Дәріс№8. Жануарлар дүниесі. Негізгі сұрақтары



Дата20.09.2023
өлшемі57,83 Kb.
#109167
Байланысты:
8 лек физ геог каз


Дәріс№8. Жануарлар дүниесі.


Негізгі сұрақтары:

  1. Жануарлар дүниесінің таралу ерекшеліктері

  2. ШҚО кездесетін негізгі жануарлар түрлері

  3. Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрлері

Жануарлар дүниесінің дамуы жағынан Қазақстан палеоарктикалық-зоогеографиялық облысқа кіреді. Ондағы жануарлар дүниесінің пайда болуы мен қалыптасуы өсімдік жамылғысының даму тарихымен ұқсас. Палеоген дәуірінде Қазақстанды тропиктік және субтропиктік жануарлар мекендеген. Олар Үндістан және Африка жануарларының түрлерімен ұқсас болған. Ал мұз басу дәуірінде жылы климатқа бейім жануарлардың кей түрлері қырылып, біразы жылы жаққа қоныс аударған. Олардың кейбір түрлері Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақта (Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Ұзынқара (Кетпен) жотасы) сақталып қалып, мұз басу дәуірінен кейін қайтадан дамып өскен. Қарақұйрық, жолбарыс, қабан, марал, бұғы, аққұтан, қызылқұтан сияқты жануарлар түрлері осы топқа жатады.


Мұз басу дәуірінде Қазақстанға материктің солтүстігінен суыққа төзімді жануарлар ауысқан. Олардың кейбір түрлері таулы аудандарда әлі де сақталған. Оларға тундра кекілігі, жапалақ, т.б. жатады. Мұз дәуірінен кейін Қазақстанға Орталық Азия жануарлары мен құстары өткен. Оларға құр, тоқылдақ, самыр- құс, ор қоян жатады. Кейін олар дала және шөл зоналарына ауысқан.
Қазақстан жерінде сүтқоректілердің 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар. Омыртқасыз жәндіктер шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар, т.б.) бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі-ақ 30 мыңнан асады.
Қазақстанның солтүстігіндегі орманды дала белдемінде бұлан, елік, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекілік, көл айдындарын су құстары – аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақмекендеген. Еділ өз. жағалауынан Алтай тауы бөктеріне дейінгі астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далалық белдемде суыр, дала алақоржыны, сүйірбас сұр тышқан, кәдімгі сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал құстан – дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны кездеседі. Көктемнен күзге дейін бұл жерлерде ақ бөкен үйірлері жайылады, олар қысқа қарай шөлді аймаққа ығысады.
Едәуір бөлігін Жайық өз-нің аңғарындағы орман алып жатқан далалық белдемнің батыс бөлігін бұлан, елік жайлаған, мұнда еур. қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседі. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекенділерден Жайық, т.б. өзендердің аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседі. Мұнда бұлдырық, сұр кекілік, тырна, бозторғай көп. Далалық белдемнің шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ қоян, сілеусін, елік, арқар мекендеген. Өсімдік жамылғысы әркелкі шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бірнеше түрі кездеседі. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40 – 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетін. Бұл белдемде құстан дуадақ, шіл, қылқұйрық, бозторғай, т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстірт пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетін үстірт арқары жұтаң өсімдіктермен қоректеніп, ащы суды қанағат етеді. Үстіртте ұзын инелі кірпі, қарақұйрық, шөл сілеусіні – қарақал кездеседі.
Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі – жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш к-нің солт. жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солт. Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана тіршілік ететін бес башайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шіл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседі. Оңт. Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмырбас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңт-ндегі кейбір жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетін, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңт-н қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, т.б. кездеседі.
Зайсан қазаншұңқырынан оңт-ке қарай созылып жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы] марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілеусін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Мензбир суыры жерсіндіріле бастады. Қазақстанның оңт.-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді.
Кең байтақ Қазақстан жерін мекендеген жабайы жануарлардың тәжірибелік маңызы бар: олардың кейбіреулері (ақ бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екінші біреулері – өсімдік пен жануар зиянкестері (саршұнақ, тышқан, т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемірушілер жазық және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрізді, кемірушілер туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансорғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер болып, малға бірқатар қан-паразиттік аурулар жұқтырады.
Жануарлар түрлерінің қазіргі сипаты бірқатар жағдайларға байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердің аса кең аумақта игерілуі, осыған орай жер суару, не керісінше, көптеген жайма су аңғарларын құрғатып, тех. дақылдар егу нәтижесінде жер бедерінің өзгеруі сияқты жағдайларды атап көрсету керек. Мұның нәтижесінде соңғы 150 – 200 жыл ішінде республика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан, тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлері жойылып кетті. Көптеген аса бағалы аң түрлерінің азайғандығы соншалық, тіпті оларға жойылу қаупі төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық, үстірт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы, қарақал жатады. Құстардың ішінде дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегіш қыран, бүркіт, балықшы, кезқұйрықты субүркіт саны тым азайып кетті. Олардың бәрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кітабының” 3-басылымына қорғауға алынған аңдардың 40 түрі, құстың 56 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, балықтың 16 түрі енгізілді. Қорықтарда көптеген сирек кездесетін жануар түрлері мемл. қорғауға алынды (қ. Ақсу-Жабағылы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы, Марқакөл қорығы, Үстірт қорығы). Республикамыздың қазіргі жануарлар дүниесі алуан түрлі, ал оның кең байтақ жерінде бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бір кезде құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрі, көне дәуірдегі теңіз жайылмасында тіршілік еткен бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндіктердің, мәселен, ұлулардың бірнеше жүздеген түрі табылды.
Орманды даланың сүтқоректілері қатарына қоян, ақкіс,елік кіреді. Қасқыр мен түлкі мұнда да жиі кездеседі. Құстардан құр, шіл кең тараған, қайыңды ормандарды бөктергі, ителгі сияқты жыртқыш кұстар мекендейді. Ашық алаңдарда қарғаның түрлері, былдырық бар. Орман ішіндежылан аз кездеседі, кесірткенің біраз түрлері ұшырасады.
Шөл даланың жануарлары ыстыққа, шөлге шыдамды болуға бейімделген. Олардың біразы күндіз терең қазылған інде жатып, түнде жемін аулауға шығады. Күндіз жүретін аңдар тым ерте және кешкі мезгілде ғана далада болады. Күндіз көлеңкеде, бұта түбінде жатады. Шөл хайуандары жүйрік келеді, алыс жерлерден су ішіп қайтады, құстары да қонбай, алысқа самғап ұша алады. Көбі шөлге шыдамды келеді. Олар (суыр, құм тышқандары, торғайдың кей тцрлері) ылғалы мол өсімдіктермен қоректенеді, соны қанағат тұтады. Көктемде, жаздың басында жерде ылғал бар кезде өмір сүріп, жазғы ыстықта ұйықтайтын да жануарлар бар. Сарышұнақ осылай тіршілік етеді. Олар маусым айынан бастап жазғы ұйқыға кетеді. Дала тасбақасы ұйқыны одан да ертерек бастайды.
Шөлдің де түрлері көп. Олар құмды, ұсақ тасты, тақырлы-сорлы болып келеді. Жануарлар да сол жерлердің табиғи ерекшеліктеріне қарай бейімделе дамыған. Құмды шөл далаларда әр түрлі бұталы өсімдіктердің, сексеуілдің, ақ гүлді қарағанның өсуіне байланысты, соларды қорек ететін хайуандар мекендейді. Ала жертесер, сарышұнақтың, құм тышқандарыныңкей түрлері, кірпі, құм қояны, кұстардан сексеуіл жорға торғайы кездеседі. Жылан, кесіртке сиякты жорғалаушылар шөлді далаларда көп. Құстар сексеуіл бұтақтарына ұя салады, олардың ішінде дала бүркіті, бөктергі, аққұйрық сауысқан бар.
Даланың аңдары бір зонадан бір зонаға ауысып, кейде сол жерлерді мекендеп қалады. Жайық өзені бойы мен Каспий маңы ойпатында Еуропадан ауысқан орман сусары, тоғай барысы, Үстіртте оңтүстік және батыс облыстарға тән үстірт қойы (үстірт муфлоны), сілеусін және т.б. жануар түрлері ұшырасады.
Қазақстанның таулы аймақтарының да өзіне тән жануарлары бар. Мұндай аймақтар қатарына Алтай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань және Сарыарқаның аласа таулары жатады. Оларды мекендейтін жануарлар типі де біркелкі емес. Негізінен, оларда солтүстіктен және оңтүстіктен, Жерорта теңізінен, Қытайдан ауып келген аңдар көбірек кездеседі. Таулы аудандардың жалпақ жапырақты, қылқан жапырақты ағаштарынан қорек алатын, грек жаңғағын шағатын, пісте, бадам жемістерін жейтін аңдар (тиін, орман тышқаны, саңырау құр, қарабауыр шіл, үкі, қаршыға, тоқылдақтың кей түрлері, т.б.) мол. Бұлардан басқа Алтайда қоңыр аю, тундра құры, may ұлары кездеседі. Жерорта теңізінен ауысып, Алтайға жетпей, Тянь-Шань, Тарбағатай (Барқытбел) шекарасынан өтпей қалған құстар қатарына гималай ұларын, байғызды атауға болады. Жетісу Алатауы, Күнгей Алатауы бойын бұғы, сілеусін, шиқылдақ торғай, шақылдақ тышқан, шымшық, Батыс Тянь-Шаньды ұзын құйрық тышқан, жайра, көк қарға, суықторғай, шыбыншы торғай, ақтамақ бұлбұл мекендейді. Бұлардан басқа Орталық Тянь-Шаньда алтай суыры, имектұмсық балықшы, қызыл мойын бұлбұл ұшырасады. Іле Алатауының төменгі шөлмен ұласып жатқан зонасынан бастап, суармалы егістігі бойында, одан жоғарғы альпі шалғынында, мәңгі қар жататын тау басында өсіп-өнген жануарлар түрінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Алма, өрік, долана, шетен және т.б. бұталы жемістер алқабында кеміргіштер мен кұстардың ірі түрлері қоныстанған. Шыршалы орманда бұғы, сілеусін, елік, альпі шалғынында таутеке, барыс, арқар кездеседі. Құстардың да әр түрі ұшырасады.Қазақстанның көлді аймақтарын, тоғайлы, бұталы жерлерін мекендейтін жануарлар түрі де әр алуан. Оларда құстар ұя салады. Тоғай ішінде бүркіт тұқымдас қарақұс, бөктергі, ұзын құлақты жапалақ, сұр шымшық кездеседі. Қырларда дала мысығы, Сырдария бойының тоғайларында шиебөрі, тоғай бұғысы жүреді. Өзенді алқаптар мен бұталы жерлерде қабан, елік, ақкіс мекендейді. Өзен-көлдер бойы құсқа бай, теңіздер мен су қоймаларында балық түрлері де мол. Аралда балықтың 40, Каспийде 50 түрі және итбалық мекендейді.
Қазақстан далаларында омыртқасыз жәндіктер де көп кездеседі. Олардың ішінде зияндылары да аз емес. Шегіртке егін мен шабындық шөптерді жейді. Қарақұрт, бүйі, шаян, жылан, кененің түрлері адам өміріне қауіп туғызады. Көбелек құрттары ағаштар мен жеміс-жидекті сорады. Ағашты, сулы жерлер мен қалаларда маса ұрық таратады.
Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғау, олардың адам өміріне, халық шаруашылығына келтіретін зиянына қарсы күресу - мемлекеттік шара болып табылады. Жануарлардың сирек және құрып кетуге таяу аз түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға омыртқалылардың 125 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі алынған. Олардың ішінде сүткоректілерден (қарақұйрық, арқар, қабылан, қар барысы, тянъ-шанъ қоңыр аюы, шағыл мысығы, күзен және т.б), кұстардан (қоқиқаз, бура және қызғылт бірқазан, қара және ақләйлек, тоқылдақ аққу, дала бүркіті, дуадақ, қырғауыл, ұлар және т.б.), жорғалаушылар, қосмекенділер мен балықтың бірнеше түрлері бар. Елімізде бұрын көп болған кұлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты аңдардың санын қалпына келтіру, сырттан әкелінген жануарларды жерсіндіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Өзен бойларында ондатр, Алтай тауларында қара күзен мен балғын, Каспий жағалауында ит тәріздес жанат өсіру қолға алынған.
Қызыл кітап- сирек кездесетін түрлердің санының қазіргі жай- күйін көрсететін құжат. Қазақстанның Қызыл кітабында сирек және жойылып бара жатқан түрлердің тізіміне енгізілген жабайы омыртқалылардың 87 түрінің және өсімдіктердік 303 түрінің қазіргі таралуы, санының жай- күйі, биологиясы туралы мәліметтер келтірілген.
Қызыл кітапқа ресми енгізілген өсімдіктердің 16 түрі Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында тіркелген. Алайда Алтай ботаника бағының ғылыми қызметкері б.ғ.к. Ю.А. Котуховтың жұмысының нәтижесінде сирек, осалдау және жойылып бара жатқан түр мәртебесіндегі тағы да 50 түр анықталды.
Адамдар мыңдаған жылдар бойы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін пайдаланып келді және де өзінің жан- жақты тіршілігінде жануарлар мен өсімдіктердің пайдалы қорын қолданып ғана қойған жоқ, сонымен бірге табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің өмір сүру жағдайларына әсер етті. Табиғатқа антропогенді ықпал етудің әсерінен жер бетінде өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылу процесі басталды.
Ғылыми- техникалық прогресс адамдардың қолына табиғат әлеміне әсер ететін күшті құралдар берді. Бұл құралдар қаншалықты пайдалы болса, соншалықты зиянды. Адамдар көбінесе кейде түсінбей, кейде салақтықтан табиғатты қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет болатынын ойламастан, оған қалай болса солай қарайды. Сыңсыған орманның орнындағы жанған түбірлер, су шайып өткен тау беткейлеріндегі жыртылған жерлер, ағаш ағызу кезінде ластанған өзендер. Осының бәрі сирек кездесетін көптеген бағалы аңдар мен өсімдіктердің құруына әкеп соғады.
Табиғатта пайда болған әрбір түр өзінші бірегей және ешқашан қайталанбайды, сондықтан да оның жойылуы- орны қайта толмайтын нәрсе. Және де бұл жоғалту қауымдастықтың бүтінділігі мен табиғаттағы жалпы тепе- теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты қорғау мәселесі дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлемде маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қаралады.


Өзін – өзі тексеру сұрақтары:

    1. Қазақстан жануарларының таралу заңдылығы

    2. Қазақстан жануарларының алуан түрлілігі

    3. Қазақстан жануарлар классификациясы

    4. Қызыл Кітапқа енген жануарлар түрлері және оларға сипаттама


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет