Дін философиясы. Дін қазіргі заманғы адам мен қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алады. Кеңестік таптық идеология үстемдік құрған жылдары дін біржақты зерттелгені белгілі. Діннің соңғы жылдары қарқынды дамуы, қоғамда діни сенімді қабылдаушылардың санының көптеп артуы дінді жан-жақты зерттеуді қажет етті және бұл бағыттағы жұмыстар табысты жүргізіліп отыр. Мысалы, дінді тарих, әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, философия және тағы басқа ғылымдар өз ғылымдары деңгейінен, әр түрлі аспектілерде зерттеуде.Діннің анықтамасы: қасиеттілік, құдайылық - абсолютті бастаудың, Құдайдың бар екендігінен туындайтын және соған сәйкес мінез-құлық, өмір сүру тәртібін, өмір салтын қалыптастыратын көзқарас, дүниетаным; адамға күш беретін, тірек болатын, өзіне табындыратын тылсым күшпен байланыстылық және оған тәуелділік сезімі. Діннің дефинициясы жоғарғы күшке сенімі ретінде нақты емес. Діннің құдайға немесе құдайларға сенімі ретіндегі анықтамасы да тар болып табылады. Құдайдың барына сену, бірақ өміріңді онымен байланыстырмау. Мәселен, Эпикур құдайлардың барына күмәнданбаған, оларды мойындаған, сонымен бірге құдайлар адамдардың істеріне араласпаған және көп адамдар мен құдайлардың арасында байланыс болмаған деп түсіндіреді. Сонымен қоса болмыстың толықтығына сену (эмпирикалық Мен ішіндегі абсолютті Мен, әлеуметтік София, Құдай) діннің эгоцентрлік, социоцентрлік немесе космоцентрлік түсіндірудегі ортақ ядросы болып табылады. Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Қоғамда діни сана үнемі болып келді. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын феномендер. Өркениетті деп саналатын батыс елдерінде де, бізде де дін мемлекеттен бөлінген, бірақ, ол қоғамнан ажыратылмайды. Дін қоғамдық құбылыс, ал қоғам мемлекеттің субстанциясы. Әлемнің діни жетекшілері 2006 жылы жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелр бар және де діндердегі қандай мәселелер өркениеттік жолмен қоғамдарды, елдерді, мемлекеттерді бір-біріне жақындастырады деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады. Адамзат баласына ортақ дүниелер көп. Біздің ойлау жүйемізде, діни жүйеде не ортақ екен? Ол ортақтық өркениетке, адамзаттың болашағына қалай қызмет етеді екен? Осы мәселелер ізгілік жолындағы адамзат баласын толғандырып отыр. Өйткені, осы кезге дейін біз бүкіл дүние жүзінің халықтарын дін-дінге бөліп, бөлектеп-бөлшектеп келдік. Тіпті өткен тарихтарға көз жүгіртсек, дін үшін қырғын соғыстардан миллиондаған адамдар опат болды, қасірет кешті. Осындай қасіретті азайтуда, не мүлдем жоюда діндер бір ортақ келісімге келе ала ма? Ортақ келісімге келудің уақыты туды. Бүгінгі таңда әркім өзінің діни сеніміне берік бола отырып, ортақ адамзаттық келісімге келу өркениеттік сананы қажет етпек. Өркениеттік сана дегеніміз әрбір адамның өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі. Халықтар, елдер арасында, діндер арасында ұрыс-керіс, жанжал емес, бүгінгі бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған XXI ғасырда мәдени сұхбат қажет. Исламды саясаттандыру төңірегіндегі әрекеттер исламның қазіргі қоғамдағы орнын даулы проблемаға айландыруға себепші болып отыр. Негізінде дін мен саясат екі бөлек феномендер. Дін адамның ұятында, арында, яғни оның иманында. Саясат болса, ол адамдардың қауымдасып, ұлт, халық болып, мемлекет құрып өмір сүрудегі тәсілі. Дін саясатқа жанасып кетсе-ақ, өз қадірін жоғалта бастайды. Сондықтан асылы Дін мен Саясат бөлек-бөлек болғаны абзал. Діндердің барлығы «әділдік пен махаббат» жолына үндейтінідігі ақиқат. Бірақ, сол әділдік пен махаббатқа білімсіз жету мүмкін емес. Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Абу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед Әл-Ғазали (1059-1111) былай деген: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім».
Рухани бірлік пен келісім аясында өмір сүру мақсатына жету үшін өркениеттілігіміз бен азаматтық қоғам ретіндегі мәдени дамуымыздың жоғарғы деңгейі болып табылатын толеранттылық (өзгеге төзімділік, қамқоршылық, жұмсақтылық, кішіпейілділік, мейрімділік таныту) қасиетімізді сақтай білуіміз керек. Қоғамның толеранттылығы өздігінен пайда болатын нәрсе емес. Ол – тәрбие арқылы қалыптасатын қоғамдық мінез. Ал мінездің негізі дінде. Дін білім арқылы келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-ші бабына сәйкес елде дін ұстану бостандығы қалыптасты. Бүгінгі Қазақстан халқы - көп дінді халық. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы Заңы» қабылданды. Демократиялық қоғам құрудың талабына сай осындай іс-шаралар жасалды. Дін – қоғамдық құбылыстардың ішіндегі ең күрделісі, қаншама ғасырлар бойы адамзат баласы діннің мән-мағынасын ашып көрсетуге талпынып, қаншама ұлағатты істер атқарды. Дін мағынасына анықтамалық теория беру де оңай емес. «Религия» -(дін) терминіне келетін болсақ, латын тілінен аударғанда «байланыс» дегенді білдіреді. Адам Абсолютпен (ең кемел бағдарлаушымен) байланысын сезінеді, бұл адамның табиғатымен бітіскен қасиеті. Барлық діндерге ортақ мүдде – адамдардың бейбіт өмір сүруі. Егер адамдардың құдайға деген сенімдері, дінге деген сенімдері қалыптасса, бейбіт тіршілік ету мәселесі де шешіледі. Дін адамның ішкі жан дүниесінде мейрімділік, шыншылдық, махаббат деген сенім мен үмітті қалыптастырады