Дәрістің тезисі: идемиологиялық әдіс жеке жағдайларды емес, көпшілік дертті жағдайларды зерттеуге және психикалық патологияға тән жалпы заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Эпидемиологиялық зерттеулер нәтижесі барлық популяция мен репрезентативті топты зерттеу нәтижесінде алынған жағдайда ғана маңызды болып табылады. Популяция бір аймақты мекендеген тұрғындар немесе қандай да басқа бір белгілері арқылы біріккен (мамандық, жыныстық, рассалық және т.б.) топтар болуы мүмкін. Популяция шизофрениямен, эпилепсиямен немесе қандай-да бір басқа аурулармен ауыратын адамдардың тобы болуы мүмкін. Көлемді зерттеулерде репрезентативті топтар құрылады.
Құрылған топ барлық көрсеткіштері бойынша популяцияға (жынысы, жасы, қызметі, білімі) сәйкес келуі керек.
Тұрғындардың психикалық денсаулығының негізгі көрсеткіштері ауыру, аурушаңдық және ауыру қауіптілігі болып табылады. Ауруға шалдығу – популяция деңгейінде бір жыл ішінде тіркелген жаңа науқастар санымен анықталады. Аурушаңдық - науқас адамдардың жалпы санымен анықталады. Аурушаңдық пен ауыру 100, 1000, 10000, кейде 100 000 дейінгі тұрғындар есебінен алынады. Интенсивті көрсеткіштер бойынша басқа да құбылыстардың таралу дәрежесі көрсетіледі: өлім дәрежесі, мүгедектік және т.б. Ауыру мен аурушаңдық және басқа да көрсеткіштер басқа сипаттамаларға қатысты көрсетіледі: нақты бір жылда немесе қандай-да бір уақыт кезеңінде, қандай-да бір жас кезеңіндегі адамдарға және т.б. Ауруға шалдығу қаупі – адам жасына қарай аурудың пайда болу мүмкіндігі және аурудың басталу жасы. Қауіп мүмкіндіктер (50 ішінен 1 мүмкіндік) немесе пайыз түрінде көрсетіледі.
Психикалық аурулардың қалаларда, аудандарда, елдердегі таралу көрсеткіштерін салыстыру науқастардың психикалық жағдайын бағалау унификациясы іске асырылғанда ғана нақты нәтиже береді.
Дегенмен мектептердің көбеюі мен диагностикалық тәсілдердің әрқилылығына байланысты ұқсас жағдайларды нақты квалификациялауды әртүрлі елдерде емес, бір ғана ел шеңберінің өзінде іске асыра алмаймыз. Ауру жағдайын бағалауда келіспеушіліктерді болдырмас үшін, психикалық аурулардың таралуы, формасы, варианты туралы мәлімет алғанда зерттеу кезінде есепке алынған сипаттаманың унификациясы қажет. Осыған байланысты біздің елімізде, эпидемиологиялықлық зерттеулер жүргізгенде тәжірибеде қолданылатын барлық негізгі нозологиялық формалар үшін психопатологиялық синдромдар глоссарийлері дайындалған. Кез-келген психикалық ауруларды бағалауға қолданылатын стандартты синдромдар жинағы құрастырылған. Синдромдарды глоссарий бойынша шифрлай отырып, диагностикалық бағытқа және мамандық бойынша дайындық дәрежесіне тәуелсіз дәрігер суреттелген синдромдардың бірімен науқас жағдайын идентификациялайды. Осылайша болашақта статистикалық өңдеу жүргізу үшін мәліметтер алуда бірлік қалыптасады. Әрі қарай мәліметтерді талдауда зерттеу кезінде нақты синдромды анықтау ауру дамуының өте ерте сатысында науқастың алдағы жағдайы жөнінде нақты қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осындай жағдайда ауру ағымын синдромдардың динамикалық тізбегі түрінде қарауға мүмкіндік туады, бұл психопатологиялық үрдістің динамикалық тенденциясын, себептерді және клиникалық патоморфоз ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |