2.2. Әдеби тіл стильдерін оқыту Оқулықта ауызекі сөйлеу стилінің, көркем әдебиет стилінің, ресми іс қағаздары стилі мен баспасөз стилінің және ғылыми стильдің өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бір-бірімен байланыста, сабақтастықта жүйелі берілген. Оқушылар «Ауызекі сөйлеу стилі», «Ауызекі сөйлеу стилінің түрлері», «Көркем әдебиет стилі», «Ресми іс қағаздары стилі», «Публицистикалық стиль», «Ғылыми стиль» сияқты тақырыптар бойынша тілде қолданылатын стиль түрлерінен мағлұматтар алады.
2.2.1. Ауызекі сөйлеу стилі Сөйлеу стилі адамдардың бір-бірімен күнделікті қарым-қатынасында ауызекі тілдесу түрінде жүзеге асатыны белгілі, яғни бұл жерде тілдің коммуникативтік функциясының баса сезілетіндігіне оқушылардың назарын аудару керек. Ауызша сөйлеуде еркіндік басым екендігі, күнделікті өмірдің барлық саласында тілдің қызмет ететіндігі, бірақ тілдік жүйені пайдаланудың әртектілігі түсіндіріледі. Сыныпта оқулықта берілген жаттығуларды
орындатып, тапсырмалар бойынша сөйлеу стилін игерту, тілдік құбылыстарды талдау және оларды практикалық қажеттілікке айналдыру шеберліктерін жетілдіру жолдарын көрсететін шығармашылық жұмыстарды жалғастыруға болады. Мысалы: күнделікті тұрмыс тақырыбы мен ғылыми тақырыпта сөйлеу; жиналыстар мен радио, теледидардан сөйленген ауызекі сөз үлгілерін салыстыру, өзіндік ерекшеліктерін анықтау. Мәселен, радиодан, теледидардан сөйленген сөздер формасы жағынан ауызша болып келгенмен, тілдік құралдарды пайдалануда әдеби норма ескеріледі. Ал енді ауызекі сөйлеудің қарапайым түрінің лексикасына диалектілер, қарапайым сөздер еніп кетіп отырады. Бұл - дайындықсыз сөйлегенде қолданылатын түрі.
Ауызекі сөйлеу стилінде жазылған көркем мәтін үзінділеріне стилистикалық талдау жасатуға үйретудің де маңызы зор.
- Жарықтарым-ау! Кінегені түзеткен кісі жоқ.
- Болыстың басы екеу дейсіздер ме?
- Не қыл дейсіңдер?
- Болмайтын жұмысты айтпандар.
- Ақылға түсіңдер!
- Жігіттер тоқтамайды. (Ж. Аймауытов)
- Мылжыңдап барасың, антұрған.
- Құдай ақы, рас. Біздің қатыннан құрт сұрап әкетті. (Ғ.Мұстафин)
Жоғарыдағы мысалдардың тақырыбы мен сөйлеу жағдайына, лексикалық құрамына, сөз үлгілеріне, сөйлем құрылысына, сөздердің орын тәртібіне назар аударылады. Жаттығулардағы диалогтерді орындата отырып, сөйлеу мәнеріне, диалогті айтушының көңіл күйіне, сезіміне, дауыс ырғағының ерекшелігіне мән беріледі.
Жаттығуды орындатып болған соң, оқушылардың бұрынғы білім негіздеріне сүйене отырып, диалогтің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, ауызекі сөйлеу тілі диалогке құрылатындығы, диалогтердің ілікпе сөздер (реплика) тізбегінен тұратынын, қысқа да тұжырымды болатынын естеріне сала отырып, өздеріне бірнеше диалогтер құрғызуға болады.
Үйге тапсырма ретінде өздері оқыған газет-журналдарынан, көркем әдебиет беттерінен диалогтерді теріп жазуды тапсыру керек.
Ауызекі сөйлеу стилінің қолданылатын формалары жарыссөз, дәріс, консультация, баяндама, әңгімелесу, сөйлеу стилінің ерекшеліктері жөнінде айтылады.
Қазақстанның табиғаты, халық шаруашылығы, байлығы жайында әңгіме айтқызуға, дәріс оқытуға, баяндама жасатуға болады.
Оқушылар жасайтын баяндаманың формалары төмендегідей болып келеді. «Қазақстан табиғаты және қазба байлықтары» атты баяндаманың үлгісі.
Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Еуроазия материгінің орталық бөлігінде жатқан және дүниежүзілік мұхиттан алыс ел болғандықтан, ауа райы құрғақ, жерінің үштен екі бөлігі куаң, шөлейтті аймақ. Жерінің кеңдігі соншалықты, солтүстігінде қар енді еріп жатқанда, оңтүстік облыстарында жеміс ағашы гүлдеп жатады.
Жер қойнауы пайдалы қазбаға өте бай. Дүние жүзіндегі теңдесі жоқ, қалыңдығы 150 метр келетін көмір алабы - Екібастұз - қазақ жерінде. Қазақстанның экономикасы тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіп салалары өндірген өнімдерімен де дүние жүзіне танымал. Балқашта қорытылатын мыс Лондондағы халықаралық түсті металл биржасында сапа эталоны ретінде тұр.