Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): Стилистиканың ғылым және пән ретінде қалыптасу, даму тарихы.
Стилистиканың анықтамасы.
Дәрістің мазмұны: Стилистика – стиль туралы ғылым. Стиль деген сөздің ұғымы өте кең. Ал тілге қатысты стильді тіл білімінің салалары – фонетика, лексика, грамматика қарастыратын тіл заңдылықтарымен, оларды қолданысқа түсіру принциптерімен байланыста түсінеміз. Себебі тілдік заңдылықтарды дұрыс, ережеге сай етіп жұмсай білу бар да, белгілі бір көңілдегі көрікті ойды көркем етіп жеткізу мақсатында сөйлеушінің, не жазушының әдейі қолданатын тіл ерекшеліктері бар. Тіл заңдылығын толық танып білмеуден, тілге ұқыпсыз қараудан туған тіл ерекшеліктері стильдік қателерге жатады. Стилистика тілдің әр түрлі көріктеу құралдарын, тілдегі әрлі де сезімге қаныққан бейнелі сөздерді, сөз тіркестерін табуды, сөйлемдерді белгілі бір мақсатқа сай етіп жатық құруды үйретеді. Стилистиканы тіл өнері туралы ғылым деп те атауға болады. Ӛйткені тілдік талғамдықтың мағыналық дәлдіктің, тіл икемділігінің, тілді көріктеудің, бейнелеу құралдарын дұрыс жұмсай білу шеберлігінің тасасында адам ұғымы тұрады. Тіпті, әр адамның, суреткердің ана тілін – қазақ тілін игеру өресі әр басқа болуы былай тұрсын, оны қажетіне жарату қабілеті әр қилы, себебі логикалық ойлау халықтық болғанымен, әркімнің ойлау зердесі бірдей емес. Халық «көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса, құты қашады» деп бекер айтпаған. Тілдің ойды нақты жеткізудегі қиындығын айтқан. Стилистикада тіл мен әдебиет түйіседі, сондықтан лингвистикалық заңдылықтар мен әдебиеттану теориясын жіті білу өте қажет. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа олардың әр түрлі қосымша реңдері болады. Синтаксистік құрылыстың ойды айтып немесе жазып жеткізуде айрықша мәні бар. Әдетте сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі реңдері болады. Олар көбінесе сөздердің орын тәртібі және сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі. Сөздердің орын тәртібі жеке-жеке сөздердің мағыналарының өзгеруіне ғана әсерін тигізіп қоймайды, сонымен бірге бүкіл сөйлемге ықпал жасайды. Сөйлеуде сөз бен сөйлем құрылысының дұрыс және айқындығының үстіне, дыбыс үйлесімділігі болуы да шарт. Дыбыс үйлесімділігі, біріншіден, біркелкі дыбыстардың бір жерге жиналуынан сақтандырса, екіншіден, сөйлеудің мәнерлілігін арттырады. Сондықтан дыбыс үйлесімділігі оқуға және тыңдаушының қабылдауына үлкен жеңілдік туғызады. Бұл – фонетикалық тәсілдердің практикалық мәні.