Дәріс 8 Қалыптастырушы және жиынтық бағалау Қалыптастырушы бағалауоқу процесінің ажырамас бөлігі болыптабылады, оқу процесі барсында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіледі. Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім мен оқушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушылардың қателесуге және оны түзетуге мүмкіндігі бар. Бұл білім алушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу процесін түзетуге мүмкіндік береді.
Тиімді оқу және оқыту мақсатында білім алушылардың оқу процесіндегі ілгерілеуін, ағымдағы түсінік деңгейін қадағалау қажет. Оқу бағдарламасындағы әр бөлімнің оқу мақсаттары, күтілетін нәтижелері қалыптастырушы бағалаудың тәжірибелік мазмұнын анықтайды.
Сонымен бірге қалыптастырушы бағалау процесі стандартталмайды, яғни әр мұғалім қалыптастырушы бағалауды өз тәжірибесі арқылы өзінше анықтай алады, оның нәтижесіне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алады. Мұғалімдердің қалыптастырушы бағалаудың әр түрлі әдістерін қолдануы оқыту мен бағалау процесін байланыстырып, кіріктіруге мүмкіндік береді.
Жиынтық бағалаумұғалімдерге, білім алушылар мен ата-аналарға ұсыну үшін балл, баға қою арқылы оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптар, белгілі бір оқу кезеңі (мысалы, оқу тоқсаны, триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда өткізіледі.
Бұл белгілі бір кезең бойынша оқушылардың оқу бағдарламасы мазмұнын меңгеру деңгейін анықтауға, тіркеуге, жоспарлау, түзету, оқу процесіне талдау жүргізу үшін жиынтық бағалау нәтижелері бойынша алынған ақпараттарды қолдануға мүмкіндік береді.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес құрастырылады.
Жиынтық бағалау құралдары ойлау дағдыларының әр түрлі деңгейін, соның ішінде талдау, жинақтау, бағалауды қамтитын жоғары ойлау дағдыларын тексеретін деңгейлі тапсырмалардан тұруы қажет.
Дәріс 9-10 Бөлім/ортақ тақырып және тоқсан бойынша бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу алгоритмдері. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау процедурасын қарастырайық. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі.
Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың міндеті – оқушылардың ағымдағы оқу жетістігін, аралық нәтижелерін белгілеу. Оның нәтижесі бойынша білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балл қойылады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын мұғалім оқу бағдарламасындағы өтілген материалдың күрделілік деңгейі мен мазмұнын есепке ала отырып құрастырады. Тапсырмалар оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу алгоритмі келесі кезеңдерден тұрады: 1) оқу бағдарламасын, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша оқу мақсаттарын талдау;
2) жиынтық бағалауда тексерілетін оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлерін анықтау, оларды ойлау дағдыларының деңгейлерімен сәйкестендіру;
3) ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес келетін тексерілетін критерийлердің, оқу мақсаттарының мазмұнын қамтитын бір немесе бірнеше тапсырма дайындау;
4) әр тапсырмаға дескрипторлар құрастыру және балл белгілеу;
5) білім алушыларға, олардың ата-аналарына жиынтық бағалау нәтижелерін ұсыну үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау рубрикасын құрастыру, бағалау критерийлеріне сәйкес деңгейлерлерді сипаттау.
Бөлім бойынша жиынтық бағалауға бөлінетін уақытты мұғалім берілген тапсырмалар мен оны орындауға кететін орташа уақытты есепке ала отырып жобалайды. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды сабақта 15-20 минут уақытқа есептеп жоспарлау ұсынылады.
Мұғалім бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелеріне талдау жасайды. Бұл оқушыларға пайдалы кері байланыс беруге, сыныптың оқу жетістігі деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалім қажеттігіне қарай алдағы сабақ жоспарларын, тапсырмалар мен қалыптастырушы бағалау тәсілдерін, жиынтық бағалау тапсырмаларын қайта қарастыруы мүмкін.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауда орындалған жұмыстардың нәтижелері оқушыларға түсінікті болып, одан әрі білім алуға ынталандыруы қажет. Кері байланыс білім алушылардың қол жеткізген оқу жетістігінің деңгейі туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Бұл оқушылар мен ата аналарға оқушының әр бағалау критерийі аясындағы оқу жетістігін сипаттайтын рубрика түрінде беріледі.
Енді бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын әзірлеу алгоритмінің дескрипторлар құрастыру, балл анықтау қадамына тоқталайық.
Тапсырманы орындаудың әрбір қадамын сипаттайтын дескрипторларды құрастыруға ерекше назар аударуды ұсынамыз.
Өздеріңіз білетіндей, тапсырманы орындаудың қадамдарын сипаттайтын дескрипторлар мұғалімге оқушылардың осы тапсырманы орындау барысында нені түсінбегенін анықтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім өзінің оқу жоспарын жетілдіріп, оқу процесіне түзету енгізуі мүмкін.
Дескрипторлар қалыптастырушы бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалау процесінде қолданылады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларында әрбір дескриптор 1 балмен бағаланады.
Дескрипторлар тапсырмамен қатар әзірленеді. Бұл тапсырманың, бағалаудың сенімділігі мен валидтілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әртүрлі тапсырманы тексеруші мұғалімдердің объективті және дұрыс бағалауына көмектеседі.
Дескриптор құрастырғанда нені ескеру керек?
Дескриптор оқушының қиындықтарын анықтауға және оған кері байланыс ұсынуға көмектесуі қажет.
Дескрипторларды тұжырымдау кезінде «біледі», «түсінеді», «жасайды» сияқты сөздерді қолданбаған жөн. Мұндай сөздер бағалауда қиындық туғызады және тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты әрекетті сипаттамайды.
Ашық тапсырмаларға дескриптор құрастыру таңдалған орындау тәсілдерін сипаттаудан басталады. Бұдан әрі аралық әрекеттер мен алынған жауап сипатталады.
Мұғалім өз тәжірибесіне және кәсіби пайымдауына сүйене отырып, тапсырмаларды орындау кезінде қандай аралық қадамдарды бағалауы керектігін анықтайды.
Тапсырмалардың дескрипторлары бағалау кезінде мұғалімнің шешімі объективті болуы үшін анық, нақты болуы қажет. Бұл бағалау нәтижелері бойынша оқушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс ұсынуға мүмкіндік береді.
Осы материалды бекіту үшін Сіздерге практика бөлімде берілген тапсырмаларды орындауды ұсынамыз.