Байланысты: Тәрбиеші жұмысын педагогикалық-психологиялық ұйымдастыру
Дәрістік кешен 1 ДӘРІС Мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиеші жұмысын ұйымдастыру пәнінің мақсаты, міндеттері. Мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиеші жұмысын ұйымдастыру пәні бұл мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеші жұмысын қалай ұйымдастыру керек, жылдық жоспар құру, циклограмма жасау, ұйымдастырылған оқу қызметін жүйелі ұйымдастыру, жаңа технологияларды қолдану сияқты көптеген мәліметтермен танысатын боламыз.
Жалпы ережелер
1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармағына сәйкес әзірленді және мыналарға:
1) оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;
2) тәрбиленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;
3) тәрбиеленушілердің даярлық деңгейіне;
4) оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды.
2. Осы стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:
1) ата-аналар дағдылары – баланың дене, зияткерлік және эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру, оның әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажетті дағдылар;
2) әлеуметтендіру – қоғамда толыққанды өмір сүру үшін қажетті білім, білік, дағдыларды, нормаларды, қағидаларды меңгеру арқылы баланың әлеуметтік ортаға ену процесі;
3) әлеуметтік дағдылар – бала мектепке дейінгі жаста меңгеретін өзара әлеуметтік әрекеттің әдістері мен тәсілдері;
4) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөлімдерінің арасындағы байланысты орнататын процесс;
5) ерте дамыту – баланы туғаннан бастап үш жасқа дейін дене, зияткерлік және эмоционалдық дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;
6) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, зияткерлік, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жүйесі;
7) инклюзивті білім беру – барлық тәрбиеленушілердің ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;
8) күн тәртібі – баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты тиімді бөлу және түрлі іс-әрекет пен демалыстың дұрыс өзара бірізділігі;
9)күту – ерте жастағы балаларға күтім жасау, тамақтандыру, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру шараларын ұйымдастыру;
10) оқыту нәтижесі – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;
11) өз бетінше үйрену дағдылары – баланың дербес және ересектердің басшылығымен қоршаған ортаны тануда және мектепте оқуға табысты дайындалуда жинақтаған дағдылары;
12) үлгілік оқу бағдарламасы – әрбір ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиіс білім, білік, дағдылар мен құзыреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;
13) үлгілік оқу жоспары – жас топтары бойынша бір аптадағы ұйымдастырылған оқу қызметінің тізімін, көлемін, ұзақтығын реттейтін құжат;
14) ұйымдастырылған оқу қызметі – білімді игеруге, біліктер мен дағдыларды меңгеруге бағытталған педагог пен тәрбиеленушілердің бірлескен әрекеті;
15) жеке оқу жоспары – Үлгілік оқу жоспары негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу жоспары;
16) жеке оқу бағдарламасы – Үлгілік оқу бағдарламасы негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу бағдарламасы;
17) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар–денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы және уақытша қиындық көріп жүрген арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын қажет ететін балалар.