Батырға тән балалық шақ және кейіпкердің үйленуі (батырларға лайық құдалық): 1) суреттеу, орта (тайпа, ата-ана, ел-жұрт) туралы сөз; 2) кейіпкердің ғажайып жаратылысы; 3) батырға тән балалық шақ; 4) алғашқы ерлік; 5) қалыңдық туралы хабар (қалыңдығын іздеу); 6) қалыңдықпен сынға түсу, белдесу (немесе күйеу жігіттер арасындағы бәсеке); 7) жеңіс және кейіпкердің қалыңдығымен оралуы.
Батырларға тән ерліктер: 1) жаудың шабуылы туралы хабар; 2) жорыққа аттану; 3) батырлардың белдесуі (кейде жорық сәтсіз болып, батыр тұтқынға түседі); 4) жекпе-жек және кейіпкердің жеңісі; 5) жеңіспен елге оралу.
Жаудан (құлдан, бақталастан) елін (тайпаны, қалыңдықты, туған-туысты, елін) азат ету: 1) қалыңдық туралы немесе туған-туыстың тұтқынға түскені (қорлық көргені) жөнінде хабар (түс көру, белгі берілуі); 2) дұшпанның, бәсекелестің немесе құлдың кейіпкердің қалыңдығына үйленуді ниет етуі; 3) қалыңдықпен жасырын кездесу немесе қалыңдығының тойына бөтен адамның кейпінде келу; 4) кейіпкердің күрес (жарыс) үстінде танылуы; 5) туған жерге оралу, бәсекелестерді, құлдарды жазалау; 6) той.
Бұл жіктелуден байқалатын жағдай - бірқатар батырлық жырларда осы үш сюжеттің бәрі де бір-бірімен осы қиюласқан рет тәртібімен толық көрінетіндігі. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қарабек” жырларында осы үш сюжет тұтас қамтылады. Ал атақты Мұрын жырау жырлаған “Қырымның қырық батыры” сияқты жыр тізбегі негізінен І және ІІ сюжеттерден тұрады. “Дотан”, “Құбығұл”, “Құламерген”, “Жоямерген”, т.б. көне эпостар, жоғарыда айтқанымыздай, үйлену, үй-ішін қорғау оқиғаларына құрылатындықтан, олар І сюжеттің төңірегіне топталады. Екі не одан да көп сюжеттердің кіруі (контаминация) Батырлық жырлардың қалыптасуы үшін айрықша қызмет атқарған. Көптеген эпостарда әрбір жеке сюжет өз алдына дербес жырланатындығын да, бір жырда бір-бірімен жалғасып, тұтас баяндалатынын да байқаймыз. Оның үстіне, жеке сюжеттің кеңістік (мекендік) бойынша құрылымы бірдей болып шығады: батырдың мекені - жау елі - батырдың мекені. Жау елінде қаза таппаған батыр өзге елде дүниеге, малға, патшалыққа қызықпай қайтып келеді. Батырлық жырлардың оқиғасына жыршы мен жырау да, тыңдаушы көпшілік те болған шындық деп қарайды. Эпостың оқиғасы “Баяғы заманда”, “Бұрынғы өткен заманда”, “Ноғайлы заманында” деп көрсетіледі. Бұл батырлар өмір сүрген айрықша бір дәуір, тыңдаушылар мерзіміне ұқсамайтын, елдің бірлігі мен берекесі мол кезең деп түсіндіріледі. Міне, осындай дәуірде өмір сүріп, “ішкенге мас, жегенге тоқ” жүріп жатқан елдің тыныштығын бұзатын жаулар қалмақ, ындыс немесе қызылбас болады. Жыр оқиғасына қозғау салатын да, батырдың үйден шығып, жорыққа аттануына себепші болатын да - осы қалыпты өмірдің бұзылуы. Батыр - бұзылған жағдайды қалпына келтіруші тұлға. Ол жауды жеңіп, әділеттілікті асқақтатып, алғашқы мамыражай дәуірді қайта орнатады. Оқиға өзінің басталған жерінде аяқталады. Жай ғана емес, тоймен аяқталады. Себебі, халық ұғымында жамандықты жақсылық, жауыздықты қайырымдылық, зорлықты әділдік жеңу-батырдың ерлігімен болатын іс. Ол кезең - айрықша қаһармандық дәуір, батырлар заманы. Той - сол жақсылық атаулының жеңіс мейрамы. Қазақтың Батырлық жырларына негіз болған екі түрлі эпикалық (қаһармандық) дәуір бар: 1) жеке рулар (тайпалар) дәуірі. Мәселен, “Алпамыс” жырында -қоңырат, “Қобыланды” эпосында -қыпшақ заманы; 2) ноғайлы дәуірі. Жеке рулар дәуірі жыр тізбегіне (циклына) енбейтін дара тұрған эпостық жырға тән әрі ондай жыр көбіне жоғарыда көрсетілген инварианттың үш сюжетін де қамтиды. Батырлардың жорығын бірнеше рет қайталау, оқиғасын өмірбаяндық жолмен құру арқылы мұндай эпос өзі суреттеп отырған дәуірді мейлінше мол бейнелейді. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларында сюжеттердің толықтығын былай қойғанда әлеуметтік орта, жағдай, ел тіршілігі, біршама нақтылы баяндалады. Ал ноғайлы дәуірі қазақ эпосының тізбекті топтама жыр үлгілерінде көрініс береді. Бұларға қаһарманның дүниеге келуін, балалық шағын, үйлену тарихын толық баяндау тән емес. Бір жырдан кейін бір жыр тізбектеліп, қайта-қайта бір ізбен, бірыңғай өмірбаяндық жолмен баяндалып отырса іш пыстыратын қайталаушылыққа әкеліп соқтырған болар еді. “Қырымның қырық батыры” сияқты орасан зор тізбекті жырды жырлаған атақты Мұрын жырау бұл өзгешелікті өте терең түсінген. Сондықтан да, ол әр батырға тән жеке сюжеттерді (көбіне ІІ және ІІІ сюжеттер) іштей барынша ширықтыра отырып, бірер оқиға болса да, оларға бірегейлік қасиет дарытып жырлаған. Батырлық жырлардың құрылымына қатысты осындай ерекшеліктер олардың мезгіл мен мекендік және тізбектік сипатымен тығыз байланысты. Батырлық жырлардың өлең құрылысы, негізінен, табан астында өлең жолдарын суырып салып айтуда, әсіресе, қимыл-қозғалысты, түрлі динамикалық оқиғаларды баяндауда ойнақы, оңтайлы, еркін көсілуге мүмкіндік беретін жеті-сегіз буынды жыр өлшемі.
Қазақ халқының Батырлық жырлары туралы алғаш зерттеулер жазып, жарыққа шығарған ғалымдар Уәлиханов, Радлов, Потанин, И.Н.Березин, Диваев, И.Мелиоранский, Г.Саблуков, Н.Н. Ильминский, Ж. Шайхисламов, т.б. болды. Олар жалпы эпостық жырлардың ерекшеліктері, оның ішінде “Едіге”, “Тоқтамыс”, т.б. эпостар туралы алғашқы ғылыми пікірлер айтты. “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпостарын Қазан, Уфа қалаларынан жарыққа шығарды. Бұлардың ізденістерін Әлихан Бөкейханов, Байтұрсынов, Халил Досмұхамедов жалғастырды. “Ер Тарғын”, “Қобыланды”, “Едіге”, “Батыр Бекет”, “Ер Сайын” жырлары алғаш рет осы ғалымдардың еңбектерінде талданды. XX ғасырда Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е. Ысмайлов, Б. Кенжебаев, Мәлік Ғабдуллин, Н.С. Смирнова, т.б. ғалымдар қазақ эпосының халықтық сипаты, идеясы, көркемдігі туралы зерттеулер жазып, қазір көпшілікке таралып кеткен батырлық жырларды жариялады.
1950-1960 жылдары тұңғыш рет эпостың ғылыми мәтінін жариялау жұмысы жүзеге асты, сөйтіп “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” (1959), “Қамбар батыр” (1959), “Алпамыс батыр” (1961), “Қыз Жібек” (1963) жырларының академиялық басылымдары жарық көрді. Осы кезеңдерде батырлық жырлардың төңірегінде идеологиялық айтыстар да өрбіді. 20 ғ-дың 60-жылдарынан бастап қазақ батырлық жырларын жаңа қырынан зерттеуге Қоңыратбаев, Бердібаев, Т. Сыдықов, С. Садырбаев, Қ. Сыдиықов, С. Қасқабасов, О. Нұрмағамбетов, Ш. Ыбыраев, т.б. ғалымдар үлкен үлес қосты. Олардың еңбектерінде Батырлық жырлардың жанрлық ерекшеліктері, варианттары, құрылымы, поэтикасы, тұтастануы, типологиясы, генезисі жан-жақты қарастырылды. Батырлық жырлардың әдебиетке, ұлттық кәсіби өнер жанрларының қалыптасуына әсері ерекше болды. Мәселен, батырлық эпостар сюжетінің негізінде Ж. Жабаев “Сұраншы”, “Өтеген” жырларын шығарған. Драматургия саласында “Қарақыпшақ Қобыланды” (Әуезов), “Арқалық батыр” (Ж. Шанин), т.б. пьесалар жазылып, “Ер Тарғын” (Е. Брусиловский), “Алпамыс батыр” (Е. Рахмадиев) опералары қосылды, “Батыр Баян” кинофильмі түсірілді.
Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырға жуық уақытта еліміздің бастауыш білім беру мекемелерінде балаларды тәрбиелеудің сан түрлі тәсілдері қолданылып келеді. Бірақ ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу арналы жүйесін тапты деу қиын. Бұрынғы бабаларымыздың баланы ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін зерттеп-зерделесек те көп нәрсенің беті ашылады. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалар бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегі, естіген аңыздары, жаттаған жырлары өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық танымның қалыптасуына іргетас болғанын айтады ағынан жарылып. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек. Ол үшін әуелі батырлар жыры балаларға не береді дегенді тарқата талдап, тереңірек түйсініп алғанымыз жөн. Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, қала берді «ер қанаты» екенін жете түсіну маңызды болғаны даусыз. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Мәселен, Қамбар батырдың аузынан шығатын мынандай бір шумақ бар:
«Қанатты туған пырағым,
Аға-іні сен едің,
Тар жерде жолдас шырағым,
Мойның алтын таяқтай,
Қамыстай екі құлағың,
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей,
Жылқыға бітпес жануар
Сымбатың менен сияғың...»
Бұл жерде жылқы малының батырға жолдас қана емес, аға-інідей жақын болып кететіні айтылады. Жырларда кездесетін адам мен жылқының етене жақындығын, тіпті тұтасып бір денедей болып кететінін сипаттайтын тұстар көшпенді қазақ даласының ұландарын жер жаһандағы ең үздік атты әскер етіп тәрбиеледі. Ал қазіргі кезде жауға атқа мініп шаппайтыны бесенеден белгілі, дегенмен атқа мініп өскен ер баланың жігерлі, намысты, қуатты болып өсетіні сөзсіз. Атқа міну терапия түрі ретінде де танылып келеді. Қасиетті жануардың энергиясы адамға ерекше қуат сыйлап, шаршауын шығаратыны дәлелденіп, дамыған елдерде бұл ең пайдалы демалыс түрі саналып жүр. Сондықтан дені сау ұрпақ өсіру үшін атқұмарлық қасиеті ешқашан өшпеуі, ұмытылмауы тиіс. Отан қорғау, ел шетіне жау келсе, шеп құрып шекісу, қайрат көрсетіп, қаһарын таныту - ер жігітке парыз.
Сондықтан ер баланы ерлікке, батырлыққа бала күнінен тәрбиелеу бүгін де маңызын жойған жоқ. Қайта әлем елдері әскери қуатын арттырып, оған миллиардтап ақша төгіп жатқан қазіргі таңда бұл өте маңызды тақырыпқа айналғанын жасыруға болмайды. Сол себепті де ұл балаға ерте жастан ерлік ұғымын, бұрынғы бабаларының бұл ұлы жолда өшпес із қалдырғанын жете түсіндіру керек.