Анамнез жинау Анамнез жинау барысында сөйлеу тілінің, моторикасының ерекшеліктері туралы деректер логопедке баланың жағдайын дұрыс бағалауға, сосын логопедиялық түзету жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Анамнезді мүмкіндік болса анасымен әңгімелесу барысында жинақтау тиімді, болмаса жақындарынан жиналады.
Ата-анасымен әңгімелесу барысында анықталатын:
1.Жүкті болу мен босануы:
-жүктілігі қалай өтті (токсикоздың байқалуы бірінші немесе екінші
кезеңінде ме, ананың жүкті кезінде ауырған туралы мағлұмат, зақымдалуы, операция, т.б.);
-босануы (уақытында, ерте, кеш, өзбетімен немесе дәрінің (стимуляция) көмегімен;
-бала туғаннан кейінгі кезең (бірден айқайлады ма, асфиксия болса қандай түрі: ақ-көк; зақымдалу болды ма; айқайдың сипаты-қатты, әлсіз, т.б.);
-омырауды бірден алды ма, әлде ______ сағаттан кейін;
-тамақтануы (омыраумен, жасанды).
2.Бір жасқа дейінгі кезең: -отбасының жағдайы;
-ұйқысы, тәбеті;
-немен ауырды (инфекциялық, соматикалық);
-моторлы дағдылары (басын қашан ұстады, отырды, жүрді).
3.Сөйлеу анемнезі: -уілдеу, былдырлау уақыты;
-уілдеуі мен былдырлаудың ерекшеліктері (белсенділігі, дыбыстардың сипаты, әртүрлігі, дауыс реакциясының сипаты);
-алғашқы сөздің пайда болған уақыты;
-алғашқы сөйлемнің, байланыстырып сөйлеу уақыты;
-фразалық сөйлемге көшкен кезеңдегі байқалған қиындықтар;
-сөйлеу тілінің бұзылыстары.
4.Баланың тәрбие жағдайы:
-әлеуметтік ортасы (қайда тәрбиеленді- үйде, балалар үйінде, әжесінде, т.б.);
-сөйлеу ортасы (сөйлеу тілі бұзылысы бар адамдармен қатынасы, билингвизм, қай тілде сөйлеуі басым);
-сөйлеу қатынасының ерекшелігі: сөйлеу қатынасы жеткіліксіз, сөйлеуде ынталандыруды керек ете ме, балалар әдебиетін оқу, ол жас ерекшелігіне сай келе ме, қай жастан өлең, тақпақ жаттай бастады, еске сақтауы қалай, қандай мөлшерде;
-отбасындағы психологиялық жағдай (тым қатаң немесе қорғаштау, қатынас бірқалыпты, сөйлеу режимі (шамадан тыс телевизор көру, кітап оқу, т.б.);
-отбасы мүшелерінің баланың ақаулығына көзқарасы.
Мектеп жасына дейінгі балаларға қажет қосымша деректер: -баланың тәртібінде жылауықтылық, ашуланшақтық, эмоциялық тұрақсыздық байқала ма?
-қорқақтық, шошымал, үрейлену белгілері;
-ойнау іс-әрекетінің деңгейі;
-ойнағанда өзінің іс-әрекетін айтып ойнай ма, әлде үндемей ойнай ма;
-өзі жалғыз ойнағанды, әлде ұжымда ойнағанды ұнатама.
Мектеп жасындағы балаларға қажет қосымша деректер: -оқу үлгерімі;
-ата-анамен қатынасы;
-логопедиялық көмек алды ма, алса оның нәтижесі.
Артикуляциялық аппаратты тексеру Тексеру артикуляциялық мүшелердің анатомиялық құрылымын анықтаудан басталады:
-ерін-жалпақ, қалың, жарықшақ;
-қатты таңдай-өте жоғары әрі тар, өте төмен әрі жалпақ, жырықтары;
-тістер-түрлері мен көлемі (кіші, ұсақ), саны (артық, жетіспеуі);
-тіл-үлкен, жіңішке, тіл асты сіңірі қысқа, қалыпты;
-кішкентай тіл-қысқа, айырылған. Кішкентай тілдің айырылғандығы баланың таңдайының жырықтығының нышаны болуы мүмкін;
-тістену, қабысу (астыңғы және үстіңгі жақ сүйектерінің орналасуы).
Қалыпты жағдайда бүйірлі тістер бірдей денгейде түйісіп тұрғанда үстіңгі тістер біршама алға қарай шығып турады. Тістенудің (прикус) әр түрлі ауытқулары кездеседі. Прогения -астыңғы жақтар үстіңгі жақтарға қарағанда шығыңқы келеді; прогнатия – үстіңгі жақ өте шығып тұрады; бүйірлік қабысу – бүйірлік азу тістердің арасында саңылау қалады; алдыңғы ашық қабысу –алдыңғы күрек тістердің арасында саңылау қалады.
Сөйлеу мүшелерінің құрылысындағы анатомиялық ақаулықтар тіл дыбыстарын айтуға әсерін тигізеді. Мысалы, үлкен икемсіз тілдің салдарынан ызың, ысқырық, Р дыбыстары бұзылып айтылуы мүмкін. Өте жоғары, тар таңдай да ысқырық, сонорлы дыбыстардың бұзылуына себеп болады. Астыңғы және үстіңгі жақтардың дұрыс қабысып тістенбеулері немесе тістердің орналасуындағы ақаулықтар кейбір тіл дыбыстарының тіс аралық, бүйірлік айтылуына себеп болуы мүмкін. Содан соң артикуляциялық аппараттың қимылдау функциясын тексереді. Ол үшін әр түрлі жаттығулар пайдаланады. Жаттығулар сөздік нұсқау немесе көрсету арқылы орындалады.