Дәріс Кіріспе дәріс Бірнеше ғасырлар ширегінде отарлық иеліктер тек қана өз метрополияларының экономикасының сұраныстарын қанағаттандырып келді


ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы Үндiстандағы ұлт-азаттық қозғалыс



бет8/8
Дата28.02.2023
өлшемі98,21 Kb.
#70430
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Азия африка

ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы Үндiстандағы ұлт-азаттық қозғалыс. Үндістанда ұлттық сана сезімнің қалыптасу жолындағы алғашқы қадамы, ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы реформаторлық қозғалыстар болды. Реформаторлық қозғалыстар үнділер мен мұсылмандарда әртүрлі формада қалыптасты. Үндістерде жаңа идеялар дәстүрлі діни-этикалық ілімдердің реформациясынан көрінді. Солтүстік Үндістан мен Бенгалияның мұсылман халықтарында реформация ағартушылық бағытта жүрді.
Үнді мұсылман халықтарының реформаторлық қозғалыстары, көптеген әдеби және ағартушылық қоғамдардың құрылуынан көрінді. Бұл жерде көрнекті мұсылман ағартушыларының қатарына Англияда оқып, білім алған Саид Ахмед Хан (1817-1898), Саид Әмір Әли (1849-1928), Мұхаммед Икбал (1873-1938) жатқызылады. Мұсылмандардың ағартушылық ұйымдары өз қатарынан сауатты өкілдер даярлап, мемлекеттiк қызметке орналастырып отырды.
1885 жылы алғашқы жалпыүндiлiк саяси партия – Үндi Ұлттық Конгресi құрылды. Оның орталығы Калькутта қаласы болды. Ұлттық Конгрестiң iшкi құрылысы – либералдық және радикалдық екi топтан құралды. Либералдық қанатты iрi буржуазия, зиялы қауымның ең жоғарғы тобы мен iрi жер иеленушiлер құрады, ал радикалдық қанатта — ұсақ буржуазия өкілдері, қала кызметкерлерінің орташа топтары мен шаруалардың ауқатты бөлігі болды.
Конгрестің талабымен ағылшындар кейбiр жеңілдiктер жасауға мәжбүр болып шықты. ХIХ ғасырдың 80-інші жылдарында қалалар мен ауылдық жерлерде өзін-өзі басқару құқығы енгiзiлдi. Сайлауға қалада ауқатты адамдар, ал ауылда жериеленушілер қатыса алды. Бірақ конгрестің бұл табыстары, оның барлық мүшелерін қанағаттандырмады. Конгрестің радикалды сол қанаты революциялық позицияда болды. Радикалдардың лидері Бал Гангадхар Тилак (1856-1920) еді.
Тилак кедейленіп қалған брахмандар әулетінде туылған. Университет бітірген көрнекті ғалым-тарихшы, филолог болды. Өзінің көзқарастарын ол, жеке қарамағындағы «Кесари» (Арыстан) деген газетт басылымдарындағы публицистикалық мақалаларында білдіріп отырды. Тарихшы және журналист ретінде Бал Тилак колониалдық тәртіпке табанды қарсылық көрсетуді талап етті, ағылшындармен аяусыз және ымырасыз күреске шақырды. Бірақ конгрестің мүшесі ретінде біріккен іс-қимылдарды қолдады, себебі бұл ұйымның екіге бөлінуін қаламаған. Дегенмен конгреспен Бал Тилак арасында үзіліс болмай қоймады. 1890 жылы, ол өзінің азаттық үшін күрес бағдарламасын жасады. Мұндағы Тилактың негізгі саяси талабы, Үндістанның толық тәуелсіздігі еді.
Сонымен, ХІХ ғасырдың соңында либералдар мен радикалдар арасында екі көкейтесті мәселелер бойынша, көзқарастық қайшылықтар анық айқындалды. Либералдардың ойынша Конгрестің басты саяси мақсаты, Үндістанның Британдық империя шеңберінде өзін өзі басқару, ал радикалдар толық тәуелсіздік үшін күреске шақырды. Олардың көзқарастары күресу тәсілдері бойынша да әртүрлі еді. Либералдар бірқалыпты бейбіт реформалар қажет десе, радикалдар саяси күресте бүкіл халықтың үлесі болу керек деп тұжырымдады.
Сол қанаттағылар (радикалдар) «свараджа» (өз билігіміз) және «свадеши» (өз тауарларымыз) ұрандарын жалау етті. Оның мәнісі жас үнді өнеркәсібін бәсекелестiктен сақтап қалудың бiрден-бiр жолы – ағылшын тауарларына бойкот жариялап, тек қана ұлттық тауарларды пайдалануға шақыру. Ағылшын өкіметі бұған қарсы жазалау әрекеттерiн қолданып, оның ұйымдастырушыларын қамауға да алып отырды. Тилак та осы әрекетi үшін түрмеге қамалды.
ХХ ғасырдың басындағы Үндiстан. ХХ ғасырдың басында вице-король лорд Керзонның Бенгалияны бөлу жөнінде шешімінен кейін, Үндістандағы саяси жағдай шиеленісе түсті. Бенгалияның шығыс бөлігінде мұсылмандар тұрса, батысында үндістер өмір сүрді.
Ағылшындардың Бенгалияны екiге бөлудегі мақсаты жөнінде зерттеушілермен әртүрлі пікірлер айтылуда. Сол пікірлердің соңғыларының бірі – ағылшындар үндiлер мен мұсылмандарды бiр-бiрiне қарсы қойып, олардың арасында дiни алауыздық тудырды, сөйтіп бенгалиялықтарды ұлт-азаттық қозғалысқа жібермеуді ойлады. Мұны түсiнген Үндiстан халқы ағылшын отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс бастады.
Бенгалияны бөлу жөнінде хабар үнділік, әсіресе бенгалиялық жұртшылық тарапынан қуатты қарсылықпен қабылданды. Петициялар, меморандумдар жарияланды, шерулер ұйымдастырылды. 1905 жылдың 16-ыншы қазаны Бенгалияда ұлттың қазалы күні деп жарияланды. Калькутта көшелерінде Үнді тарихында бірінші рет, жаппай ірі шеру жүрді. Қаланың күделікті өмірі тоқтап қалды. Бенгалия бөлінісі ұлттың қаралы күні ретінде, Үндістанның қаза болуы ретінде қабылданды.
1905-1908 жылдар Үндістандағы ұлттық қозғалыстың шарықтау шегі болды. Қозғалыс свадеши және сварадж ұранымен жүрді. Свадеши – өзінің тар шеңберінде ұлттық өнеркәсіп және ұлттық өндіріс дегенді білдірсе, кең түсінігінде ұлттық экономика, ұлттық мәдениет, ұлттық дін, ұлттық білім деген үндеумен жүрді. Сварадж – тәуелсіздік үшін күресті білдірді. Көтеріліс ауқымы кең болды, әсіресе Бомбей, кейін Пенджаб қалаларында ірі толқулар орын алды. Ақыр аяғы ол бүкіл елді қамтыды.
1906 жылы Бенгалияның ислам орталығы Даккада Мұсылмандар лигасы құрылды. Өзінің сипаты мен құрылымы жағынан бұл ұйым Ұлттық Конгреске ұқсады. Халықтың ұлт-азаттық күрес жолында Мұсылман лигасы Конгреспен біріге отырып көп жұмыстар атқарды.
Ағылшын өкіметі қозғалыс басшыларын қудалап, көтерілісті күшпен басуға шаралар жасады. Тіпті австралиялық жаяу әскерді көмекке шақырды. 1908 жылы ұлт-азаттық қозғалыс басылды. 1911 жылы Бенгалияны бөлу туралы заң күшін жойды. Үңдістанның астанасы Калькуттадан Дели қаласына көшірілді.
Ұлт-азаттық қозғалыс үндістердің санасында өзінің терең ізін қалдырды. Бұл британдық отаршыл империяға қарсы жасалған алғашқы қатты соққы болды және Үндiстанның тәуелсiздiк жолындағы күресiнің бастамасы еді.

Өзіндік бақылау сұрақтары:


1. ХІХ ғасырдың басында Үнді тоқыма өнері неліктен тоқырауға ұшырады?
2. Сипайлар деп кімдерді атайды? Сипайлар көтерілісінің себептерін түсіндіріңіз.
3. Сипайлар көтерілісінің (1857-1859) жеңілу себептері қандай?
4. ХIХ ғасырдың екiншi жартысында ағылшындар Үндістан экономикасының қандай салаларын қаржыландыра бастады?
5. «Свараджа» және «свадеши» ұрандарының мәнін түсіндіріңіз.
6. Үнді Ұлттық Конгресі қашан құрылды және оның ішкі құрылымы қандай топтардан тұрды?
7. Бенгалия неліктен екіге бөлінді және бұл бөліністің салдары Үндістан халқын неге әкелді?

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет