5 – дәріс. Абай қарасөздеріндегі танымдық мәні Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Абайдың қара сөздері мен нақылдары- ақын творчествосының елеулі саласы, өлеңдерімен мазмұндас, идеялас, бірін-бірі толықтыра түсетін маңызды шығармалары. Сонымен бірге, әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза, публицистика. Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы.
Абай қарасөзге бет бұруы ойламаған жерден ойға алған кездейсоқ емес, керекті, заңды бетбұрыс еді. Таланттың өзін туғызатын тарихи әлеуметтік жағдай, халықтың қалың ортасының керегі болса, оның творчестволық ізденістеріне бастау да сол. Көңіліндегі көрікті ойдың өңін қашырмай халыққа жеткізу, өнеге қалдыру, ақыл айту, оны терең толғантты, қиялы қанағаттанып, шабыт биігіне көтерілді. «Ақыры ойладым,- дейді Абай,- осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішішен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын , «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі». Осы ойға кіріскен Абай , өзінің көтерген мәселесін ұзақ желіге құрып, оқиғасын көркем бейне арқылы ашуды мақсат қылмайды. Ол өзінің айтпақ болған ойларын, өлеңдерінде көтерген мәселелерін көлемі шағын, мазмұны бай, сөзі орамды, тілі өткір қарасөздер арқылы қысқа ғана әңгімелеп береді. Жанрлық іздену жолында ол шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғаклияларын есте ұстағаны даусыз.
Абайдың қарасөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек.Абайдың қарасөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар:
Өсиет ғақлияға Абайдың адамгершілік мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «ОТыз сегізінші» сөздері деуге болады.
Тастих (утверждение) немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз» «Он жетінші сөз », «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».
Нақыл тұспал сөз. Қарасөздердің ішінде „Отыз жетінші сөзде” афоризмдері көп.
Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Мысалы: „Төртінші”, „Бесінші”, „Сегізінші”, „Тоғызыншы”, „Онынышы”, „Он екінші”, „Он алтыншы”, „Он тоғызыншы”, „Жиырма бесінші”, „Жиырма жетінші”, „Отыз бірінші”, „Отыз екінші”, „Қырқыншы” сөздері.
Публицистикалары: «Бірінші», «Екініші», «Үшінші», « Он төртінші», « Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», « Жиырма тоғызыншы», « Отыз үшінші», « Отыз тоғызыншы», « Қырық бірінші», « Қырық екінші» сөздер және «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.
Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, діншілдік тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, « Алтыншы», «Он бірінші», « Он төртінші», « Жиырма екінші», « Жиырма тоғызыншы», « Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын-сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын әдебиетке әкелді. Қысқасы, бұл сөздер арқылы Абай өз заманының ірі бұқарашыл публицисі болды. Ол қазақ жазба әдебиетінде публицистикалық прозаны бастады. Қазақ публицистиканың басы болды. Абай публицистикасы өз кезінің келелі мәселелерін көтереді. Феодалдық қоғамның кертартпа салт-санасына қарсы сын айтты. Өнер-білімге үндеді. Көрші орыс елінің мәдениетін үлгі етті. Абайдың прозасы- қиял прозасы емес, өмір прозасы. Ол-обьективтік шындықтың шешендік қорытындысы, ғылымға негізделген терең ой тебіреністер, адам мінезін бейнелейтін әсерлі әңгіме, деректі эссе, көркем публицистика, насихатшыл дидактика.
Абайдың қарасөздері тек жанры- прозалығы жағынан ғана маңызды шығарма емес, сонымен бірге, ол өзінің тілі, стилі жағынан да аса маңызды еңбектер. Абайдың қарасөздерінің қалың көпшілікке тән стильдік ерекшеліктерінің бірі-лаконизм (белгілі ойды қысқа, анық , нақты етіп айтып беретін қасиет).
Абайдың қарасөздеріндегі екінші бір стильдік ерекшелік, ол – нақыл сөзділік (афористичность). Тағы бір өзгешілігі, оның үгіт-өсиетшілдік мазмұнына лайық публицистикалық дидактизм. Абай шығармаларының негізгі стильдік өзгешеліктері- оның идеялық-мазмұнынан өрістейтін жаңалықтар.
№ 6 – дәріс. «Масғұт» поэманың тақырыбы, идеялық - көркемдік маңызы, поэмадағы шығыстық сарындар, ақынның шығармасына арқау еткен адамгершілік идеясы, поэманың тәрбиелік мәні;«Әзім әңгімесі» дастаны. «Әзім әңгімесі» поэмасының «Мың бір түн» хикаяларымен үндестігі Ақын творчествосынан елеулі орын алатын шығармаларының бір саласы- оның поэмалары. Олар: „Ескендір”, „Масғұт және Әзім әңгімесі”. Бұл- ақынның лирикадан- оқиғалы, көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын маңызды еңбектер. Абай өзінің поэмаларында да жоғарыда көрсетілгендей әлеуметтік, адамгершілік идеяларын көтерді. Мысалы, өзінің „Ескендір” поэмасында Александр Македонскийдің озбырлыған, соғысқұмарлығын, дүниеқорлығын әшкерлейді.
Абайдың „Масғұт” поэмасы да- жаңа идеяға негізделген шығарма. Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді. Абайдың аяқталмай қалған „Әзімнің әңгімесінің” сюжеті бізге араб ертегісінен „Мың бір түн” қаhарманы Шахризада хикаяларының бірінен мәлім Хасан зергердің әңгімесіне ұқсайды. Ақын хикаяны түгел баяндамайды. Тек алданған жас зергердің оқиға тарихын беретін жайлары ғана алынады. Сондықтан Абай ертегінің сюжетін ғана қайта жырлап бермейді. Мұнда да ақын өзінің адамгершілік идеясынан туған пікірлерін уағыздау мақсатын көздейді. Пушкиннің орыс әдебиетінде романтикалық мектептің негізін қалағаны сияқты Абай да өз айналасына тілектес ақындар топтады. Шәкәрім (1858-1931), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Әсет Найманбай ұлы (1864-1923) сияқты ақындарды тәрбиелеп шығарды.Бұл жас ақындар Абай бастаған романтикалық поэма жанрын ілгері дамытты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар туғызды.
№ 7– дәріс. Абайдың Пушкиннен аударған өлеңдері . Ақын аудармасында көркем бейнелі ойдың ұлттық танымға сай аударылуы; Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдері. Абайдың батыс классиктерінен аударған аудармалары. Дж. Байрон «Көңілім менің қараңғы», А. Мицкевич «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі», И. В. Гете - М. Ю. Лермонтов «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдері Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы (мысал өлеңдер) да, ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған)
Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзірбайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Сарыарқада жатқан Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс.
Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, орыстың ол кездегі алдыңғы қатардағы идеясымен танысып, оларға Сарыарқадан үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшалық Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларының Абайға ұнауы, олармен өзінің мұңдас болуы, осы елдердің ұлы ақындарының идея-тілектерінен туды. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары ол кездегі қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство иелері екендігін Абай жақсы ұғынды.
Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер.
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» («Кинжал»), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін адам аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары мәдениетті, үлкен идеяны қолдаушы басқа елдердің ұлы ақындары мен қазақ жұртшылығы араларындағы дәнекер болды.
№