Тері, құрылысы, қызметі. Тері туындылары. Тері, cutis организмді сыртқы әсерлерден қорғайтын дененің жалпы жабынын түзеді. Оның ересек адамдағы жалпы көлемі – 1,5 2,0 кв.м. Ол жылу реттеу, секрет ( тер мен май) бөлу, зиянды зат бөлу, тыныс алу (газ алмасу), энергия қорын жинау, т.б. қызметтерді орындайтын дененің аса маңызды мүшесі. Теріде ыстықты, суықты, сипауды, ауруды сезетін нерв талшықтарының ұштары бар. Терінің әрбір 1 кв. см – де 300 – ге жақын нерв ұштары болады.
Адамның терісі 2 қабаттан тұрады: 1. Беткей қабат – эпидермис (epidermis) – эктодермадан пайда болған, сыртқы қабаттары мүйізденіп, біртіндеп түлеп түсетін жалпақ көп қабатты эпителийден тұрады.
2.Терең қабат – меншікті тері – corium (dermis) – мезодермадан дамиды, ол серпінді талшықтар қоспасы бар дәнекер тіннен және бірыңғай салалы бұлшықет талшықта – нан тұрады. Бұлшықет талшықтары будалана орналасып, шашты тікірейтеді немесе қабаттарға жиналады (емшек үрпісі немесе еркек жыныс мүшесі) немесе бұлшықет қабығын түзеді (ұмадағы бұлшықеттік қабық).
Меншікті терінің жоғарғы тығыз қабаты ішінде қан, лимфа капиллярлары мен нервтің шеткі денешіктері орналасқан емізікшелер түрінде эпидермиске еніп тұрады. Емізікшелер тері бетінде тері қырқашықтары мен сайларын түзеді. Жіңішке сайларды шектейтін қырқашықтарға тер бездерінің тесіктері ашылады. Ол жерден тер тамшылары сайларға ағып, бүкіл тері бетін ылғалдандырады.
Қол ұшының алақан жағы мен аяқ ұшының табан жағында қырқашықтар мен сайлар әр адамның өзіне ғана тән өрнегі бар күрделі сурет түзеді, ол сот медици- насында қолданылады – дактилоскопия деп аталады, егер ертеректе алынған саусақтардың таңбасы болса.
Терінің қалған барлық бөлігінде үшбұрышты және ромб тәрізді алаңдар бар, олардың бұрыштарында шаш шығып, май бездері ашылады, ал қыраттарында тер бездері ашылады.
Меншікті терінің төменгі қабаты теріасты негізіне ауысады, ол шелмай қабаты бар борпылдақ дәнекер тіннен тұрады және терең жатқан мүшелерді жауып тұрады, шелмай жылу реттеу қызметін атқарады. Теріасты шелмай қабатының даму дәрежесі зат алмасу деңгейін бейнелейді, сол себепті адам өз өмірі бойында бірде толып, бірде арықтайды.
Терінің түсі эпидермистің ең терең қабатында орналасқан меланин пигментіне байланысты, ол негрлерде эпидермисте ғана емес, дерманың жоғарғы қабатында да орналасқан.
Терінің туындыларына шаш, тырнақ және әртүрлі бездер жатады.
Шаш, pilus екі бөліктен тұрады: 1) түбірі – теріге кіріп тұратын бөлігі, 2) өзегі –терінің бетінде бос шығып тұратын бөлігі. Шаштың түсі пигментке және шаштағы ауа мөлшеріне байланысты. Шаш қабатында ауа мөлшері көбейіп, пигмент азайса, шаш ағарады.
Түктің 3 түрі бар: 1. ұзын шаш, 2. қылшықты түктер, 3. үлпілдек түбіт. Ұзын шаштар баста, шатта, қолтық астында болады. Қылшықты түктер қас, кірпік, танауда, сыртқы есту тесігінде, ал үлпілдек түктер дененің барлық бөлігінің терісінде болады.
Тырнақ, ungues, шаш сияқты мүйізді түзіліс, эпидермистің туындысы. Тырнақтың сыртқы қабатында қан тамырлары мен нерв талшықтары болмайды. Тырнақтың түбіндегі ақшыл бөлігі «тырнақ көбесі» деп аталады, тырнақ осы жерден өседі. Тырнақтың денесі және бос жиегі бар. Тырнақтың денесі саусақтың басындағы ойықта орналасқан. Тырнақ дәнекер тін арқылы саусақ сүйекшелеріне бекіген.
Бездердің бөлінетін секретінің сипатына қарай 3 түрі бар : 1) май бездері, 2) тер бездері, 3) сүт бездері.