Махамбет өлеңдерін жеткізушілердің жадында сақталған ақынның негізгі шығармалары 1925 жылы Ташкент қаласында «Исатай-Махамбет» жинағында басылды. Мұнда Махамбет өлеңдері «Махамбет батырдың Баймағанбет султанға айтқан сөзі», «Ереуіл атқа ер салмай», «Махамбет батырдың Шернияз шешенге айтқан жұмбағы», «Махамбет батырдың басқа сөздері» деген төрт тақырыппен берілген. Алғашқы тақырыптағы шығармаларының ішінде ақынның Баймағанбетке айтқан сөзінен өзге де өлеңдері бар. Алғашқы тақырып – 28 өлең, екінші, үшінші тақырыпта бір-бірден екі өлең, төртінші тақырыпта 39 өлең қамтылған. Кітаптағы түсінікке қарағанда Махамбет өлеңдерінің көбі ұмытылған, жинаққа енген ақын мұрасының бір шоғыры ғана.
Махамбет өлеңдерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қобыланды ақындар жатқа білген. Одан Мұрат ақын үйренген. Мұрат білетін өлеңдерді Ығылман жаттаған. 1925 жылғы жинаққа енген Махамбет өлеңдері Ығылман айтуынан жазылған. Бұл жинақтың ақын өлеңдерінің басылымдарын дайындағанда, бірден-бір сүйенетін сенімді нұсқа болатын себебі де сондықтан.
Махамбет өлеңдерін жинау, жариялау, зерттеу ісінде белгілі ғалым Қажым Жұмалиев елеулі еңбек етті. Ол Махамбет өлеңдерінің 1939, 1948, 1951, 1958, 1962 жылғы басылымдарын жариялады, ақын творчествосы хақында мерзімді баспасөз беттерінде оқулықтар мен әдебиет тарихтарына мақалалар, зерттеулер жазды.
Махамбет өлеңдері 1984 жылы «Бес ғасыр жырлайды» жинағының І томында жарық көрді. Мұнда 1962 жылғы басылым негізге алынды.
Махамбет өлеңдерінің соңғы басылымы – 1985 жылы «Ғылым» баспасы шығарған «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» аталатын жинақтағы өлеңдер. Жинақты құрастырушылар 1925, 1962 жылғы басылымдарды негізге алып, 1925 жылғы өлең текстерін қалпына келтіріп, ғылыми дұрыс бағыт ұстаған.
«Ереуіл атқа ер салмай» - 1925 жылғы басылым бойынша берілді. «Еңкейіңкі жер шалмай» деген тармақтағы қарапайымдау оқылатын «Еңкейіңкі» деген сөз орнына «Шайыр» (1912) жинағы негізінде поэзиялық әсері мол «Еңку-еңку» сөзі алынды.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!-
демекші ел басына күн туған қиын шақтарда қолына қалам мен қаруды қатар алып, жауға қарсы тұрған ер-азаматтар аз болмаған. Солардың бірі де бірегейі – Махамбет Өтемісұлы.
Нарынның топырағында өскен Махамбет өлеңдеріндегі басты идея, негізгі ұстаным – азаттық сарын, ұлттық рух. Өз заманындағы халықтың басынан кешкен қиындығына шыдамаған өр рухты батырдың өлеңдерінде өрілген дүние де намыс пен рухтан тұрады. Махамбет өлеңдерін бүгінгі әдебиеттің теориясымен талдайтын болсақ, азаматтық лириканың сарынын бірден аңғарамыз. Сонымен қатар, жыраулар поэзиясынан қалған сарқыттың ұшқынын да Махамбет өлеңдерінен көре аламыз. Ел мұңы мен жер дауы мәселелерінің шешімін де отты өлеңдердің бойынан байқаймыз. Махамбет өлеңдері Қазтуған мен Шалкиіз сарынының жалғасы іспеттес, Асан мен Бұқардың да мотивтерін де кездестіре аламыз. Алайда, ақын ретінде Махамбеттің де өлең құрылымына немесе поэзияға, соның ішінде қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы жетерлік. "Арғымаққа айдай таға тақтырса", "Күмісті мылтық қолға алып", "Арғымақтан туған қазанат", "Мен тауда ойнаған қарт марал" жыр жолдарынан бұрын-соңды кездестірмеген теңеу, алмастыру, ауыстыру, мегзеу сынды әдеби тәсілдерді кеңінен қолданғанын көре аламыз.
"Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда
Еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұланның терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?
Садақ толы сай кез оқ
Масағынан өткізіп,
Басын қолға жеткізіп,
Созып тартар күн қайда?"
Бұл өлең жолдарынан Ақтамберді сарынына үндескен жолдарды көреміз. "Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз" немесе "Қоғалы көлдер қом сулар, кімдерге қоныс болмаған" жолдары өз заманындағы өзекті проблеманы ашып көрсетуге лайықты бірден-бір жыр жолдары болса керек-ті. Себебі, Асаннан бастау алатын жыраулық үлгіде қайталанатын мұндай тіркестер өте көп. Кейіннен Мұхтар Мағауиннің "Алдаспанында" авторлары белгіленіп, жыр жолдары кімге тиесілі екендігі ажыратылған.
Махамбет өлеңдері өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуін де көрсетеді.
Лирикалық сезінуге бөлене отырып оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімге де болса мәлім.
Бұлай баяндау сарыны (мотив) Махамбеттің "Соғыс", "Мінкен ер", "Баймағамбет сұлтанға айтқаны", "Исатай сөзі" деген өлеңдерінде айқын сезіледі.
"Соғыс" деген өлеңінде Махамбет көтерілістің әрбір кезеңдерін тарихи оқиғаның ізіне сәйкес етіп суреттейді. Кейбір көріністері баяндау, суреттеулері тарихи фактылармен тығыз байланысты болып отырады. Бір қарағанда осы "Соғыс" пен өрістес біркелкі өлеңдерді тіпті тарихи жар өлеңдер тобына жатқызуға да болатын тәрізді. Бірақ бұл өз алдына жеке тексеруді керек ететін мәселе. Өйткені, ауыз әдебиетіндегі белгілі бір түр саналатын тарихи өлеңдер (лиро-эпикалық жыр емес, қысқа өлеңдер) бізде әлі зерттелген емес. Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдерімен байланысы барлығы айқын. Бірақ айырмасы қайсы деген сұрақ - әуелі ауыз әдебиетіндегі ескіден келе жатқан қысқа өлеңдердің өзін жеке мәселе етіп талдауды керек етеді. Сондықтан, оны басы ашық қалдырамыз.
Өлең жолдарында кездесетін қазақы иірімдер немесе пайдаланылған теңеулер үлгісі бүгінгі қазақы қорда көнерген сөздердің қаншалықты көп екенін дәлелдеп берді. Махамбет өлеңдері ешкімде жоқ теңеулердің көрінісімен ғана емес, оқиғаның көрінісін шебер суреттеуімен де құнды. Соғыстың бейнесін кейінгі ұрпаққа болғандай етіп, ерекше көңіл-күймен сезіндіре білу де – ақынның басты ерекшелігі. Оның өлеңдері азаматтық лирикадан бұрын саяси үгіттік лирикаға келеді. Қазақ ауыз әдебиетінде Махамбет өлеңдерінің басты ерекшелігі ретінде лириканың ерекшелігін әр өлеңінде сан түрлі жолмен беруін айта аламыз. Бір өлеңінде арнау арқылы берсе, келесі өлеңі зарлай арнау ретінде жүзеге асқан. "Жалғыздық" немесе "Қайда бар" өлеңдерін оқитын болсақ риторикалық сұрау немесе "Тарланым", "Мұңайма" өлеңдерін оқу арқылы философиялық байламдарды оңай аңғара аламыз.
Шынында да ақынның өлеңдерінде көптеген теңеулер ұшырасады.
Әсіресе,туған жері ,ата қонысы, Нарынға арналған өлеңдерінде теңеулер баршылық.Көтеріліс жеңілген кейінгі Нарынды:
Адыра қалғыр қу Нарын
Талауға түсіп, бүлініп,
Адамы қойдай қырылып
Құлаңызып жер қалды-ау! – деп өкінішпен,өксікпен зарлай жырлайды. Сол кездегі өз басындағы жағдайды:
Алақандай Нарында
Мүкәммалым шашылды
Шағалалы көлдей шалқыған деген жолдар арқылы аңғартып өтеді.Бұл ақынның ұйқас үшін жай айта салған сөзі емес, мұнда тарихи шыңдық бар.Махамбеттің атасы Құлмәлі, әкесі Өтеміс дәулетті адамдар болған. Әсіресе, әкесінің ағасы, яғни көкесі Шыбынтайдың байлығы ерекше болса керек. Өйткені, осыған айғақ болатын, халық арасында айтылған "шыбын көп пе ,Шыбынтайдың жылқысы көп пе?" деген сөз кейінгі кезеңдерге жеткен. Ал Махамбеттің өзі мен әкесі Өтемістің дүние-мүлкі хатталған құжаттар мұрағаттарда сақталған. Алайда кеңес заманында бұлтарихи деректер әдейі айтылмай, , жасырылып сол кездегі саясат үшін Махамбетті қаналушы таптың өкілі, кедейден шыққан ақын деп көрсетті.
Махамбет Исатаймен Нарында жүрген кешегі күндерін аңсайды:
Кешегі Исатайдың барында,
Достарыңызбен бөлісу: |