Бірнеше ғасырлар ширегінде отарлық иеліктер тек қана өз метрополияларының экономикасының сұраныстарын қанағаттандырып келді. Оларда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдері метрополиялардың нарықтарында өтімді тауар болды. Тропикалық жемістер, шай, кофе, қант және басқа да азық-түліктерді тұтыну көлемі жағынан Еуропаның отарлық елдері әлемдегі алдыңғы орындарды иемденді. Ал өз кезегінде отарлар метрополиялардан әкелінген өндірістік тауарларды тұтынатын өтім нарқына айналды. Отарлық алпауыт мемлекеттер қарқынды түрде өз иеліктерінің табиғи минералдық шикізат көздерін игеруге кірісе бастады. Бұндай процесс сол заманғы технологиялар мен банктік және өндірістік капиталдың отарлық иеліктерге орныға бастауына алып келді. Отарлық иеліктерде табиғи-минералдық шикізат пен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар құрыла бастады. Аталмыш салаларды қаржыландыру метрополиялардың сыртқы экономикалық қызметінің басты бағыттарының біріне айналды. Мемлекеттік және жеке капиталдың ағымын әртүрлі деңгейдегі банкілер реттей бастады. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру барысында метрополиялар өз отарлық иеліктерін басқарудың жаңа жүйелерін жетілдіре түсті. Отарлық территориялар мен жергілікті халықтардың құқықтық жағдайларын шектейтін қатаң заңдар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы отарлық иеліктерді метрополияға экономикалық және саяси-мәдени жағынан мықтап матастыруына алып келді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең тарихта әлемдік отарлық жүйе негізінің әлсіреуімен сипатталады. Еуропалық алпауыт мемлекеттердің отарлық иеліктерінде ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа кезеңі басталды.Ұлттық сананың оянуына себеп болған факторлар ретінде соғыс жылдарындағы отарлардың метрополиялар үшін экономикалық, саяси және әскери маңызының артуын атап өтуге болады. Мысалы, Германиядан жеңіліс тапқан Франция қарсыласуын өзінің Солтүстік Африкадағы отарларына ойыстырды. Ал Англия Таяу Шығыс, Орта Шығыс және Африкадағы өзіне тиесілі отарлар мен доминиондарын Германия мен оның одақтастарына қарсы күреске жұмылдыра білді. Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңімпаздар ретінде шыққан Англия мен Франция үшін отарлар сарқылмас экономикалық күш-қуат көзі болуымен қатар әскери-саяси маңызы бар территориялар болды. Соғыс кезінде метрополиялар тарапынан отарларға ерекше мән берілу өз кезегінде бұл территорияларда ұлттық сананың қалыптасып дамуына үлкен әсерін тигізді. Атап айтқанда, отарлардан әскер құрамына адамдар алынып қоймай, әскери тапсырысты орындайтын кәсіпорындарға қажетті орта білімі бар мамандарды жергілікті жерде дайындау тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Бұндай шараларды жүзеге асыру ғасырлар бойы отарларды қатаң басқарып келген әдістерді біршама жұмсартуға өз себін тигізді. Яғни, отар халықтар бірқатар әлеуметтік және экономикалық құқықтарға ие болды. Бұл құқықтар шектеулі болғанымен, саяси құқықтар мен бостандыққа алып келетін қиындығы мен тауқыметі көп сара жолда жасалған алғашқы қадам болды. Тәуелсіздік пен бостандық жолындағы үздіксіз қозғалыстың нәтижесінде отар халықтардың арасында тәуелсіздік пен еркіндікке жетуді мақсат тұтқан саяси күштерге айналуға қабілеті бар белгілі бір деңгейдегі ұйымдар пайда бола бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жаңа әлемдік тәртіп Англия және Франция сияқты мемлекеттердің пайдасына шешіле қойған жоқ. Олар Орталық, Шығыс және Оңтүстік Шығыс Еуропадағы өз ықпалын жоғалтты. Коммунизм қатері олардың шекараларына тікелей жақындады. Бұндай күрделі жағдай Еуропаның алпауыт отар мемлекеттерінен өздерінің Еуропа мен әлемдегі ықпалы мен беделін сақтау үшін орасан зор саяси қайрат пен ерік-жігерді талап етті. КСРО-ның екінші дүниежүзілік соғыстан кейін беделі мен ықпалының күн санап артуы Азия мен Африканың езілген халықтарына үлкен дем берді. Ұлт-азаттық қозғалыстың танымал көшбасшылары мен идеологтары КСРО-ның саяси жетекшілігі тарапынан ашықтан-ашық қолдауға ие болды. Ұлт-азаттық күрес жолына түскен елдерге КСРО бастаған социалистік лагерь елдері экономикалық, техникалық және қаржылай көмек көрсетуге дайындықтарын білдірді. Бұндай шаралар еуропалық алпауыт отарлық мемлекетерге өздерінің отарлық иеліктерін жоғалту қаупін төндірді. Еуропалық мемлекеттерге екі бағытта бірдей шешімі күрделі мәселелерді реттеуге тура келді. Біріншіден, еуропалық істердегі өздерінің беделін сақтай отырып, жаңа әлемдік тәртіптегі жетекшілік рөлін нығайту болса, екіншіден, отарлық иеліктерін коммунизмнің ықпалынан оқшаулай отырып сақтап қалу міндеті болатын.
Бірінші міндетті шешуде еуропалық интеграцияға үлкен мән берілді. Еуропалық біртектілік идеясының негізінде Германия, Франция, Италия және Бенилюкс елдерінің интеграциялық процеске қарқынды тартылуы, соғыстан кейінгі Еуропада біртұтас экономикалық-шаруашылық аймақтың құрылуына ықпалын тигізді. Бұл ең алдымен Германия мен Франция арасындағы өзара территориялық және экономикалық келіспеушілікті жойды. Интеграциялық процесс барысында пайда болған институттардың эволюциялық дамуы, экономикалық істермен қатар саяси мәселелермен айналысуына қажетті алғышарттарды қалыптастырып берді. Бұл институттар біртіндеп экономикалық, әлеуметтік функциялар мен қатар саяси функцияларды да жинақтай бастады.
Соңғы жарты ғасырдан астам уақыттан бері ұдайы, қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық процестер халықаралық деңгейде әскери-саяси және әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени ынтымақтастық салаларды қамту арқылы тамырын тереңдетіп қана қоймай, өзінің аясына тұтастай аймақтар мен жекелеген жаңа мемлекеттерді тарту арқылы географиялық жағынан ауқымын кеңейтіп келеді. Біртұтас әлемдік экономикалық-шаруашылық жүйені қалыптастыруды ұран етіп көтерген әлемнің жоғары дамыған елдерінің бастамасы қазіргі таңда қарқын алып келе жатқан жаһандану процесінің қайтымсыз заңдылықтарына бағынатындығын көрсетіп отыр. Жаһандану процесінің түпкілікті мақсаты мемлекеттер мен аймақтар арасындағы өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық даму алшақтығын жою идеясы болып табылғанымен аталмыш процестің қазіргі таңдағы ұмтылыстары барысында пайда болған қиындықтар мен таласты мәселелердің орын алуы шешімін күтіп отырған көптеген проблемалардың бар екендігінің дәлелі болып табылады.
Тәуелсіздіктерін жеңіп алған Азия және Африка елдері өздерінің саяси және экономикалық бостандықтарына қолдарын жеткізгенімен егемендіктерінің алғашқы жылдарында үлкен саяси және экономиалық тоқырауға ұшырау қаупі алдында тұрды. Тамыры бірнеше ғасырларға кеткен экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың нашарлауы Азия және Африка елдері мен Еуропаның отарлық мемлекеттері үшін нағыз сын болды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің экономикасында жаппай құлдырау байқалды. Бұл құбылыстың ары қарай жалғаса беруі үлкен гуманитарлық апаттарға ұрыну қаупін тудырды. Азия мен Африканың тәуелсіз мемлекеттері өздерінің саяси құрылысы мен экономикалық даму моделін таңдау алдында тұрды. Бірақ бұл мемлекеттердің басым бөлігі өздерінің болашақтағы тағдырын бұрынғы метрополиялармен байланыстыруды жөн көрді.
Еуропаның отаршыл мемлекеттері үшін өздерінің иеліктерінен айрылу бірқатар әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға алып келді. Дегенмен, еуропалық мемлекеттердің қажырлы дипломатиялық іс-әрекеттері тараптар арасындағы мүдделер тоғысын анықтап, екі жаққа да тиімді жаңа деңгей мен сападағы ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастыруға себеп болды.
Азия және Африка елдері осы күнге дейін олардың көпшілігінің ДСҰ-ға мүше-мемлекеттер екендігіне қарамастан, ДСҰ-мен (негізінен Еуропалық Одақпен) осы ұйым ауқымындағы ынтымақтастықтың мәселелері жөнінде тиянақты әрі табанды келіссөздерді жалғастырып келеді. Мұндағы басты себеп, Азия мен Африка елдерінің бірқатары ДСҰ шеңберінде пайда болған және пайда болуы мүмкін болатын ықтималды тосын жағдайлардың алдын алып, болдырмау ниетінде жатыр.
Отарлар үшін күрес бірінші дүнижүзілік соғыстың шығуындағы басты себептердің бірі болса, отарлық жүйенің ыдырауы және деколонизация үрдісінің басталуы еуропалық мемлекетердің екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұжымдық дипломатиясының белсенді қызмет танытқан нысанына айналды.