Әуелі «бисмилла» деп сөз басталық,
Алланың хақ жолынан адаспалық.
Жолы деп шариғаттың амал етсе,
Инша Алла сол уақытта азбас халық [38,291-292б.].
Өзге жыраулар сияқты Әбубәкір Кердеріде халықты дін Шариғатына шақырып отырды. Кез келген істі бисмилла деумен бастау ол шариғаттың талаптары екендігі мәлім.
«Ағузы» менен «бисмиллә»
Әpбір сөздің бастауы.
«Әлхамдулилла» салауат
Мұсылман пенде аузынан,
Дұрыс емес тастауы.
Ала таңмен аралас,
Зікір етіп жырлаған,
Бір құдайдың достары [38,303б.].
Ағузы арабша - Бұл жерде «ағузу билләһи минаш-шайтонир ражим», яғни «қуылған шайтаннан /оның азғыруынан/ Аллаға сыйынамын» деген сөз қыскартылып беріліп тұр. бисмиллә /араб/ - Алланың атымен Зікір сөзі келтіріледі. Бұл Қожа Ахмед Яссауйдің хикметтерінде де Зікір сөзі көптеп кездестіруге болады. Еске алу яғни Алланы мақтап дәріптеп мадақтау деген мағынаны білдіреді.
Жараңдар кеңес жазайын,
Үшбу дәптер қағазға
Ақымаққа таяқ деген бар.
Ақылы қысқа сабазға.
Мұсылман болсаң – іждат қыл,
Иман, ораза, намазға.
Ислам дінінің бес парызының екеуін осы жерде жазып амал етуі керектігін айтқан. Бұл мәтіндерден Әбубәкір Кердерінің ұстанымы Шариғаттың жолы екендігін айқын байқауға болады.
3-ші кесте
Ақын
|
Туған Жері
|
Шығармалары
|
Шығармаларының мағыналары
|
Әбубәкір Кердері
|
Батыс
Қазақстан
Ақтөбе облысы
|
Әбубәкір Кердері молданың ноғай халқына насихат қылып айтқаны
|
Бұл кісі хан билігінің кезеңін аңсайды
Адамдарды білім, ғылымға және өнерге шақырады
|
Әбубәкірдің өлең, толғауларында араб, парсы, түрік, орыс, татар сөздері кездеседі. Ақын оларды дүмше молда, надан қазылардың шариғат жолындағы білімсіздігін дәлелдейтін яки әшкерелеп, түсіндіретін қажет жерде сұрақ-жауап айтыстарында қолданған. Сол өлеңдерінен ақынның діни фанатизмге қарсы екендігін, діннің ұымы терең екендігін жеткізіп тұрғандай.
Әбубәкір Кердерінің белгілі ғалым профессор М. Мырзахметұлы өзінің «Ясауи ілімін жалғастырушылар» деген зерттеуінде сопылық жолмен таныс екенін тұжырымдап берген. Ғалым М. Мырзахметұлы ақынның өлеңдерін Иассауи хикметтерімен салыстыра отырып, үндес өлең жолдарын көрсеткен және Әбубәкір Кердерінің «Сопылар пайғамбар жолын ұстанып, хаққа ғашық, малға дос пенделіктен бас тартқан, танымы зор ғұламалар болған еді»- деген пайымын өлеңдеріне негізделе жасайды.
Ақынның мына өлең жолдарына қарайтын болсақ:
Зор шүйінші айтамын
Мұсылман болып туғанға,
Ләббай күйіп рухым,
Хаққа мойын сұнғанға [40, 3741б.].
Ажал келсе бір күні,
Ләббайын деген рухың,
Уағдадан табылдың! [40, 3811б.].
Әбубәкір «ләббай» сөзін «иә» сөзінің синонимі ретінде алып, «әл-Мисақ» келісіміндегі адам баласының жауабына аллюзия ретінде қолданған. Иассауи оқуы осы Құрандағы «Әләсту бираббикум» аятынан көрініс беретін «әл-Мисақ» келісіміне негізделеді. Бұл туралы құран кәрімде «Раббың Адамның бүкіл үрім-бұтағының беліндегі ұрпақтарын шығарып алып, оларды өз-өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!» – деп жауап берді. Біз мұны қиямет күні: «Расында, біз бұдан бейхабар едік», – деп сылтау айтпауларың үшін істедік»-деген аят негіз бола алады.Осы келісімде адам Хақты жаратушы деп танып, оның әміріне мойынсұнуға уәде беріп, екі жақты келісім жасаған. Ал осы келісімнің барысы, яғни адамның рух тұрғысында өз уәдесінде тұру не тұрмауы, шынында да тек өлгеннен соң белгілі болады. Осы келісім кезінде адам рухы өзінің Жаратушы Иесінің абсолют сұлулық екенін, ақиқат жамал екенін танып ғашық болған. Сопылар өздерінің әуел бастан Хаққа ғашық екендігін осы кезбен байланыстырады. Ақын бұл ақпаратты «рухтың күю» образымен бейнелеген. Әбубәкір «күю» деген бір сөз арқылы сопылық махаббаттың мәнін жеткізе алған: мұнда махаббаттың сағынышы да, ғашықтықтан зарығу Да, сүйгенін аңсау да, айрылысудан аласұру да, кездесуден шабыттану сияқты сезімдер қамтылған. Жалпы зар заман ақындарының ішінде Әбубәкір Кердері сопылықты діни догмалардан ажырата білген деген пайымға келеміз.
Әбубәкір Кердерінің қолданысындағы сопылық терминдер ақынның дүниетанымдық елегінен өтіп, біршама өзгерістерге түскен. Мысалы:
Зікір, тасби айтыңыз,
Қатқан көңіл жұмсатып [40, 380б.].
Ақын зікір айту арқылы көңілге, яғни жүрекке мейірім ұялайды деген ой тастайды. Көңіл жұмсату дегеніміз, жүректі Алланың тұрағына айналдыру болып табылады. Сопылар зікірді айту арқылы рухани дүниемен байланыс жасап, өз рухани ахуалын абсолют дәрежесіне лайықтау, сәйкестендіру жүргізеді. Зікір айту жүректі рухани тазалау, тазарту болып табылады. Зікірдің бұл қызметінің ұлылығы «Ғанкабут» сүресінің «әрине Алланы еске алу, аса ірі нәрсе» деген 45-аятында баяндалған. Құран Көрімнің «Рағыд» сүресінің 28-аятында мына сөз бар: «Сондай иман келтіргендер; Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын: Алланы еске алумен жүрек орнығады». Сопылар бойынша, зікір - Алла құдіретінің кемелдігін танытуға бастайтын жол, олар зікірді санамен шектелген шеңберді жарып шығып, мәңгілік өлшеміндегі ғаламның табалдырығын аттауға көмектесетін амал ретінде қарастырады. Ас-Сахамранидің «Сопылық: пайда болуы және терминдері» деген еңбегінде зікірдің бірнеше түрге бөлінетіні айтылған: бата алу зікірі, Құран Кәрім зікірі, тәсбих зікірі, дұға зікірі, шүкіршілік зікірі, тағаттылық зікірі. Әбубәкір зікірдің бұл түрлерімен таныс екенідігі де «зікір тасби(дұрысы тәсбих) айтыңыз» деген сөзінен анық байқалады. Сондықтан да Әбубәкірдің «көңіл жұмсату» деген сөзін сопылық тұрғыда рухани өсу, Хақ мейіріміне лайық болу деген мәнде түсіну қажет деп білеміз. Яғни Діни медреседе тәлім алған Әбубәкір Кердері өлеңдерінде сопылық таным нақты көріністерге ие болғанын байқаймыз. Алла Тағаланың шексіз құдіретіне махаббатын өзінің жыр-толғаулары арқылы жеткізген Кердері Әбубәкір де жоқтан бар жасаушы Иесіне деген өз іңкәрлігін төмендегіше төгілтеді:
Әуелі, Алла, жараттың
Топырақтан халық етіп.
Шығардың бізді жарыққа
Қараңғыдан жарық етіп,
Жеті мүше жан беріп
Оны бізге көрік етіп. [40, 373].
Алла Тағаланың жаратқанына сеніп, соған ғана сиынатынын ашық, әрі айқын жазған. Алланың Адамды жаратуы туралы Құранда былай делінеді: Ол, адамзатты құмырадай сыңырлаған құрғақ топырақтан жаратты». [8,55:14]. Бұл туралы: ««Әй, адам баласы! Егер өлгеннен кейін тірілуден күдіктенсеңдер, әрине біз сендерді топырақтан сонан соң жыныстық тамшыдан, кейін ұйыған қаннан тағы бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен өздеріңе тектеріңді білдіру үшін жараттық. Сондай-ақ жатырларда қалаған мерзімге дейін қойып қоямыз. Соңында бөбек түрінде шығарамыз. Одан кейін ержетесіңдер. Кейбіреулерің қайтыс болып, кейбіреулерің әр нәрсені білгеннен кейін түк білмейтін өмірдің ең нашарына қайтарыласыңдар. Қураған жерді көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, құлпырып, көпсіді де әр түрлі көркем өсімдік өндірді». [8,22:5]. «Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркемдестірді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастайды» [8,32:7]. сол жырдың жалғасында былай деп келтірген:
Біреу – жігіт, біреу – жас,
Біреуді қойдың қарт етіп.
Біреу – ауру, біреу – сау,
Біреу – жарлы, біреу – бай,
Біреуді қойдың жаһанда
Мал-дәулетке қарық етіп [40, 373].
Алла Тағаланың адамзат баласын түрлі жағдайда сынауымен байланысты өрілген. Ақын пайымдауында әр адам өзіне жазылған тағдырға тәубе етуі тиіс. Себебі, тәубе мен қанағат – пенденің ең ізгі ниеттерінен туады. Ақын жыраулар поэзиясында адам баласының жаратылу оқиғасы баяндалғанмен, оған рухтың берілу оқиғасын жырға қосқан ақындар сирек.
Сынақ туралы құран кәрімде: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы» [8,62:2].
Осы өлең жолдарындағы айтылған, ойлар мәселелердің бәрі де діни кітаптарда талданған дүниелер. Ақын шариғат бойынша жан дүниесімен алланы бір, Мұхаммад оның елшісі деп таныған. Әбубәкір Кердерінің қай өлеңін алып қарасаңыз да шариғатты жақсы түсініп, нәзік жырлайтынын көреміз. Ақын мына бір өлеңінде:
Инабат – ердің дәулеті
Өсер басының әулеті
Инабатсыз ерлердің
Итке ұқсар келбеті
Ұқсағаны емей немене
Кем болған соң құрметі
Инабат – діннің бүтіні
Пайдасына керекті
Өзі түгіл тұқымы
Жалғанда ердің мақшарда
Жүзін шалар деген бар
Жаһаннамның түтіні
Қайтіп түтін шалған соң
Қара болар сиқылы
Фаһім етіп қарасаң
Шариғатқа шет болмас
Әубәкірдің бұл тілі [42,77] – деп, әдептілік пен имансыздықтың соңы қалай аяқталатынын, олардың келбетінің ақиретте қандай болатынын түсінікті түрде толғайды. Әбубәкір ақынның сопылық хақында айтқандары да көңілге қонымды.
Оның: Қор болған екіншіде сопы жолы
Бұл жолды ұстаушы еді ердің зоры
Әліптің атын білмес надан сорлы
Қорқамын болама деп діннің соры
Сопылық Қап тауынан биік еді
Теп тегіс жетіп кетті жұрттың қолы [42,80],– деген өлең жолдарынан қол жетпес асылдың қадірі кетуін байқаймыз.
Ақын дін жолына екінің бірі түсе алмайтынын ескере отырып, ел ішінде көбейген надан молдалардың таза діннің қадірін қашырып жүргенін тілге тиек етеді. Ақын өз заманындағы шала молдалардың дінді бұзып бұзып жүргенін осылайша сынай отырып, елге ислам дінінің тазалығы туралы үлкен ой тастай білді. Нағыз мұсылман баласы айналасына, туған-туыс, дос, бауыр, көрші-қолаңдарына аса мейірімді, қайырымды болуы керек. Ол еңбекпен мал тауып, сол тапқан дүниесін ысырапсыз таза, төгіп-шашпай ұқыптап жұмсай білуге міндетті. Таңертеңнен кеш батқанға дейін мен мұсылманмын деп жұмыс істемей, қол қусырып жатып ішуге шариғат жол бермейді. Ислам діні әрбір мұсылманды білім алуға, адал табыс табуға, қажырлы еңбек етуге үндейді. Бұл жағдай «Құран Кәрімде» де, «Хадис Шәрифте» де жан-жақты айтылады. Ғалақ сүресінде: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Сөз жоқ, адам баласы әрине азады», – делінген [8, 96:1-5].
Қорыта айтсақ, Әбубәкір өзі өмір сүрген дәуірдегі әрекетер мен адамдар арасындағы қарым – қатынас діни ахуалдарды сипаттауға елеулі үлес қосқан. Өткен мен бүгінгі заманды айтқанда көптеген қайшылықтарға ұрынып, бұрынғы дәуірдің қаймағы бұзылмай қайтып оралуын көксеген ақын. Кейде тұрмысқа ене бастаған жаңалықтарға тосырқай қараса да, дәуір талабына сай жаңашыл жадидизм бағытын құптаған. Билік пен әділетсіздік, зорлық – зомбылық жөнінде айтқанда дін қағидаларын берік ұстады, көбінесе сол ұғымдарға сәйкес түсіндірмек болды. Ақын өзі өмір сүрген кезеңдегі ел тағдыры мен заманның мәселелерін сөз етіп, халық басына түскен ауыртпалықты жырға қосты.
2.3. Дулат ақын жырларындағы діни пайымдаулар және қазіргі заманғы діни психологиялық
Дулат Бабатайұлы(1802-1871) Семей облысының Аягөз ауданында Сандықтас қонысында дүниеге келген. Ол хандық дәуір жойылып, аға сұлтандар басқарған заманның жыршысы. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішінде ауызша және қолжазба түрінде тараған. Ескіше сауатты, көкірек көзі ашық ойлы, зерделі ақын. Бұл азаматтар Дулат Бабатайұлының өзін көрмесе де оны көрген Байділдә ақсақалдың қолжазбасын сақтап, жұртшылыққа табыс еткен. Байділдә (1839-1919 жж) Дулат Бабатайұлы жақсы білетін замандас, өкшелес адам болған. Ол Дулат өлеңдерін жазып алып, қолжазба түрінде сақтап келген. Қазақстан ғылым академиясының әдебиет пен өнер институтының қолжазба қорындағы Дулат өлеңдерінің біразы (1500 жолдай) соның сақтауы арқылы жеткен. 1880 жылы Қазанда шыққан «Өсиетнама» кітабында ақынның біраз өсиеттері мен толғаулары енген. Жалпы көлемі сегіз жүз жолдай өлеңдері, ел арасында кең тараған [39,113б.].
-сурет. Зар заман ақыны Дулат Бабатайұлы.
«Өсиетнама» жинағына оның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлап бейнелеген қоғамдық ой тудырған толғаулары енген.
Дулат Бабатайұлының (1802-1871) өлеңдерінде Иассауидің сыншыл сарыны орын алған. Дулат ақын Сопы Аллаярдың еңбектерін біршама білген. Сондықтан болар азғын заман белгілерінің бірі ретінде жаны таза сопылардың құрдымға кетуі деп көрсеткен:
Алал сопы мен емес
Пірдің сөзін тұтынған [41,51б.].
Бұл жерде Сопылық пен қоғам қатынасынан гөрі, идеялар адамды қоғамнан бөлектеуге бет бұра бастаған. Бұл бөлектеу барысында ақын өзін мінеу сынау арқылы адамды өзне яғни жан дүниесіне бойлай қарауға шақырады:
Күнәм жойқын тәубем аз
Тіршіліктен не таптым.
Дүние жемтік мен төбет,
Соны бақпай не бақтым.
Ырылдасып әркіммен,
Не қапқыздым не қаптым [41,52б.].
4-ші кесте
Ақын
|
Туған Жері
|
Шығармалары
|
Шығармаларының мағыналары
|
Дулат Бабатайұлы
|
Шығыс Қазақстан
Аягөз ауданы
|
О Сарыарқа Сарыарқа,
Кеңесбайға,
Бараққа,
Өсиетнама
|
Ресей патшалығының отарлау саясаты, халықтың басына түскен нәубет жырланады, қазақ жерін Ресей патшалығына беріп қойған хандарды сынады
|
Бұл өзін жазғыру төмендету сарыны Ардақты елші Хз. Мұхаммед пайғамбардан бастау алады. Алла Тағала бүкіл өткен және болашақ күнәсін кешірілсе де ол өзін «Мен уммимін», «мен құлмын»-деп Аллының алдында кішірейеді. Одан кейін Иасауи бабамыздан «Барша бидай, мен сабан, Барша жақсы, мен жаман» деген ұстанымда болған. Хикметтерінде Алланың сөзін ескермедім деген жазғыру шумақтары кездеседі. Ал Дулат Бабатайұлының Абайдың Иасауидің де негізгі өлшемі – Ұлы Жаратушы. Адам кемелдігі мен хикметі өзін Алланың «зҽрре» сипаттарымен өлшеуге тырысуында жатыр. Дулат Бабатайұлының діни тақырыпқа қатысты өлеңдері мен өлең шумақтарынан оның сопылықты қаншалықты құрмет тұтып, қадымдық бағытқа неліктен қарсы болғанын бірден аңғаруға болады.Бұған ақын өлеңдерінен бірнеше мысал келтірейік:
Өсекші – тәңірі дұшпаны,
Күнәмді қалай ақтадым?
Аз нәрсеге ант ішіп,
Аруақты аттадым.
десе келесі шумағында:
Мөңіреп жұртқа ой қайтты
Бұзауы өлген сиырдай.
Ләпсі – төбет қабаған:
Жемтік көрсе, тұра ма
Ырылдап, танау жиырмай?!
Осы үзінділердегі ой ағымы исламның сопылық бағытындағы пенде бойындағы күнә, кемшіліктер мен олардан арылу сатыларын ақынның өз замандастарына тәрбиенің рухани құралы ретінде поэтикалық өрнекпен алға тартқанын анық байқатады. Өйткені, суфизмде күнәнің 4 түрі бар. Олар: нәпсі, атеизм (құдайға қарсы шығу), тағылық инстинкт (еңбексіз табыс табуға құмарлық, отарлық ашкөздік), адамға деген махаббат (адамды Алладан жоғары қою). Отаршылдар пендеге тән осындай күнәларды қасақана отарлық саясатқа орайластыра қоздыруға күш салды. Бұлардан сананы тазартудың жолы суфистік бағыттағы шариғат, тариқат және хақиқат деп аталатын сатылар. Оларда халықтың моральдық сана көрсеткішіне айналған мынадай ұғымдар қалыптасқан: Тәуба – өз кінәсін мойындау; сақтық (вара) – халал мен харам арасын ажырата білу; тартыну (зухд) – нәпсіден бой тарту; қайыршылық (пақыр) – Алла алдындағы кедейлік; сабыр – Алла ісіне бас ию; тәуекел (таваккул) – Алла берген қуатқа арқа сүйеп, қиындыққа қарсы күресу; құлшылық (рида) – Аллаға деген махаббат; т.б. Міне, осындай исламның суфистік бағытындағы гуманистік ой-пікірлерді ақын халықтың ұлттық дүниетанымымен бірлікте ала отырып, отарлық езгі саясатына қарсы рухани күрес құралына айналдырған. Мұны абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдың суфизмге қатысы жайында бірер сөз» атты ғылыми мақаласында былай тұжырымдаған: «Абай өзінің бірінші қара сөзінде ендігі өмірін не қаракетпен өткізбегі жайында пікір қозғағанда: «Софылық қылып, дін бағу. Жоқ, ол болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілінде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?» - деп дін бағудан бұрын сопылық қылуды алға қоя сөйлейтіні бар.Бұл жай айтыла салған пікір емес, оның астарында терең мәнді мағынасы бар сөз. Өйткені, бүкіл түркі халқының бәріне ортақ ойшыл ақыны, яғни Түркістанның пірі атанған Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикметінде» баяндалған софылық дүниетанымның далалықтар арасында басымырақ таралғанын ескермесе болмайды. Иассауиді зор мақтаныш сезіммен «Әзірет қонған Қаратау, Аса алмаған онан жау»- деп мадақтай көтерген сұңғыла ойшыл Дулат ақын пікірі жай айтылмаса керек-ті». Дулат ақын:
Ақылы жоқ молдалар
Иман алмақ тиынға.
Оңайлықпен келмейді,
Иман деген қиын да,- деген сөзінде қадымшыл молдалардың дінді мал табудың көзіне айналдырған пайдакүнем дүниеқоңыздықтарын сынаумен ғана шектелмей, ел ішінде санаға сіңіп, қалыптасқан «иман» ұғымын терең тануға меңзеген. Оның мәнісі ислам дінінде иман екі түрлі: бірі – тахлиди иман – бұл соқыр сенімнен туады, ешбір ғылыми тиянағы жоқ, ақиретке иман болып та жарытпайды. Сондықтан мұны отаршылдар жан-жақты қолдаған. Екіншісі – якини иман – бұл зор ғылым, біліммен келетін, Алласын анық таныған мұсылмандарда болатын сауабы зор иман. Сол себепті «үңілсең көзің жетер ме, теңізден терең сырыма?» - деп ақынның өзі айтқандай, дулат ақынды барлық дін өкілдерін жаппай сынап, дінді терең танып, білмей-ақ еш талғаусыз отаршылдар әрекетіне қарсы қолданады деп ұғыну ағаттық болады [43].
Қорыта айтқанда қазақ жырауларының, соның ішінде Дулат Бабатайұлы шығармаларында діни тарихи ой көрініс тапқан.
-сурет Патшалық Ресейдің үкімдері туралы сурет
Ақын отарлық езгіге түскен қоғамның күрделі ахуалын өткір тілмен шебер жеткізген. Өзі өмір сүрген кезеңнің куәгері ретінде қазақ жерлерінің тартып алынуын, руханиятының әлсіздігін, билердің әділетсіздігін, салықтың өсуін, дәстүрлі шаруашылықтың тығырыққа тіреле бастауын, патшалық Ресейдің отарлау саясатын жан-жақты жүргізіп жатқанын өлең сөзбен өре отырып баяндаған. Бодандық бұғауында отыра бермей азаттық үшін күресу қажеттілігін де астарлап айтқан.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанда қазақ әдебиетінің тарихымен діни тамырын зерттеп-зерделенген сайын жаңа деректер, байлам-байыптамалар толыға түседі. Соның нәтижесінде белгілі бір діни пайымдаулармен тақырып төңірегіндегі тұжырымдарға өзгеше қырынан келіп, ізденіс танытуға мүмкіндік туады. Ауқымды ашылуы тиіс мәселелер жеткілікті. Соның бірі -қазақ поэзиясындағы зар заман құбылысының діни аспектлері. Қазақ қоғамының ортасында жыршылардың үлкен орны бар екендігі олардың сөз өрнегі, өлең өрімі, көркем тілі замана ахуалын, замана адамын бейнелеу айқын екендігі белгілі. Мысалы Дулат өлеңдерінде дәуірді сипаттайтын «кер заман», «азған заман» тіркестері колданылса, Шортанбайда кейін тұтас бір ағымның атауына айналған «зар заман» үғымын ұстанды. Халықтың тығырыққа тірелуін «кез болдың кер заманға» деп ұқтырған Дулаттың дәуірінен соң да елдің ахуалы қиынған болатын. Жұрттың зары отаршылдық қамытын еріксіз киген сәтте, бірте-бірте -үдеп, «қайғы-шер» түсінігі замана сипатын түсіндіретін мағынаға ие болды. «Зар-заман, зар-заман, Зарлап өткен бір-заман», -деген Шортанбай өлеңінің тармақтары дыбыстары ерекше үйлесімділік танытты. «Зар» эпитетінің «заманға» конымды болғаны соншалық, бұл ұғым ақынның бүкіл шығармашылығының мазмұнын аша түсті. Ал Әбубәкір поэзиясындағы заманның табиғатын дәл танытатын бейнелі тіркестің бірі -«Болған бұл заманда шайтан семіз». Бұл -қоғам азып-тозды, имансыздық жайлады дегенді әлдеқайда әсерлі жеткізе білген. Ал Шортанбай кейіптеген «адамға жолдас болған шайтан» кулық-сұмдықтың, алдап-арбаудың, жылпостықтың образы ретінде, жақсыға жамандықтың жабысып-жанасуын білдірсе, Әбубәкір кейіптеген «семіз шайтан» -адамнан да айласын асырған ықпалды күштің бейнесі, қоғамдағы әзәзілдіктің белең алғанының белгісін ұқтыра білді. Мұны ақынның өзі де анық айтады: «Шайтан -қасқыр, иман -қой, Ақылға қойған қаратып». Шал ақынның «Иман-қой ақыл-нәпсі бөрі, бөріге қой бермейді ердің ері» -демекші жыраулардың бастауы бір тізбекті алып жатыр. Ол тізбек Ардақты елшіден бастап, Иассауи және одан кейінгі кезеңдердергі ақын-жыраулардың бірізділігі, сарындарының өзара үйлесімділігін көрсетті. Осы кезде «ұстараның жүзіндей аударылған дүниенің» (Шортанбай) қыр-сырын өзінше түсініп-түйсінуге ұмтылған ақындар қасірет-кайғының қыспағында қалған «қазақ деген ғаріп жұрттың» (Дулат), «казаннан қайыр кеткен» (Мұрат) кезеңдегі тіршілігі «заманың түгіл ел азды» (Әбубәкір) деп бағаланып, халықтық көңіл-күй өлең-жырларда шынайы бейнеленді. Зар заман ағымы -отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнеленуінің көрінісі. Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар түсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп-жаңаланған, өрлеп-өркендеген, тұйықталып-түйінделген ағым ретінде қарастырылады. Зар заман -алдымен отаршылдыққа қарсы саяси ағым десе болады. Қазақ халқының мақсат-мұраты, арман-аңсары, сондай-ақ, жоқ-жітігі, өкініш-өксігі осы ағымның аясына сыйғызылды. Зар заман ақындарының пессимистік көңіл-күйі -ұлттық мүдденің тапталуының әсері. Зерттеу барысында осындай жайттарға көз жеткізілді. Кеңестік идеология кезінде бұрмалаған, өткір тұстарын жарамсыз еткен жыраулар шығармаларымен тәуелсіздік жылдары танысуға мүмкіндік туып көптеген зерттеулер жүргізілді. Олардың мазмұнын зерделей отырып, ақындардың маңызды әрі көкейкесті түйкілдер турасында ой толғап, тарихи ойдың дамуына айтарлықтай үлес қосқандығына көз жеткізуге болады. А.И. Герценнің «Колоколындай» А. Байтұрсынұлының «Масасындай» М. Дулатұлының «Оян, қазағындай» жар салып, тарихи ойдың тереңіне жол салғандығын байқау қиын емес.
Қазақ жырауларының діни таным түсінігі олардың ұлттық идея тұрғысындағы даналықтары, ұлттық мүдде тұрғысындағы қызметтері діни кеңістігі негізінде әлі толықтай зерттелген жоқ. Жыраулардың діни феноменін ашу – бұл қазақ идеясының тарихи қалыптасу негізін ұғынумен тең. Өкелең ұрпақ ұлттық рухпен неғұрлым жақын тәрбиеленген сайын ол өзінің адамдық бейнесін ішкі руханяты байый түспек. Ұлттың негізгі құндылығы жырау қазынасы ұрпақ рухына қызмет етуден алшақ кетпейді. Адамның жан дүниесіне жақын ұлттың рухын үнін жеткізетін жыраулар қарапайым идеядан ұлттық идеяның өзгешелігін айырып отырған. Адам баласының рухани қалыптасуына, діни сенімінің күшеюуіне қозғаушы күш болатын – бұл қажеттілік. Жырауларда ел ішінен қоғам алдына кездейсоқ келетін адам емес, қажеттіліктен туған халыққа ұстаз қылатын оның рухы. Жырау заманалық білімнің иесі болмақ. Ғасырлар бойы халыққа білімнің рухын, ғылымның қызметін түсіндіріле берген. Қоғамымыздың басынан кешіп отырған қайшылықтарды әлемдік философия тарихының өзекті мәселелерін танып, талдап, зерттеу арқылы шешіп құрылып жатқан азаматтық қоғамның ерекшеліктерін халыққа ашып көрсету арқылы қол жеткізуге болады. ХХ ғасырда шығыс пен батыс философиясының компаративистік тәсілделуі арқылы ұлттық философияның ерекшеліктерін, түркі тілдес философияның ерекшеліктерін зертеуге мүмкіндік туды. Сондықтан, қазіргі кезеңде түркі тілдес философияның қырсыры арқылы туысқан елдердің рухани көкжиектеріне назар салу міндеті тұр.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Л.Н Гумилев Древние тюркий. М, 1967г;
2 М. Жолдасбеков. Дін – ұстай алсаң қасиетің,ұстай аламасаң қасіретің. // Егемен Қазақстан. 24 тамыз 2011 ж;
3 Аскаров А. (2007). Арийская проблема: новые подходы и взгляды. Денежное обращение и торговля средневекового Казахстана. Материалы международной научно-практической конференции. Туркестан;
4 Хабаршы. Тарих сериясы. №2 (93). 2019 Қартабаева Е.Т;
5 «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3;
6 Өсерұлы Н. Шариат. – Алматы: Қайнар, 1996.– 352 б;
7 Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық Алматы «Санат» 2006 904-бет;
8 Құран кәрім Нұрлан Анарбаев ;
9 Дін мен дәстүр - Алматы: «Ғибрат» баспа үйі, 2013 - 192 бет;
10 Акселеу Сейддмбек. Казактын ауызша тарихы: Зерттеу. — Астана: Фолиант, 2008. — 728 бет;
11 Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары. – Алматы: Баспалар үйі. 2014. – 352 бет;
12 Дербісәлі Әбсаттар қажы. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы. – Ал маты: 2003. – 7 б;
13 Ш.Ш. Уәлиханов. Таңдамалы. - Алматы, 1985;
14 (М.Ж. Көпейұлы. Екі томдык,. Екіншi том.
— Алматы, 1992;
15 https://el.kz/news/archive/ozha_akhmet_iasaui_tari-aty/;
16 Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер. Ұжымдық монография / З.К. Шәукенованың жалпы редакциялауымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 375 б;
17 М. Қашқари. Түбі бір түркі тілі («Диуани лугат ат-түрк»). – Алматы: ХАНТ, 1993. – 690 б;
18 Мұхиддин Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шәрәф ибн Мурри М 92 Хадистер жинағы (риядус-салихин). - Алматы: «Көкжиек-Б» баспасы, 2011. – 656 бет;
19 Иүгінеки Ахмед. Ақиқат сыйы. Алматы: Ғылым, 1985. – 96 б;
20 «Қазақ этикасы және эстетикасы». Жиырма томдық. 12-том.
Астана: Аударма, 2007. – 455 б;
21 Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, Ана тілі, 1991. – 240б;
22 Ошақбаева Ж.Б. Дүниетанымдық әмбебаптар: тарих пен тағылым / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2014. – 242 б;
23 «Түркі халықтарының рухани мұралары және Маңғыстау жыраулы дәстүрі»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары, Ақтау: Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, 2019. - 404 б;
24 XIX және XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің жинағы (құрастырган Әуезов М., Жолдыбаев М., Қоныратбаев Э.). Алматы: Қазақстан, 1934.-194 6;
25https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%BE%D0%B6%D0%B0_%D0%90%D1%85%D0%BC%D0%B5%D1%82_%D0%AF%D1%81%D0%B0%D1%83%D0%B8;
26 Яссауий Қ.А Хикмет Жинақ даналық сыр –Алматы Жалын 1998 656 –бет;
27 Сахих Муслим хадистер жинағы. 1-том;
28 Сейтбеков Смайыл С 31 Иман негіздері - Алматы; Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. - 376 бет;
29 ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы. -Алматы, 1933;
30 Қанайұлы Ш. Шығармалары: Толғаулар, айтыстар, дастандар. Шортанбай мұрасы: сын-зерттеулер, мақалалар / Шортанбай Қанайұлы. – Алматы: “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013. – 384 бет;
31 Василий Радлов. Алтын сандық. – Алматы: Ана тіл, 1993. – 256 бет
32 Омарулы Бауыржан Зар заман әдебиеті. Монография (генезис, типология, поэтика) — Астана: Елорда, 2005. — 372 бет;
33 Исаұлы М., Жолдыбайұлы Қ. И 83 Ислам ғылымхалы – Алматы, 2010 ж. – 520 бет;
34 XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы. Алматы: Қазақстан, 1933.-164 б;
35 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Жазушы, 1986. – 336 б;
36 Зар заман: жыр-толғаулар / Құраст. С. Дəуітов. — Алматы: Жалын, 1993. — 176 б;
37 Серия «История. Философия». № 2(86)/2017 Вестник Карагандинского университета;
38 Он ғасыр жырлайды. Алматы, 2006. — 408 бет. ISBN 9965-749-76-0;
39 Өмірәлиев Қ. Абай афоризмі. – Алматы, 1993. – 113 б;
40 Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық /Құрастырған Дүйсенбайұлы Е./. -Алматы:Жазушы, 2008. 1-том;
41 Бабатайлы Д. өсиетнама. өлеңдер мен дастандар. - Алматы: "Рылым" ғылыми баспа орталыгы, 2001.— 132 б;
42 Әбубәкір Кердері. Қазағым. – Алматы: Жазушы, 1993. – 77 б.
43 http://babataiuly.hop.ru/pages/page13.html
44 Н.Әбішева. Жыраулар: Оқу құралы. – Алматы, Білім баспасы, 2007. 200 – бет.
45 Шығармалары: Өлеңдер, жырлар, толғаулар, ай-тыстар; зерттеулер. Құраст. Бауыржан Омаров. / Мұрат Мөңкеұлы. – Алматы: “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013. – 288 бет
46 Р.С. Каренов Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан (E-mail: rkarenov@inbox.ru)
Достарыңызбен бөлісу: |