Дәрістер тезистері


тақырып. Функционалдық сауаттылықты дамыту құрылымы мен мазмұны



бет7/15
Дата22.01.2023
өлшемі64,08 Kb.
#62246
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15
Байланысты:
дәрістер

4 тақырып. Функционалдық сауаттылықты дамыту құрылымы мен мазмұны.

Функционалдық сауаттылық – жеке тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесе отырып, меңгерген білімді тұрмыс тіршілікте қолдана алуы мен жетілдіре отыруы. Сонда, функционалдық сауаттылық ұғымына келесі анықтаманы беруге болады: адамның мамандығына, жасына қарамастан меңгерген білімді сауатты қолдана алуы мен үнемі білімін жетілдіріп отыру процесі. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның өзгермелі әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.


Осыған орай, Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төмендегідей негізгі механизмдерін бөліп көрсетеді. Ұлттық жоспардың жоғарыда аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері нақтыланып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады.
Олар: 
•білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
•оқыту нысандары мен әдістері; 
•білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі; 
•мектептен тыс қосымша білім беру бағдарламалары; 
•мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі
• барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы; 
•ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.
Оның алғашқысы – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Яғни мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жалпы білім беретін орта мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуға тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикалық жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Олар: 

  • басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті); 

  • ақпараттық (өз бетінше ақпарат көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау); 

  • коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау); 

  • әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті); 

  • тұлғалық ( өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу); 

  • азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі); 

  • технологиялық (әр азамат өз мамндығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы). 

Яғни, жоғарыдағы пікірлерде айтылғандай, оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны, құрылымы функционалдық сауаттылықтың құзыреттіліктеріне сай жазылуы тиіс. Оқулықты жаңа мазмұнда жазу барысында оның негізін салған авторлар ұмыт қалмауға тиіс. Себебі кез келген оқулықты жазудың негізін қалаған - сол алғашқы авторлар. Олардың атын оқулықта сақтап қалу біздің азаматтық борышымыз болуымен қатар, болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбие болмақ. Себебі, қазақ халқының тәрбиесіндегі адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет т.б сапалық қасиеттер мен құндылықтар кез- келген оқулықтың ұстанымы болмақ. 
Функционалдық сауаттылықты жүзеге асырудың екінші тетігі – оқыту нысандары мен әдістері. Тәуелсіз қазақ елінің оқулықтарының мазмұны ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып жазылып, оны оқыту мен жүзеге асырудың жаңа әдістері, яғни аралық белсенді әдістер арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы негізде білім алған мектеп оқушылары теориялық білімдерін практикалық тұрғыда қолданумен қатар ана тілінің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиеленеді.
Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың үшінші тетігі – оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. Яғни бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау – оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты өлшеміне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ал сырттай бағалау – әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне сәйкес (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.), сондай-ақ халықаралық зерттеулерге (ТIMSS, PISA және PIRLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтар болсақ, сыртқы бағалау белгілі бір мамандық иелеріне қатысты болса, іштей бағалау көбіне білім алушыларға қатысты. Сонымен қатар білім алушылардың өзін-өзі бағалауы, ұйымдастыруы, жетілдіруі және жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады. Біздің тәжірибемізде, осы аталған білім алушының бағалау жүйесі ұлттық төл технологиямыз «Сатылай кешенді талдауда» қолданылып келеді. Бұл жоғарыдағы аталған басқарушылық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық, азаматтық, пәндік құзыреттіліктерді білім алушы бойына дарытады. Оның дәлелі - «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен білім алып отырған оқушылар мен оларға білім беруші мектеп мұғалімдерінің жыл сайынғы жетіп отырған жетістіктері, яғни мектеп бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары пайыздық көрсеткішке жетуі және Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының республикалық ауызша командалық олимпиадасына республикамыздың әр өңірінен бастауыш сыныптан бастап, орта, жоғары буын сыныптарынан оқушылардың қатысып, жүлделі орындарға ие болуы. Бұл туралы әр өңірдегі баспасөз құралдарында жарияланып отырады.
Ал функционалдық сауаттылықтың төртінші тетігіне тоқталар болсақ, оған қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызады. Шынтуайтына келгенде, бұл мәселе бізде толыққанды жүзеге асып отырмағандығы белгілі. Себебі, әлі күнге дейін стандарт пен оқулықтарға айтылған сын түзелмей отырған кезеңде мұндай қосымша біліммен функционалдық сауаттылық өз деңгейінде жүзеге асып отыр дегенді айта алмаймыз. Бұл тұрғыда да біз, алаш арыстарының бірі Ж.Аймауытовтың мына бір қағидасын басшылыққа алсақ, функционалдық сауаттылықтың төртінші тетігі жүзеге асқан болар еді. Ағартушы: « Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң, бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенін өмір жүзінде пайдаланатын болады. 
Балаларға туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын, мінезін үйреніп, хәкімшілік, әлеумет мекемелерімен, олардың қызметтерімен, сауда кәсібімен, қатынасу жолдарымен таныстырып, жергілікті тарихи ескерткіштердің қатынасын түсіндіріп, балаларды бұрын білмейтін, жат нәрсемен яғни әлеумет ғылымымен таныс қыламыз»,–деп бүгінгі заманауи білім беру талабына сай функционалдық сауаттылық мәселесіне, дәл осы терминмен айтпаса да, терең талдау жасау керек. Егер, біз қосымша білім беру және мектептен тыс сабақтарда осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, бағдарламалар түзіп, қосымша әдебиеттер ұсынатын болсақ, онда функционалдық сауаттылықтың төртінші тетігі өз дәрежесінде жүзеге асады.
Ұлттық жоспарды жүзеге асырудың бесінші тетігі –мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі). Бүгінгі білім беру жүйесінде қазақстандық мынадай мектептер бар. Олар: жалпы білім беретін орта мектеп, гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мектептер, Назарбаевтың зияткерлік мектебі (НЗМ) т.б. Осы мектептердің басқару жүйесі, оқу бағдарламалары, оларда оқытылатын пәндердің оқулықтары, онда оқитын оқушылардың білім сайыстары бір-бірінен ерекшеленіп, бүгінгі қоғам талап етіп отырған үрдістен шығуы тиіс. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет