Дәрістер жинағЫ 1- дәріс. СӨйлеу тілінің БҰзылуын анықтау



бет2/35
Дата22.11.2023
өлшемі280,46 Kb.
#125124
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35
Байланысты:
ЛЕКЦИЯ ЖҮЙЕЛІК СӨЙЛЕУ ТІЛІ

6. Сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді анықтаудың тәсілдері
Сөйлеу тіліндегі ақаулықтарды дұрыс түсініп және тиімді ықпал жасау үшін оны жоюдың ең ұтымды және үнемді жолын таңдау керек. Сөйлеу тіліндегі мүкістіктің ішкі сырының ерекшелігін және оның ауқымдылығын анықтай білу қажет. Сөйлеу тіл жүйелерінің қайсы бөлігінің ақауланғанын талдай білу қажет. Сөйлеу тілнің мүкістерінің ерекшелігі мен оның күрделілігіне байланысты әрбір нақтылы жағдайға сәйкес тапсырмаларды пайдаланып тексеру ішінара жекеленген болу керек. Бірақ қандай жағдай болмасын кейбір негізгі талаптарды естен шығармау қажет.
Мүкістіктер сөйлеу тілінің фонематикалық, лексикалық және грамматикалық жақтарын да қамтитыны белгілі. Бұл сөйлеу тілінің фонематикалық барысын, сөздік қорын, грамматикалық құрылысын жан-жақты тексеру деген сөз. Сонымен бірге мектеп оқушыларының оқуы мен жазуын да тексеру қажет.
Сөйлеу тілінің мүкістерін талдауға жүйелі тәсілді қолданудың, сөйлеу тілінің қайсы бөлігінің бұзылғанын анықтап қана қоймай, сонымен бірге оның басқа бөлімдерімен де қандай байланысының бар екенін шамалауға мүмкіншілік беретін ерекшелігімен маңызды. Мысалы, сөйлеу тіліндегі дыбыстардың бұзылуы өз бетімен дербес болып келуі белгілі, бірақ ол көп жағдайларда сөйлеу тілінің фонетикалық жағын, ал кейде, тіпті фонетика-фонематикалық және лексика-грамматикалық жақтары сияқты жалпы дамуын да қамтитын бұзылудың күрделі нышанын білдіретін ақаулықтарға сай келуі мүмкін. Осының барлығы тексеру барысында ашылуы керек.
Бірақ, логопедиялық жұмысында бұл әрдайым ескеріле бермейді, осы уакытқа дейін ақаулыққа қолданылатын әрекеттер оның ең жиі көрінетін сыртқы белгісіне қарап белгіленеді, оның басқа бөлімдерімен байланысы ашылмайды, нәтижесінің қандай болатыны, қандай зардапқа әкеліп соғуы мүмкін екені ескерілмейді. Мысалы, сөйлеу тілі дыбыстарын естіп қабылдауының, ажыратуының жеткіліксіз дамуы жекелеген дыбыстардың айтылуындағы бұзылуына және баланың фонематикалык түсінігінің кешеуілдеп қалуына себепші болуы мумкін. Сондай-ақ ол сөйлеу тіліндегі дыбыстардың талдауының қалыптаспауына, демек оқуы мен жазуын менгеруіне де әсер етуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілгендей, сөйлеу тілі бұзылуының әрбір көрінісі бір мезгілде басқа да бұзылулардың шығуына себепші болуы мүмкін. Бұл жағдай сөйлеу тілі мүшелерінің қайсы бөлігінің бұзылғанын анықтағаннан кейін, соған қатысты басқа мүшелері қандай жағдайда екенін байқап көріп, тексерген кезде назарда болу қажет.
Сөйлеу тілі құрамын, дыбыстардың айтылуын, сөздік қорын, грамматикалық құрылысын, жазуы мен оқуын тексерген кезде қолданылатын тәсілдерге және нақтылы әдістерге тоқталамыз. Тәсілдің немесе әдістің қайсысын болмасын әйтеуір біреуін қолданғанымен сөйлеу тілі бұзылуының ерекшелігі туралы бірден қорытынды жасауға болмайды. Тек тексерудің нәтижесін салыстыру және талдау арқылы сөйлеу тілінің ақаулығы туралы анық айтуға болады.
Сөйлеу тілін тексермес бұрын ата-аналармен әңгіме өткізу қажет. Әңгімелесу барысында баланың қандай аурумен ауырғаны, жара-қаттанғандығы және сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына зиянын тигізетін тәрбие жағдайы анықталады (анамнез жинақтау). Ата-аналардың берген мәлімдемелері баланың сөйлеу тілі бұзы­луының көрінісін түсінуге жәрдемін тигізеді.
Сөйлеу тілі ақаулыктарының шығу себептерін дұрыс анықтау үшін, логопед баланың сөйлеу тілінің қалай дамығандығын көз алдына келтіру керек. Сондықтан, баланың тілі қай жасынан бастап шыққаны, бірінші сөзді қашан айтқаны және сөздің басын құрап сөйлеуді қашан бастағаны, одан ары қарай сөйлеу тілінің қалай дамығандығы, мектепке барардың алдында оның сөздік қорының және грамматикалық құрылысының шамасы қалай қалыптасқандығы туралы мәліметтерді ата-аналардан сұрай отырып жинау қажет.
Ата-аналармен әңгімелесу кезінде баламен күнделікті қатысып, араласып жүрген адамдардың тілдерінің дамуындағы деңгей шамалары туралы, олардың арасында сақаулары және бірнеше ұлтттың тілдерін араластырып сөйлейтіндерінің бар-жоктығын, сонымен бірге, баланың сөйлеу тілінің дұрыс дамып қалыптасуына ортаның қандай ықпал тигізгендігін анықтайды. Ең маңыздысы, бала өзінің сөйлеу тілінің ақаулығын түсіне ме және оған баланың көзқарасы қандай, яғни уайымдайма соны білу керек. Сонымен бірге ата-ананың логопедтен бұрын кеңес алғанын және қандай нәтиже бергенін анықтау керек. Егер бала бұған дейін балалар мекемелерінің қайсы біреуінде тәрбиеленген болса, онда ата-ананың берген мәліметтері педагогикалык мінездемемен толықтырылады.
Сөйлеу тілінің бұзылуы есту қабілетінің нашарлауына көп байланысты. Бұл екі келеңсіздіктің бірімен-бірі тығыз байланысты екеніне ата-аналар көңіл аудармайды, сондықтан да логопедтің алдына өтінішпен барған кезде баланың нашар еститінін көбінесе ескертпейді. Сондықтан сөйлеу тілін тексермес бұрын оның есту қабілетінің дұрыстығына көз жеткізіп алу керек. Егер баланың есту қабілеті жөнінде отоларингологтан анықтама болмаса, онда оны логопед өзі тексереді. Есту қабілетін сыбырлап сөйлегенді ұғынуын талдау арқылы тексереді. Жеке сөзді немесе қысқа сөйлемді бала­ның құлағының түбінен бастап бірде қатты, бірде ақырын, бірде сыбыр дауыспен кезек-кезек біртіндеп алыстатып айта отырып есту қабілетінің шамасын әр түрлі қашықтықтан тексереді.
Есту кабілеті дұрыс бала, логопедтің 6-7 м. жерден сыбырлап айтқан сөзі мен қысқа сөйлемін жақсы естиді және қайталайды. Бала логопедтің сөзін теріс қарап тұрып қайталайды. Баланың есту кабілетін жақыннан бастап, сосын ара қашықтығын біртіндеп алыстата отырып тексереді. Тексеру жүргізетін бөлменің бұндай сынаққа ыңғайы келмесе, онда логопед керекті қашыктыққа сәйкес келетіндей етіп теріс қарап тұрып сөйлеп тексереді.
Құлағының жеңіл мүкістігі бар бала бір қалыпты дауыспен сөйлеген сөзді 6-дан 8 метрге дейінгі, ал сыбырлаған сөзді 3 метрге дейінгі қашықтықтан естиді. Құлағының мүкістігі ауыр баланың есту қашықтығының алшақтығы қысқарады және соған лайық сыбырлаған сөзді анық естуі мен оны қайталауы қиындайды. 1 метрге жетпейтін қашықтықта сыбырлаған сөзді анық түсіне алмаса, онда есту мүкістігінің ауыр екендігін көрсетеді.
Тексеруге кірісерде логопед ең алдымен баланың сөйлеу тілінің толықтығы, анықтылығы, ырғақтығы, жатықтығын толығымен түсініп алуы керек.
Мектеп жасына дейінгі немесе мектеп жастағы балалардың сөйлеу тілінің жалпы жағдайынан түсінік алу үшін қарапайым жеңіл әңгімесу өткізіледі. Атың кім? Әкеңнің аты кім? Анаңның аты кім? Қайда тұрасың? Әпкең, қарындасың, сіңлің, інің, ағаң бар ма? Олар туралы айтып бер. Мектепте кіммен достасып жүрсің? Бұл жерге немен келдің? Тағы қандай көлікті білесің? Сен хайуанаттар паркінде болдың ба? Қандай аңдарды көрдің? Солардың ішінде саған көбірек ұнағаны қандай аң болды? және т.б.
Әңгімені тек қана сұрак-жауаппен шектеп жүргізуге болмайды. Балаға бейнелі сурет бойынша қысқа әңгімені ауызекі айтып беруді ұсынады. Берілетін тапсырманың түрі мынандай болуы ке­рек. «Мына бейнедегі суреттелген көріністерді айтып бер». Бала окиға желісін еркін әңгімелей алатындай етіп сюжетті суреттер баланың жас ерекшелігіне сай арнайы іріктеліп алынады.
Тексеру құралдарына сонымен бірге нақты бір оқиғаның желісіне құрылған жалғаскан бірнеше сюжетті сурет болуы керек. Әрбір сюжетті сурет оқиға желісінің үзіндісін көрсетеді. Ілеспелі сюжетті суреттер баланың алдына рет-ретімен жайып салынады немесе қалай болса солай ретсіз тасталынады. Бала оларды оқиға желісіне лайықтап реттейді де тізіп жаяды, сосын оларға қарап отырып өз сөзімен қиыстырып, бүтін бір әңгіме құрастырып айтып шығады. Жалғасқан бейнелі суреттерді окиға желісінен реттеп тізіп жаюына қарап, олардан салихалы әңгіме құрап, жатык тілмен айтып беруіне карап, баланың ақыл-ойының деңгейін шамалауға болады.
Сюжетті сурет бойынша әңгімелеумен бірге, ертегі немесе бала өзі күнделікті естіп жүрген қарапайымдылығымен ерекшеленетін жеңіл әңгімені айтқызу тәсілін қолдану қажет.
Сұраққа жауап беру, бейнелі сурет бойынша әңгімелеу, ойға токыған әңгімесін еркін сөйлеп беру кездерінде логопед баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуында ақаулықтың бар-жоқтығын және сөйлеу тілінің жалпы анықтылығын, оның шапшандығын, жатыктығын, естіген әңгімесін өз сөзімен қайталап айтып бере алатындығын, әңгімелеу кезінде сөйлемнің қандай түрлерін пайдаланатындығын, сөйлем құрастыруда, сөз тандауда оларды орнымен қалай дұрыс пайдаланатындығын, сөйлемнің грамматикалық құрылысьнда сараланбаушылықтың (аграмматизм) бар жоғын, сонымен қатар баланың ой-өрісінің дамуы туралы да, мағлұмат алынып, болжау жасалады.
Баламен алдын-ала әңгімелесу кезінде оның дыбыстарды айтуын қаншалықты меңгергенін және қандай ақаулықтардын бар екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді. Бірақ сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуындағы ақаулар ерекшеліктерін дәл анықтау үшін оларды арнайы және егжей-тегжейлі тексеру қажет.
Дыбыстардың айтылуын зерттемес бұрын баланың сөйлеу тілі мүшелерінің жағдайын тексеріп алу керек. Сөйлеу тілі мүшелерінің құрылысындағы немесе козғалту қызметіндегі болмашы ақаулықтардың өзі сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуын тежеуі мүмкін. Кейде бұл бұзылулар басқа жағдайларда онша білінбейді, олар негізінде сөйлеу мүшелерінің құрылысын және қимылдарын мұқият тексергенде анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет