Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты



Pdf көрінісі
Дата03.03.2017
өлшемі257,05 Kb.
#5439

 

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты  



 

Әлем  халықтарының  тарихы  мен  мәдениетінде,  салты  мен 

дүниетанымында  берік  қалыптасқан  заңдылық  бар.  Ол  –  ел  ертеңі  үшін 

күндіз  отырмаған,  түнде  ұйықтамаған  билеушілерінің  даналығын, 

батырларының  ерлігін,  өнер  саңлақтарының  мұрасын  ұрпақтан  ұрпаққа 

аманаттау.  Ерте  замандардан  дана  халық  ұрпақ  сабақтастығы  мен 

жалғастығын  осылайша  қамтамасыз  етті,  яғни  әлеуметтік  -  қоғамдық 

ілгерілеудің  пәрменді  тетігін  дөп басып  таба  алды. Сондықтан да  «Илиада» 

мен  «Одиссея»,  Роланд,  Нибелунгтер  туралы  жырлар,  Хаммурапи,  Ману 

заңдары  сағымдай  алыстан  бұлдырайтын  күндердің  отын  өшірмеген  асыл 

мұра  санатына  кіреді.  Қазақ  ауыз  әдебиетінің  мол  мұрасында  көлемі, 

әртараптығы,  көркемдігі  тұрғысынан  батырлар  жырына  тең  келетіні  жоқ 

десек  қателесе  қоймаймыз.  Себебі  елдің  қауіпсіздігін  қамтамасыз  етуші 

күштер,  интеллектуалдық  әлеуетке  тікелей  үлес  қосушылар  қатарында 

батырлар да тұрды. 

Бұрынғы  кеңестік  заманда  осындай  тақырыптарды  зерттеуге  саяси-

идеологиялық  тосқауыл  қойылып,  жеткілікті  мән  берілмегенін  алға  тартқан 

Елбасымыздың:  «Байырғы  ұлы  бабаларымыздың  ұрпағы  ретінде,  біреудің 

шайнап  бергенін  малдану  бізге  жараспайды.  Сондықтан  да,  өткенімізге, 

бүгініміз  бен  болашағымызға  жалтақсыз  жанар  тіктейтін  мезгіл  жетті»  - 

деген пікірінің дұрыстығын уақыттың өзі қуаттап отыр [1]. 

Бұл  мәселеге  арнайы  қалам  тартқан  тарихшы  К.  Есмағамбетов: 

«Отандық  тарих  ғылымында  қазақ  батырларының  елі  мен  жері  үшін  қан 

майданда  жаулармен  шайқасқан  жанкештілік  күресін,  оның  халық 

тағдырындағы  орнын  көрсетуге  әлі  күнге  дейін  толық  мән  берілмей  келеді. 

Бұл,  ең  алдымен  кеңес  заманында  батырларды  «үстем  тап  өкілдеріне» 

жатқызған кеңестік идеология мен тарихнаманың салқыны болса, екіншіден, 

өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы салдыр-салақтығымыздың, 

«жайбасарлығымыздың» салдары екендігі анық», - деген пікірін білдіреді [2]. 

Қалай  болғанда  да,  тәуелсіздік  арқасында  өткеннің  тағылымы  мен 

сабақтарын  ұлықтаған,  тұлғаларын  лайықты  бағалаған  қазына  ұлтымыздың 

арғы – бергі тарихында қисапсыз мол әрі соқталы із қалдырғанын енді біз де 

көсіле  айта  бастадық.  Қазақ  халқының  рухани-интеллектуалдық  әлеует 

бастаулары  басқалардікімен  терезесі  тең,  тіпті  биік  те  тұрмаса,  бір  мысқал 

кемшін  түспейтінін  «Мәдени  мұра»  мемлекеттік  бағдарламасының 

қорытындылары  айғақтап  отыр.  Елбасымыз  Н.  Назарбаевтың  ХVІІІ  ғасыр 

батыры Райымбек жайлы: «елін жауға бермеген, күні–түні тыным көрмеген, 

тұла  бойын  ақыл-ой,  күш-қуат  кернеген  батыр»  деген  бір  ауыз  сөзіне 

қаншама  пайым-ұстаным,  өлшем-қисын,  құрмет  пен  сезім,  қарыз  бен  парыз 

сиып  тұрғанын  көзіқарақты  жан  қапысыз  түсінді.  Осы  арада  бізге  тарихи 

деректердің  өзіндік  тобын  құрайтын  батырлар  жыры  үлкен  көмегін  бере 

алады.  Оларда  батырлар  институтының  бастау  көзі,  қалыптасу  кезеңдері, 

әлеуметтік құрылымдағы орны анық көрінеді. Ежелден қазақ даласында биік 


 

мәртебеге  ие  болғанын  айғақтайтын  деректер  шоғырланған.  Батыр  атағын 



ақсүйек  өкілдері  де,  қарасүйек  өкілдері  де  бірдей  иелене  алатыны,  әрі 

батырлар  ХVІІ-ХVІІІ  ғасырлардағы  сыртқы  фактордың  әсерімен  қоғамдық 

қатынастарда  басымдыққа  ие  болғаны  дәйектелген  [3].  Ғылыми  әдебиетте, 

сонымен  қатар,  ХVІІІ  ғасырда  тарханның,  бидің  немесе  батырдың  ықпал-

күші  олардың  атағымен  емес,  оларға  бағынған  рулардың  және  ру 

тармақтарының санымен бағаланған деп те айтылады. Мысалы, Кіші жүздің 

саяси өмірінде Жәнібек батыр мен Есет батыр тархан атағын алғанға дейін-ақ 

үлкен  рөл  атқарған.  Орыс  дипломаты  В.Н.  Татищев  сыртқы  істер 

Коллегиясына  «Орта  жүздің  көпшілігінде  Жәнібек  батыр,  ал  Кіші  жүздің 

басым бөлігінде Бөкенбай батыр басым күшке ие», - деп ақпарат береді [4]. 

Батыр  -  әлеуметтік  категория,  батырлық  –  адамның  бойындағы  қасиет. 

Бұл екеуіне қажеттілік тарихта әрқашан жоғары болған. Әсіресе халықаралық 

қатынастар  құқықтық  тұрғыдан  реттелмеген,  бір  мемлекеттің  екіншісін 

жаулап  алуы,  отарлауы  қалыпты  іс  саналған  замандарда  батырлар  қауымы 

қоғамдағы толыққанды институтты құрғаны объективті заңдылық еді. 

Сақ,  үйсін,  қаңлы,  байырғы  түркілер  заманынан  белгілі  батырлар 

институтының  қазақ  даласында  шарықтау  шыңына  жеткен,  аса  пәрменді 

әлеуметтік-саяси  күшке  айналып,  барлық  мәнді  белгілері  мен  қасиеті 

жарқырай ашылған тұсы  – ХVІІІ ғасыр. Қанжығалы қарт Бөгенбайды қайта 

атқа отырғызып, қолына қару алғызған да, бұғанасы қатпаған Абылайды сар 

далада  тентіреткен  де  сол  заман  еді.  ХVІІІ  ғасыр  қазақтардың  «Елім  -

айлаған»  ғасыры.  Шоқан  ол  ғасырды  «қанды  қырғын»  («кровавый»),  «жан 

түршігерлік»  («ужасный»),  «жауынгершілік»  («рыцарство»)  ғасыры  деп 

атаған.  Президентіміз  Н.  Назарбаевтың  сөзімен  айтсақ  –  «халық  тағдыры 

қайқы қылыштың үстінде қылпылдаған кезең». 

Ел  тағдыры  шешілген  ауыр  заманда  ерте  есейген  қазақ  батырлары 

«Ақтабан  шұбырынды,  алқакөл  сұлама»  қасіретіне  қарсы  тұрып,  айрықша 

болмысымен,  ерен  ерлігімен  көзге  түсті.  Ал  оған  дейінгі  қақтығыстарда 

іштей  ширығу,  қапысыз  дайындық,  құрыштай  шыңдалу  мектептерінен  өтті. 

Кейбір  халықтың  ауыз  әдебиетінде  әспеттелген  батырлары  33  жыл  пештің 

үстінде  жатумен  есейсе,  қазақ  батырлары  күн  санап,  сағат  санап  өскенін 

аңыздардан,  айталық,  «Алпамыс  батыр»  жырынан  жақсы  білеміз.  Бұл 

әсірелеу емес, өмір шындығы екен. Ақиық ақын М. Мақатаевтың «Райымбек, 

Райымбек!»  поэмасында  Райымбек  алғаш  ерлік  жасағанда  қыршын  жас, 

сонысына қарамай баршаны елең еткізді делінеді. 

Жайына қалып, өлі аруақ пен тірі аруақ, 

Келеді бала есімін өзі ұрандап. 

Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ, 

Өлгендер көрде түскен де шығар бір аунап, 

Келеді қыршын есімін өзі ұрандап,- деп толғаныпты Мұқағали. 

Осы орайда ақынның іле – шала айтқан мына сөздеріне мән беру керек: 

Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек, 

Албанға алғаш өстіп өзін танытты! 


 

Көзге  түсудің,  жақсы  атын  шығарудың  мұндай  тәсілін  арнайы  зерттеу 



нысанына  айналдырған  жөн.  Абылайдың  да  осы  тәсілді  қолданғаны 

кездейсоқтық  емес  әрі  халық  санасына  орныққаны  соншалықты,  оның  азан 

шақырып қойған Әбілмансұр есімі ығысып, тарихқа атасының есімімен енген 

жоқ  па?!  Ұлылар  бірін  бірі  қайталамаса  да,  қайраткерлікте,  ойшылдықта, 

жаңашылдықта  жастайынан  ортақ  ұқсастық,  сергектік  көрсететіні  болады 

екен. 


Сөз қадірін бәрінен жоғары қойған Мұқағали бабасы Райымбек жөнінде 

«Албанға  алғаш  өзін  танытты»  деуі  арқылы  оның  әлі  де  ұлы  батырлар 

санатына енбегенін, жалпыұлттық танымдылыққа жетпегенін меңзеп отыр. 

Көзге  түскен  Райымбектей  жас  қырандардың  ұлы  батырлар  шоғырына 

қосылып,  атағына  лайық  мақсат-міндеттерді  атқарғаны  «Ақтабан 

шұбырынды» тұсы мен одан кейінгі жылдар. Ал ұлы батыр кім, оған қандай 

қасиет  тән  еді  десек,  бұл  сұрақтарға  жауапты  заңғар  жазушы  М.  Әуезов 

осыдан  сексен  жыл  бұрын  «Әдебиет  тарихында»  берген  екен.  «Ұлы 

батырлар,  -  дейді  ол,  -  көшпелі  елдің  шапқыншылық,  жауынгершілік,  құба 

қалмақ  заманында  жүргендегі  батырлары.  Ол  кездегі  тыныштық,  амандық, 

түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана 

дәуірі  жүрген  заман.  Әлі  жеткен  әлсіздің  қожасы  болған,  әлсіздер  құл  мен 

күң  болған  заман.  Не  нәрсеге  ие  болсаң  да,  иелігің  қылыш  жүзінде  ғана 

сақталған.  Сондықтан  ол  замандағы  елдің  сүйеніші  кім?  Сүйеніші  қол 

бастаған  батыры,  ел  бастаған  ханы  мен  биі  болған....  Бұл  уақыт  – 

батырлардың ең қадірлі болған заманы. Елдің елдігін сақтаған шын азаматы, 

«ық жағына қала, ел жағына пана» болған, ірге бермес еркесі болған заман». 

Демек,  ел  аузындағы  әңгімелерде,  дастандарда,  жыраулардың 

шығармаларында ұлықталатын ұлттық ұлы батырлар ХV–ХVІІ ғасырлардағы 

Отан  тарихына  өз  есімдерін  қапысыз  жазғанменен,  толық  мағынасындағы 

миссияларын атқарғаны 1723 – 1756 жылдар еншісінде. Бұл – жоңғарлардан 

ойсырай жеңілген қазақтардың жер бетінен жоғалуға шақ қалған, Қабанбай, 

Бөгембай,  Ақтамберді,  Райымбектей  батырлар  мен  ақыл  иелерінің 

қайратымен  бас  біріктіріп,  қатерлі  дұшпанды  кері  қуған,  Ресей  мен  Қытай 

империяларының Қазақстанға сұғына кіруіне барынша қарсыласқан жылдар. 

Батырдың  батырлығы  жаулаумен  емес,  елін,  жерін  дұшпаннан  қорғаумен, 

азаттық  үшін  күресумен  паш  етілсе  керек.  Әрине,  Жоңғар  мемлекеті 

жойылғаннан кейін негізгі дені ердің жасы елуге енді шыққан ұлы батырлар 

қарақан  басының  қамын  күйттеумен  шектелмегені  сөзсіз.  Ортасының  сөз 

ұстаған  көшбасшысына,  Қытаймен,  Ресеймен  келіссөздер  жүргізген 

мәмілегерлерге айналғандары бар. 

Бүгінге жеткен төл деректерімізде батырдың зерек ақылын, алып күш - 

қайратын,  болашақты  болжаған  көріпкелдігін  дәйектеген  ақпарат  мол. 

Соларды  оқи  отырып,  Еуразияның  сайын  даласындағы  дүниетанымдық, 

этникалық,  тарихи  тұтастықтың  желісі  үзілмегеніне  көзіміз  жете  түседі. 

Мәселен,  Сабдалы  жырау  Райымбек  батырдың  дұшпанмен  17  жекпе-жегін 

былайша суреттейді: 


 

«Бірінші келген батырын, 



Тақымға салып сүйреттің. 

Екінші келген батырын, 

Қабырғасын күйреттің. 

Үшінші келген батырға, 

Найзаның тілін үйреттің. 

Төртінші келген батырды, 

Қалпақтайын ұшырдың. 

Бесінші келген жауыңның, 

Қап – қара қанын құстырдың. 

Алтыншы келген батырды, 

Найзамен іліп түсірдің. 

Жетінші келген батырды, 

Саз балшықтай иледің. 

Сегізінші келген батырдың, 

Басын шауып түсірдің.  

Тоғызыншы келген дұшпанды, 

Қайың сапты шоқпармен, 

Бір – ақ ұрып құлаттың. 

Он бірінші келген батырды, 

Кескен ағаштай сұлаттың. 

Он екінші келген дұшпанды, 

Найзамен іліп тастадың. 

Он үшінші келген жауыңнан, 

Онша үркіп саспадың. 

Оны дағы найзамен

Тулақтай тіліп тастадың. 

Он төртінші батырдың, 

Дымын ілезде өшірдің. 

Он бесінші дөкейді, 

Кіндіктен сұғып найзаңды, 

Ана дүниеге көшірдің. 

Он алтыншы батырдың, 

Желкесін қиып тастадың. 

Он жетінші залымнан, 

Жаңа күш деп қашпадың. 

Ретін тауып оны да, 

Найзаменен шаншыдың». 


 

Бұл  ХVІІІ  ғасырдың  оқиғасы.  Ал  енді  VІІІ  ғасырдың  мұрасы  Күлтегін 



тасындағы  жолдарды  оқып  көрейікші.  Мәтінде  Күлтегін  ерлігі  былайша 

дәріптеледі:  «Күлтегін  жаудың  әскеріне  опыра  шабуылдады.  Оң-тұтық 

басшыларын  жарақты  қолымен  қоса  бағындырды....  Жиырма  бір  жасында 

Чача  сеңүнмен  соғысты.  Ең  ілкі  рет  Тадықын  –  чордың  боз  атын  мініп 

айқасты... Екінші рет ышбара Ямтардың боз атын мініп айқасты. Ол ат онда 

өлді. Үшінші рет Иегін – Сіліг-бектің кежімді торы атын мініп айқасты. Ол ат 

онда  өлді.  Жарағына,  қалқанына  жүзден  артық  оқ  тиді.  Дулығалы  басына 

бірін  де  тигізбеді....  Күлтегін  байырқудың  ақ  айғырын  мініп,  опыра 

шабуылдап,  бір  ерін  оқпен  ұрды.  Екі  ерін  қуалап  шаншыды....Күлтегін  ол 

соғыста отыз жаста еді... Алты ерін шаншыды... Жетінші ерін қылыштады». 

Екі шығарманың арасын мың жыл бөліп жатыр. Бірақ көз алдымызда бір 

ғана  шайқастың  суреті  тұрған  тәрізді.  Дұшпаны  ұшына  ілінген  сол  найза, 

жарқылдаған  сол  алмас  қылыш,  жеңіске  жеткізген  сол  әбжілдік. 

Қарсыластарының  да  осал  болмағанын  ескертеді  және  олар  жөнінде  ер, 

батыр, жау, дұшпан, дөкей, залым ұғым – түсініктерін қолданады. Ерлік елге 

– мұра, ұрпаққа – ұран деген қағида осындайдан шыққан болар, сірә. 

Жаугершілік  замандағы  батырдың  қара  күшке  қана  сүйенбей,  небір 

әскери  әдіс-тәсілдердің  де  білгірі болғанын  әлемдік ғылыми  ой-сана  биігіне 

көтеретін уақыт келді. Басқа жұрттың әйгілі ерлері Спартак, А. Македонский, 

А.  Невский  шайқасқандарын  тактикамен,  стратегиямен  жеңгенде,  біздердікі 

өз  есімдерін  ұрандаумен  шектелмегені  белгілі.  Мәселен,  қара  суды  қақ 

айырып  өткен  батырлар  жайлы  аңыз  -  әңгімелер  бүгінге  кездейсоқ  жетіп 

отырған  жоқ.  Көшпенділердің  сулы  бөгеттерден  қиналмай  өте  беретіні 

Шыңғыс хан жорықтарында ерекше көзге түсті. Еуропа саяхатшылары Плано 

Карпини  мен  Гильом  де  Рубрук  кітаптарында  шығыстық  салтаттылардың 

суды  бөгетсінбейтіні  егжей  –  тегжейлі  сипатталғаны  зерттеушілерге  мәлім. 

ХVІІІ  ғасырда  да  жауынгерлерімен  бірлесе  жасанды  өткел  тұрғызып, 

дұшпанды  тұтқиылдан  басқан  батырлар  аты  аталады.  Осынау  көне 

деректерді  сөйлете  алған  тарихшы  –  ғалым  Б.  Берлібаевтың  судан  өтудегі 

дәстүлі  әскери  әдіс  түрін  Райымбек  пен  жауынгерлерінің  шебер 

пайдаланғаны  жайлы  тұжырымында  ақиқаттың  беті  ашылған.  Оның  мәнісі 

мынада.  Райымбек  өзенге  байлаған  аспалы  керме  жасаған.  Бұны  сеңді 

тоқтата тұрудағы бөгет ретінде пайдаланған да, төменгі ашық алаңқайдан бір 

мерзімде  тағы  да  қамыстан  аспалы  көпір  жасап,  суда  жүзе  білмейтіндерді 

соның  көмегімен  өткізген  де,  өзі  олардың  аттарын  жетелеп,  өз  атының 

құйрығына  кейінгі  аттың  шылбырын  байлап,  осылайша  біріне  бірін 

байланыстыру  арқылы  тізбек  түрінде  өткізіп  алған  көрінеді.  Жазбаға 

қарағанда  албандар  осы  әдісті  «көзер»  (өткел)  деп  атаған.  Ал  Райымбектің 

халық  ауызында  «әулие»,  жау  жағында  «сиқыршы»  атанып  жүргені  де 

осындай  тапқырлығына  байланысты.  Соғыс  ғылымын  биігінен  бағамдасақ, 

ұрысқа  сарбаздармен  бірге  кірген  батырдың  бұл  әрекетін  тактикалық 

деңгейде  атқарылған  іске  жатқызуға  болады.  Ол  көбінесе  кіші  батырларға 

тән,  ал  ұлы  батырлар  жауға  қарсы  күресте  стратегиялық  ойлау,  ұқсату, 


 

ұйымдастыру,  осылайша  қалың  қолмен  соғыстың  тағдырын  анықтайтын 



шайқастың авторы мәртебесімен ерекшеленеді. 

Батырдың  әскербасы,  қолбасшы,  мемлекет  қайраткері  мәртебесіне 

көтерілгенін де тиянақтайтын өлшемдерді ғылыми жүйелеудің уақыты келді. 

Мұнсыз  тарихтағы  тұлғаның  орнын  анықтай  алмайтынымыз  өз  алдына,  ұлт 

тарихын  жаңа  «ақтаңдақтармен»  шұбарлаймыз.  Даланың  ауыз  әдебиеті 

мұралары мен батырлық жырларында қай батыр қандай тұғырға лайық екені 

анық  сипатталған.  Мәселен,  көмекей  әулие  Бұқарекеңнің,  жыраулар 

Тәтіқараның,  Үмбетейдың  мұрасында  жекелеген  шайқастардың  ғана  емес, 

қазақ  –  жоңғар  соғысының  барысын  өзгертіп,  нәтижесін  анықтауға  үлес 

қосқан  қолбасшылар  ретінде  Қаракерей  Қабанбай,  Қанжығалы  Бөгенбай, 

Шақшақұлы  Жәнібек,  Шапырашты  Наурызбай  есімдері  айтылады.  Бұлар 

қазақ  –  жоңғар  соғысының  барысында  батырлықтың  бар  сатысынан  өтіп, 

кейінде  мемлекет  қайраткері  ретінде  көзге  түсті.  Олар,  сонымен  қатар, 

Абылайдай қаһарлы билеушінің ақылмандары, стратегиялық шешімге ықпал 

етушілері,  сұхбаттастары  болды.  Әлемдік  соғыс  тәжірибесі  көрсеткендей, 

кемел  қолбасшысыз,  әскербасысыз  кез  келген  шайқаста  орынды-орынсыз 

адам  шығынына  жол  берілмеуімен  қатар,  батырдың  батырлығы  да  бір-ақ 

оқтық арандаумен тынады ғой. Бұл – бір. 

Екіншіден,  ұлы  батырлар  санатына  қосылған  тұлғаның  өзгеше 

әлеуметтік–кәсіби  болмысын  айғақтап  тұрған  деректер  аз  емес.  Мәселен, 

бабалар  сөзінің  жеткізуінше,  Абылаймен  тілдескен  сәттің  бірінде 

Райымбектің аузынан мына сөздер шыққан екен: 

 

Арғы атамды сұрасаң, 



Өтірік айтпас өр Албан. 

Өр Албаннан –ер Алжан. 

Алжанның аты – дүр Мәмбет. 

Мәмбеттен туған Сырымбет. 

Сырымбеттен Қангелді, 

Қангелді бабам туғанда, 

Уысына қан келді. 

Айналайын қазағым, 

Қалмақ шауып, бақ ауып, 

Судай аққан қан көрді. 

Аққан қанды тыймаққа, 

Алаштың басын жимаққа. 

Абылайдай хан берді. 

Атам менің Қангелді, 

 

Қазақ үшін қан берді. 



Жаратқаным жар берді. 

Жеті бірдей ұл берді. 

Үлкені - батыр Тілеуке, 

Екіншісі – ер Түке, 

Үшіншісі – Мөңке екен, 

Төртіншісі –Дөңке екен, 

Бесіншісі –Тұрсын ер, 

Тұрсындай болып тұрсын ер, 

Тұрсыннан кейін Айбас-ты, 

Айбастан кейін Қойбас-ты. 

Жеті ұл біріксе, 

Жер қуырмай қоймас-ты. 

Ер Түкеден мен тудым, 

Ер болуға бел будым.... 



 

 



Тап  осылай  сөз  саптау  ұлы  батырдың,  харизмасы  өткір  қолбасшының 

ғана,  халқының  арғы-бергі  тарихынан,  рухани  –  мәдени  мол  мұрасынан 

хабардар  кемел  тұлғаның  ғана  қолынан  келеді.  Кезінде  С.  Қондыбай  дөп 

басып  айтқандай,  Райымбек,  Жанқожа,

 

Бөгенбай,  т.б.  батырлардың  бәрі  де 



ата-баба  дәстүріне  лайық  батыр  болған  тұқымдар.  Қазақта  оларды 

«Шынжырлы  тұқым»  дейді  [5].  Бәрі  салыстырумен  танылады  деген  қағида 

бар  ғой.  Арада  бір  ғасыр  уақыт  өтер  -  өтпестен  Райымбектей  жалындап  ер 

Махамбет тарих сахнасына көтерілді. 

Біз Өтемістен туған он едік

Сол онымыз жүргенде, 

Мың сан әскер қол едік... 

Құла бір сұлу ат мінген, 

Құйрық, жалын шарт түйген. 

Құм сағыздай созылған

Дулығалы бас кескен, 

Ту түбінен ту алған, 

Жауды көріп қуанған, 

Мен - Өтемістің баласы, 

Махамбет атты батырмын!  –  деді ол.  Бұл  өзіне  дейінгілердің  айтқанын 

қайталау емес. Мәселенің мәні тым әріде. Қоғамның тарихи жады сөйлеп тұр. 

Бұқаралық  ақпарат  құралдары  қалыптаспаған  ортада  тағдырды  анықтағыш 

қағидаларды ұрпақтан – ұрпаққа жеткізудің бірден бір жолы да осы. Мұның 

сыртында  Күлтегін  мен  Райымбек  ерліктері  арасындағы  ұқсастықты, 

сабақтастықты  еске  алсақ,  отарлау  мен  тоталитаризм  қыспағынан  қазақты 

аман  алып  қалған  интеллектуалдық  тарихи  тамырымыздың  тым  тереңде 

жатқанын ұғына түсеміз. 

Үшіншіден,  нақты  ахуалға  қарай  ұлы  батырдың  өкілеттігі  мен  атақ- 

даңқы хандікінен де биік тұруы немесе ханның атағын билеушілік қабілет  – 

қарымынан гөрі ұрыс даласындағы қолбасшылық таланты шығаратыны Отан 

тарихынан  белгілі.  Ғылыми  танымдағы  әдістемелік  ұстанымның  бір  парасы 

қандай  ғана  болмасын,  құбылысты  зерттегенде  оның  үздігін,  ең  жетілгенін 

талдауы және тануды басшылыққа алу. Сонда арғы – бергілерінің бары мен 

жоғы,  осал  тұстары  мен  толағайы  оң  зерделенеді.  Басқаша  айтқанда, 

елдігімізді  сақтап  қалған  қазақ  батырларын  ғылыми  ой  –  санамен  тану 

арқылы  тарихтағы  тұлғаның  рөлін  айқындауға,  қоғамдық  қатынастардың 

табиғатын түсінуге жол ашылатынын қаперден шығармауымыз керек.  

Және  бір  пайымымызды  айта  кетейік.  Жоңғармен  соғыста  қазақтың 

үштен  екісі  қырылды,  көрші  елдерге  босып  кетті.  Ұрыс  даласында  өшпес 

ерлік көрсеткендер мың-мыңдап саналады. Дей тұрғанмен, халық зердесінде 

есімі  мен  ерлігі,  ғибраты  мен  тұлғасы  сақталып  қалғандары,  ғасырларды 

аттап  бүгінге  жеткендері  жойдасыз  көп  емес.  Тіпті  Бұқар  жырларында 

жиырма  шақты  батырдың  ғана аты  аталатыны біраз нәрсені  аңғартса  керек. 

Халық қашанда әділ ғой. Оның зердесінде кездейсоқ есімдерге орын жоқ. Ол 


 

үздіктің  үздігін,  кемелдің  кемелін,  Шәкәрім  қажының  тілімен  айтсақ,  «ең 



жақсы  адамды»  ұрпақтан  ұрпаққа  насихаттаудан  таймаған.  Тіпті  батырлар 

институтының  генетикалық  және  идеялық  жалғастығын  биік  бағалайтыны 

бар.  Айталық,  Райымбектің  әкесі  жағынан  ғана  емес,  шешесі  жағынан  да 

батырлар  ұрпағы  екені,  бұл  орайда  нағашысы  жалайыр  Орақты  батырдың 

жиенінің болашағын оң болжағандығы алға тартылады. М. Әуезов атындағы 

әдебиет  және  өнер  институтының  қолжазбалар  қорындағы  М.  Болысов 

мәліметінде  Райымбек  жеті  жасқа  толғанда  нағашы  атасы  оған  ат  етіп  міну 

үшін  бір  еркек  көк  тай  сыйлағаны,  садақ,  қылыш,  найза,  айбалта,  сауыт, 

қалқан алып келгені суреттелген: «Менің жиенім он алты жасқа толып, жігіт 

болғанда, көк тайы ат болады және мен алып келген құралдарын таза сақтап, 

өзі ұстауға шамасы келгенде өз қолына тапсыр,- деп, Қангелді батырға айтып 

кетеді.  Райымбек  нағашы  атасы  алып  келген  тайына  қуанып,  жүген  салып, 

жетелеп  жүріп  бағады.  Тайының  атын  Көкойнақ  деп  атады.  Құнан 

шыққаннан  бастап  ағаштан,  жар  тоғаннан  қарғыту  әдісін  үйретеді.  Өзі  де 

әскери іске машықтанады». 

Әрине,  бұдан  батырлық  тұқым  қуалаумен  беріледі  деген  үзілді-кесілді 

методологиялық  ұстаным  түю  қажет  бола  қоймас,  дегенмен  қоғамдық 

санадағы  батырлар  институтына  құрмет  күмәнсіз  көрініп  тұр.  Осы  орайда 

батырлық  пен  батырлар  институты  қоғамдық  қатынастардың,  салт-дәстүр 

мен  әдет-ғұрыптың  тұтас  жүйесін  қалыптастыруға  әкелгенін  ғылыми 

дәйектеудің маңызы зор екенін айта кеткеніміз орынды. 

Батырларды  қазақ  халқының  ұлы  перзентіне  айналдырған  құдірет-

олардың  бар  тағдырының  азаттық,  төл  мемлекеті  мен  ұрпақтарының  бейбіт 

болашағын  аянбай  қорғауға  арналғандығында.  Олардың  ерлігі  мен 

жүректілігі,  намысқойлығы  мен  мәрттігі,  ұлылығы  мен  қарапайымдылығы, 

қайраты мен ақылы ұлт мүддесіне, ұлттық идея мен идеологияға қалтқысыз 

бағышталғандықтан бұл қасиеттер сын сағатында буырқанып сыртқа шықпай 

тұрмады.  Елдің  атын  шығарды,  бәсекеге  қабілетті  екенін  дәлелдеді, 

мызғымайтын сенім мен оптимизмнің, саф алтындай ізгілік пен зиялылықтың 

табанына  жауыздықты,  үрейді,  сатқындықты  таптатты.  Олар  осынысымен 

туған халқының мәңгі махаббатына бөленді. 

Батырлар институты дәстүрлі қазақ қоғамының қауіпсіздігін қамтамасыз 

етуге, негізінен сыртқы факторлардың әсерімен шыңдала түсті. Жырларға, ән 

мен  күйге,  аңыз  –  ертегіге  арқау  болған  ол  соғыс  өнері  мен  әскери  амал-

айланы  биік  сатыға  көтеруші  мемлекеттің  интеллектуалдық  қарымын 

арттырды.  Бүгінде  батырларымызға  арналған  әдеби  –  көркем  шығармалар 

жарық  көрді,  тарихшылардың,  философтардың,  әскери  мамандардың, 

журналистердің,  өнер  адамдарының  зерттеулері,  мақалалары,  әндері 

жазылды,  есімдері  ауданға,  әскери  бөлімшеге,  мектепке  берілді,  қорлар 

құрылды.  Азат  қазақ  халқы  аман  тұрғанда  батырлар  есімі  мен  ісі  әрқашан 

құрметтеле беретіні күмәнсіз ақиқат. Мәселенің үлкені  – осынау ізгі ниетке 

ғылыми – теориялық, танымдық негіз қалауда. 

 


 

 



1.

 

Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999, 73-б.; 



2.

 

Есмағамбетов  К.  Батырлар  тарихы  -  рухани  байлығымыз  //  Қазақ 



тарихы. 2007, №4, 65-б.; 

3.

 



Дәуітбекова М. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты // 

Қазақ тарихы. 2009, №6, 31-б.; 

4.

 

Бижанов М. Социальные категории казахского общества ХҮІІІ века 



в  трудах  русских  ученых.  //  Казахстан  в  ХV-ХVІІІ  веках  (Вопросы 

социально-политической  истории).  Отв.  ред.  Б.С.Сулейменов.  Алма-Ата, 

Наука, 1969, 162-б.; 

5.

 



Қондыбай  С.  Жауынгерлік  рух  кітабы.  Алматы:  «Нұрлы  әлем», 

2006, 127-б.  



 

Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор  

Самат Есқалиев, тарих ғылымдарының кандидаты 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет