Дәріс №10 XVIII – XIX ғғ.басындағы қазақ мәдениеті.
XYIII ғасырдың ІІ-жартысынан бастап қазақ жерін Ресей империясының отарлау үрдісі басталды. Бұл кезең ислам өркениетінің құлдырауы мен көшпелілік құндылықтардың дағдарысымен тұспа-тұс келді. Бұрын қазақ даласында жұмыс істеген мұсылмандық “қадим” мектептері ғылым мен білімге ұмтылған халықтың талабын қанағаттандыра алмады. Себебі “қадим” мектептерінде оқу қазақтар үшін түсініксіз араб тілінде жүргізілді. Шала сауатты молдалар мектептегі оқуды 4 жыл бойы шәкірттерге құрғақ жаттау әдісімен жүргізді. Осындай жағдайды шебер пайдаланған орыстың отарлық үкіметі қазақ далаларында XYIII ғасырдан бастап орыс тілінде білім беретін азаматтық мектептерді аша бастады. Ондағы мақсаты-қазақ елін отарлауды күшейту үшін қажетті ұсақ шенеуліктерді, тілмаштарды дайындау болатын. Дегенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан діни жүйенің өзіне тән құндылықтары мен артықшылықтары болғанын жоққа шығаруға болмайды. Діни мектептер мен медреселерде құран қағидалары мен қатар, шығыс ойшылары мен ақындарының шығармалары терең оқытылды. Қазақ даласының ұлы ойшылары Әл-Фараби, Ж.Баласұғын, М.Қашқари, А.Игүнеки және басқалары медресе түлектері болатын. Қазақ халқының XIX ғасырда өмір сүрген Т.Ізтелеуов, Ш.Жәңгіров, Ж.Ж.Көпеев, Ғ.Қараш және басқа ағартушылары, ойшылдары имандылық, ізгілік, парасаттылық мәселелерін насихаттады. Мысалы, Ғ.Қараштың «Ойға келген пікірлерім», «Өркен», «Көксілдер» т.б. еңбектерінде адамгершілік, ел бірлігі, мұғалім тұлғасы т.б. мәселелер қозғалды. Ұлы Абайдың өзі де алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқаннан кейін, шығыстың озық үлгілік білімін 3 жыл бойы Семей қаласында «Ахмет-Риза» медресесінде алған еді. Абай медресе қабырғасында оқып жүргенде, шығыстың ұлы ақындары Ә.Фердауси, Ә.Науаи, Саади т.б. шығармаларымен танысқан. Алайда дәстүрлі діни білімнің жағымсыз жақтары да болды. «Қадым» мектептерінің оқу мазмұнында догматизм мен схоластика басым болды. Мұсылман ағартушылары зайырлы білімді медреселерге енгізуге қарсылық білдіріп, ескілікті көкседі. Бірақ уақыттың бір жерде тұрмайтыны сияқты, еуропалық білім де қазақ жеріне XYIII ғасырдың алдынан бастап ене бастады. 1786 жылы Омбы қаласында Азияттық мектеп, 1789 жылы Орынбор қаласында үкіметтік мектеп ашылды. Бұл оқу орындары қазақ алаларын тілмәштік, песірлік мамандықтарға үйретті. Мектеп оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, әлемдік тілдерді, сондай-ақ ислам діндерін оқып үйренді. Қазақ жеріндегі келесі азаматтық мектеп 1841 жылы Бөкей ордасында Жәңгір ханның өз қаражатына ашылды. Ағарту ісінде патша өкіметі қазақтарды христиандандыру бағытын ұстанды. Оны белгілі миссионер-ағартушылар Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов, Н.П.Остроумовтар жүргізді. Н.Ильминский және оның жақтастары қазақтарды орыстандыру саясатын айлакерлікпен, жергілікті халықтың салт-дәстүрлерін ескере отырып, «түсінікпен» жүргізуге тырысты. Ағарту саласында патша шенеуніктері орыс-қазақ (түземділік) учаскелік мектептер жүйесін құрды, қазақ- араб әліпбиін жойып, оның орнына кириллицаны енгізді. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қырымда, Поволжьеде қалыптасқан И. Гаспринскийдің «жаңа әдістік» жәдид мектептерін Қазақстанға жібермеуге тырысты. Себебі, жәдид мектептерінде дін қағидаларымен қатар, жекеленген ғылыми білімдер берілді. Патша үкіметі осы мектептердің мұсылман халықтарына білім беру бағытындағы игі ықпалынан қорқып, қарсы шаралар қолданып бақты.
Қазақстан Ресей империясына қосылғаннан кейін, өлкені ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне кең құлаш жайды. Орыс ғалымдары геологиялық, климаттық карталарды, сондай-ақ Каспий және Арал теңіздерінің карталарын жасады. XYIII ғасырда Қазақстанды зерттеген ғалымдардың арасынан қазақ халқының тұрмысын, тарихын өз шығармаларында дәл, толық суреттей білген П.И.Рычковты ерекше атауға болады. 18 ғасырда қазақ өлкесін П.С.Паллас, В.Гладышев, И.Муравин, К.Миллер, М.Арапов, И.Кириллов, И.Ураков, т.б. зерттеді. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға аса ірі экспедицияларды Е.П.Ковалевский, Н.А.Северцев, В.П.Васильев, Н.В.Халыков, Г.И.Даниловский, М.Поспелов, В.И.Даль басқарды. Бұл саяхатшылар Қазақстанның табиғатын, халқының мәдениетін, тұрмысын зерттеп, географиялық түсірулермен және картографиялармен айналысты, өлкенің экономикалық жағдайын барлады. 1833 жылы А.С.Пушкин Пугачев қозғалысы болған жерлермен жүріп өтті. Ол қазақ ауылдарында болып, оның тұрғындарымен, тұрмысымен танысты. Сол жылы ақын қазақ дастаны «Қозы-Көрпеш және Баян сұлуды» жазып алады. А.С.Пушкиннің ықпалымен бірқатар орыс ақын-жазушылары, олардың ішінде көрнекті жазушы-этнограф В.И.Даль Қазақстанға саяхат жасады. В.И.Даль - қазақтар өмірін суреттейтін «Бекей және Мәулена» повесінің авторы. Бұл бағытта П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, А.И.Левшин, А.Алекторов, Харузин, Мушкетов т.б. ғалымдар көп еңбек сіңірді. Қазақ халқының тілін, ауыз әдебиетін зерттеу ісінде көрнекті шығыс зерттеушілері А.Диваевтың, В.В.Радловтың (1837-1918 ж.ж.) ролі зор болды. Қазақстанда 1847 жылдан 1857 жылға дейін украин ақыны Т.Г.Шевченко айдауда болды. Оның «Қазақ жанұясы», «Ат үстіндегі қазақ», «Қазақ қызы-Катя», «Байғұстар» суреттері сол кездегі қазақ өмірінің шынайы бейнесін берді. Қазақстанның мәдениет тарихы мен қоғамдық өмірін зерттеуде құрметті орын қазақтың көрнекті ғалымы, этнографы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа (1835-1865ж.ж.) тиесілі. Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың өлке тарихын, этнографиясын көрнекті зерттеуші ретінде қалыптасуына орыс зиялы қауымның ықпалы мол болды. Ол Ф.М.Достоевскиймен, Т.П Семеновпен, А.Н.Майковпен және басқалармен достық қарым-қатынаста болды. Ғалым өзінің ғылыми зерттеулері нәтижесінде «Абылай», «Манас», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қытай империясының батыс шет аймағы және Құлжа қаласы», «Алтышардың немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының шығыстық алты қаласының жағдайы туралы» атты әйгілі шығармаларын жазып қалдырды.
Қазақстанды отарлау саясаты бұрынғыдан бетер күшейе түсті. Қазақ жерінің ұлы өзендері Жайық, Есіл, Ертіс, Тобыл т.б. бойына әскери бекіністер, қалалар салынып, жайылымдар көшпелілерден тартып алынды. Өлкені қоныстанушылардың саны жыл сайын өсе берді. Патша кіметінің осы іспеттес зорлық-зомбылық шараларына наразылық қазақ елінің ақын-жазушыларының шығармаларынан көрініс тапты. Бұл кезеңде халықты азаттық күреске шақырған М.Өтемісұлымен қатар, бұрынғы «алтын ғасырды» көксеген ақын-жыраулар тобы қалыптасты. Ақын-жыраулардың бір бөлігі өз шығармаларында ұлттық құндылықтарды, көшпелілер идеалын, шариғатты, хандар мен батырларды дәріптеп, отаршылдық саясатты айыптады. Бұл ақын-жыраулар кеңестік дәуірде «зар-заман» ақындары қатарына жатқызылды. XIX ғасырда Мұрат, Шернияз, Нысанбай, Жанақ, Шөже, Сүйінбай, Орынбай, Нармамбет, Жамбыл, Дулат, Шортанбай, Әбубәкір, Кердері, Майлықожа, Ұлбике, Сара, Рысжан, Тәбия, Балзия, Айсұлу, Ақбала, Ажар т.б. ақын-жыраулар өмір сүріп, арттарына мол әдеби мұра қалдырды. Дауылпаз ақын Махамбеттің шығармашылығы бастан-аяқ 1836-1838 жылдардағы Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Ақын шығармаларында ереуіл батырларының өжеттігі, Исатай басшының қайсарлығы жырланды. Ақын «Ұлы арман» деген өлеңінде көтеріліс туын қайта көтеріп, жауға қарсы күш көрсетер күнді аңсайды. Халықтың ар-намысын оятып, оларды түгел көтеріліске үндеп, жаудан кек алуды алға қояды. «Әрайна», «Мұңайма», «Нарын» деген өлеңдерінде де ақынның осы мақсаты айқын сезіледі. Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды. Ақынның бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі-бәрі ерліктің мәңгі символы деуге болады. Мұрат жезтаңдай шешен-жырау, төкпе ақын. Ол 1843 жылы Атырау облысының Қарабау елді-мекенінде туып, 1906 жылы қайтыс болды. Ерекше талантты айтыс ақыны бола тұрып, Мұрат көркемдігі, кең тыныстығы, бай мазмұндылығы жөнінен теңдесі жоқ «Үш қиян», «Қазтуған», «Сарыарқа», «Қарасай-Қази» жырларын шығарды. Мұрат шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер-су мекені, атақты адамдары, тілінен бал тамған сөз иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, шешен-жыраулары - оның толғауларының алтын арқауы. Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз т.б. жыраулардың шығармалары бізге Мұраттың айтуымен жеткен. Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары «Едіге», «Қырымның қырық батыры» жырларын Мұрат ақын кезінде маңғыстаулық Мұрын жырауға бала кезінде үйретіп, сол арқылы бұл шығармалар біздің заманымызға жеткені белгілі. Мұрат өлеңін жадында сақтап жеткізген Ығылман Шөреков ақын туралы былай деп жырлаған екен: Қадырбай, даңғыл Мұрат, Қуан өткен, Жел сөзін тілден шыққан дуалы еткен, Бәрінен қылсаң пікір, ажал жүйрік, Түбінде дем алдырмай қуа жеткен. Мұрекем-көл дария еді көзін алған, Шашылып өзі өлсе де сөзі қалған. Болса да сан азамат, самсаған қол Бәйгені жүйрік еді озып алған! Орынбай-қазақтың атышулы ақындарының бірі. Ол көп ақындармен айтысады. Олардың ішінде Шортанбай, Шөже, Дана, Арыстан, Серәлі, Ақан сері сияқты ірі тұлғалар да бар. Орынбайдың әсіресе, Серәлімен айтысы ерекше. Бұл айтыста отарлық кезеңдегі қазақ елінің теңсіздігі сөз болады. Ақын үстем тап өкілдерінің озбырлығын, алдымен қожалар өмірін әшкерелейді. Шортанбай - XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар ақын. Шортанбай шығармаларының лейтмотиві - заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б. Шортанбайдың қатты сынына ұшырағандардың ішінде құдай жолына қызмет етіп жүрген қожа, молдалар да бар. Асылың азған заманда Қожа - молда көбейер, - деп шенейді. Сүйінбай шығармаларын үш салаға жатқызуға болады. Олар: толғаулар, арнаулар, айтыстар. Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау-жырлары жатады. Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-дәулет, талап-талғам өзгерістерін толғау. Сүйінбай - халық батырларын үлгі етіп, қаҺармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы,Саурық, Сыпатай, Тотан, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Сүйінбай өз тұстастары Қабан, Жанақ, Түбек, Шөже, Қаңтарбай, Тезекбай, Қапаған және т.б. ақындармен кездесіп, айтысады. Сүйінбай ақындық өнердегі Жамбылдың ұстазы болды. Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883 жылы Ташкент қаласында басылған «Қырғыз христоматиясы» атты жинақта Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылды. Олар - «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт» деп аталды. Ақынның анық жүйрігі» атты толғауында өнер шеберлеріне айқын талап қояды, өлең сөздерінің орынды орналасуы, яғни, өлең құрлысы әрбір ақынның ерекше ескерер шеберлік құралы екені ескертіледі. Майлықожа өлеңдерінен ақындық өнердің барлық сыр-сипатын көруге болады. Ол қазақ ақындарын «жақсы ақын», «жаман ақын» деп екіге бөледі де, олардың әрқайсысының образын жасайды. Сайып келгенде, кеңестік идеологияның пәрменімен «зар-заман ақындары» атағын иеленген ақын-жыраулар өз шығармашылығымен қазақ әдебиетін байытып, ақын-жазушылардың кейінгі буынына үлгі-өнеге болды, олардың қалыптасуына игі ықпал етті. Бұл кезеңдегі ауыз әдебиеті дамуының бір ерекшелігі-қазақ арасына шығыс елдерінің қиссалары, дастандары «Салсал», «Зарқұм», «Сейфул-Мәлік», «Харон Рашид», «Шахнама», «Ләлі-Мәжнұн», «Фархад-Шырын», «Тахир-Зухра», және т.б. тарай бастады. Бұл дастандар Орынбор, Уфа, Троицк, Астрахан, Орал, Қазан, Санк-Петербург қалаларында басылып шықты. Шығыс қиссалары мен қазақтың батырлар жырларын, лиро-эпостық жырларын, ғашықтық дастандарын ел арасында қатарынан бірнеше күн жырлайтын, жұрттың бәрін елітіп, өз ауыздарына қарататын көрнекті жыршылардың тұтас буыны өсіп жетілді. Бұл халықтың рухани жағынан өсуіне игі ықпалын тигізді.
Қазақ музыкасын революцияға дейін зерттеушілер, өз еңбектерінде фольклордың таралуы туралы хабарлағанымен, халықтың өнер қайраткерлері туралы аз жазды. Шындығында, тек XIX ғасырда азақтың аса көрнекті композиторлары, әншілері, күйшілері Құрманғазы ағырбаев (1806-1881), Дәулеткерей Шығаев (1820-1887), Ыхлас Дүкенов(1813-916), Тәттімбет Қазанғапов (1817-1862), Біржан Қожағұлов (1832-1894), Сармалай
(1835-1885), Жаяу Муса Байжанов (1835-1929), Абай Құнанбаев (1845-1904), Мұхит Мералиев (1847-1918), Ақан Сері (1843-1913) және басқалары өмір сүріп, өздерінің өшпес шығармаларын шығарған еді. Оның себебін өнер зерттеушілеріне халық композиторларымен тікелей кездесудің сәті түсе бергенімен, қазақ жерінің аса кеңдігімен, сол кездегі экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың нашар дамығандығымен түсіндіруге болады. Дегенмен, сирек те болса өнер зерттеушілері халық музыканттарымен кездесу сәттерінен алған өз әсерлерін жазып қалдырған. Осындай жазбалардың арасында орыс журналисті Н.Ф.Савичевтің қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевпен кездесу туралы материалы ерекше назар аударалық құнды дерек болып табылады. Н.Ф.Савичев ұрманғазыны 1868 жылы көріп тыңдаған. Ол композитор өнерінен алған өзінің әсерін «Сағырбаев-өте сирек кездесетін музыкалық жан, егер ол европалық білім алса, музыкалық дүниенің бірінші жарық жұлдызы болар еді»,- деп жазды. Қазақтың халық әншілерінің шеберлігі туралы француз ғалымдары Капо және Бонвало өздерінің 1881 жылы жарық көрген «Қырғыз трубадуры» мақаласында былай деп жазды: «Бұл қырғыз өзінің далалық костюмінде, үй ішіне түскен көмескі жарықта нағыз сері болып көрінеді. Оның ишараттары емін-еркін және ақсүйектік, мәнері жұмсақ, сырт бейнесі әдемі. Ол кіре беріске малдасын құрып отырып алды да, құралының күйін түсірді. Содан кейін өз домбырасының қостауымен жоғары дауыста әнін шырқай жөнелді. Ол өз әнінде ауқатты сұлу қыздың кедей жігітіне деген ыстық махаббатын жырлады. Ыдырысқұл-нағыз артист, өз өнерінде тамаша шеберлікке қол жеткізген. Неге таң қаларыңды білмейсің: музыкалық құралда шебер ойнағанына ма, немесе салған әніне ме?. Соңында авторлар Ыдырысқұл сияқты тенордың Европаның кез-келген опера театрының мақтанышы бола алатыны және театрдың даңқын шығара алатыны туралы жазды. Қазақтың музыка өнерінің дамуы туралы мәліметтер белгілі орыс зерттеушілері Ф.А.Щербинаның, В.Г.Короленконың, А.Е.Алекторовтың, А.А.Ивановскийдің еңбектерінен көрініс тапты. Қазақтың халық музыкасын зерттеу ісіне орыстың белгілі музыкалық қоғам қайраткері, сыншысы және композиторы А.В.Затаевич (1869-1936) аса зор еңбек сіңірді. Ол бастырған екі томдық – «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» совет фольклористикасындағы іргелі еңбектер болды. Затаевич қазақ музыка тарихында бірінші болып аса көрнекті халық композиторлары Абай Құнанбаевқа, Құрманғазы Сағырбаевқа, Жаяу Муса Байжановқа, Біржан сал Қожағұловқа, Ақан сері Қорамс аулына, Мұхит Мералиевке, Дәулеткерей Шығаевқа, Ыбырай Сандыбаевқа толық мінездеме берді. Мұхит Мералиев әндерінің кең тыныстылығына, әдемі әуезіне тәнті болған композитор, оның «Айнамкөз» әні туралы «бұл ән-тек қазақтың кең даласында туатын ән, басқа жерге сыймайды», -деп баға берді. Затаевичтің аса көрнекті орындаушыларға берген мінездемелерінің музыка тарихын оқып-үйрену үшін маңызы зор. Олар-әншілер Әміре Қашаубаев, Ғаббас Айтпаев, Қали Байжанов, Ерғали Алдоңғаров, Майра Шаусутдинова; домбырашылар – Науша, Махамбет Бөкейхановтар және Ғұбайдолла Мухитов, Ғанбар Медетов және басқалары болатын.
Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педагогикалық оқулық «Қазақ хрестоматиясын» және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз әдебиетін, әдеп-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1847 жылы Ы.Алтынсарин Ресей географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді. Ыбырай өзінің ағартушылық қызметінде миссионерлік орыстандыру саясатын қолдаған жоқ. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шығарғанда өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады. Ыбырай 1884 жылы Қазан қаласында атақты «Ислам шариаты» атты кітабын шығарды. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған бұл еңбегінде ол мұсылмандықтың негізгі қағидаларын қазақ мәденитіне шебер қоса білді. Шығыс Ренессанысында қалыптасқан дін мен білімнің арасындағы үйлесімділік идеясын (Әл-Фараби, ибн-Сина т.б.) Ыбырай өз заманына байланысты дамыта білді. Қай дінде болсын, адамдар бір-бірін сыйлау керек делінеді, ал мәдениетсіздіктің негізгі себептеріне надандық, жалқаулық және мақтаншақтық жатқызылады. «Ендігі жерде мынадай ақылды бұлжытпай ұстаңыз, - дейді Ыбырай Н.А.Мозохинге жазған хатында, - бұл менің айтып отырған ақылым емес, атақты философ-педагог Коменскийдің ақылы». Ол кісі: «Қолындағы барын қанағат ете білетін адам, шын бақытты адам және біз өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дей алатын адам шын бақытты адам», - деген екен; ал тағы бір араб философы бақыттылық пен байлық неде – дегенде – «ынсаптылықта», - деп жауап берген екен; міне осы ақылды алыңыз».
Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы философ-ақын Абай Құнанбаев. Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы алыптасуында осы процеске сыншыл көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан өткізетін тұлға тым қажет еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз шығармашылығында қазақ елінің белгілі тарихи тұйыққа тіреліп (бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды білмей, болашағы туралы күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-шытырында ғұлама ақын
таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық өмірінің кем-кетігіне ашық көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете білді. Ортағасырлық озық мәдениетінен, қалалары мен төл жазуынан айырылған халықтың бар сенімі фольклор еді. Көшпелі мәдениетке қолайлы форма – ауыз әдебиеті, ел басқарудың ұтымды түрі – билер соты, алайда XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанды Ресей өзінің тікелей отарына айналдырып, жаңа әкімшілік тәртібін енгізді. Қысқаша айтқанда, көшпелілік мәдениет орыс империясының әсерінен біртіндеп шайқала бастады. Қалалар салынып, фабрика мен зауыттарда қазақ жұмысшылары көбейе берді. Ресей экспансиясы қазақ сахарасындағы көне Шығыс мәдениетін ығыстыруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп санады. Батыс (Ресей) мен Шығыстың (Ислам) өркениеттерінің арасындағы Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет осы ағымның ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай орыстық білім мен техниканы насихаттағанмен, христиан дінінен қазақты аулақ болуға шақырады. Ислам – халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани қазығы.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас. Абай исламды қазақ халқына тұрақты жаңа өркениетті, жоғары имандылықты қалыптастыру құралы ретінде уағыздады. 28-сөзінде ол былай дейді: «Құдайтағала әрбір ақылы бар кісіге парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен... Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады?» Жоғарыда келтірілгеннен Абай діншіл, ескіні жақтаушы тәрізді пікірлер тумауы тиісті. Оның мұраты – парасат және мәдениетке қолдаушы болатын ислам. Абайды ағартушы діни ғұлама деп бағалаған дұрыс. Алла жаратушы болғанымен, дүниенің тұтқасы, белдігі адам. Абайдың өз шығармашылығында қойып отырған үлкен мәселенің бірі – мәдени сабақтастық. Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа ауыса бастауына, Батыс мәдениетінің қазақ еліне таралуына қатысты дәстүрлік мәдениет пен өзгерістердің ара қатынасын анықтау қажет еді. Ренессанстық парсы – араб өркениетін жоғары бағалаған Абай нәр алған айнарлардың бірі – классикалық Шығыс поэзиясы мен суфизм.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу Һәммәси
Мәдет бер я шағири, фәрияд.
Зар заман ақындарынан Абайдың айырмашылығы, ол әлі құрыған уайым мен мұңның орнына қазақ мәдениетінің кертартпа жақтары мен кемшіліктерін түсінетін көзашықтық пен оларды емдеу жолдарын көрсетеді. Мәдениетті елдер қатарына қосылу үшін, - дейді Абай, ең алдымен қазақ халқы төмендегідей кеселді қылықтардан құтылу керек: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – адандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады». Осындай теріс қылықтарды атап айтқан Абай өз халқының бойындағы кемшіліктерді де көрсетеді. Бұл жер де ол «біз ең жақсы халықпыз» сияқты құр далбасалықтың орнына көршілес ұлттардың жақсы жақтарын қабылдауға шақырады: «Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп... Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері, қалмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаҺари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың «ахиреттігін», тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды... Ноғайға қарасам, сол даттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат әсем де соларда. Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз... Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз». Абай бұл сөздерін қазақ халқын жамандау үшін айтпаған. Ол осы тарихи тұманнан шығу жолын іздейді. Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, парызыңды атқар дейді. Ұлттық мәдениеттің қорғаушысы деп Абай Руханилықты, Имандылықты, Сезімді ұсынады. Ақыл, Ерік және Жүрек таласы соңғысының пайдасына шешіледі.