Өкілдері: Асан қайғы, Қазтуған Сүйінішұлы, Сыпыра жырау, Шалкиіз жырау, Доспамбет жырау, Бұқар жырау, Жиембет жырау, т.б. Дәріс 11-12 Қазақтың ХХ ғасыр басындағы әдебиеті Қазақ халқының Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік әдебиеті
Практикалық сабақ 11-12. 11.1 1900-1920 жылдардағы әдебиет, ерекшелігі 12.1Қазақ халқының Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік әдебиеті 12.2Тарихи дәуірлеудің ұлттық мұраларымызды зерттеу мен дамытуды тежеудегі қызметі ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихи жағдай ХХ ғасыр басы - қазақ халқы үшін жер бетінен жойылу мен тарих аренасында қалу дегендей алмағайып халды алға тартқан күрделі, қысқа тарихи кезең. Бұл тұста шаруашылық пен экономиканың біраз өсуі, теміржол мен сауданың өрбуі, ұлғаюы, ағарту ісінің алға басуы, баспасөздің, баспаның көріне бастауы қоғамдық өмірді едәуір жандандырды. Бұл жағдайлар халықтың рухани өміріне де елеулі әсер етті. Жаңа кезеңдерде әдеби кітаптардың ондап басылып шығуы, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Көбеев, Дөнентаев, Сералин, Ғалимов шығармаларының кітап болып басып бетін көруі, баспасөзде көркем әңгіме, өлеңдердің үнемі жарияланып отыруы т.б. ең алдымен туған әдебиетіміздің оқушысын көбейтті, оның көркемдік талап-талғамын өсірді, тәрбиеледі, оқырманның жеке бір кітап, не шығарма туралы пікірі баспасөзде кең тарап, қоғамдық, эстетикалық ой-пікірлердің қалыптасуына жағдай жасады. Сөйтіп әдебиеттің оқушыны, оқушының әдебиетке тигізген әсері өзара байланыса отырып, нақты нәтижелерін бере бастады. ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті өзіне дейінгі әдебиеттің озық дәстүрлерін, идеяларын жалғастырып, одан әрі дамытты, жаңа кезең талап-тілектерімен байланыстырды. Оқу ағарту тақырыбы, жұртшылықты өнер-білімге, озық мәдениетке жеткізу идеясы өткенде белгілі ағартушылар творчествосынан ғана орын алса, енді бүкіл әдебиеттің жетекші идеясына, бетке ұстар бағытына айналды. Бұл тақырыпта қалам тартпаған бірде-бір ақын болған жоқ. Торайғыров оқудағы мақсат "медреседе жату" емес, "жылтыратып сары түйме, шен тағу" да емес, "миллет көзін ашу" деп ашық жар салды. Ақын кейіпкерін "Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуда" мақсат етуі де тек өнер-білімге, оның халыққа тигізер пайдасына байланысты. Өнер-білім тақырыбы прозада да көріне бастады. Бірақ бастапқы әңгімелер тақырыпты бірден меңгеріп кете алмады. Әңгімелерде оқыған, оқымаған адамды салыстыру, ғылым мен надандықты айтыстыру секілді қара дүрсін тәсілдер орын алды. Әйтсе де іздену босқа кетпей, алғашқы ұзақ әңгіме, повестер оқу-ағарту тақырыбына орай туды. ТЖомартбаевтың "Қыз көрелік" әңгімесінде (автор роман деп атаған) шығарма кейіпкері - Ғайныкамал медреседе оқып, білім алғанының арқасында теңін өзі іздейді, өз тағдырын өзі шешеді, қалың мал құрбаны болып кетпес үшін автор қазақ қызына осы жолды, оқу жолын ұсынады.
Дәуірдің ұлт-азаттық қозғалысы қазақ әдебиетіне бостандық идеясы мен ұранын әкелді. Әдебиетте бұл ең алдымен надандық пен қараңғылықтан бүкіл халық болып құтылу, азаттық алу идеясы арқылы көрінсе, екінші жағынан, жеке адамның бас бостандығы үшін күресінен көрінеді. Жеке адам үшін күрес қоғамның бұл кезге дейінгі бас еркі жоқ мүшесі болып келген қазақ қызының тағдыры төңірегінде өріс алады. Бұл заңды құбылыс еді. Сондықтан да қазақ қызы төңкеріс алдындағы әдебиеттің негізгі геройы болды, осы әдебиетке тән бостандық, азаттық, адамгершілік идеялары соның өмірі мен арманы арқылы көрініп жатты. Оның тағдыры бар ақынды тебірентті, бірақ демократияшыл ақындар ғана оған дұрыс жауап беріп, шешім тапты. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар әдебиетіміздегі қазақ әйелінің бейнесін жан-жақты жасаумен бірге, оларды білімге, өнерге үндеді. С.Торайғыров қазақ қызының теңсіздікте отырғанын суреттеп, оларды өз теңдігі үшін күреске шақырып, С.Дөнентаев қалың малдың құлы болған әкенің мейірімсіздігін өлтіре сынайды. Ә.Ғалимов қазақ қызын қызыл гүлге теңеп, оны өз теңіне қосу мәселесін көтереді. Қазақ қызының бостандығы туралы проблема әдебиеттте қоғамдық өмір теңсіздігін ашудың көркем кілті, құралы қызметін атқарды. Осы іздену жолында ірі туындылар пайда бола бастады. М.Сералиннің "Гүлхашима" поэмасы - әйел теңсіздігіне арналған тұңғыш поэма. Мұнда автор сүйгеніне қосыла алмаған Баймағамбеттің өмірі арқылы махаббат теңдігі мәселесін шешуді өмірдің күн тәртібіне үзілді-кесілді қойды. Бұл тақырыптың әдебиетте жетекші идея болғаны соншалық - дәуір шындығын едәуір тереңдей суреттеген күрделі реалистік туындылар "Қамар сұлуда" өмірге екі түрлі көзқараспен қарайтын әке мен бала, ұрпақтың күресі заман рухына сай суреттеледі, жастар жеңіліс тапса да, моральдық жеңіс солардың қолында қалады. "Қалың малда" қазақ қызының бас бостандығы күнбе-күн өсіп келе жатқан таптық қақтығыс, тартыс, күрес фонында бейнеленеді. Төңкеріс жақындаған сайын әдебиеттің өмірмен байланысы оның түбегейлі проблемаларын көтеру дәрежесі арта түсті. Қоғамды бейнелеу тәртібін сынау (С.Дөнентаев "Бозторғай","Заман кімдікі" т.б.), болыстыққа таласуды, әділетсіздікті әшкерелеу өлең, әңгіме, повестерге сыншылдық бағыт берді. С.Торайғыровтың "Кім жазықты" романы революция қарсаңындағы қазақ ауылының әлеуметтік қайшылықтарын бірсыдырғы терең көрсеткен туынды. Мұнда автор феодалдық қоғамның үш буынын бейнелеу арқылы олардың тап ретінде азғындап, құрып бара жатқанын, оның орнына өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын адамдардың келгенін бейнеледі. Ш.Құдайбердиев,А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Тәңірбергенов, С.Көбеев, Ә.Найманбаев, М.Қалтаев шығармаларында осы дәуір әдебиетінің алдындағы өнер-білім, талап, еңбек тақырыптары жырланды. Әдебиетте С.Торайғыров, С.Көбеев, М.Сералин, М.Дөнентаев сияқты үлкен ақын жазушылардың еңбек етуі, оны тек жанр жағынан емес, стиль, көркемдік ізденулер тарапынан да түрлендіріп байыта түсті. Абай поэзиясында орныға бастаған реализм дәуірдің азаттық қозғалысымен ұштасып, жаңа сипатқа ие болды. Осы кезеңнің ірі ақындарының бірі С.Торайғыров жаңа заманның жақындап келе жатқанын жан-жүрегімен сезініп, оған жетуге асықты. Алдыда "әлі-ақ атар жарық таң" бар деп дабыл қақты. Болашақ жаңа әдебиеттің жас өкілі С.Сейфуллин сол таңды қарсы алуға "Асығып тез аттандық" деп жырлады. Сөйтіп, өмірдің өзі сияқты әдебиетте де жалғасу, жаңару процесі дамылсыз жүріп жатты, халықтың өмірі мен арманын бейнелеген көркемдік тәжірибесі заманнан заманға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халықпен бірге ұдайы есею, даму жолдарынан өтіп, кеңестік дәуір әдебиетіне ұласып жатты.