Механикалық сіңіруқабілеті деп топырақтың, басқа қуыс денелер сияқты, өзінен өткен лай, құм, тағы басқа қатты заттарды өткізбей ұстап қалатындығын айтады. Бұл қабілет топырақтың механикалық құрамына, түйіртпектілігіне байланысты. Балшық құмбалшық, түйіртпекті топырақтардың механикалық сіңіру қабілеті, құм, құмайт топырақтарға қарағанда, жоғары болады.
Физикалық сіңіру қабілет немесе молекулалық адсорбция деп, топырақ бөлшектерінің сыртқы молекулалық күшпен газды және ерітінді заттарды сіңіріп, ұстап қалу қабі.летін айтады. Мысалы, молекулалы су буларының, жарғақты сулардың, ерітінді бояу (сия) және иісті заттардың сіңірілуі.
Химиялық сіңірудің мәні - топыраққа енген тұздар мен оның ерітіндісіндегі тұздардың өзара химиялық алмаспалы реакцияға түсіп, топырақта тұрақты ерімейтін қосындылар түзуінде. Химиялық сіңіру нәтижесінде топырақта түрлі қоспалар шоғырланады және олар сумен шайылмайды. Сондықтан топырақта өсімдіктер қорегіне керекті заттар - катиондар мен аниондар сіңіріліп ұсталады (үш кальцийлі фосфаттар мен СаСОз).
Ұсталған тұздар топырақ ерітіндісінің ортасы өзгеруіне қарай қайтадан жылжымалы түріне айналады да, оларды өсімдіктер қажетіне жаратады. Тез еритін заттар топырақтағы басқа қосындылармен реакцияға түсіп, ерімейтін қосылыстар түзеді. Олар химиялық жолмен сіңірілетін қосындыларға жатады (фосфаттар, карбонаттар).
Мысалы:
СаСl2 + Na2СО3 = СаСО3 + 2NаСl;
3СаСl2 + 2Na2НРО4 = Са3(РО4)2 + 4NаС1 + 2НСl
Химиялық жолмен сіңірілмейтін қосындыларға азот тұздары жатады. Олар топырақтағы барлық катиондармен әрекеттесіп, суға тез еритін жылжымалы тұздар құрайды да, топырақтан шайылып кетуі мүмкін.
Биологиялық сіңіру. Топырақта қоректік заттарды сіңіріп, ұстап, шайылудан сақтап қалуда бұл сіңіру түрінің рөлі өте зор. Биологиялык, сіңіруі ғылыми тұрғыдан негіздеген - академик В. Вильямс. Бұл сіңіру топырақтардағы өсімдіктердің тамырлары мен кішіжандылардың тіршілігіне байланысты. Олар топырақтың жылжымалы қоректік заттарын сіңіріп, өз денелерін құруға, ерімейтін, күрделі органикалық қосындылардың құралуына жұмсайды. Мысалы, азот тұздары биологиялық сіңіру арқасында өсімдік пен кішіжандылар денелеріндегі ақуыз құрамында бекіп қалады. Өсімдіктер азот тұздарын топырақтан алатын болса, бактериялар азотты ауадан тікелей ұстап, жұта алады. Оларды азот тұтушылар деп атайды. Өсімдіктер тек өздеріне керекті қоректік элементтерді таңдамалы сіңіреді. Өсімдік қорегіне өте қажетті элементтерге С, Н, О, N. К, S, Са, Мg, Fе, т.б. жатады. Өсімдіктер массасы құрағанда денелеріндегі қоректік заттар ыдырап (минералданып), топыраққа қайтып оралады.