Дәріс №13 Құстардың морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері, Құстардың шығу тегі, тектік формалары. Құстардың экологиясы Дәрістің оқыту нәтижелері
Құстардың морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері, Құстардың шығу тегі, тектік формалары. Құстардың экологиясы
Дәрістің оқыту нәтижелері: Құстар класымен, олардың анатомо-физиологиялық, морфологиялық ерекшеліктерімен таныстыра отырып, ағзалар мен мүшелер жүйелерінің құрылымының өзара байланысын анықтайды;
Құстардың систематикасы, нағыз құстар класс тармағы, пингвинтәрізділер отрядының биологиясы, таралуын өз сөзімен айтады;
Жұмыртқаның құрылысы. Жылу реттелу механизмін суреттейді.
Құстар класының құрылыстық ерекшеліктері, олардың ішкі мүшелер жүйелерінің құрылымының өзара байланысын анықтайды
Ұшуға бейімделуіне байланысты құстардың прогрессивті белгілерін анықтайды;
Құстардың арғы шығу тегі және эволюциясы туралы болжамдарды атайды.
Дәріс мазмұны Құстар – құрлық омыртқалылар ішіндегі ең көп тобы, ауада ұшып тіршілік етуге бейімделген. Анатомиялық құрылымы жағынан құстар өздерінің тікелей тегі – рептилилерге жақын, олар кесірткетәрізділер (Sauropsida) тобына бірігеді. Құстардың бауырымен жорғалаушылардан бөлініп шығуы, шамамен 190-170 млн. жыл бұрын триастың аяғында – юраның басында жүзеге асуы мүмкін. Құстар мезозой кезеңінде басым болған диапсидты бауырымен жорғалаушылар – Архозаврлардан (Archosauria) бөлінген. Құстардың тікелей арғы тегі біршама ежелгі архозаврлар – Текодонттар (Thecodontia), мүмкін Орнитозухиялар (Ornithosuchus) болуы. Құстар класын рептилиялардың прогрессивті бұтағы ретінде қарастырады, олардың дене температурасы тұрақты және ұшуға бейімделген.
Қазіргі құстардың тері жамылғысында тері бездері (құйымшақ безінен басқа) мүлдем болмайды және эпидермистің мүйізі туындылары (мүйізді қалқаншалар, қабыршақ сияқты қауырсындар, қауырсын) болады. Диапсидты типті бассүйегінде үстіңгі шықшыт доғасы жойылған, шаршы сүйек жақ доғасында бас жатады, бір шүйде ілмешегі болады. Аяқтарында интеркарпальды (алдыңғы аяқ) және интертарзальды (артқы аяқ) байланыс жетілген, иық белдеуінде коракоидтар күшті дамыған, жамбасы ашық (динозаврлардағыдай), мойын қабырғалары бос, қабырғаларында ілмектәрізді өсінділері болады. Қан тасымалдау жүйесінде тек оң жақ аорта доғасы сақталады, бұл қолтырауындарда да сол жағына қарағанда күштірек дамыған. Зәр жыныс жүйесі ұқсас, уренотеликалық, клоака болады, жұмыртқа сарыуызға бай, ұрығының дамуы ұрықтық қабықшалардың (сероза, амноин және аллантоис) пайда болуымен жүреді.
Шығу тегі төртаяқты және кесіртке сияқты болғанымен, құстар терең физиологиялық және морфологиялық өзгерістерге ұшыраған, ол барлық мүшелер жүйесіне қатысты. Құстар жабындысының ерекше белгісі сол – олардың эпидермисі әлсіз, дермасы жұқа, бірақ теріасты клетчатка (шел) өте күшті дамыған. Бұл ерекшеліктер эпидермис туындылары қауырсындардың күшті жетілуімен және субкутисте май қабаттарының жиналуымен тығыз байланысты. Бұлшықет жүйесінде алдыңғы аяқты қозғалысқа келтіретін төс бұлшықеттері, мойын бұлшықеттері, артқы аяқ бұлшықеттері біршама дамыған. Құстардың үлкен энергия жұмсауды қажет ететін бұлшықет ұлпаларының ерекшеліктері олардың миоглобинге бай болуы, оның тығыз талшықты құрылымы және сіңірдің, әсіресе аяқтарында, сүйектенуі болып табылады. Құстардың қаңқасы мықты әрі жеңіл – өйткені сүйектерінде известь тұздары жиналады және ауа болады, сонымен қатар, бас қаңқа, омыртқа жотасы (арқа сүйек, күрделі сегізкөз), аяқтарының сүйегі бірігіп кеткен. Жалпақ әрі жайдақ төссүйегінде төс бұлшықеттері бекитін күшті қыр сүйегі болады, қабырғаның кеуде және арқа бөлімдері бір-бірімен қозғалмалы байланысқан, сол сияқты төспен және сәйкес омыртқа өсінділерімен де байланысқан.
Құстар үшін зат алмасудың қарқынды болуы тән, осыған орай ішкі мүшелер жүйесінің құрылысында да ерекшеліктер бар. Құстар үшін екі көмекейдің (жоғарғы және төменгі) болуы тән, ал созылатын кеуекті өкпесінде ауа қапшықтары жүйесі болады, олар тыныс алудың қарқынды болуына жағдай жасайды. Қазіргі кездегі құстардың жақтарында тіс болмайды, мүйізді тұмсық дамыған, оның пішіні қорегіне және ұстау тәсіліне байланысты, сол сияқты пайдаланатын қорек спектрі кеңейген. Ас қорыту түтігінің қайта құрылуы қоректің сіңірілуін жақсартты: кейбір құстардың өңеші жемсау түзейді, қарны екі бөлімге (еті және безді) жіктелген, артқы ішекте екі тұйық өсінді болады, оларда клетчатканың қосымша ыдырауы жүзеге асады. Кейбір құстардың метанефрикалық бүйрегінің нефронында Генле тұзағы дамиды. Жүрегі төрткамералы, тек оң жақ аортасы сақталған. Үлкен және кіші қанайналу шеңберлері толықтай бөлінуі ұлпаларда оттегі және қоректік заттармен жақсы жабдықтауға көмектеседі. Алдыңғы мидың қақпағы сұр заттың (архипаллиум) жұқа қабатынан түзілген, одан басқа сұр заттың учаскелері (неопаллиумның бастамасы) болады. Алдыңғы мидың сыңарлары жолақ денелердің бірігуі және күрделенуі есебінен өте күшті ұлғайған, бұл күрделі жүйке қызметі инстинкті типінде өзінің көрінісін тапқан. Иіс сезудің және иіс сезу бөліктерінің әлсіреуіне сәйкес орта мидың көру бөлігі біршама дамыған. Мишықтың күшті жетілуі ұшу кезінде мықты басқаруды қажет ететін күрделі қозғалыстың пайда болуына байланысты. Жыныс жағынан жетілген құстарда оң жағына қарағанда сол жақ тұқым безі мен жұмыртқа біршама дамыған. Іштей ұрықтанады.
Сыртқы қауырсынды жабындысы бірқатар ерекшеліктермен айрықшаланады. Құстардың басым көпшілігі қауырсындармен тұтас қапталған деген тұжырым бар. Дегенмен, бұл тұжырымның бірнеше өзгешеліктері бар екендігін атауымыз қажет. Мысалы қумай және сол сынды өлексемен қоректенетін жыртқыш құстардың басы мен мойыны терілі, мүлде нағыз қауырсындары болмайды, тек біршама үрпектері (мамықтары) болуы мүмкін. Жұртшының басы және кондорлар мен казуарлардың (Австралия түйеқұсы) басы мен мойыны етті болып келген, эпидермисі бірнеше қабаттан тұрады.Төменгі сатыдағы құстарға жататын киви құсының денесі қауырсыннан гөрі түк тектес жабындымен жабылған.
Оның үстіне, барлық құстардың денесін қауырсындар толығымен жабады деген ұғым қате. әр құстың денесінде птерилиялар мен аптериялары болады. Птерилия деген құстың денесінің толығымен қауырсынмен қапталған учаскелерін атайды. Ал аптерия деп қауырсыны мүлде жоқ немесе өте нашар жамылғыны құраған эпидермистің бөліктерін атайды. Птерилиялар, көбіне, басым, ал аптериялар анық көрінетін жерлер – ол мойынның вентральді жағы, құрсақтың, құйымшақтың және қанаттардың төменгі жақтары. Қауырсынның құрылымы бірнеше бөліктерге жіктелген: қаламұш, желпуіш, сабақ (өзек), бірінші қатардағы мұртшалар, екінші қатардағы мұртшалар және ілмешектер. Қаламұш арқылы қауырсын құстың жұқа терісіне еніп тұрады, ал өзек, екі қатарлы мұртшалар мен ілмешектер желпуіштің негізгі сыртқы пластинасын құрайды. Егер желпуішті үлкейту саймандары арқылы қарастырса, оның бірінші қатардағы мұртшалары бұтақтар секілді өзектің екі жағына таралғанын, ал олардың үстінде орналасқан екінші мұртшалар бір-бірімен ілмешектер арқылы бекінетінін көруге болады. Ілмешектер алмалы-салмалы (яғни қайта қалыпқа келетін) болып келеді. Егер бір жағдайлармен бірінші қатарлы мұртшалардың арасы ашылып кетсе, құс оны тұмсығымен қайтадан қалпына келтіреді.
Қауырсындардың өздері морфологиялық ерекшеліктері мен атқарарлық қызметіне қарай нағыз (қалыпты) қауырсын, мамық, қылтәрізді қауырсын, қылшық, қосымша мамық қауырсын деп бірнеше түрлерге бөлінеді. Нағыз қауырсын құстың ұшу қабілетіне тікелей жауапты болса, мамық дененің жылулықты сақтауына сетігін тигізеді, ал қылшық пен қылтәрізді қауырсын әшекейлер секілді құстарға жекеше түрлі бейне беріп тұруға бейімделген.
Құстардың қауырсыны міндетті түрде жеңіл және мықты болуы тиіс. Ол құстардың ұшу қабілетімен тікелей байланысты.
Құстардың сыртқы бездері (құйымшақ май безінен басқа) болмайды. Құйымшақ безінің қызметі қауырсындарға су тиіп, ауырлап кетуіне жол бермейді. Ол без анық су және су маңы құстарында жақсы дамыған, құрлық құстарында ол жоқ, немесе нашар дамыған.
Құстардың терісі жұқа, оның сырты эпидермис қабаты нашар жетілген. Тері қабатында ешқандай бездері және сүйекті туындылары болмайды, тек қана құйрық түбірінің үстіңгі жағында құйымшақ безі болады.
Құс қауырсындары құрылысына және атқаратын қызметіне қарай түрліше болады. Қалыпты қауырсын, қалам, опахала, пәр, сабақ, желпеуіш, қақпа қауырсындар, бағыттаушы қауырсындар, қанат үстін жабушы, құйрық үсті қауырсындары, нағыз мамық қауырсын, жіпше тәрізді қауырсындар.
Бұлшық ет жүйесі. Құстардың бұлшық еттері, олардың тіршілік әрекетіне байланысты бірнеше ерекшелігімен сипатталады.Скелетінің ұшуға бейімделуіне және құрлықта жүруіне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар: біріншіден, алдыңғы аяқтарының, иық және жамбас өзіндік өзгерісінің болуы; екіншіден барлық скелетініқ жеңіл әрі мықты болуы.Омыртқа жотасы- мойын кеуде, бел, сегізкөз және құймышақ - құйрық бөлімдерінен қалыптасады. Бел омыртқалары ересек құстарда күрделі құрылысты сегізкөз құрамына енеді.