Байланысты: Тәрбиеші жұмысын педагогикалық-психологиялық ұйымдастыру
ІІ Жартыжылдық Математика негіздері.
Жиын.
Жиын және оның құрамы арасындағы қатынастарды орната білуді дамыту; бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкестігі, үлкен және кіші бөліктерді анықтау.
Сан, санау:
1) 10 саны көлеміндегі сандар мен цифрлар туралы ұғымдарын қалыптастыру, оларды танып және атай білуге үйрету. 10 көлеміндегі санды тура және кері санауға жаттықтыру;
2) тең туралы ұғымдарын қалыптастыру, топтағы әр түрлі заттардың тең мөлшерін анықтай білуге үйрету, топтарды санау мен салыстыру арқылы санның мағынасын дұрыс жалпылау;
3) заттарды бірнеше бірдей бөлікке бөлуге болатыны туралы түсінікті қалыптастыру, бұл бөліктерді атап, бүтін мен бөліктерді салыстыруға үйрету. Бүтінді түсінуге баулу (бөліктен бүтін үлкен, ал бөлік бүтіннен кіші);
4) қарапайым мысалдар мен есептерді шеше білу дағдыларын бекіту.
Шама.
Шартты өлшемнің көмегімен заттың шамасын салыстыруға үйрету. Арнайы ұйымдастырылған жағдайда заттардың ұзынырақ (қысқа), жоғары (төмен), кең (тар), қалың (жұқа) үлгісінде және оларға тең екендігін таба білуге баулу.
Геометриялық пішіндер.
Айналасына қарап геометриялық пішіндерді табу, оларға талдау жасай білуді меңгерту. Геометриялық пішіндер мен денелерді атап, ажырата білуге жаттықтыру.
Геометриялық пішіндерді модельдеу: ауызша сипаттау бойынша пішіндерді құрастыру және сипаттық ерекшеліктері бойынша оларды атау; ойлауы бойынша пішіндерден тақырыптық композиция құрастыру.
Кеңістікте бағдарлау.
Заттың қай жерде, қалай, өзіне немесе қай затқа жақын орналасқандығын ауызша жеткізе білуге үйрету. Белгілі бір бағытта келе жатып, белгі бойынша бағытын өзгерте білуін қалыптастыру. Қағаз бетінде бағдарлай білу дағдысын бекіту.
Уақытты бағдарлау.
Түрлі оқиғалар, апта күндері, тәулік бөліктерінің реттілігі туралы білімдерін бекіту. Жыл айлары туралы түсініктерін қалыптастыру, олардың реттілігін білу және атау, циферблат бойынша уақытты анықтау.
Салмақты өлшеу.
Дүкендерде қолданылатын таразы туралы ұғымдарын қалыптастыру. Заттардың салмағын өлшеуге қызығушылықтарын дамыту.
Логикалық байланыстар мен заңдылықтарды қалыптастыру.
Талдау, салыстыру, қарапайым ой қорытындысын жасауға үйрету.
Бейнені контуры бойынша штрихтауға және бояуға, тор көзді дәптерде, қағаз бетінде, жазықтықта бағдарлауға, берілген бағытта графикалық диктанттар (есту арқылы тор көздер бойынша) орындауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
жиынтықтың құрамдас бөліктерін ажырата алады;
10 көлеміндегі сандарды біледі, оларды тура және кері санайды;
қарапайым мысалдар мен есептерді шешеді, заттардың саны және шамасы бойынша арақатынастарын көрсететін математикалық терминдерді қолданады;
жазық геометриялық пішіндерді біледі және ажыратады;
апта күндерін, жыл мезгілінің айларын атайды;
заттарды салмағы бойынша анықтайды, заттың салмағы оның өлшеміне байланысты емес екендігін біледі;
циферблат бойынша уақытты анықтайды;
пазлдарды жинайды, логикалық ойын тапсырмаларын орындайды;
графикалық диктанттар (есту арқылы тор көздер бойынша) орындайды.
Құрастыру.
Құрылыс материалдарынан, конструктор бөлшектерінен құрастыру:
1) берілген тақырып бойынша, сөзбен сипаттау, сурет, фотосурет бойынша құрылыс салуға үйрету;
2) өз құрылысын талдай білуді бекіту және талдау негізінде құрылымдық шешімдер табу, оларды құру кезеңдерін жоспарлау.
Қағаздан құрастыру.
Қағаз цилиндрлерден, оларды қосу әдісімен жануарлардың, адамдардың пішіндерін жасай білуге үйрету. Пішіндердің түрлі күйлері мен қалыптарын бере білуді, оларды күрделі емес композицияларға біріктіруді қалыптастыру.
Ұжымдық сюжетті құрастыру.
Шығармашылық ойлауды және қиялдауды дамыту. Қағаздан құрастыру әдістерін қолданып, жазық материалды көлемді формаға өзгерте білуді бекіту. Дайын пішілген кескіндермен жұмыс жасау, күрделі емес сызба сызу, қайшымен нұсқаны тілік етіп кесу мен ойып ала білуді қалыптастыру.
Табиғи, қалдық материалдардан құрастыру.
Табиғи материалдарды мақсатты пайдалана білуді бекіту. Табиғи және қалдық материалдармен жұмыс кезінде өз әрекетін жоспарлау дағдыларын жетілдіру, дербестік, шығармашылық танытып, мақсатты түрде жұмыс жасай білу. Шығармашылық қиялын, ұсақ заттар жасауды көрнекіліктер қолдану арқылы және ойдан шығару, өзінің көз алдына елестету арқылы жасай білуді дамыту.
Күтілетін нәтижелер:
қалдық және табиғи материалдардан заттар құрастырады;
шарты бойынша, ойдан құрастырады;
ұжыммен жұмыс жасай біледі;
жазықтық қағаз пішіндерді көлемді пішіндерге өзгерте біледі;
жұмыс орнындағы тәртіпті сақтайды.
Жаратылыстану.
Білуге құмарлықты, шығармашылық белсенділікті дамытуға ынталандыру.
Тірі және өлі табиғат құбылыстары туралы білімдерін кеңейту. "Өлі табиғат" ұғымымен (су, ауа, күннің көзі, бұлт, қар) таныстыру; өлі табиғат заттарын адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер.
Табиғат туралы қарапайым білімдерді меңгеру. Қыста және көктемде табиғаттағы маусымдық өзгерістерді байқауға, айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету.
Қарапайым экологиялық білімді қалыптастыру.
Өсімдіктер әлемі:
1) балаларды бөлме өсімдіктерінің жаңа түрлерімен (шырайгүл, барқытшөп, бальзамин) таныстыру: атауы, сыртқы түрі, құрылысы, күтім жасау тәсілдері, көбею түрлері;
2) көкөністер мен жемістер, ағаштар, бұталар туралы балалардың түсініктерін бекіту. Балаларды орман жидектері мен саңырауқұлақтарды тануға және атауға үйрету.
3) бидай өсіру туралы балалардың білімін жетілдіру, нанға деген ұқыпты қатынасқа тәрбиелеу, бидай өсіру мен нан өндіруге қатысатын адамдардың еңбегіне құрмет көрсету.
Жануарлар әлемі:
1) жабайы жануарлардың тіршілігі туралы түсінікті кеңейту. Жылдың түрлі мезгілінде жануарлардың сыртқы түрі мен тіршілік ету салтының ерекшеліктерін атап көрсету және сипаттауға үйрету;
2) жыл құстары мен қыстайтын құстарды ажыратуға және атай білуге үйрету, құстардың пайдасы туралы түсініктерін бекіту;
3) табиғат бұрышын мекендеушілер туралы (қалтауыз, теңіз шошқасы) білімді жетілдіру;
4) балалармен бірге табиғатты бақылау күнтізбесін жүргізуді жетілдіру.
Табиғатты қорғау.
Табиғатқа деген сүйіспеншілікке, қамқорлық қатынасқа, табиғатты сақтауда жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу.
Өсімдіктердің өсуі мен дамуы туралы түсініктерін қалыптастыру, балаларды өсімдіктердің өсуі үшін ылғал, жарық, жылу, тыңайтқыштың қажет екендігі туралы қорытынды жасауға үйрету. Табиғатта болғанда экологиялық мінез-құлық ережелері дағдыларын қалыптастыру.
Күтілетін нәтижелер:
таныс материалдармен дербес эксперимент жасай алады, себеп-салдар байланыстарын орната біледі;
жыл құстары мен қыстайтын құстарды ажырата біледі және атын атай алады, құстардың пайдасы туралы біледі;
Қазақстан аумағында мекендейтін жануарлар мен олардың төлдеріне тән белгілерді атайды және ажыратады;
"Қызыл кітапқа" енгізілген және жойылып кету қаупі төнген жануарларды атайды;
адамның табиғатпен өзара әрекетінің тәуелділігі арасында себеп-салдарлық байланысты анықтайды;
табиғатқа оң көзқарас танытады;
қоршаған ортадағы тірі және өлі табиғат нысандарына қамқорлық танытады.
"Шығармашылық" білім беру саласы
"Шығармашылық" білім беру саласының базалық мазмұны сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, музыка ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.
Мақсаты шығармашылық қабілеттерін дамыту, қиялды, байқағыштықты және қоршаған ортаны бейнелі қабылдай білуді, өз ойларын, сезімдерін көркем түрде бере білу біліктерін қалыптастыру болып табылады.
Міндеттері:
балалардың өнер туындыларын қабылдау қабілеттілігін, эмоционалды қатынасын қалыптастыру;
бірлесіп жұмыс жасау, жұмысты ұжыммен орындау дағдыларын қалыптастыру;
өз жұмысының нәтижесін бағалауға үйрету;
балалардың түсінігіне жақын 2-3 қазақ халқының өнер түрлерімен таныстыру;
безендірудің мәнерлі құралдарымен, балалар кітаптарындағы иллюстрациялармен, олардың авторларымен таныстыру;
балалардың шығармашылық қабілеттерін, қоршаған ортаға эстетикалық қызығушылығын арттыру;
халық ойыншықтары туралы түсініктерін кеңейту;
балаларды бейнелеу өнерінің түрлерімен таныстыруды жалғастыру (живопись, графика, скульптура, сәндік-қолданбалы өнер);
живопись және скульпторлық мүсіндердің туындыларымен таныстыруды жалғастыру (картиналар жәңе репродукциялық картиналар);
балаларды өнер туындыларын, олардың түрлерін дербес қарастыруды, мәнерлік құралдарына және мазмұнына көңіл аударуға баулу (ырғақ, түс, пішін, композиция).