Діни мазмұнды шығармалардың тақырыбы мен идеясын саралаңыз, оларды зерттеген ғалымдар шығармаларына шолу жасаңыз


Діни мазмұнды дастандарды саралаңыз, зерттелуі мен жариялануына шолу жасаңыз



бет51/52
Дата18.12.2023
өлшемі442,52 Kb.
#140465
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   52
Байланысты:
Діни мазмұнды шығармалардың тақырыбы мен идеясын саралаңыз, олар-emirsaba.org

Діни мазмұнды дастандарды саралаңыз, зерттелуі мен жариялануына шолу жасаңыз.

Діни дастандарды эпикалық жанрға жататын жыр деуге болады. Діни дастан - ислам дінін уағыздайтын, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт шадиярының есімдеріне байланысты мифтік аңыздар негізінде туған дастандар. Олар қазақ даласына он сегізінші ғасырда ауызша және жазбаша түрде кеңінен тарала бастады.


Діни дастандар жарияланып, басылғанымен оларды зерттеу мəселесі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жүзеге аса қойған жоқ. Жинаушылардың дерекнамалық пікірлері болмаса, ғылыми тұрғыда талдаулар жасалған жоқ. Өйткені қандай шығарма болмасын көпшілікке ұсынылғаннан кейін, оған байланысты құнды тұжырымдар жасау үшін белгілі бір уақыт қажет. Қазақ халқының діни эпосы əуелбастан ислам əлеміне негізделген. Діннің өзге нұсқасына арналған туынды жоқ. Мұның өзіндік себебі де бар. Оны белгілі ғалым В.В.Радловтың еңбегінен табуға болады: «Что касается религии казахов, то все они без исключения, как я уже заметил выше, несколько столетий кряду исповедуют ислам». Бұл пікірді сол кезеңдегі алғашқы айтылған ғылыми тұжырым деуге болады.
Сонымен қоса Кеңес дəуірі тұсында діни дастандар тұрмақ дінге қатысты бар дүниелер туралы арнайы пікір айту мүмкін емес болды. Жалпылама ойлар А.Байтұрсыновтың, Х.Досмұхамбетұлының, М.Əуезовтың еңбектерінде кездескенімен, діни дастандарға орай арнайы зерттеу жұмысы жүргізілген жоқ. Дегенмен, ғалым Н.Келімбетов исламға байланысты мұралардың қазақ даласындағы жандануына мəн беріп, нəзира дəстүрін дамтушылардың бірі Шəді Жəңгіровтың əдеби мұрасы жайында көлемді еңбек жазды. Мұнда авторлық діни қиссаларға кеңінен тоқталып, тереңнен талдап, жан-жақты зерттеулер жүргізді. Бұл сол кезеңдегі діни шығармаларды көркем туынды ретінде құрастыруға арналған алғашқы қадамдардың бірі еді. Және де ол 1974 жылы Ү.Сұбханбердинаның топтастыруымен жарық көрген болатын.
Сонымен қоса осы қисса-дастандар жайлы еңбек жазған белгілі зерттеуші-ғалым А.Қыраубаева өзінің ғылыми еңбегінде нəзира дəстүрінің жалпы əдебиетті дамытуға, өркендетуге айрықша үлес қосқандығын атап айтады. Нəзира дəстүрінің өзі алғашқыда өнерпаздар арасында туған бəсеке тəрізді көрінеді. Мəселен, белгілі бір оқиға желісін кім көркем тілмен, шегіне жеткізе, төгілдіре жырлайды екен? Бірінен-бірі асып түскісі келген шығарушылар сол оқиғаның мазмұнын байытып, көркемдігін келістіріп, тартымдылығын тамаша етіп бірте-бірте асқақтата берген. Соның нəтижесінде сұрыпталған, өңделген, дүниелер өмірге келген. Ал ғалым И.С.Брагинский нəзираның араб халифаты аумағынан асып Саманид патшалығындағы парсы əдебиетіне жеткендігін айтса, А.Қыраубаева: «ХІІІ–ХІХ ғасыр əдебиетінде жанданған нəзира дəстүрі Оянушылық дəуіріндегі антикалық мəдениеті жаңғырту идеяларымен үндесе келеді. Нəзираның негізгі тақырыптары ежелгі шығыс сюжеттері жанры қисса-дастандар болды», — деп тұжырым жасайды.
Сонымен қатар Р.Бердібаевтың, Ө.Күмісбаевтың, Б.Əзібаеваның еңбектерінде діни дастандарды эпикалық жыр тұрғысынан қарау мəселесі, араб-парсы жəне қазақ көркем шығармалары арасындағы əдеби байланыс айтылды. Ал У.Қалижанұлының «Қазақ əдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» деген еңбегінде халық ақындарының мұрасы мен ислам діні арасындағы байланысты жан-жақты қарастыра келіп, былайша тұжырым жасайды: «Діни-ағартушылық поэзия өкілдері діни схоластиканы уағыздаған жоқ, олар діннің ақ жолын қоғамның даму көзіне айналдырып, мұрат тұтқан, бүгінгінің тілімен айтсақ, ағартушылық қозғалыстың басында тұрады. Олар жалпыұлттық идеяға айналды. Егер қазақ халқының соңғы 80 жылдың ішінде оқу-білімге деген құмарлығы неге сөнбей отыр десең, сол идеяның жаңғыруының санаға сіңгенінің жемісі деп білген жөн. Ол процесс əлі біткен жоқ .
Сонымен қатар әдебиеттану саласында тағы бір тамаша ғылыми еңбекті өмірге əкелген ғалым А.Жақсылықов. Ол өзінің «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы» деген диссертациялық еңбегінде діни қиссалардың жанрлық сипатына назар аударды. Олардағы мифологиялық қолданыстардың қалай, қандай деңгейде қолданғандығына барлау жасайды. Кейіпкерлердің сомдалуына əсер еткен мифтің өзегіне ой жүгіртеді. Бір эпизодты қиссалардың кездесетіндігін айта келіп, бірнеше оқиғаның басын біріктірген көлемді эпикалық жырдың бар екендігіне жөн сілтейді.
Қазақ фольклортану ғылымын тағы бір саты жоғарлатып, жаңа ғылыми кеңістікке жол ашқан зерттеуші-ғалым Б.Əзібаева болды. Ол ауыз əдебиетіндегі дастандық эпосты айқындап, ғылыми тұрғыда жүйелеп шығумен қатар, шығармалардың ішкі мазмұнына тереңдей еніп, композициялық құрылымын, көркемдік көріністерін, кейіпкерлердің кескінделу тəсілін аша білді. Ғалымның «Казахский дастанный эпос» еңбегінің көлемді бір тарауы діни дастандарға арналған. Тың дүниенің тылсым қасиетіне түсінік бере келіп, мұраларды төрт түрге бөліп қарастыруды ұсынды. Олар:
а) ислам тыйым салаған іс-əрекеттер туралы дастандар;
ə) мұсылман батырлар туралы дастандар;
б) исламды тарату жолындағы дінсіздермен соғыс туралы дастандар;
в) мұсылманшылықтың жолы, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар, төрт шадияр туралы дастандар.
Мазмұндық тұрғыдан бұлайша жүйелеудің жөн екендігіне зерттеу барысында көз жеткізуге болады. Алты дастанға əдеби талдау жасаған. Олар: «Əбу-Шахма», «Мұхаммед-Қанапия», «Зарқұм»,«Дариға қыз», «Киік», «Бозторғай». Мұсылман батыры Əлидің бейнесінің сомдалу сипаттарына жан- жақты тоқталып, келбетін ашады, Мұхаммед-Қанапияны Əлидің баласы екендігін дəлелдейді, ислам қайраткерлерінің діни қағиданы қатаң ұстанғандығын көрсетеді жəне тағы да басқа қырларын айқындайды. Ғалымның негізгі түйіні мына пікірде жатыр: «Главный метод создания дастанов — использование общефольклорной поэтики, как-то: эпизация описываемых событий, героическая идеализация, сочетания конкретно-бытовой достоверности со сказочно-фантастическим и вымышленным; налицо также специфические дастанные параметры; индивидуализм и конкретизация; психологическая насышенность, детализация и орнаментализация как при создании образов, так и при описании». Еңбектің құндылығы сонда, қазақ фольклорында ұлттық дəстүр мен ою-өрнекті бойына сіңірген, ұзақ уақыттар мерзімінде аңыз желісін өзек ете отырып қалыптасқан діни дастандардың бар екендігін көрсетеді.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   52




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет