дәріс Көркем сөйлеу – сөз мәдениетінің ажырамас бөлшегі
Тіл мен мәдениет қоғамның ажырамас бөлігі. Бұл жайлы В. Гумбольт еңбектерінен басталған тіл біліміндегі тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасы мәселесінің тұжырымдарын төмендегідей анықтауға болады:
Материалдық және рухани мәдениет тілде көрінеді;
Кез-келген мәдениет пен оның ұлттық сипаты тілде көрінеді;
Ұлттық рухтың көрінуі оның мәдениетінде;
Тіл адам мен оны қоршаған әлемді жалғастырушы аралық [28,18].
Мәдениеттің тілдегі көрінісін анықтауда тілдің әдебилігі басты назарға алынады. Ал әдеби тіл қоғамға екі түрде қызмет етеді: жазбаша және ауызша. Сөйлеудің ауызша және жазбаша түрлері бір-бірімен байланысты болғанымен, екеуінің құрылымы әртүрлі.
Ауызша сөйлеу ауаға таралатын дыбыс толқындары болса, ал жазбаша тіл әртүрлі суреттеулермен қағазға түсірілетін таңбалар болып есептеледі. Сондықтан да ауызша сөйлеудегі сөздің мағынасы тікелей есту арқылы,ал жазбаша сөйлеу көзбен көріп қана қабылданады. Жазбаша тіл алдын ала ойластырылған және түзетілген болуы мүмкін.
Ауызша дискурс сөйлеудің жазбаша түрінен адресат мінездемесімен де ерекшеленеді. Жазбаша сөйлеу шартты түрдегі адамдарға арналып жазылғандықтан ақпарат беруші өзінің оқырманын көрмейді, тек оны ойша елестетеді. Ал ауызша тіл, керісінше, адресаттың оқырман емес, тыңдаушы болуын талап етеді. Бұл ретте сөйлеуші мен тыңдаушы бірін-бірі естіп қана қоймайды, өзара көріп отырады және тыңдаушының ақпартты қабылдауына байланысты ауызша сөйлеуге өзіндік әсері болады.
Ауызша сөйлеуде дауыс пен интонация (дауыс ырғағы) индивид қабылдайтын және беретін хабардың 38 %-ын қамтиды. Өз ойымызды жеткізу үшін біз көптеген белгілермен қатар ымды да қосамыз. Иықтан қағу, қас-қабақты өзгерту, ымдау, даусымызды жоғарылату, төмендету немесе дауыс ырғағын өзгерту арқылы біз айтылған ойдың жетуіне көп ықпал етеміз. Әр жағдайға байланысты жәй немесе тез сөйлей аламыз [15,39]. Сөйлеу арқылы сөйлеушінің көңіл-күйі, тіл байлығы, ұлттық-мәдени ерекшелігі, кеңістіктегі орны да көрінеді.
Қазақ тіл білімінде ауызекі сөйлеу ауызша сөйлеу стилінің бір түрі ретінде қарастырылады. Р. Сыздық ауызекі сөйлеу тіліне мынадай анықтама береді: «Ауызекі сөйлеу тілі – екі не одан да көп адамның ауызба-ауыз (жүзбе-жүз, құлақпа-құлақ) отырып сөйлесулері, сөйлеулері. Мұны тұрмыстық тіл (бытовая речь) деуге де болады. Адамдар жүзбе-жүз тілдескенде дыбыстап (ауызекі) сөйлейді, сөйлеседі, ал тілдің бұл көрінісі жазба әдеби машығынан да, оның ауызша қолданысынан да бөлек. Оның лексикалық құрамында да, морфологиялық, әсіресе синтаксистік жүйесінде де әдеби тілдің жазба түрінен де, ауызша түрінен де бөлек ерекше қолданыстар көрініс табады дей келе, «ауызша сөздің өзі екі түрлі болады: бірі –адамдардың күнделікті тұрмыста бетпе-бет («ауызба-ауыз») сөйлесу актісінде жүзеге асатыны, екіншісі – топ алдында сөйлейтіндері (алқасөз)»деп екіге бөледі [29,18-19].
Тілдің дамып, өзгеріп отыруына ауызша дискурстың әсері күшті. Оның басты себебі: үнемі қолданыста (динамикада) болатындығында. Демек ауызша тіл сыртқы ортаның қажеттілігіне барынша жауап беріп, өз мүмкіндіктерін ылғи да жүзеге асырады.
З. Ерназарова «ауызша сөзді (сөйлеу тілі) дайындықсыздық, тездік белгілеріне қарай шартты түрде ауызекі сөйлеу тілі және көсем сөз бен ғылыми сөз деп бөлген дұрыс» дейді [13,8].
Әдеби нормаға сай келу, келмеуіне байланысты ауызша сөйлеудің әдеби норманы ұстанған, яғни тілдік норманы сақтап сөйлеу түрі және ауызекі немесе қарапайым, еркін сөйлеу дағдысы бар түрлері бар.
Ғалымдар тілдік норманың үш деңгейін саралап көрсетеді. Олар:
1-деңгейдегі норма – қатаң норма – міндетті түрде сақталуы керек, өзгертілмейтін, басқа нұсқаның қолданылуына жол бермейтін норма. Мысалы: ауызша тілде шегара деп айтылғанымен, жазбаша нұсқада тек шекара деп қолданылады.
2-деңгейдегі норма – босаң норма – екі нұсқаның қатар қолданылуына шек қоймайтын, еркіндікке ыңғайлы норма. Мысалы: марқұм сөзінің мархұм, рақмет сөзінің рахмет нұсқасы тілде қатар қолданыла береді.
3-деңгейдегі норма – өзгермелі норма – ауызекі тілдегі, көнерген формалардың қолданылуына шек қоймайтын, еркіндікке ыңғайлы норма. Біздіңше, алдыңғы екеуі нормалану деңгейі деп қарастырылғанмен, соңғы деңгей норманың талабына жауап бере алмайды. Өйткені норманың басты сипаты – оның тұрақтылығы, ал үшінші деңгейде ол талап мүлде ескерілмейтіндіктен және тілді қарабайырландырып жіберетіндіктен, оны норманың деңгейі деп қарастыру сыйымсыз [30,38].
Ауызша сөйлеудің осы екі түріне де «дайындалғандық» және «дайындалмағандық» тән. «Дайындалмаған» сөйлеу күнделікті тұрмыста табанасты, тосыннан болған «ауызекі сөйлесу немесе әңгімелесу», ал «дайындалғанның» алдын ала құрылымы ұйымдастырылып жүйеленген (әдеби нормаланған), белгілі бір аудиторияға арналғаны аңғарылып тұрады. Сонымен қатар, ауызекі сөйлеу еркіндікке және бейресми сипатқа құрылады.
Топ алдында сөйленетін сөздер әлеуметтік мүддені көздеп, біршама ресми сипатқа ие болады, сондай-ақ, белгіленген адресаттарға арналады. Олар: дәріс тыңдаушы студенттер, оқушылар, теле-радио ақпараттарының көрермені мен тыңдарманы, үгіт-насихатшылардың таңдап алған топ мүшелері немесе салтанатты жиындар не торқалы той, топырақты өлімге жиылған халық болуы да мүмкін.
Р. Сыздық бүгінгі ауызша тілдің қай-қайсысы да үлкенді-кішілі алқатоп алдында айтылатын сөздерде орын алатынын айта келе, қазіргі қазақ, орыс т.б. тіл білімдеріндегі ауызша тілдің мазмұнына, көздейтін мақсаттарына (уәждері), екі (көп) жақты қатысушыларына қарай бөлінісін көрсетеді:
әлеуметтік-саяси мазмұнды сөздер;
академиялық, яғни білім-ғылым мазмұнды сөздер;
заң-сот істеріне қатысты мазмұндағы сөздер;
әлеуметтік тұрмысқа қатысты мазмұндағы сөздер;
діни қызметте айтылатын сөздер (уағыздар, түсіндірулер, баталар т.б.).
Автор осы аталған бөліністің ішінде қазақ мәдениетінің күнделікті көрінісінде ең көп қолданылатыны әлеуметтік-тұрмыстық алқасөздер десе, мұның өзін екіге бөледі:
Үлкенді-кішілі мерейтойларда, көпшілік жиналған қабір басында, дүние салған адамның қырқы, жылы сияқты рәсімдерде айтылатын аза сөздер мен көңіл айту, еске алу сияқты сөздер;
Белгілі бір әлеуметтік маңызы бар оқиғаларға қатысты жайылған үлкен дастархан басында айтылатын сөздер жатады [29,194-195].
Мысалы:
Ал енді құрметті жаңа құда-құдағилар, ескі құда-құдағилар, тойға жиылған қауым, Әсел мен Саматтың достары, жолдастары, қош келіпсіздер! Бүгін Әсел мен Самат екеуі үйдің ішінен үй тігіп отыр, босағалары берік, шаңырақтары биік болсын! Үбірлі-шүбірлі болсын!
Бүгін Әспет: «Қыз мұраты – кету, арманына жету» - деп қызын ұзатып жатыр. Құтты болсын! Барлығымыз да осы отаудың шаттана жүріп шаңырағын көтеруге, келісе жүріп керегесін керуге, ұйымдаса жүріп уығын қадауға келіп отырмыз ғой. Шаңырақтары биік, босағалары берік, керегелері кең, терезелері тең Отанымыздың бір үлгілі отбасы болсын! Бар жақсылықты тілеймін! ...Мынау тойға шашуымыз...
Мысалға алынып отырған ұзату тойдағы тілектен ауызша әдеби сөйлеу үлгісі көрінеді. Яғни алдын ала дайындалған, жаңағы, осы, йә, жалпы, яғни немесе и, вот, как, уже, даже, обшем сияқты паразит сөздер қосылмаған және белгілі бір дәрежеде көркемдік тәсілдер арқылы берілетін эстетикалық әсері бар.
Ауызша сөйлеудің қызметін қазақ тілінің функционалдық стильдерінің бәрінде кездеседі деуге болады. Сондықтан көптеген зерттеушілер ауызша сөйлеуді мынадай құрылымдық топтарға бөліп қарастырады:
ғылыми ауызша сөйлеу;
публицистикалық ауызша сөйлеу;
ресми-іскери қатынастағы ауызша сөйлеудің түрлері,
әдеби сөйлеу;
күнделікті сөйлеу.
Әдеби тілдің ауызша-жазбаша болып бөлінетіні секілді ауызша дамыған әдеби сөйлеудің бір түрі алқасөз де ауызша және жазбаша болып бөлінеді. «Ауызша айтылатын алқасөзде автоматизм мен еркіндік басым болса, оқылатын (жазбаша) сөзде әдеби тілдің дағдылы нормалары: стандарттық, стереотиптік (тұрақты клишелер, фразеологиялық шаблондар) сияқты белгілер басым болып келеді».[ 29,194-195].
Осыған дейінгі зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, қазақтың ауызша әдеби тілінің біршама нормаға жақындауына соңғы 70-80 жылдың ішінде оқу-ағарту ісіндегі іргелі қадамдар, БАҚ түрлерінің қызметі азды-көпті ықпал жасады деуге болады. Осы ретте, алқасөз бен тұрмыстық тіл бір-бірімен тығыз байланысты және үнемі бір-біріне әсер етіп отыратыны аңғарылады.
Кейбір ауызша әдеби тілі кемелденген елдерде тұрмыстық сөйлеудің өзі әдеби сипатқа ауысқан. Бұл қазақ қоғамында әлі де байқала бермейді. Алқатоп алдында сөйлеп машықтанған адамның ауызекі сөйлеуі де әдеби нормаға жақындайды.
Дегенмен қазіргі кезде қазақтың алқатоп алдында сөйлеушілері мен зиялыларының да ауызекі сөйлеу тілінен әдеби сипат жиі көріне бермейді (бұл арада жазушы, журналист, әлеуметтік топтардағы кейбір лауазымды адамдарды айтпағанда). Өйткені қыстырма-паразит сөздер мен диалектілік көріністер, тілде баламасы бар сөздер мен сөз тіркестерінің орысша атауы (интертерминдерді есептемегенде) ауызекі сөйлеуде көп кездесіп жатады.
Әдеби тілде сөйлеу тілдік тұлғаның тілдік құзыреттілігінің бастысы. Тілдік тұлғалардың бәрі бірдей деңгейде әдеби тілде сөйлей бермейді. Осыған байланысты ғалым Н. Уәли тілдік тұлғаларды төртке бөледі:
Әдеби тілді шығармашылық деңгейде танитын тип. Бұлар элитарлық тілдік тұлғалар;
Әдеби тілдің ауызша, жазбаша сақтай білетін, ара-тұра кодификацияланбаған нормадан қате жіберетін, сөйлеу тілі мен кітаби тіл элементтерін кей тұста айқын аңғара алмайтын мәдени-тілдік орташа тип. Сан жағынан басымы да осы орташа әдеби тип.
Негізінен әдеби сөйлеу тілін қолданатын, арасында қарапайым сөйлеу тіліне тән элементтерді қосып сөйлейтін тілдік-мәдени тип. Сан жағынан, шамамен, орташа типтен кейінгі орында;
Қарапайым сөйлеу тілімен сөйлейтін, бейәдеби элементтер мен диалектизмдерді қолдана беретін коммуниканттар [31, 95].
Ендігі жерде қазақтың ауызша дамыған әдеби тілдің ауызекі сөйлеу тілінде орнығуына алқатоп алдында сөйлейтін тұлғалар себеп болуы мүмкін.
Қазақ тілінің сөздік құрамы соншалықты бай бола тұра, бүгінде қазақтың тұрмыстық сөйлеуінде интертерминдер мен орысша қыстырма-паразиттер жиі қолданылады. Мысалы, жастар тіліндегі сөз қолданыста жиі естілетін сөз - «тема» . Бұл сөз жастар арасында көңілден шыққан жақсы затты сипаттау мақсатында қолданылып жүр. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |