Дәріс № 19
Тақырыбы: Жер салығының теориялық негіздері
Дәріс жоспары:
Жер салығы
Жер үшін төленетін төлемдер
Әдебиеттер:
1. ҚР Жер кодексі 2003. 20 маусым
2. Сейфуллин Ж.Т. Жер кадастры. Алматы: изд Агроуниверситет, 2001.
3.Жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтауға арналған нұсқау. – Астана, 2004. – 30б.
Жер салығы – тұрақты не уақытша пайдалануға берілген жер телімі үшін заң жүзінде бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер. Жер салығының негізгі мақсаты — экономикалық тәсілмен жер қорын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және бюджетке түсім түсіру арқылы жер қорын сақтау, жердің құнарлылығын, сапасын жақсарту шараларын қаржыландыру. Жер салығын салу нысаны жер телімі болып табылады. Қазақстанда елді мекендердің ортақ пайдаланудағы жер телімдеріне; ортақ пайдаланудағы мемлекеттік автомобиль жолдары алып жатқан жер телімдеріне; Үкімет шешімі бойынша консервацияланған нысандар орналасқан жер телімдеріне, т.б. жер салығы салынбайды. Жер салығының мөлшері салық салынған жердің сапасына, құнарлылығына және оның орналасуына байланысты дифференциалды түрде жердің бір шаршы метріне, немесе бір гектарына есептеліп бекітіледі. Салықтың базалық мөлшері республика заңымен бекітіледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге, өнеркәсіп және да басқа өндіріс саласындағы жерлерге салынатын жер салығының базалық ставкалары бір гектарға шаққанда бонитет балына бара- бар сарапталып бекітіледі. Бонитет балы 50-ден 100-ге дейін және 100-ден жоғарғы мөлшермен сарапталады. Елді мекендердің жерлеріне салынатын базалық салық мөлшері алаңның бір шаршы метріне бекітіледі. Жергілікті өкілетті органдар өзінің шешімдерімен жер телімдеріне бекітілген базалық мөлшерді төмендете алады.. Қазақстанда бірыңғай жер салығын 1999 жылдан бастап шаруа қожалықтары төлейді. Бірыңғай жер салығын есептеу үшін жер телімінің бағалау құнын білу керек. Мұны анықтау Қазақстан Республикасының “Жер кодексі” (2003) белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
Жер үшiн төленетiн төлемдер:
Меншiктегi, тұрақты жер пайдаланудағы немесе бастапқы уақытша өтеусiз жер пайдаланудағы жер учаскелерiне Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жер салығы салынады.
Мемлекет уақытша өтеулi пайдалануға берген жер учаскелерi үшiн жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы алынады.
Жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын есептеу және бюджеттiң кiрiсiне төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттерге жер учаскесi жалға берiлген кезде жер учаскелерiн пайдалану төлемақысының мөлшерi Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда айқындалады.
Жер учаскелерiн мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке өтеулі негізде сату, өзінің жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешiмi бойынша ақысы бiрден төленiп не төлеу мерзімі ұзартылып жүзеге асырылады, бұған:
Қазақстан Республикасының азаматтарына – тұрғын үй- жайлардың меншiк иелерiне кондоминиум объектiлерiндегi мiнсiз үлесi ретiнде;
Қазақстан Республикасының азаматтарына жер кодексіне, сәйкес өзiндiк қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшiн;
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен айқындалатын халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға;
тізбесін және тізбеге енгізу үшін таңдау критерийлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын отандық өнеркәсіп орындарына;
"Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес объектілер салуға берілген шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
жер кодексінің және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда, жер учаскесi меншiкке өтеусiз негiзде берiлетiн жағдайлар қосылмайды.
- жер учаскелерi үшiн төлемақы немесе уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын өтеулi түрде бepу төлемақысы жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерiн қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық құны негiзiнде есептеледi.
Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн жеке меншiкке сатқаннан түсетiн қаражат Ұлттық қорға аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.
Өзiндiк қосалқы шаруашылық, бағбандық жүргізу, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, жер кодексінде жер учаскелерін ақылы түрде беру көзделген өзге де мақсаттар үшін өтеусiз берiлген жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда, жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiнiң өзгерген нысаналы мақсаты үшiн Қазақстан Республикасының заңында көзделген кадастрлық құнына тең болатын соманы бюджеттiң кiрiсiне төлеуге мiндеттi. Елді мекеннің аумағы шегіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жер учаскесінің нысаналы мақсаты, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жерлерді қоспағанда, ауыл және орман шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін өзгертілген жағдайда, аталған жер учаскесінің меншік иесі жер учаскесінің өзгерген нысаналы мақсаты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық құны мен осы учаскенің бұрын мемлекеттен сатып алынған бағасы арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеуге міндетті.
Мемлекеттiк заттай гранттар түрiндегi жер учаскелерi мен жер пайдалану құқығы инвестициялық жобаның атқарылуын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына жер кодексінің және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарына сәйкес берiледi. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының жер учаскесін заттай грант ретінде беру туралы шешімі оның жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде қабылданады.
Меншiк иесi жер учаскесiн сатқан немесе жалға берген кезде, мемлекеттiк емес жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға сатқан кезде, сондай-ақ ол жер учаскесiн кейiнгi жер пайдаланушыларға жалға берген кезде, жер учаскелерi үшiн төлемақының мөлшерi, мерзiмдерi мен нысаны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес сатып алу-сату немесе мүлiк жалдау шарттарымен айқындалады. Жер учаскесі ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорацияларға жер учаскесінің кадастрлық құны бойынша есептелетін баға бойынша жарғылық капиталының төлеміне берілуі мүмкін. Жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкалары және жер учаскесiнiң кадастрлық құны анықталады:
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншікке берілген, оларды мемлекет немесе мемлекеттiк жер пайдаланушылар жалға берген кезде жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларын, жалдау құқығын сату төлемақысының мөлшерiн және мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне жекеше сервитут белгілеу үшін төлемақының мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейді. Жер учаскелерi жеке меншiкке берiлген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкалары облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімдерімен белгiленедi.
Нақты жер учаскесінің кадастрлық құнын мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттің жеке меншікке немесе жалға өтеулі негізде беретін жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына сәйкес оған коэффициенттерін қолдана отырып белгілейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, жергілікті атқарушы органдарының жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы үш жұмыс күні ішінде бекітетін жер учаскесінің кадастрлық құнын айқындау актісімен ресімдейді. Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiкке өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн тегiн берудiң белгiленген нормаларынан артық берiлетiн қосымша жер учаскелерiнiң кадастрлық құны бағаланатын учаскелерге неғұрлым жақын орналасқан ауылдық елдi мекендердiң жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларына негiзделе отырып айқындалады.
Елдi мекендердiң шегiнен тыс орналасқан, азаматтарға және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға құрылыс жүргiзу үшiн берiлген немесе үйлер мен олардың кешендерi салынған жер учаскелерi бойынша, оларды кадастрлық құны облыстық маңызы бар қалаларда аталған мақсаттар үшiн берiлген жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларының 10 пайызы мөлшерiне негiзделе отырып айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |