Дәріс 1. Бағалаудың теориялық аспектілері. Білімді бақылаудың рейтингтік жүйесі Бүгін біз критериалды бағалаудың мазмұны мен құрылымы және қағидаттары туралы әңгімелейміз.
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың шынайы және сенімді жүйесі білім беру мазмұнының ажырамас бөлігі болып табылады.
Бағалау - оқытудың ағымдағы және қорытынды кезеңдеріндегі оқушылардың үлгерімі туралы ақпаратты жинау мен талдауды білдіретін білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі.
Оқушылардың жетістіктерін критериалды бағалау тәсілі көптеген шет елдерде кең таралған, өйткені бұл технология барынша шынайы, нақты және валидті болып табылады. Мұндай тәсіл, ең алдымен, процестің барлық қатысушыларына оқу материалын игеру деңгейін түсінуге мүмкіндік беретін кері байланысты жүзеге асыруға көмектеседі.
Тәжірибе критералды бағалаудың практикалық маңызы мен артықшылықтарын көрсетеді, өйткені мұнда:
- оқушының жеке тұлғасы емес, оның орындаған жұмысы бағаланады;
- оқушының жұмысы оларға алдын ала белгілі бағалау критерийлері бойынша бағаланады;
- оқушылардың нені оқығаны бағаланады, себебі бағалау критерийлері нақты оқу мақсаттарын сипаттайды;
- оқушылардың оқуға және өзін-өзі бағалауға және деген ынтасы артады.
Критерийлер арқылы бағалау оқушыларды оқу тапсырмаларын барынша сапалы орындауға ынталандырады, олардың білімін тереңдетіп, түсінігін кеңейтеді, оқушылардың ойлау қабілетінің деңгейін көтеріп, эмоциялық зиятын дамытады.
Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау оқу, оқыту және бағалаудың өзара тығыз байланысына негізделген. Ол оқу процесін ұйымдастыруға біртұтас көзқарасты қамтамасыз етеді.
Бұл теориялық негіздеуді және бағалаудың барлық элементтерінің - оқу мақсаттары, бағалау түрлері, құралдары және бағалау нәтижелері арасында өзара байланыс болуын қажет етеді.
Критериалды бағалаудың мақсаты бағалау критерийлері негізінде білім алушылардың оқу нәтижелері туралы объективті ақпарат алу және оны оқу процесін одан әрі жетілдіру үшін барлық мүдделі қатысушыларға ұсыну болып табылады.
Критериалды бағалау білім алушыларда өз қызметін бақылау және бағалау қабілетін қалыптастыруға, оқыту процесінде туындайтын қиындықтардың себептерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Бұл білім беру стандарттарында белгіленген кең ауқымды дағдылар мен функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі оқыту мен бағалаудың тұтастығына негізделе отырып:
білім алушылардың үлгерімін, ілгерілеуін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталады;
оқу бағдарламасына сәйкес дағдыларды дамытуды, білім алу дәлелдерін жинақтауды, оқу мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
пәннің оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес әр сынып бойынша бағалаудың түрлі формалары мен тәсілдерін қамтиды.
Келесі кезекте, критериалды бағалау жүйесінде қолданылатын теориялық негіздерге қысқаша тоқталайық.