Мәтіннің мазмұнына ерекше назар аудартуды көздеу. Өйткені мәтін -
ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби туралы. Мәтінді оқу арқылы оқушы даналыққа барар жол - мектеп-медреседен басталатынына зер салады. Ұлы бабамыз Бағдатқа дейінгі жолында көптеген елдерді аралап, солардағы бар жақсы білімді алады. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, бұл жолдың әл-Фарабиді ғылымның әр саласында еңбек етуіне апарар жол болғанын оқушы санасына жеткізуге тырысу керек. Келесі кезеңде тілдік талдау жасауға болады:
- қазақтың төл сөздерін атаңдар;
- басқа тілден енген сөздерді теріп жазыңдар, олардың қай тілден енгенін, өмірдің қай саласында қолданылатынын айтыңдар;
- атақты, ойшыл, ат, ұстаз, қала сөздерінің синонимдік қатарларын жасатыңдар;
- көне сөздерді, сөз тіркестерді тауып, мағынасын ашындар, олардың, қандай мәтінде қолданылып тұрғанына көңіл аударыңдар;
- жаңа мәнге ие болған сөздер, жаңа сөздер бар болса - тауып, мағынасын ашыңдар;
- тұрақты тіркестерді, ауыспалы мәнде қолданылып тұрған сөздерді көрсетіңдер;
- кәсіби сөздерді, диалектілерді табыңдар; - мәтіндердің ұлттық тілдің қай тармағына сай келіп тұрғанын табыңдар; қай мәтін әдеби тілде жазылған деп ойлайсыңдар? Тек диалектілермен немесе ауызекі сөйлеу тілінде қарым-қатынас жасауға бола ма?
- мәтіндерден ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін, диалектизмдерді көрсетіңдер;
- бұл мәтіндердің тілдің қоғамдық өмірдегі қай қызметін көрсетіп тұрғанын анықтаңдар, мемлекеттік тіл қоғам өмірінің тағы қай саласында қолданылуға тиісті екенін айтындар.
Жаттығуларды осылай жүйелеп алған соң мұғалім оқушылардың таным деңгейін көтеруге, оларды еңбекке баулуға, халық тұрмысының ерекшелігін танытуға, халықтың әдет-ғұрпын қадірлеуге, отан сүйгіштікке, ата-ананы қадірлеуге, ізденгіштікке тәрбиелеу сияқты үлкен мақсатын орындай алады деп сенуге болады. Осыдан кейін «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Жеті жұрттың тілін біл», «Басқа елді тануға апарар жол - ана тілің» сияқты тақырыптардың біріне пікірталас өткізу тиімді. Сол арқылы оқушы мемлекеттік тіл, оның қолданылатын орындары және қазіргі жағдайы туралы ойланады, толғанады.
Бөлім соңындағы пысықтау сұрақтары бойынша оқушылардың өз ойын біршама тұжырымдап, пікірталас арқылы бірін-бірі толықтыру, қосымша ақпарат беруде жауаптың берілу жүйесіне, сөйлем құрау стиліне мән бере отырып жүргізілсе, тақырыптың қаншалықты ашылғанын көруге болады.
9-сыныпта қазақ тілін оқытудың ендігі бір өзгешелігі де, қиындығы да — «Пунктуация» тақырыбына байланысты.
Өзгешелігі - бұл тақырып біраз жылдардан бері оқу бағдарламасынан түсіп қалып, синтаксис көлемінде қарастырылып жүрген. Ана тілін оқыту –қоғамның ертеңгі дара тұлғасын оқытып, тәрбиелеудегі басты құралы десек, тұлғаның жан-жақты білімділігі, сауаттылығы оның сөйлеу мәнерінен де, жазуынан да көрінеді. Тыныс белгілерін орын-орнымен қолдана білу - үлкен сауаттылық пен мәдениеттілік белгісі. Қиындығы - оқушылар үшін мұның бәрі таныс, себебі бастауыш пен баяндауышты, бірыңғай мүшелер мен қыстырма сөздерді, қаратпаны, құрмалас сөйлемді оқушылар осыған дейінгі сыныптардан біледі, сондықтан олар «бәрін білемін, білуші едік қой» деген көзқараспен қарайды. Ендеше сол білетіндерін қарым-қатынаста, жазуда қолдана ала ма, егер бұлай болса, оны әрі қарай дамыту қажет те, ал «білмейтіндерге» оны біртіндеп үйрету керек. Қалай болғанда да, пунктуацияны оқыту оқушыларды жалықтыратын қызықсыз, жүйесіз қайталау болып кетпеуі керек.
Тыныс белгілері дұрыс қойылмаған мәтінді оқу да, оның мәнін түсіну де қиын. Сондықтан тақырыпты бастарда мұғалімнің оқушыларға тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мен соған сай дауыс ырғағымен айта білудің маңызын түсіндіріп алуы аса қажет. Мұнда бұрынғы өтілген материал қайталанбайды, ол оқушылардың еске түсіруі негізінде жүргізіледі. Себебі тыныс белгісін қоюдың өзіндік заңдылықтары бар екендігі белгілі. Бұлай болмаған жағдайда, «мұны бұрыннан білемін» деген оқушының селқостығын туғызады әрі оқушы үшін еш жаңалықсыз жалықтыратын қайталау болып көрінеді. Бұл үшін тыныс белгілерінің біразын қамтитын (қойылмаған) мәтін алып, оны оқушылардың өздеріне оқыта отырып, тыныс белгісі қойылмаған мәтіннің олқылығы неде екенін түсіндіруге болады. Сол арқылы тыныс белгісі қызметінің қаншалықты зор екендігін, ендеше оны қоя білу, тыныс белгілері қойылмаған мәтінді дұрыс оқи білу — үлкен білім, өнер екеніне оқушылардың көзін жеткізу қажет. Мысалы, мына үзінді оқушыларға әдебиет пәнінен таныс, енді осы мәтінді тыныс белгілерін қоймай оқытып көрейік.
Өзге балалардың шуында Абайдың жұмысы жоқ-ты. Бірақ анадайдан Абайдыцң сүңгігеніне қызығып тұрған Оспан бар баланы ертіп келді Өзін-өзі жалаңаш санына шапалақтап Абайға айқайлап Сүңгі, сүңгі Тағы сүңгі. Солай деп бақырып келе жатып бір сәтте жолындағы Смағұлдың арқасына секіріп мініп алды. Смағұл оны лақтырып тастаймын деп бқлқынып еді. Иә жығарсың Сен түгіл қысырдың асау тайы — ақ тай да жыға алмаған. Оспанды Қанша мөңкісең де түспеймін деп Смағұлдың мойнын құшақтап қысып ап екі аяғымен тепеңдеп тебініп қояды...
Абай Оспанның тентектігінен мезі болатын... Қазірде Оспандар шулап келгенде Абай жақтырмай тайқып шықты. Киіне бастады.
Оспан Абайдың тұнжырлығын елеген жоқ.
Абайша сүңгимін деп саяз жерге етпетінен жата қалады да артын тоңқитып мөңкіген тайдай екі аяғын шаншыта береді.
Абай асықпай киініп боп енді үйге қайтпаққа артына бұрылып еді Жар жағасына Тәкежан кеп тұр екен. Сұлу киінген әдемі бозбала Тәкежан аш үстінде қолында қаршығасы бар...
Тәкежанның қанжығасында бір сары ала қаз, екі үйрек бар екен. Барлық бала соны көре сала
Ей аға
Әй ағатай маған
Маған Маған берші деп судан ырши-ырши жүгірісті. (М. Әуезов.)
Оқушыларға мәтіннің тыныс белгілерін қоя отырып оқытып алған соң, енді оқулықтағы тыныс белгілері қойылған мәтінді оқытып, тыныс белгілерінің қойылу себебін ашу керек. Осыдан кейін тыныс белгілерінің шығарма мазмұнын түсінудегі қызметін оқушылардың өздерінің байқағандары бойынша әңгімелетіп, тыныс белгісі қойылатын орындарды тауып, тиістісін орын-орнына қоя білудің, олардың мағынасын дәл аша алатындай етіп оқи білудің қаншалықты қажет екенін оқушының өзі түсініп, көз жеткізуі қажет.
Осылайша сабақтың - өткенді қайталау емес, енді меңгерілетін білімге негізделетін сабақ екенін сезіндіру аса маңызды кезең болып табылады.
Жалпы, оқулықта беріліп отырған мәтіндер жаңа бағдарлама қойып отырған талапқа сай, негізінен, тұтас (жеке-жеке сөйлем емес) берілді. Мәтіндердің мазмұны терең, танымдық мәні жоғары.