Дәріс №4 М.Әуезов әңгімелеріндегі «қорғансыздар» тақырыбы


Дәріс № 8 «Қараш –қараш оқиғасы» повесіндегі тақырыптық, идеялық ерекшелік



бет5/10
Дата17.02.2023
өлшемі0,52 Mb.
#68674
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Әуезовтану студенттерге

Дәріс № 8 «Қараш –қараш оқиғасы» повесіндегі тақырыптық, идеялық ерекшелік

Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Менің ойымша, өзінің ұлттық әдебиетінің топырағында тұрып-ақ белгілі дәрежеде Тургеневпен, Толстойдан, Горькийден, тіпті Достоевскийден де үйренуге болады. Ал Чеховқа келсек, оның өзін ғана сүю, жақсы көру арқылы соның шәкірті бола қою қиын, тіпті, мүмкін де емес сияқты. Ол үшін өзіңнің творчестволық табиғатыңмен соған ұқсас болып, бүкіл ішкі бітіміңмен, терең лирикалық сазыңмен соған туыстас жақын болып жаратылуың керек»,- деген болатын.


Еліктеу, үйрену сықылды мәселенің өзін, белгілі бір қалыптасқан әдеби форманы сол қалпында өзгертпей иемдену деп, бір жақты түсінбей, керісінше творчестволық тиімді әсерлерді іштей қабылдау деп қараған М.Әуезов қырық жылдан астам уақытқа созылған жазушылық сапарында бұл игі қадамынан еш айныған емес. Ол шығыс, батыс, әсіресе орыс классикасының бай дәстүрлерін өз ұлтының арғы-бергі өнері, дәстүр жетістіктерімен шебер ұштастырып, соның асыл жемісінен эстетикалық қуат алды, биік творчестволық мұратты өзіне мақсат етіп қойды. Ежелден көршілес , аралас-құралас, дәмі-тұзы, достығы жарасқан ұлы орыс әдебиетінің гуманизмі, демократтық озық тенденциясы, романтикалы, сыншыл реализмі оған бағыт-бағдар сілтеді. Көркемөнердің классикалық үлгілерін осылайша сусындаған М.Әуезов 20-жылдардың өзінде-ақ халық көңіліне ұнамды, әрі етене жақын, қызықты да дара стиль тапты. Ал реализмнің өзі де сол оңтайлы әдеби әдеби нормадан, икемді айла, амал, тәсілдерден құралатыны түсінікті.
Творчество балаңдығынан, жалаң еліктеу дәуірінен өтпей, бірден үлкен әдебиет деңгейінің күшті қайраткерлеріңдей боп, кәдімгі қалыптасқан суреткерлік қуатта, үздік шеберлік тәсілінде жазған М.Әуезов 20-жылдары қазақ совет әдебиетінің көркемдік жағынан өрге басуына зор ықпал жасады. Ол тапқан, ол дамытқан әдеби әдістер мен бейнелеу амалдары, қиындықпен қиысқан шындық өмір суреттері, шешендікпен өрілген ой қазыналары кейінге жас қаламгер буынға өнеге болды. Ол мазмұн мен түрдің бөлінбейтін көркекмдік астасуларын әрдайым берік қадағалап, оны ерекше сәулетпен іске асырып отырды.Өзі айтқандай әрқашан терең лирикалық сазға мейілінше бой ұратын жазушының ертеректегі шығармаларының өзінен де осынау жарық дүниенің әр алуан бояуға, әр алуан сырға толы, керемет қым-ғуыт өмірін сезінесін. Шабытты, жарқын ойының нұрлы қуатын ұлттық қасиетке толы, көрікті, шыныққан, шыншыл шығармалар тудыруға жұмсаған Мұхтардың осы дара таланты мен шеберлігі оның « Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» повестерінен де мүдіріссіз аңғарылады. Астық, ынтазар ықыластан, өте нәзік суреткерлік таланттан туған бұл шығармалардың оқиғасы дұрыс сұрыпталған, көркемдік формасы ақаусыз табылған, тілі келіскен, аяқталған тұтас көркем қасиетімен сүйсінтеді. 20-жылдардағы М.Әуезов қалың оқушы жүрегіне осы ерекшелігімен танылды.
Әдебиет әлеміндегі небір ұлылық пен жасампаздықтың баршасы творчестволық арманнан туғаны рас болса, бүгінгі әбден марқайған қазақ совет әдебиетінің де өзінің алғашқы өркендеу барысында сандаған қаламгерлері қолдауынан, олардың асыл мұрат, биік мақсат бірлігінен, түрлі ізденістер мен тәжірибелердің тоғысып, бір арнаға құйылуынан нәр, қуатты күш алғанын тағы да атап, еске саламыз. Мұхтар Әуезов қанша көркем жазғанымен де әдебиетіміздің сол туу, қалыптасу шағында көптің бірі ғана болды. Осы тарихи кезеңде алғы буынның қатарында жүріп, творчество саласында қисапсыз көп еңбек сіңірді. Жан-жақты біоім, шарқ ұрған шабыт, биік талғам, өзгеше шеберлік оны жұрт құрметіне бөледі. Жазушы сонау 1921 жылғы «Қорғансыздың күні» мен 1929 жылғы «Көксеректің» аралығындағы аз ғана уақыт ішінде әдебиет пен өнер – білім тақырыбында оннан аса мақала, ірілі-уақты он сегіз әңгіме, үш пьеса, үш повесть жазды.
«Қарақ-қараш оқиғасы», «Көксерек» повестері жазылғанға дейін жазушы қаламынан туған ірілі- уақты көркем дүниелердің өзі Мұхтардың ірі суреткерлік тұлғасын айырықша танытты. Оның қорғансыз, жапа шеккен, қаналаған, қазаға ұшыраған қарапайым адамдарды суреттеген немесе махаббат, мораль мәселелерін толғаған, ауылдағы және қаладағы қыздарды, оқыған жігіттерді әр қырынан көрсеткен, болмаса туған жер табиғатына арналған шығармаларынан сезілетін зор жаңалық – мазмұн мен түрдің шебер ұштасуы, қазақтың сөз өнерінің бар қуатында қолданылуы, психологиялық дәлелдемелердің күштілігі. Былайша айтқанда, Мұхтар көркем прозаның психологиялық жағы басым келген ең кестелі де шынайы үлгісіне еркін жол салғандай. Әр әңгімесі мен новелласынан жоғарыда автордың өзі айтқан Толстой, Тургенев, Чехов, Горький дәстүріндегідей асқан реалистік кемел сезіліп отырады.
М. Әуезовтің жазуға әбден құлшына, ширыға кіріскен әрі мінсіз төселген, өмір құбылыстарының ең бір қалтарыста жатқан сырларын ашып, кең эпикалық өріске құлаш сермеген шағы ендігі жерде повесть жанрынан көріне бастайды. Бұл тұста оның қаламгерлік өнері атақты ағылшын жазушысы Джек Лондон сияқты қақырдың қылықтары мен «психологиясын» зор білгірлікпен жазған «Көксерек» повесін көрінеді.
1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 2, 3-сандарында басылған, тосын тақырыпты, өзгеше бітімді бұл шығарма тек ересектер үшін ғана емес, жасөспірімдерге зор базарлық саналды. Құрмаш дейтін баланың асыранды бөлтірігі жонданып, сызданып, өсе келе өзі тектес жыртқыштардың тобына қосылғаны, иесін жазым еткені баяндалады. Жүйрік ат, жақсы ит, қыран құс ұстауды машық еткен қазақтың аңшылық кәсіптерінен туған әңгімелер тобына жататын бұл туындыда автор мал өсірген елдің қысы-жазы қасқырдан көретін кесапатын, жыртқыш аюанаттардың алыс мекен тұрақтарын шебер суреттейді. Оқиға сұлу табиғат төрінде, жылдың төрт мезгіл шағында жүріп жатады. Жыртқаш аңдар ішінде осы есті, пәлелі қасқырдың серік іздеудегі, тамақ аулаудағы қулық, сұрқиялық әрекеттерін, оның керемет қанкөздігін соншалық білгірлікпен, шегіне жеткізіп суреттейді. Жазушы аңға да, табиғатқа да тіл бітіргендей көркем өрнектер салады.
Үлкен-кішінің бәріне ұнайтын «Көксерек» әлгі бастапқы басылымынан соң талай рет жарық көрді. 1936 жылы «Қараш-Қараш» жинағына кірді. 1957 жылы «Пионер» журналының 9-санында басылды. 1960 жылы жазушының «Қараш-Қараш» деген атпен қайта шыққан көлемді жинағына еніп, 1962 жылы «Көксерек» деген атпен өз алдына кітап болып шықты. 1960 жылы Алексей Пантилиев оны автордың тікелей көмегімен орысшаға аударды, бірнеше рет одақ көлеміне таратады. Сондай-ақ, 1962 жылы өзбек тіліне аударылып, кітап болып шықты.
Революциядан бұрынғы өмірінің сан қилы саласын үнемі прозаның новелла, әңгіме тәрізді ықшам саласында көбірек бейнелеп келген жазушы енді повесть сияқты ірі жанрға ойысқанда халықтың немесе оның жеке өкілінің таптық тартыстарын көрсетуге күш салады.
20-жылдардағы М.Әуезов творчествосын барлағанда оның социалистік реализм әдісін әлі де жете меңгере қоймаған кезін, романтикалы сарынмен сабақтасқан сыншылдық реализм бағытын ұстанған шағын есате тұту керек. Өмір құбылыстарын революциялық күрес жолына қарай мезгей жазу ол тудырған, көркемдігі жоғары шығармалардың өзінен сезілмеуі содан. Бірақ, қазіргі кезекте қарастырылатын «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінен қанаушы тап пен бұқараның арасындағы тамыры терең қайшылық шебер ашылған. Бұл – стихиялы түрде болса да, халықтың жеке өкілінің күшті қарсылығын, психологиялық сезімге, мықты ерлікке толы образын шексіз танытатын аса бір шынайы классикалық шығарма.
Жас қазақ прозасындағы туу, қалыптасуға бет алу шағында айырықша роль атқарған «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі Мұхтар Әуезовтің Ленинград университетіндегі славян-орыс бөлімінде оқып жүрген кезінде жазылды. Шығарма 1927 жылдың аяғында («Жаңа мектеп»), № 11-12 және 1928 жылдың басында («Жаңа мектеп», № 1,2-3,4-5) тұңғыш рет жарық көрді. Одан соң 1936 жылы әңгімелер жинағына кірді. Содан жиырма үш жыл үзілістен кейін автор аталған туындысының идеялық-көркемдік дәрежесін одан әрі көтеріп, жанрлық ерекшелігін едәуір шыңдай түсті. Сөйтіп бұл нұсқа 1959 жылы жазда «Социалистік Қазақстан» газетіне (23-30 авнуст, 1-3 сентябрь) ұсынылды. 1960 жылы «Қараш-Қараш» деген атпен шыққан көлемді жинағы осы шығармасымен және ашылды.
Ал повестің басқа тілдерге аударылып, басылуына келсек, ол әр кезеңде әр алуан атпен шығып отырды. Ең алғаш оның бірер тарауы отызыншы жылдардың орта шенінде жазушы Н.Ановтың көмегімен орысшаға аударылды. 1935 жылы А.Гамовтың әдеби өңдеуімен бұл аударма «Литературный Казахстан» журналында (№5-6) «Расплата» деген атпен жарияланды. Бұдан кейін шығарманы автордлың 1959 жылғы түзеген нұсқасы бойынша Алексей Пантилиев орысшаға түгел аударды. Ол «Выстрел на перевале» («Асуда атылған оқ») деген атпен 1961 жылы 27 июнде «Литературная газетада» үзіндісі «Дружба народов» журналында (№7) «Хараш-Хараш» деген атпен тұтастай басылды. Кейін осы аударма бойынша «Қараш-Қараш оқиғасы» орысша екі рет («Выстрел на перевале», москва, 1962; Алма-Ата, 1964) жеке кітап болып шықты.
«Қараш-Қараш оқиғасы» сонымен қатар Отанымыздың басқа да туысқан халықтары тіліне және шет тіліне де аударылды. Мәселен, И. Қошқартаевтың аударыуымен өзбек тілінде («Қараш-Қараш», Ташкент, 1962), И. Стонустың аударуымен литва тілінде («Выстрел на перевале», Вильнюс, 1963.) жеке кітап болып шықты. «Месть Бактыгула» («Бақтығұл кегі»)деген атпен алғаш шеьел тіліне аударылған французша нұсқасы (Москва, журнал, «произведения и мнения» на французком языке, 1961, №9) қазақ жазушысының даңқын шырқата түсті. Атақты «Абай жолы» эпопеясының томдарымен 1958-1960 жылдарда танысып үлгерген және М.Әуезовтің суреткерлік құдіретіне шексіз сүйсінген Франция оқырмандары повестің Октябрь төңкерісі алдындағы қазақ өмірінің қатал шындығын бейнелеген көркмдік дәрежесіне тағы да қайран қалысты. «Юманите» газетіне осы шығарма қақында мақала жазған жазушы Андре Стиль:
«Бұл шығарма өткен өмір жайын айна өатесіз, әрі мейілінше әсерлі баян етеді... Осынау қарапайым оқиғаның аясында ақ отаудай шыңдарын қар басқан, асқар таулар мен шалқар дала да, дүлдүл жүйріктер мен тулап аққан өзендер де, жаралы халықтың табиғи ақылдылығы мен ірілігі, қайраты да бар. Тіпті осы стилінің айқындығымен, ара-тұр сөз ормадарымен Гомерді еске түсіреді. » - деге болатын.
Қазіргі кезде «Выстрел на перевале» деген атпен басқа да шет жұрт тілдеріне, атап айтқанда неміс және араб тілдеріне аударылды. Сөйтіп қазақ халқының революциядан бұрынғы өмір тіршілігінен, сол кездегі әлді мен әлсіздің, тоқшылық пен жоқшылықтың өзара келіспейтін, тынымсыз қақтығыс-қайшылығынан ғажап көркемдік кемелмен сыр шертетін бұл повесть бүгінгі капитализм бұғауында иеленген елдер оқушыларына осылайша біртіндеп жетті.
«Қараш-Қараш оқиғасы» уақыттың, тап тартыстың қиын кезінде, жазылды. Оның өзекті материалы өмірде нақты болған фактіден алынды. Белгілі мемлекет қайраткері – Тұрардың әкесі Рысқұлдың қар басқан Талғар тауының Қараш-Қараш деп аталатын бір биік асуында бұғынып жатып, өзінің ата жауы Саймасай болсыты атып өлтіргені, сол кезде он жастан ғана асқан Тұрарды қасына алып, Алматы абақтысында жатқаны осы шығарманың жазылуына басты себеп болғаны жұртқа мәлім. Бірақ, автор бұл кесек еңбегін ел жағасын ұстатқан сол оқиғаның сырт көшірмесі етіп шығармай, оны нағыз көркемдік образдың мінсіз соғылған жиынтығы, қорытындысы етіп бейнелейді.
Бұл шақта әдебие те тап тартыстың майданында араласып, қызу ат салысып жатқан кезі еді. Оның ішінде Мұхтардың «Қараш-Қараш оиғасы» сияқты реалистік шығармалары да елеулі роль атқарды. Ескі қоғамның қатал ғұрыптарын, революция тегеурініне төзе алмай, қурап бара жатқан өрескел кеселдерін шенеді, сынады. Көркемдік үлгімен көрсетті. Өмір шындығын сыншылдық-реалистік тұрғыда бейнелеу 20-жылдардағы М.Әуезов шығармаларының нақты идеялық бағыты болғанын атап өткенбіз. Күні, болашағы жоқ ескі дүниені жеріне жеткізе әшкерлеп, мінеп, сынаудың өзі де ол кезде үлкен жетістік болды. Және ол совет өкіметін нығайту шағында зор пайда келтірді. Мұхтар «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін жазу үстінде де романтизм мен реализмнің сол уақыттағы тарихи - әлеуметтік жағдайға қолайлы тиген, ұштасқан дәстүрлерін пайдаланды. Бұл ретте оған М.Горькийдің ертеректегі шығармалары елеулі әсер етті. Мұны дәлелдеу үшін М.Әуезовтің: «Горькийдің образдық – сюжеттік желілерінің ішінен «Челакаш» повесі менің «Қараш-Қараш» повесімнің қаһарманы Бақтығұлдың әлеуметтік ортасы мен характерін суреттеуіме зор әсерін тигізгенін өзімнің творчестволық тәжірибемнен анық білемін» деген сөзін еске алу орынды.
Батыс Еуропа мен ұлы орыс классиктерін көп оқып, әдебиет сахнасына бірден зор дайындықпен шыққан өзгеше талант иесінің 20-жылдардағы шығармаларына байланысты мынадай бір қызықты фактіге де көңғіл аудара кетейік. «Абай» эпопеясының соңғы кітабын орысшаға аударумен шұғылданған Николай Ановпен сөйлескенде, ол : «сізге Анатоль Франс ұнаса, маған Бальзак ұнайды» деп әзілдеген еді. Ал, француздың ХІХ ғасырдағы осы ең ірі жазушысы бальзакты К.Мркс: «Шындық қатынасты үздік терең түсіне білген адам» деп санаған-да. Демек М. Әуезовтің Батыс Европа жазушыларынан Бальзакты, ұлы орыс жазушыларынан Гогольді сүйіп оқуды да оның өзгеше сипатты сұңғылалығы мен кемеңгерлігінің бір қыры болса керек.
Жазушының дәл жиырма жасында жазылған және елу жылға тақау уақыт сахнадан түспей келе жатқан «Еңлік-Кебетің» аса жоғары сапалы романтикалы трагедия дәрежесіне көтерілуі немесе атақты «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөздің «Гамлеттегі» Офелиядан артық болмаса, кем соқпауы адамды еріксіз таңырқататын ғажап құьылыстар емес пе. Мұхтардың европада Бальзак, шекспир, Флобер, Диккенс, орыста Пушкин, Л.Толстой, Тургенев, Гончаров, Гоголь тәрізді бүкіл әлемге аты мәшһүр болған ұлы реалистер творчествосымен аса жақын танысуы Ленинград университетінен бұрын да болды. Әрине, болашақ суреткердің мұндағы словян-орыс бөлімін таңдауы, онда оқып жүріп академиктер – В.В. Бартольд, А.Н. Самойлович, С.Е. Малов сықылды ірі шығыс зерттеушілердің лекцияларын тыңдауы М. Әуезовты физиология мен шығыс тарихына кенелтті. Славян-орыс бөлімі орыс тілін Мұхтардың екінші ана тіліне айналдырды. Ғажап, алғыр, зерек жасты лингвистикаға, әдебиет теориясына жетілдірді. Осылайша толысып, қаламгерлік парасаты кең ашыла түскен, жазушылық өнерпаздығы бірқыдыру төселген сәтте «Қараш-Қараш оқиғасының» өрнегі қаланды.
Әлі балаң көркем әдебиетімізде реализм мен романтизм элементтерінің аралас өмір сүргенін осы «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінен де айқын көреміз. Бұл әдеби дәстүрді асқантворчестволықпен қолданған Мұхтар революциадан бұрынғы дала тіршілігінің ең бір қатал шындығын алып, оны ұлттық қасиетке тән деп, өзіндік сайма-сай көркемдік дәрежеде, аса шеберлікпен жазып шықты. Ол бұл шығармасында да шабыт шұғыласын төктің. Өмірдің екі жақты бейнесін: бір жағы – мыңқыған дәулет, өктем жуандық, үздіксіз барымта, ұрлықпен баюшылық, түрлі қулық –сұмдық пен зұлымдыққа бейім тұрушылық; екінші жағы – үстем таптың құлдығынан, қанауынан туған кедейлік, еріксіз ит күнін кешуге, ауыр тұрмыс шарасыздығына ұрынушылық, қапеліме де пәлеге ұшырап, өкінішпен жаза шегішілік сияқты сахара тіршілігін автор терең тамырымен қопарып, жазушылықұ ерен талантпен суреттеді.
Әрине, 20-жылдардың аяққы шенінде жалпы негізгі нұсқасы қаланған бұл шығармаға автордың кейін тағы да оралып, оның көркемдік қуатын одан әрі жетілдіргені аздап тоқтала кететін жай. Жұртқа белгілі жазушы өзінің ертеде жазған көптеген әңгімелерін, «Еңлек-Кебек», «Қарагөз» сияқты трагедияларын көркемдік електеп өткізуге елуінші жылдары қайталап соқты. «Қараш-Қараш» оқиғасы да осындай күй кешті. Туған баласындай қымбат саналатын әр шығармасына қарайлап соғып, қайта-қайта шыңдай беру әлемге аты әйгілі жазушылардың бәрінің де творчестволық тәжірибесінде жиі кездескен құбылыс. Мәселен, Оноре де Бальзак өлер алдында өзін емдеген дәрігерден: « маған енді алты күн бересіз бе: Алты күн бұл көп емес қой... мен өзімнің елі том шығармамды тездете қарап шығар едім... Оның нашар беттерін жұлып тастар едім. Жақсысына жаңа ажар берере едім. Адамның жігері дүние ғажапты тудырады. Мен өзім жасаған сол бір дүниеге алты күн ішінде мәңгі өлмес өмір берер едім» деген жоқ па.
«Қараш-Қараш оқиғасының» 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналына шыққан, сондай-ақ 1936 жылы және 1960 жылы жинақтарға енген басылымдарын салыстыра отырып байқағанда, М.Әуезов еңбегінің бейнеті де анық сезіледі. Ең алғашқы журналда жарияланған нұсқасы мен 1936 жылғы нұсқасының арасында көп айырма болмағанымен, өзгерген немесе қысқарған жеке сөздер , сөйлемдер жиі ұшырасып отырады.
Повестің ең мықты өңдеуге ұшырауы,көркемдік және идеялық сапасының барынша артып, жандана түсуі, 1959-1960 жылдардағы басылымнан байқалады. Жанр ерекшелігін, сюжет өмірін қатты ескерген автор бұрынғы жеті тараудан тұратын шығармасының беташары етіп, тыңнан толық бір жаңа тарау қосты. Алғашқы нұсқада бала-шағасын асырап, жан сақтау үшін дамылсыз түн мезгілінде жылқы алу жорығына шығатын, көбіне із жасыруды ойлап,алысмтағы малды ауылдарды торитын Бақтығұл нағыз ұры болып суреттелетін. Повестің 1927 жылғы жариялануында болсын, бұлардағы бірінші тарауда Бақтығұлдың күзгі жауынды, суық лайсаң түнде Торайғыр, Мерке сияқты алыс жерді көздеп шыққаны, әйтеуір жылқы алып, артындағы аш-жалаңаш,жаураған үйіне орайлы олжа түсірем дегеннен өзге қаперінде түк болмайтын. Ал жаңадан жазылып қосылған алғы тарауда Бақтығұл бейнесі бірден басқаша болып ашылады. Мұнда Қозыбақтай жуан ауылдың сотқар байы – Сәлменнен жазықсыз соққы жеп, күзгі суыққа қуылған,сол кеселден төсек тартып, науқасқа шалдыққан Тектіғұл бар. Бұл-бұрынғы басылымдарда кездеспеген тың кейіпкер.
Согдай-ақ осы ақырғы жөндеуде Тектіғұлдан өзге де тың кейіпкерлер (Сәлмен, Асан, Афанасий Федотыч)қосылды. Бақтығұлдың бұрынғы «қара қатын» деп аталып отыратын әйеліне Қатша, Сәлемннің қорқақ, момын малайына Қоқай деген ат берілді. Шегеті руының ішіндегі қалман ауылы – Бүрген болысындағы Ораз ауылы бп өзгерді. Торайғыр, Мерке сияқты аз айтылатын кейбір жер, су, жайлау аттары сызылып тасталды.
Автор бұрынғы нұсқаның көп тарауларына бюатыл түрде қалам тигізіп, бұрын өз бетінше жылқы алуды кәсіп еткен, соңғы бір ұрлықта жоқшылардың тапқан айыбынан құтылу үшін шалқар болысы – жарасбайға жағынып, үздіксіз барымтаға қатысатын, осы мықты ауылдың жорықшы, жортушысы атанған Бақтығұлдың образын өзгеше бейнеге келтірді. Елдің адал ақы малын алып, қан қақсатып кететін Бақтығұлдың жүрегіне соңғы жөндеуде кек сезімін құйып, оны таптық тартысқа қарай икемді.Мұны дәлелдеу үшін мынадай мысалдар келтірейік.
1936 жылғы жинақта:
« - Күздің ұзақ түні мынау. Қазіргі алған малмен соқтырып жүріп кетсем, таң атқанша қайда бармаймын? Ізімді жауын шаяды. Шыққаныма екі күн болса да, күннің лайсаңы жібермей қойды. Ілгері басуға өзім де жаурап, жайым бітті. Атым да мына суда, мына тау ішінің тайғағында өндіріс жүріс жүре алатын емес. Түк алмай қайтпақпын ба, қаңғырып жүріп нәр сызбай өлмекпін бе? – деп, маңайына шашақталған ұры көзбен айнала қарап алды» (5-бет)
1960 жылғы жинақта:
« - Күздің ұзақ түні мынау. Қазір алған малмен соқтырып кетсем, таң атқанша ұзап кетем. Осы жауын ізімді де шаяды. Түк алмай қайтпақпын ба?Қаңғырып жүріп, қадалған жерден нәр сызбай кеткенім бе? - деді.
Түн баласында малмен араласа жүрген машықты көзбен маңайды тағы бір шола қарады.»
Көріп отырмыз, 1936 жылғы нұсқада Бақтығұл жылқы ұрлау үшін екі күн алысқа сапар шексе, соңғы нұсқада ол кектеніп аттанған, әдейі қадалған жері – Сәлменнің жылқысына қол салады. Сондай-ақ, недеуір ықшамдалып, барынша айқынданып, көріктеніп шыққан соңғы абхацта бұрынғы «Ұры көзбен» дегенді енді «машықты көбен» деген сөзбен ауыстырғаны автордың бақтығұл образын оңалта түскенін аңғартады.
Тағы да мысалдар. 1936 жылғы жинақта:
« - Бұл жауын қашан біткенін қайдам білмекпін. Жауын бітпесе иттей қатып, өстіп сүмеңдеп бермекпін бе? – деп әр нәрсені еске алып, аз бөгелді де аяғында:
- Жоқ. Болды. Енді мыжыма. Қайда барсаң да саған қолынан мал беретін кісі жоқ. Әкеңнің дайындаға малы жоқ, осы да жетеді. Дөң жайлау. Аламын осыдан – деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап өрлей бастады.»
1960 жинақта;
«- Бұл жауынның қашан бітетінін қайдан білейін. Ол бітпесе иттей қатып, осылай сүмеңдей бермекпін бе? – деп, әр нәрсені еске алып, аз бөгелді де аяғында: - Сәлменнің өз жылқысы болмай, Қозыбақтың басқа бір ауылының жылқысы болса да, аламын осыдан. Қозыбақтың бәрінің де жылқысыны баққанмын. Бар Қозықбақ түгел менің қанды мойын құнікерім! – деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап өрлей бастады» (9 бет)
1936 жылғы жинақта:
«Басында үйден аттанғанда ойдағысы жалғыз Сәлмен жылқысы еді. «Ең болмаса Сәтті қолға берсе»- деп еді. Енді жол қиындығы, күзгі түн суығы, аштықпен бұралу - бәрі жиналып келіп, өзге Қозхыбақтың жылқысына болса да тиісуге жетектеді.» (9 бет).
1936 жылғы жинақта:
«Көп шабылған сырқынды, сақ ұры, қой торыған бөрідей жұтынып, қомданып, ширап алды»
1960 жылғы жинақта:
«Жасынан өздігінен мұндай жүрісті кәсіп етпесе де, «Жортуылшы, жорықшы» - деп аттандырып, Қозыбақ ауылы мұны жылқыдан басқа түнгі жүріске көп жұмсаған»
Бұл келтірілген салыстырулардан Бақтұғыл образының қандай дәрежеге көтерілгендігін, оның бойына қандай таптық сана, көркемдік, типтің сапа құйылғандығын көрі қиын емес.
Повестің бастапқы басылымдарының өзі де тақырыбының шыншылдығымен, шығамашылық әсерлігімен уағында оқушысын ерекше баураған болатын. Қыр өмірінің революцияға дейінгі ескі тіршілігі – байлық пен кедейлік арасындағы теңсіздік, әлді мен әлсіз арасындағы тартыс, зорлық-зомбылық, кедейдің шеккен қорлығы, екі жақтың тайталасы тәуір-ақ берілген еді. Солай бола тұрса да, жалпы шығарма тағдырына, әсіресе ондағы адам образдарына еш уақытта селсоқ, жайбарақат қарамайтын жазушы «Қараш-Қараш оқиғасына» әдейілеп, қайта айналып соққан. Ертеректе жазылған әңгіме повестердің тәуір үлгісіне жататын, реализмі басым бұл күрделі туындысының кейбір кем-кетігін көргендікпен байқап, оларды ойдағыдай жөндеп шыққан. Оқиғаның кей тарауындағы артық саналғандарын аяусыз сылып, оған лайықты, ұтымды эпизодтар берген,кейде тіпті тыңнан қосқан. Өмірі сырын, адам характерін тереңдетіп аша түсетін соны баяндаулар, әсем суреттеулер, ойлы тұжырымдар, тың мінездемелер, жаңа диологтар дарытқан. Сондай-ақ, орайсыз де тапқан кейбір жеке сөз, сөйлемдер қайта реакцияланып, образды бейнелер мен теңеулер молыққан. Бүкіл шығарманың әуелгі көркіне тағы да көркм бояу салған. Мұның баршасы повестің ерекше тынысын кеңейтіп, идеялық және көркемдік дәрежесін арттырған. Сөйтіп шығарма бұрынғысынан де мәнденіп, ажарланып, шыныға түскен
Жазушылық қызметінің әрбір қадамына үнемі осылайша жауапкершілікпен қараған Мұхтардың «Қараш-Қараш оқиғасын» қайтадан өңдеу үстіндегі бұл орасан қызметі әсіресе бүгінгі жас қаламгерлерге ұлкен үлгі болардай.
Мұхтар Әуезовтың оқиғаны ең мәнді, шұғыл жерінен-ең ауыр, не ең нәзік сәтінен бастап, содан әрі қарай оқушысын билеп, қалқытсыз сендіріп, бұтақтатып, өрбітіп әкете беретін, баяндағыштық және суреткерлік өнері мұнда да ерен қуатымен көрінеді.
« - Қайран Тектім-ай... Алпамсадай арысым едің... Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаңсап қалғансың-ау. Қолыма салмағын білінсеші ,- деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді ».
Бірден ағаның қатты тебіреніп күйінген, сырқта тепкен осы шыншыл сөздерінде және автордың өзінің жанама баяндауында қаншалықты сезім мен күй, қаншалықты нанымды картина, аянышты хал жатыр. Үйде оқушыға әлі белгісіз жан азабын тартқан, ағаға тірек, алпамсадай бір аурулы ересек кісі бар екен. Оның әбден арыған, құр сүлдер сүйегін көзіне жас алғандай болып, үн қатып, туған ағасы Бақтұғыл көтерді. Жеңгенің қолдан келер бар жақсылығы – оған жайлы төсек салу, сусын беру.
Осы бір ғана шағын диолог пен соңғы автор баяндауында бұл үйдің басына төнген ауыр қайғы, қас-қабақ білінеді. Туган інісінің әлгі әлсіз жағдайына, өз жүрегінің күйініш сезімін жаңағыдай, лықып шыққан сөзбен тебірене жеткізіп, ауру жанды зор қайратпен ұқыптап, жеп-жеңіл көтеріп тұрған асыл ағаның бейнесі көз алдыңа келеді. «Қараш-Қараш оқиғасында» ең басты кейіпкер – Бақтығұл образы осылайша бірден толымды боп көріне бастайды.
Көркем әдебиетте адам образы әр алуан хал-харекет: қуаныш, сүйініш,күйініш үстінде, тартыс, қақтығыс, іс-әрекет үстінде ашылады десек, бұл повестің осы жаңадан қосылған бірінші тарауының өзінде өмірдің ауыр күйі, адам қасіреті айта қалғандай боп берілген. Бақтығұл інісі Тектіғұлдың қатты демігіп, өңі қуарып, әлсіреп қалған жағдайын жаңағыдай аза тұтса, жеңгесі Қатша да қайнысын ұққандай сезім білдіріп, бас изеп, шерлене күрсініп алады. Ағасы мен жеңгесінің көз алдында ауру жігіт ыңырап, күйік құсасын сыртқа шығарады:
« - Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу жоқшылық бір құлатты. Аямас дұспанның соққы жазасы әпкетті міне – бар дәрменім... Нем қалды?.. Тектіғұл ініңнің орнына кімің қалды сенің? » - деп, баяғы ер қайраты мүлдем кеміген, дерті асқынған жігіт жыламсырап үн береді. «Кегім...кегім... кетті....» дейді.
Ертеде ел ішіндегі қалың сүзектен әке-шешесі қаза болып, жастай жетім қалған ағалы-інілі екеу табандатқан жиырма жыл бойы сәлменннің малайы болған. Соның ішінде он сегіз жыл жылқы баққан Бақтығұлдың, талай жыл қой бағып, одан әзер деп биеншілікке, қолы жеткен Тектіғұлдың, он жылдай бойы есігінде күндік кешкен Қатшаның сезген сырлары, көрген азаптары көп. Бұлар бүкіл Қозыбақ ауылының, ондағы ағайынды әулет иелері – Сәт, Сәлмендердің қырғын-жойқын істерін, бармытамен алдырған, астыртып байыған малдарын біледі. Сәлменнің әмірімен қайсыбіреулердің жылқысын Бақтығұлдың талай барымталап әкелген, бай ауылдың намысы үшін талай төбелес шайқасына қатысқан кездері де болған. Қаншама есепсіз еңбек, ауыр бейнет, бай үкіміне үнемі құлшылықпен мойын ұсыну бұл еті тірі, бірақ панасыз, кедей жандары ылғи қор етіп келеді. Отызды қусырған, әлі үйленбеген Тектіғұл болса мынау. Ол кешікпей өмірмен қош айтпақ. Оның қасірет шегіп, шексіз арманмен көз жұмуы тақау. Бұлардың маңдайына жазған қу жоқшылық, қайғылы бақытсыздық баяғы сол өзгермеген қалпында.
Сәлмен мен Сәт билеген Қозыбақтың бай, жуан ауылдың кезінде мыңқ етпес малайы, кедей, епті ұрысы, батыл барымташысы, кейде сойыл сілтеп, ұрысқа кіретін мықты, дойыр жігіті – Бақтығұлдың енді кекті сезімі оянды. Ол інісінің сырқаты үстінде одан сайын тұтанып, кектене түседі.
Қолшыл, жәбіршіл Сәлменнің есігінен былтыр күзде ақыры кетіп тынған Бақтығұлда мына әл үстіндегі ауру адамға жас сорпа ғып беретін жығылған Тектіғұл көктем туа жарық дүниеден аттанады. Автордың шебер жазған осы тың тарауында аса бір мүшкіл хал Бақтығұл семьясының басынан көрінеді. Бірден аямас өмір қайшылығын, жоқшылық тұқыртқан кедей жандар тіршілігін жазушының осылай қалың, астарлы бояумен беруінің мәнісі не, басты кейіпкер, бұрынғы ұры Бақтығұлдың образын жаңа қырынан ашу, оның өзіндік ой-сезімдерінің, знідік намыс-санасының түрлі иірімдеріне іргесін сомдап қалау. «Қанатым едің, арыстандай арысым едің, не жазығың бар еді? Сен не көрмедің? Мен тірі қалғаншы, бірге неге өлмедім?» деп, Бақтығұл қатты күйзеліп, қапаланады.
Мұндайлық ашыну, ақырғы сөз айту ашулы Бақтығұлды тар шеңберлі болса да, ойлаған ойының бір батыл қадамына итеруі ықтимал. Бұған оқушы кәміл сеніп отырады. Сонымен, бұл жаңа тарау оқиғаның арғы дамуына нақты бағыт сілтейді. Повестің негізгі тақырып арқауын, идеялық бағытын, авторлың нақты позициясын айқынырақ танытады. Ендігі жерде Бақтығұл образы бұрынғы жеке бас күйбелеңімен жүретін, айсыз түнде жылқы алып,айыпқа ұшырайтын жортуылшы ғана емес, енді оның бұл жолдағы іс-әрекетінде жауыз күшке деген елеулі таптық қарсылық, іштен қозданған кек адылыны пайда болады. Ол – дала төскейінде ұзақ жылдар жылқы баққан, көп жортқан, қысы-жазы қиыншылықты да көп көрегн, пісіп қатқан, қайраты да төзімді кісі. Ерге лайық намыс жиған, әділ ашуға басқан қайсар адам боп тұлғаланады. Халықтың ұлттық қасиеттерінің аса нанымды мінездерін бойына жиған Бақтығұл жарлы-жақпайдың шын өкілі, құлдың пен қаналудың қара қамытын киген көптің бірі ретінде суреттеледі. Сәлмен бай, жуан ауылға «менің қанды құныкерім» деп аттанды. Арып-ашып аштай қатқан ұйқысыз батыр үйіне бір семіз боп биені әкеп, алып соғып жайратады. Бірақ, артынан іле қу,ыншы жетіп, Сәлмен бастаған сотқар топ оны соққыға жығады. Оған қоса сауып отырған сиырын, аяқ артар көлігін айдап әкетеді. Абақтыға жапқызбақшы болып, ауыр қастық, пәле салады.
Оқиғаның бұдан арғы өрбуінде Мұхтардың ұстанған тағы бір тамаша шындығы бар. Ол – ещ сауаты жоқ, әліпті таяқ деп білмейтін қырдың қара дүрсін, алпамса адамының абақтыфдан қоқуы, далбасаға басуы, уақытша болса да Жарасбайдың көлеңкесін паналап, барынша шатасуы. Мұның өзі басын тауға, тасқа ұрған сорлы кедейдің шарасыздығынан туады. Тіршілігінде еш жаудан сескеніп көрмеген батыл жанның өліп кетуі хақ, ал бірақ, абақтыны құбыжық санауы, одан сескенуі кездейсоқ та нәрсе емес. Бұл орынды деталь қыр өміріне тән шындық болмыс еді.
Типтік характерлерді типтік жағдайда, асқан нанымды түрде бейнелеу үшін детальдің ролі зор. Совет әдебиетінің атасы М. Горький кейіпкердің типтенген бейнесін сан алуан іс-әрекеттер мен мінездердің қалыптасқан жынтығы саналған. Сонымен қатар, ол аса бір характерлі таптық ерекшеліктерді бақылау, салыстыру, сұрыптап, таңдап алу тәсілдерін жақсы меңгерген және сол ерекшеліктерді оймен түйіп, қиыстырып, бір адамның басына сиғызған жазушыны асқан дарынды әдебиетші тұтқан. Әдеби образ, әлеуметтік тип осылай жасалатынын, және де ой мен қиял көркемдікті туғызатын техниканың аса маңызды амалы екенін ол даналықпен ескерткен.
Осындай талаптарға толық жауап беретін «Қараш-Қараш оқғасы» - сан түрлі қақтығыстарға толы, тартыс түйіні аса ірі жатқан кұрделі, қат-қабат шиеленіс- шытырманы мол шығарма. Бұл Бақтығұлдай ашынған, шын кедей, шын батыл адамның аянышты өмір хикаясын шертеді. Оқыған сайын оқушысын көркемдік қуатқа бөлейді. Шығармадағы барған сайын өрши түсетін кек Герценнің «Күрес- пенің поэзиям» дейтін белгілі қағидасына дөп келеді.
1963 жылы «Простор» журналына рецензиясы шыққан Е. Ғабдыровтың жаңсақ айтқанындай, бұл повесть он тараудан емес, сегіз тараудан тұрады. Әр тараудың әр оқиғасы шашырамай да шетінемей, мінсіз, жұмыр, сом дүние жасап, Бақтығұл төңірегіне сайып отырады. Селтиіп, бөлек тұрған ешбір детальды, бөлек кеткен ешбір эпизод немесе жеке оқиғасын көрмейсің. Іштей астарланып, жіптесіп, сағымдасып, егізгі қаһарманды ұзақ есте тұтқыза, зор типтік дәрежеге көтерген ақаусыз дүние.
Содыр-сойқандылықты ашық жасайтын Сәт, Сәлменге, бүкіл Қозыбақ ауылына, пәлені түптеп қазатын, асқан армза пиғылды Жарасбайға қарсы Бақтығұл заңды түрде бас көтереді. Қаталы тағдырдың ағысымен малтып Бақтығұл оның толқынынан кейде батып, кейде шығып, ақырында қашқынға пйналды. Алатаудың заңғар биігіне өрлеген қас тағасына ұқсап, қиын кезбе өмір кешеді. Жойқын гүріл, сатыр-сұтырмен сайды жаңғыртқан көк долы жайын су – Талғар да оған еш бөгет жасай алмайды. Жүрегін көк өртіне қақтаған есіл ердің ойға мықтап түйген бір ғана саналы мақсаты бар. Ол – енді ешкімге де табынбай, тақымы қатты батқан ата жауынан өш алу. Сәт, Сәлмені, Жарасбайы келсін мейлі, бәрібір, өкпеден атып, тастай қатыруға әзір. Жоқшылықпен, жылаулармен өткен барлық ғұмырдағы батыл жолды енді тапқандай. Оған өмірдің мына кезіккен тосқауылы, қанжосын өзені түк емес. Ол оны бойға еркін күшпен аттамақ. Сөйтіп ойлағаны іске асса, кекті мақсатын орындап, қандай құдайдың болса да, қаналған көпке өнеге дарытатын мықты бір бас көтеру еді.
Сахара тіршілігінде өте сирек ұшырайтын мұндай кесек іске тәуелсіз бел буған Бақтығұлдың нанымды тұлғасын автор біртіндеп, сатылап өсіреді. Ол алғы тарауда соққыға өле жығылған інісі Тектіғұлды ақтап: «Жанымнан садаға кетсін сенің малың. Құлағын ұрайын. Мен де айтамын соны», - деп, Сәлмен байға тік келеді. Одан жылқы алуға бара жатып: «бар Қозыбақ түгел менің қанды мойын құныкерім!», «Ең болмаса Сәтті қолға берсе!» деп кіжінеді. Артынан қуғыншы боп жеткен тасыр мінезді Сәлменнің өзіне де ол: «Немді алмадың: Жанымды да алғансың. Жар деген жалғыз қанатым- Тектімді тепкіңмен өлтірмеп пе едің:»,- деп тап береді. Одан Жарасбайды сағалап, адасып қалған мезетінде: «бірінен кетіп, біріне жетіп ең, не таптың?»,- деп өзіне-өзі сауал салады. Өршіген кесел ақыры оны билердің алдына шығарғанда жан жарасы қысқан бақтығұл: «Өртеп жеңдер, бүйтіп итшілеп жүрген тіршіліктің бұдан былай маған бес тиынға да керегі де жоқ... Бірақ қоймаларыңды көрдім!»,- деп, буынып тұрып, сазарып жүріп кетеді. Ал, ең ақырына таман ол әлгіден де гөрі терең ойлана түсіп: «Тіршілікті темір тұзақтың ішіне салып, тірі шығарамын деп ойлаған жанның көрген күні бар болсын. Одан өлім артық, бәрібір бұл да өлім. Ләнет, ләнет болсын бұд күйге, бұл күнге! »-деп, азап өмірге, заманның золығына, тұрпайы заң-жора, әдет ғұрыптарына үкім айтады. Қасқырдай тиген дұспандарының бірін өлтіріп, баяғы құбыжық көрген абақтысына жатып, қасына алған баласы Сейітке: «Қалқатайым-ау, оқу оқы. Ала қағаздан басыңды алма. Сені бірдемеге жеткізсе, осы жеткізеді. Әйтпесе көремісің- міне, менің не болғанымды?», «Оқысаң, соның бәрінен сен артасың. Маған тигендей, саған тие алмайды. Көзің ашылады», -деп жол сілтейді. Сөйтіп автор өзінің ағартушылық тиетінен туған түйінді сөзін бас кейіпкерінің аузына салады.
Жаумен жапа-жалғыз алысқан арыстандай, есті әке шығарма соңында уақытша жаза торына қамалған. Алда атар азттық таңы бар. Ол тым жақын сияқты. Абақты камерасындағы ақылды орыс тұтқыны афанасий Федотыч та соны күтеді.
Ашылар таңды, босанар күнді арман шұғыласындай аңсаған Бақтығұлдың оқып, есейіп, басқаша жолмен күресетін ұрпағы бар. Ол- Афанасий Федотыч орысша сөзге, сауатқа баулыған баласы Сейіт. «Оқуға ұғымда, ерекше талапты, момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап, ер жетіп келе жатыр».
Романтикалы, сыншылық үлгіде туған және ағартушылық бағыт ұстанған бұл ғажап шығарма оқушысының жан жүйесін баурап, үйіріп ала келіп, осылайша тамамдалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет