8 – дәріс. Алаштану ғылымының қалыптасуы. Зерттелуі Алаштану – қазақ әдебиеттану ғылымындағы соны сала. Күні кеше Алаш Орда жайлы ауыз да аша алмайтынсың. «Қазақтың тұңғыш дәрігерлері» (1986) атты жұп-жұқа шағын кітапшада екі алашордашы: Ресейдің императорлық Әскери-медицина академиясын алтын медальмен бітірген, Ресей Ғылым академиясы Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі дәрігер Халел Досмұхамедов пен Троицкінің даңқты емшісі Әбубәкір Алдияровтың есімдері аталғаны үшін ғана басылымды шығарған баспагерлерге ұлтшылдық айыбы тағылып, істеп жүрген қызметтерінен айырды. Өстіп қатаң жазаланатынын біле тұра, қайсыбір әдебиетші ғалымдар, мысалы, филология ғылымдарының докторы, сыншы, жазушы Мырзабек Дүйсенов «Ұлы Октябрь шуағы» атты кітабында (1988) сауысқандай сақ цензураны айналып өтіп, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов есімдерін атайтыны сияқты жекелеген фактілер де ұшырасып қалатын. Кей-кейде Алаш Орда ақын, жазушыларының, ғылым қайраткерлерінің есімдері аталмағанымен, шығармаларынан там-тұм сөз, үзінділер жария етілетін. Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне жазылған «Сен сұлу» әні көп жылдар бойы радиодан, сахнадан шырқалып жүрді. Ал, оқулықтарымыздағы теңеу, ауыстыру (метафора), алмастыру (метонимия), шендестіру, көсем сөз, әуезе, әліптеме, байымдама секілді терминдерді Алаш Орда көсемі Ахмет Байтұрсынов ойлап тапқанын қалың жұртшылық кейін ғана білдік.
Қазақ әдебиеті теориясының сарқылмас қайнар бұлағы – «Әдебиет танытқыш», Алаш Орда арыстарының басқа да еңбектері тек өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта белінде, бетбұрыс дәуірінде, тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою кезеңінде ел игілігіне қайтарылды. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш қозғалысы арыстарының өмірі мен шығармашылығы туралы әлемдік әдебиеттану контексінде жазылған ондаған кітап, монографиялар жариялады. Сөйтіп, қазақ әдебиеттану ғылымының қабырғалы тармағы – Алаштану қайта өркендеді. Алаш ғалымдарының әдеби зерттеулері, теориялық ұстанымдары кезінде халқымыздың ел азаттығы жолындағы жанқиярлық күресінің арқауы болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақ халқын қараңғылықтан құтқару ісін, ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруды яки рухани жаңғыруымызды ана тілін оқытудан бастауымыз керек, туған тіліміз қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық құндылық, ұлттық тұтастығымыздың кепілі деп есептеген. Мағжан ақын «Қазақ тілі» өлеңінде әдемі де дәл бейнелегеніндей, ана тілі – ұлттық береке-бірлігіміздің «Алтын Күні»:Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа. Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім.