiлiм беру ұйымдарының (кемiнде екеу) ұсынымдарын; 9) соңғы 5 жыл iшiнде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда және медициналық бiлiм беру ұйымдарында жалпы көлемi кемiнде 216 сағат бiлiктiлiгiн арттыру және (немесе) қайта даярлау туралы, оның iшiнде сараптама жүргiзу мәселелерi бойынша немесе сараптама қызметiнiң негiздерi бойынша құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.
9. Аккредиттеуші орган құжаттарды алған сәтінен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда көрсетілген мерзімдерде жазбаша уәждемемен өтінішті одан әрі қараудан бас тартылады. 10. Құжаттарды қарау мерзiмi денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптамалық бағалау жүргiзу үшiн жеке тұлғаларды аккредиттеуден өткiзуге өтiнiш тiркелген сәттен бастап аккредиттеушi орган тиiстi шешiм шығарғанға дейiн 30 күнтiзбелiк күннен аспайды. 11. Денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне тәуелсiз сараптама жүргiзу үшiн жеке тұлғаларды аккредиттеу конкурстық iрiктеу (тестiлеу және әңгiмелесу) арқылы олардың бiлiктiлiгiн кешендi бағалау негiзiнде жүргiзiледi. 12. Кешендi бағалаудың қорытындылары бойынша аккредиттеушi орган аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Кешендi бағалауды жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган бекiтедi. 13. Аккредиттеуден өткен субъектiге аккредиттеушi орган бекiтетiн нысан бойынша 3 жыл мерзiмге аккредиттеу туралы куәлiк берiледi.
14. Мынадай жағдайларда аккредиттеу туралы куәлiк беруден: 1) ұсынылған құжаттарда бұрмаланған немесе жалған ақпарат болғанда; 2) кешендi бағалаудың (тестiлеу және әңгiмелесу) қанағаттанғысыз нәтижелерi болғанда; 3) азаматтардың және заңды тұлғалардың жеке тұлғаның қызметiне мемлекеттiк органдарға комиссиялық тексеру актiлерiмен расталған негiзгi шағымдары болғанда; 4) жеке тұлғаға қатысты мәлiмделген түрi бойынша қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешiмi болғанда бас тартылады.
3. Медициналық ұйымдарды аккредиттеудi жүргiзу тәртiбi
15. Медициналық ұйымдар аккредиттеуден өту үшiн аккредиттеушi органға мынадай құжаттарды: 1) аккредиттеушi орган бекiткен нысан бойынша өтiнiшті; 2) медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыру құқығына қосымшасымен лицензияның көшiрмесiн; 3) құрылтай құжаттарының және мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмелерiн (заңды тұлғалар үшiн); 4) өзiн-өзi бағалау нәтижелерiнiң өз бетiнше немесе тәуелсiз сарапшыларды тарта отырып жүргiзiлетiн аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгiне көшiрмені тапсырады. Мемлекеттік заңды тұлғалар және мемлекет қатысатын заңды тұлғалар заңды тұлға мүлкiнiң меншiк иесiн немесе меншiк иесi өкiлеттiк берген органның не оған құрылтай құжаттарымен өкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлғаның мөрiмен бекiтiлген медициналық ұйымдар ұсынған ақпараттың растығын көрсетеді.
16. Медициналық ұйымдар ұсынған құжаттардың осы Ереженің 15-тармағына сәйкестiгiн қарауды аккредиттеушi органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады. 17. Аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері құжаттарды алған сәтінен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша уәждемемен одан әрі қараудан бас тартылады. 18. Медициналық ұйымдарды аккредиттеу олардың қызметiнiң уәкiлеттi орган бекiткен белгiленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгiне сыртқы кешендi бағалау негiзiнде жүргiзiледi және мемлекеттiк тапсырысты орналастыру кезiнде ескерiледi.
19. Медициналық ұйымдардың аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгiне сыртқы кешендi бағалау: 1) дербес немесе заңнамада белгiленген тәртiппен аккредиттелген тәуелсiз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткiзiлетiн бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгiне өзiн-өзi бағалау; 2) аккредиттеушi органның аумақтық бөлiмшелерi немесе заңнамада белгiленген тәртiппен аккредиттелген тәуелсiз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткiзетiн осы Ереженің 15-тармағына сәйкес аккредиттеу рәсiмдерiн өту үшiн ұсынылатын құжаттарды сараптау; 3) аккредиттеу комиссиясының аккредиттелетiн субъектiге бара отырып, бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгiн сараптамалық бағалау; 4) сауалнама жүргiзу, сұхбат алу; 5) аккредиттеу стандарттарына сәйкестiктi бағалауды баллдық жүйе негiзiнде жүргізу кезеңдерінен тұрады. Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
20. Медициналық ұйымдар ұсынған құжаттарды қарау Комиссияның отырысында аккредиттеу стандарттарына сәйкестiктi сыртқы кешендi бағалауды ескере отырып жүзеге асырылады. Сыртқы кешенді бағалау қорытындылары баллдық жүйе негізінде аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті бағалауды жүргізумен аяқталады. Аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгi 60%-дан 80%-ға дейiн жеткен кезде аккредиттеуден өткен денсаулық сақтау субъектiсiне 2 жыл мерзiмге аккредиттеу туралы куәлiк берiледi, ал аккредиттеу стандарттарына сәйкестiгi 80%-дан 100%-ға дейiн жеткен кезде 4 жыл мерзiмге аккредиттеу туралы куәлiк берiледi. Аккредиттеу туралы куәлік нысанын аккредиттеушi орган бекiтеді. Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен. 21. Аккредиттеушi орган тиісті шешім шығарғаннан кейін аккредиттеуден өткен медициналық ұйымға 10 жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлiк беріледi.
22. Аккредиттеу туралы куәлiктi беруден: 1) ұсынылған құжаттарда бұрмаланған немесе жалған ақпарат болған; 2) медициналық ұйымдардың сыртқы кешендi бағалау нәтижелерiне сәйкес белгiленген аккредиттеу стандарттарына сәйкессіздігі; 3) медициналық ұйымға қатысты мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болған жағдайларда бас тартылады.
4. Емші сертификатын беру жөніндегі қызметпен айналысуға денсаулық сақтаудың ұйымдарына аккредиттеу жүргізу тәртібі
Ескерту. 4-бөлім алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
5. Аккредиттеу туралы куәлiктi қайтарып алу
34. Медициналық ұйымды және тәуелсіз сарапшыларды аккредиттеу туралы куәлiктi қайтарып алуды Комиссияның шешiмi бойынша аккредиттеушi орган мынадай фактiлер анықталған жағдайда: 1) медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны тоқтатқанда немесе қайтарып алғанда; 2) әкiмшiлiк және қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
6. Қорытынды ережелер
35. Жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты және (немесе) медициналық ұйымның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар, медициналық ұйымдар аккредиттеушi органға көрсетiлген мәлiметтердi растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, аккредиттеу туралы куәлiктi қайта ресiмдеу туралы өтiнiш бередi. Аккредиттеушi орган тиiстi жазбаша өтiнiш берiлген күннен бастап жеті жұмыс күнiнiң iшiнде тәуелсіз сарапшылармен медициналық ұйымдар үшін аккредиттеу туралы куәлiктi қайта ресiмдейдi. Бұрын берiлген аккредиттеу туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады және болған жағдайда аккредиттелген субъектiлердiң дерекқорына тиiстi ақпарат енгiзiле отырып, аккредиттеушi органға қайтарылады. Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
36. Аккредиттеу туралы куәлiк жоғалған жағдайда аккредиттеушi орган аккредиттелген тәуелсіз сарапшының, медициналық ұйымның жазбаша өтiнiшi бойынша үш жұмыс күнiнің ішінде аккредиттеу туралы куәлiктiң телнұсқасын бередi. Бұл ретте аккредиттеу туралы куәлiктiң түпнұсқасының күшi жойылды деп танылады. 37. Аккредиттеушi орган медициналық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды аккредиттеу туралы куәлiктердiң бланкiлерiн дайындауды, есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етедi. 38. Аккредиттелмеген медициналық ұйымдар белгiленген аккредиттеу стандарттарына сәйкессiздiктi жойғаннан кейiн қайта аккредиттеуден өтуге өтiнiш бередi. 39. Аккредиттеушi органның аккредиттеу не аккредиттеуден бас тарту туралы шешiмiне медициналық ұйымдар және жеке тұлғалар заңнамада белгiленген тәртiппен шағымдана алады. Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.12.11 № 1574 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.