9 – дәріс. Елдік рухтың қайнары- Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы- тәуелсіздік үшін күрестің бастауы. Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы - тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені ол Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл козғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы - қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылык пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол түста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұл тартпас мысалы - тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды Қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты - ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі - тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы жене осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп көрсеткен болатын.
Алаш қозғалысына, одан туындаған Алаш партиясына, Алашорда үкіметіне баға бергенде біз мына мәселеге де көңіл аударуымыз керек сияқты. Патшалық Ресейдің үш генерал-губернаторлығына, қазақтың үш жүзіне бөлініп өмір сүріп жатқан алып даланың оқыған азаматтары ұлт тарихында тұңғыш рет тізе қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, туған жұртының азаттығы үшін саяси жолда бас біріктірді. Батысы Бөкей Ордасынан шығысы Жайсаңға дейінгі, солтүстігі Омбыдан оңтүстігі Ташкентке дейінгі аралықтағы ұлтын ерекше сүйетін, оған шын жаны ашитын қазақтар Алаш ұранының астынан табылды. Мұндай саяси-қоғамдық мәндегі ұлы істе ұйысу, ілгерідегі ғасырларды қоспағанда, тіпті берідегі Шоқан мен Абай заманында да болған емес. Яғни, Алаш қозғалысы дәуірі - қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, етене араласу дәуірі болды. Бұл - ерекше бағаға ие боларлық айрықша жагдай. Оған Қазақстанның төрт түкпірінің барлығын қамтыған облыстық, уездік, болыстық қазақ сиездері, Алаш бағытын қолдаған ірілі-ұсақты басқосулар, жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен бөлімдері куә.
Бұл біріктіру, тұтастыру үдерісі қиындықпен жүрді. Алаш қозғалысы тарих сахнасына шыққанда 1867-1868 жылдардағы жаңа низамнан кейін бүкіл қазақ даласында отаршылдардың бөліп алып биіку саясатының әбден күш алған кезеңі еді. Оған жергілікті аймақтардағы орыс шенеуніктері мен әскерилерінің бір қазақты ру-руға бөліп, болыстыққа таластыруы, ең шұрайлы жерлерге келімсектерді орналастыруы сияқты ұлттың ұйысуына кедергі келтірер отаршылдардың жоспарланған саяси-әлеуметтік шараларын қосыңыз. Міне, осы отарлық саясат, бір жағынан, Алаш козғалысының өзін соған қарсылық ретінде дүниеге әкелсе, екінші жағынан, оның кеңінен өрістеуіне де үлкен бөгесін болып келді. Бұл Алаш қозғалысының басында түрған азаматтардан жан-жақты білімді, ерен ерікті, мұқалмас қайратты талап етті. Алаш кайраткерлері осы үлкен сынды абыроймен орындай алды. Өз заманының мүмкіндіктері ауқымында олар ұлттық мұратты ту етіп, қазақ даласын Алаш рухына бөледі. Кешегі Кенесары заманында басылған кеуде мен еңсені көтерді. Отаршылдардың арбауындағы ұйқылы елді оятты. Сөйтіп елді бірлікке шақырды, халықты еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны еді.
№