Ордабасы съезі. 1726 жылдың күзінде Бадам өзені маңындағы биік қырқа – Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ съезі өткізілді. Съезге Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, султандар, Толе би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар шақырылды.
Съезде негізгі мәселе басқыншы жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру туралы мәселе болды. Съезге қатысушылар бірге болуға, өз кимылдарын үлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді.
Съезде талқыланған маңызды мәселенің бірі бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Осы съезде Әбілқайыр қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланды. А.И. Левшин бұл жөнінде былай деп жазған: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшысы болып сайланды, сөйтіп халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды». Осы жағдайды да ол былай деп аша түскен: «Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Тұтас халықтың жиналысында ілгері басудың, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланды» . Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының Сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Сөйтіп Ордабасындағы съезд халықтың жаунгерлік рухын көтерді.
Буланты маңындағы шайкас. Ұлытаудың таулар жүйесіне иелік ету соғыс барысында маңызды кезең болды. «Ақтабан шубырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1730 жылдардығы Отан соғысы) барысындағы аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау етегінде өтті. 1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Буланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қазақ әскерлерінің жонғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сарбаздары қалмақтарға есенгірете соққы берді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ даласына ілезде тарап кетті.
Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының женіске деген орасан зор ерік-жігерін көрсетті. Өз заманының аса көрнекті қолбасшылары жеке қол басқарған Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет,Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың жалпы басшылығы мен ынтымақты қимыл жасай отырып, жасақтарды ұрысқа бастады. Жасақтарды қаруландыру жөнінде Шақшақ Жәнібек зор ұйымдастырушылық жұмыс істеді. Дархан ұстаның басшылық етуімен Ұлытауда қара шеберлері еңбек етті.