Дәріс 14. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне жаңаша көзқарас (ғұн, сақ дәуірі әдеби мұралары)
Практикалық сабақ 14.
14.1Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне деген көзқарастың өзгеруі
Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері - қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды.
Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. "Ежелгі дәуір және орта ғасырлардағы әдебиет" ұжымдық монографиясында қазақ әдебиетінің көне заманнан ХІ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі көне дәуір, ал ХІІ ғасырдан бастап, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырға дейінгі кезең орта ғасыр кезеңі деп аталады. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек.
Біздің заманымызға дейін сақталып жеткен көне түркі әдебиетінің жазба ескерткіштерін көрнекті түркітанушы ғалым Х.Көроғлы шартты түрде екі топқа бөліп көрсетеді: руна жазуымен бедерленген тарихи-эпикалық туындылар және көне соғды жазуына барып тірелетін ұйғыр жазуы пайдаланылған этикалық-дидактикалық шығармалар. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін көне түркі әдебиетіндегі ұйғыр жазуы біртіндеп ығыстырылып, араб жазуы кеңінен қолданысқа енді.
Руна жазуындағы тарихи-эпикалық түркі жазба ескерткіштерінің ең көне үлгілері түркі халықтары тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлері, ержүрек қолбасшы Күлтегін туралы Кіші және Үлкен жазулар, Шығыс түркі қағанатының атақты қағандарының бірі Білге қаған туралы және оның кеңесшісі әрі әскер басы Тоныкөкті мадақтауға арналған жазулар Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған.
Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштерінде түркі қағанаты құрыла бастаған кезден VІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Шығыс түркі қағанатының құрылуы мен нығаюы, түркі халқының Қытай билеушілер құлдығынан құтылуы, қаһарман қолбасшы Күлтегін мен басқа қағандардың, қағанның дана кеңесшісі әрі әскербасы Тоныкөктің сыртқы жауға қарсы әскери жорықтары баяндалады. Халық қошеметіне бөленген батырлар мен қағандарды дәріптеу, олардың ерлік істерін қаһармандықтың үлкен өлшемі ретінде мадақтау - Орхон ескерткіштеріне тән басты белгілер. Жазулардағы мәтіндер ел билеушілері мен халықты ата-бабаның арман-мұратына адал болуға, мемлекет басқарған қағандармен ауыз бірлікте болуға, елдікке, адамгершілікке шақырады, түркі мемлекетінің беріктігі мен біртұтастығын өзекті идея етеді. Орхон жазба әдеби ескерткіштері көне заманда Орталық және Орта Азия мен Оңтүстік Сібірді қамтыған ұланғайыр аумақта түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ кең тараған әдеби тілі мен дамыған жазба әдебиеті болғандығын толық дәлелдейді. Көрнекті түркітанушы-ғалым И.В.Стеблева сөзімен айтсақ: "Күлтегін мен Тоныкөк жазуларын жанрлық жағынан тарихи-батырлық поэмаларға жатқызуға болады ғой деп ойлаймыз. Жазуларға патетиканың, замандастар мен ұрпақтарына үндеудің мол болуы оларға ұтымды күш пен нанымдылық беріп тұрады ". Ғалымның Орхон жазуларын әдеби көркем туынды ретінде қарау жөніндегі бұл пікірін құптау керек. Себебі, Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштеріндегі теңеу, эпитет, гипербола сияқты көркемдік бейнелеу құралдары мен мақал-мәтелдер бұл жазулардың көркем шығарма екендігін айғақтай түседі. Екінші жағынан алғанда бұл жазуларда өмір шындығын тарихи оқиғалар негізінде баяндаумен қатар әсірелеп суреттеп, тарихи-көркем шығармаға ыңғайлы етіп жазу анық байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |