1.2. Асқар Алтай прозасындағы заман шындығы
Қазіргі заманның прозасы әдебиет әлемінде ерекше танылуда. Әр жазушы өзіндік стилімен қоғам шындығын, өзекті мәселелерді көркем сөзбен жеткізуге тырысады. Асқар Алтай да өз үнімен заман шындығын шебер сөзбен жеткізген. Сөзді сүйектен өткізіп, заманның қандай болып жатқаның, ауқымды мәселелерді қағаз бетіне түсірді. Әр шығармасы терең философиялық мәнге, астарлы ойға толы. Кейіпкерді сомдау жүйесі жазушының қас шеберлігімен айқындалып, әсерлі, қызықты жазылған.
Асқар Алтай – қазіргі қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының жан-жақты дамуына өнімді еңбек етіп жүрген, қаламы жүйрік авторлардың бірі. Жазушы болмысы мен шығармаларының сюжеті қоғам шындығын айқындайды.
Мәселен, жазушының «Түсік» әңгімесін оқи отырып қиял-ғажайып әлеміне өткендей боласыз.Әсіресе, кейіпкердің ішкі және сыртқы жан дүниесін, сырын ашып көрсетуге керемет шеберлік көрініс береді.
Әңгімесі үш шағын бөлімге жинақталған. Алғашқы бөлімі авторлық баяндаудан тұрады. Автордың әңгімесінде тәуелсіз еліміздің жастарын адамгершілікке, парасаттылыққа үндеп, түрлі зиянды заттармен айналыспауын, олардың адам өміріне ешқандай пайдасы жоқ екенін, оның бақытсыздыққа бастар жол екеніндігін ашық айтып көрсетеді. Асқар Алтайдың «Түсік» әңгімесі қазіргі қазақ әңгімесіне қосылған өзгеше пішінде жазылған көркем туынды болып табылады.
Талантты қаламгерлердің соңғы жылдары жазып жүрген әңгімелерінің тосын образдармен тың тақырыпқа құрылуы қаламгерлер мен оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырған. Мәселен, оның «Түсік» және «Кентавр» әңгімелерін эксперимент деп қабылдағандар да бар. Әрине, қаншама оқырман болса, соншама пікір болуы да заңдылық. Әркімнің оқыған дүниесі жайында өз көзқарасы ретінде ой түйіндесек:
Сөз жоқ, «Түсік» формалық жағынан үлкен дайндықпен жазылған әңгіме. Басталуының өзі күрделі шығарма екенің аңғартады[12, 144 б.].
«Түлен түртті пендені...
Түсінде түсік көрді. Түсік – түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.
Жүзіп жүрген мекені – жатыр. Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербетіледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды»[10, 124 б.].
Әңгімені оқи бастағаныңызда түсінде түсікті көрген, түсікке айналған кейіпкерді әйел деп ойлайсыз. Бірақ, мәселе басқаша. Ол «жатыр жатсынып, бойға біткен арам без ретінде сылып тастағанды» өкіне бермейтін, «безді сылып тастауға» себепкер болатын жігіт. «Жаңа» қазақ Бибол еді, әке еді. Әңгіменің сюжеті соншалықты күрделі емес. Бүгінгі күннің шындығы. Боямасыз өмір. Жазушы сол шындықты жалаң баяндамай, астарлап жеткізеді. Өмірді өз күйінде қайталау кімге қызық?
Автордың алып отырған түсігі – кеше ғана жер басып жүрген, ғұмырында тарлық көрмеген, барлықта жалғанды жалпағынан басып жүрген тұрақсыз сезім иесі. Түсікке айналған адам түлкі бұлаңмен өткеніне көз жүгіртеді. Түсікке айналмай тұрғанда жалғанды жалпағынан басқан еді. Жоқтық не дегізбейді, барлық не істетпейді дегендей әйелі Санабикенінің ағаларының арқасында байыған Биболдың өз әйелі де, сүйдім-күйдім деп, ойнап-қунап жүрген жас қыз Балкенже де аяғы ауырлап қалып еді. Екеуінің де бойына біткен шарананы «бүлдіргі» көріп құтылғанша асық болып дал ұрған Бибол қонақ үйде жатып, түс көріп жатыр. Түсінде түсікке айналыпты. Жазушының алып отырған мотировкасы – түсік. Жаңа мазмұн, тың ой. «Кейіпкер осыларды ойлап, күйіп-піседі, ақыры, жүйке ауруына ұшырайды. Оны бұл халге түсірген тек ой емес, өзінің ішіндегі екінші «мені», яғни Бейтаныс. Осылай адамдағы сыртқа көріне бермейтін «қостұлғалық» арқылы жазушы бүгінгі өмірдің сорақылықтарын ашып салады, оқырманды терең ойға қалдырады.
«Бір адамның екіге бөлінуі (раздвоение личности) – философиялық тұрғыдан алғанда, өте күрделі құбылыс, ал көркем өнерде, әдебиетте өмірдегі қайшылықтарды, кейде ашық айтуға бола бермейтін әлеуметтік, саяси, қоғамдық, рухани келеңсіздіктерді тереңінен көрсету үшін кейіпкерді екі жарып, екеуін айтыстырып, тартыстырып суреттейтін аллегориялық тәсіл. Жазушы тіршілікте болып жатқан істерге немесе саяси шешімдерге, т.б. жағымсыз құбылыстар мен оқиғаларға деген өзінің көзқарасын білдіру үшін осы екі тәсілді қолданып, психологиялық шығарма тудырады».
Түлен түрткен пенде түсікке айналып, автор ары қарай оқиға желісін сол түсіктің басынан өткен, сезінген жайттарын психологиялық үлкен тебіреніспен суреттейді. Жазушының жұмбақтай сөйлеген сөзінің салмағы ары қарай шешіле түседі.
«...Табы андырдай қарыр құрсақ іші жайсыз тиейін деді. Бұл бүлк-бүлк бұлқынды. Бауырдай албыраған тұла бойы тітіркене тітіреді. Қасиетті құрсақ ішіндегі көгілдір әлем көлдей шайқалып, қазандай қайнай бастады. Түсікке шын қауіп төнді. Ол Тәңірге тұңшыға жалбарынды.
- О, құдіреті күшті Тәңірім! Мендей түсік-пендеңе қуат бере гөр!? Тозақтай жанып, мұздай суынған анама сабыр бере гөр!?...Екі бірдей сүйгенім бар еді. Сол екеуінің құрсағының біріне түсіппін. О, құтқарушы, Тәңірім! Қайсысының ғана құрсағына тап болдым? Қайсысы мені сылып тастағалы тұр? Жапар ием, жар бола гөр! Жар бола гөр, жазықсыз жан иесіне!»[10, 131 б.], – деп автор түсікке айналаған Биболды жаратқанға жалбарындырып, жалындырып отыр. Бірақ жатыр ішіндегі оның жан даусын ешкім естімейді...Тіпті тәңірі де таскерең болғандай тіл қатпай, қол ұшын созбады. Жұмбақ та беймәлім болып келген жұмбақ жатыр бір ысынып, бір суынып, біресе жұмаққа, біресе тозаққа айналды. Дегенмен шыбын жаны жарық дүниеге шығуы үшін бар тозаққа көнуге бар. Суреткердің алып отырған негізгі көркемдік танымы – жатсыну. Жатыр түсікті жатсынып, жатырқап отыр.
Осы жатсыну арқылы автор тәні – ісік, жаны – жасық түсікті жатыр жиркеніп, жерісе онда – ісік тәні қоқысқа төгілер, жасық жаны көкке көтерілер деп бағамдайды. Түсікті терең ой тербегелі, тәубәға келгелі жатыр жадырап сала берді де, шала тәнді, шала жанды шата бой жазып, жасық жаны жадырап тілге келді дейді:
« - О, Тәңірім, жан бергеніңе тәубә! О, жатыр-анам, тән бергеніңе тәуба!» деп тәубәсіне түскен пенде-түсік Тәңіріне риясыз ризашылығын білдіріп алғыс айтады. Суреткер жасықтықтан жарынан аса алмай, жанына жақын жанды бауырына баса алмай, екі ұдай күйде жүрген кейіпкерінің пұшайман халын психологиялық басыңқы көңіл-күйін дәл суреттеп бере білген. Не сүйген жары жоқ, не сүйінген жаны жоқ бәрінен бірдей айрылып, жападан-жалғыз қалған Бибол құрсақта жайындай жүзіп жүр. Суреткер шеберлігінің өзі – кейіпкерін неліктен барынан айырып отырғандығында... Төрт құбыласы сай, жалғанды жалпағынан басып жүрген Биболды түлен түртті. Яғни көзіне шел бітіп, Алланың берген сыйынан бас тартып, өз қағанағынан өзі жеріп, сау басына сақина тілеп алып отырғаны – көркем шарттылық – Түсік болып отыр. Ана құрсағындағы түймедей ғана жанды шарана. Сырт көз көре алмайтын, тек ананың өзі ғана сезе алатын құбылысты, жұмбақ та беймәлім әлем – ана құрсағын, ана жатырын алып отыр. Жазушы кейіпкеріне оң шешім қабылдаттыру үшін оттай ысытып, судай суытып Түсік қылып жаратып, әртүрлі ситуацияға салады. Қаламгер кейіпкерін жаңа да жұмбақ әлемге апарып тастап отыр. Ол – суреткердің көркемдік әлемі, өзінің ойлап тапқан кеңістігі. Осы кеңістік оның тәубесіне келіп, жаратушысына жақындауының кепілі [12, 148 б.].
Автордың көркем кеңістігінде Түсік тәңірі тілегін бергендей өкпедей жүзген өзіңдей тағы бір түсікке кездеседі де оқиға ары қарай шиеленісе түседі. Өлі өкпедей өр түсікпен жолыққан сәтінде сескеніп қалса да, ізінше қуанып та кетеді. Сонымен бұлар бір жатырда екеу болып шықты. Енді екеуі бір-біріне ес екен, ес қана емес егіз қозыдай егіз екен. Жаңа ғана жатсынған жатырдың бетін бері қаратып, демін енді алған Түсікке жанына серік табылды-ау дегенмен авторлық шешім басқа арнаға ауады.
Бөгде түсікті «Егізім!» деп еміреніп, «Сыңарым!» деп сылдырап келіп моп-момақан жатқан түсік мұны кеңірдегінен шап беріп бас салады. Автор түсігі тағы бір түсіктің алқымынан алып жатыр. Тажал түсік пен жасық түсіктің жанын көзіне көрсетуі арқылы қаламгердің айтпағы не? Екі түсік те екі жатырда жатуы керек пе еді? Бір құрсақта қалай қатар пайда болды? Қос түсік қос жатырда жаратылмағаны несі екен? Бәрінен бұрын екеуі де қай құрсақта жүр екен: Санабике...Балкенже...құрсағы? Әлде шынымен екеуі егіз бе екен? – авторлық танымға қызмет ететін сауалдарды алға тарту арқылы:
«Тәңірім-ау, қай қасиетті... жо-жоқ, қасиетсіз құрсаққа тап келді?! О, құдайым, кешіре гөр мендей түсігіңді! Кеше гөр тұрпайы түсінігімді! Құрсақтың қасиеттісі, қасиетсізі болмайды. Құрсақ біткен қасиетті...»
Қасиетсіз бұның өзі. Жатырдың да тектісі бар, кектісі бар. Түсіктің да тектісі бар, тексізі бар. Демек, мынадай тажалдысы бар. Түсік атаулының бәрі періште емес...Жарық та жалған дүниеде Сырдың суын сирағымен кешіп өтетін, бір басынан байлығы да залымдығы мен тажалдығы артып жығылатын Бибол-Түсік жатырда жасық бейшараға айналып отыруының себебі неде? Деген пайымын алға тартады. Автордың көркемдік шешімі – болашақ әке мен баланы бір жатырда кездестіріп тұр. Тас жүрек әкеден безбүйрек бала пайда болар.
«...Осы бір сәт тажал түсік қылдырық кеңірдегінен тағы бір қысып қалды. Бар әлем келіп бір уыс бидайдай болып мұның бауырына тығылды. Шыбын жаны мұрнының ұшына келді. Тілінің ұшына сәби кезінде санасына сіңген сөз оралды:
... «Жалғызым» деп жағынан...
«Егізім» деп жалынған,
Қоя бер мені, егізім! – десе, тажал түсік тағы қыса түседі. Автордың тауып алған шешімі – фольклорлық үлгі. Жазушы бұл өлең жолдарын жай алып отырған жоқ, оның кейіпкер характеріне, болмысына, қимыл-қозғалысына қалай әсер ететінін көрсетуді мақсат етіп отыр.
...Сенсіз бір күн тұра алман,
Қоя бер мені, егізім! – десе, тажал тіпті қысқа түседі.
Көк Тәңірден сұратқан,
Қоя бер мені, түсігім! – дегенде, тажал шеңгелі босағандай болды.
Жаны бірге жаралған,
Демі бірге таралған,
Қаны бірге суалған,
Өзіңді көріп қуанған,
Қоя бер мені, түсігім! – дегенде, тажал түсік дәті жібігендей қылдай кеңірдегін сәл-пәл босатты.
Екі дүниеде енді мен
Тілеуіңді тілейін,
Қайтып саған тиіспейін,
Қоябер мені, түсігім!... – деген сәтте тажал алақаны арқан есердей ашылды.
Ұшса ұшсын шыбын жан,
Жолыңа сенің мен құрбан,
Суға біткен жалбызым,
Жаным бірге жалғызым!
Қоя бер мені, түсігім!...деп салғанда, тажал түсіктің шеңгелі жазылып сала берді», – деген өлең жолдарымен ұзақтау үзіндіні қаламгер өте орынды қолдана білген. Градация үлгісімен берілген кейіпкердің бастапқы өлең жолдарында өз шыбын жаны қысылған соң қиналған жанына сауға сұрап тілек етсе, бірте-бірте өсіру арқылы өз шаранасына әкелік сүйіспеншілігін білдіру, сездіру арқылы ғана тажал шеңгелінен босай бастайды. Мәселен:
Көк Тәңірден сұратқан
Жаны бірге жаралған,
Екі дүниеде енді мен
Демі бірге таралған,
Тілеуіңді тілейін.
Қаны бірге суалған,
Қайтып саған тиіспейін
Өзіңді көріп қуанған
Ұшса ұшсын шыбын жан,
Жолыңа сенің мен құрбан,
Суға біткен жалбызым,
Жаным бірге жалғызым!
А.Алтайдың кейіпкері сонда ғана кең тыныстап, өз дауысынан өзі шошынып, түлен түртіп мүлде басқа адам болып оянады. Баланың қадірін білмей, өз болашағына өзі балта шауып, өз баласын өзі арам бездей сылып алып тастамақшы болған кейіпкерін Түсіктің кейпіне ендіру арқылы тәубесіне түсіреді. Автордың айтпағы Тәңірім түсіктетен де, тастандыдан сақтасын! Ай астында айдай болып, күн астында күндей болып туар сәбилерді тірі-жетім тастанды болудан тәңірім қақсын! – деген тұғыры нық, танымы биік ой.
Шығарма өзегі – трагедия. Адамзаттың өзіне өзі қолымен жасап жатқан трагедиясы. Қоғам трагедиясы. Адам қолымен өлтіретін адам болып қалыптасып үлгермеген сана иесі, тіршілік иесі...түсік жайында естіп-біліп жүргенімізбен мынадай көркемдік жол арқылы тағылым айту тұңғыш рет. Бірақ Асқар Алтайдың «Түсігін» оқып отырып, денең тітіркеніп, бойыңды үрей билейді. Жазушы айтар ойын боямаламай, айқын да айшықты жеткізген.
Автордың өзімен осы шығармасы туралы сұхбаттасқанда: «Мен қазіргі өмір шындығын жаздым. Мұндағы басты мәселе, қазіргі ер азаматтардың есіруі, әйел затына деген көзқарасын өзгертіп, оларды бағаламауы. Турасын айтсақ, менің қазіргі жастарға деген өкінішім мен наразылығым. Бұрынғы заман ата – бабаларымызда бұндай нәрсе мүлде болмаған еді», - дейді.
Автордың осы әңгімесінде дүниедегі болып жатқан оқиғалардың,яғни әке мен бала арасындағы қарым-қатынас көрсетілген. Жатырдағы тар дүние тыстағы дүниемен қоштасардай болып жатқанда,түсікке айналған пендеге жазушытағы бір ой салады.Әлі адамға айналмаған бейнесі жоқ та, болмысы бар ұрықтың өмірде тастанды болғысы келмейтінін ашық береді. Әңгіменің қорытындысын кейіпкердің өз дауысынан өзі шошып, түлен түртіп оянғанынан түсінуден аяқталады. Оқырманы өзі түсінсін, өзі түйіндеп, шешім жасасын деген жазушының өз оқушысына жүктеген ойымен тәмам. Көреген қалам иесі осы замандағы, яғни қазіргі қоғамда болып жатқан ащы шындықты бүкпей шебер жеткізе білген.
Асқар Алтайдың қаламынан шыққан қазіргі заман көрінісін бейнелейтін тағы бір туындысы «Казино» әңгімесі. Әңгіме шағын ғана алты бөлімнен тұрады.
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ.»[10, 6 б.], – деп басталатын әңгімеден шым-шытырық әлемге кезігеміз. Қарынның тоқтығы, ақшаның көптігі адамға не істетпейді? Жошы өзі осы жолды таңдады. Өз таңдауы, өз еркі... Бар білері, «Хрусталь Храм» есімін алып жүрген ерке Есілаймен кездесу, санасын улаған нәпсі құмарлығын басу. «Кейін үйленді, сәби де сүйді, бірақ әйел затына деген бір суық сезім қалып қойды. Сол сезім ажырастырып та жіберді. Оған да еш қиналыссыз, қайта құтылғанына көңілі жайлана келісті. Тіпті бауыр еті – баласына да суып кеткен.» [10, 12 б.]. Әйел затына деген суық сезім қалып қойған себебі, Жошы жас кезінде бір қызға ғашық болады. Бірақ Жошы мен сүйіктісінің қосылуына әкесі жол бермейді. Оны кейіпкердің мына диалогынан байқауға болады: « – Бәріне кінәлі – әкем... Әкем ол қызға «ешқашан үйлендіртпеймін» деді»[10, 9 б.]. Жошы сүйіктісіне қоспаған соң, жалғыз тығырықтан шығатын жол – өлім деп ойлайды. Қызға екеуі бірге өлетінін айтады. Ғашығы уәделескен жерге келгенімен, өлімге өзін қимайды. Жошыны зират маңында жалғыз қалады. Міне осы сәттен бастап, Жошының өн бойында салқын сезім ұшқыны пайда болды.
Астанадағы генерал-«кэнбешниктің» қырықтан асқан баласы Жошының баратын жері – казино. Жошы болмысында қатыгездік мол. Қарап отырсақ, қатыгездіктің дәнін еккен әке-шешесі екен. Бала кезінде төрт не бес жасында әке-шешесі бір-біріне пышақ алып жүгірген. Қайсысының білегін орып кеткені есінде жоқ, бала Жошы қызыл қанды көріп шошынған. Міне, автор көзге көрінбейтін болса да, аса мәнді деталді әңгімесіне енгізіп отыр. Тәрбиенің отбасыдан басталатынын меңзеп, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледіге» келтіріп тұр. Әкесінің де шекесінің қызып тұрғаны шамалы... Әлдебір жас қызға «бұт артып» (шешесінің айтуы бойынша), сәбилі болуымен өзімен-өзі әуре. Әкелік парызын мұхиттың арғы жағынан ақша жіберіп қана орындауда. Ал Жошының істеп жүргенінің бәрі – нәпсі қалауы. Арақ ішу, құмар ойын ойнау, зинақорлық...
«Құдай жоқ! – деді Жошы ішінен тағы да, ұлы күреге көлігінің дөңгелегі тие бере. – Құдай бар болса, дүниені шыныдай шытынатпас еді. Құдай жоқ болғандықтан да адам ойына келгенін істеп жүр. Жер бетіндегі адамға «все дозволено!» Өзі үшін өте мәнді осындай оппа ойға бекіді.»[10, 12 б.] деген Жошының ойына әлдекімнің дауысы кеп қосылды: «– Иә, өте дұрыс айтасың: құдай жоқ...Жоққа сенбе! Көзіңе көрінбесе – сенбе!»[10, 14 б.]. Бұл Жошының салқын санасын билеп төстеген сайтанның өзі еді. Сайқымазақ Жошыдан қоғамға үлкен серпіліс жасап, дүр сілкіндіруін талап етеді. Автор мифологиялық образ арқылы қоғамдық мәселені көтеребілген. Яғни отбасыдағы тәрбиеден бастап, қоғам мәселесіне дейін көтерген. Отбасыңдағы салқын қарым-қатынас, санасын да, анасын да сатқан сайқал қағаз, қатыгездік, тығырықтан жол таппау, өзін-өзі жалғыз сезіну, құмарлық бәрі де – бүгінгі заманның бет-пердесі.
«Стакан»әңгімесінде қаламгер осы мәселені тосын тәсілмен, көркем әдебиетке тән стильмен, ыңғаймен ишаралайды. Аяқ-астынан ойда жоқта жаңа пәтерге көшкен Жәнібектің арақпен өмірінің күл-талқан болуы айтылады. «Стаканның сырттағы қожасыбұған ыдысты бос әкелмейді. Міндетті түрде түбіне елу грамдай қалдырады. Оған Жәнібек те үйренді.
Алғашқы жолы стақандағы сарқыннан жиіркенген де, әрі танырқағанда» [10, 99 б.]. Алғаш арақты көргенде жиіркеніш сезімі бойлағанымен, ол Жәнібектің өмірінен басты көрініс тапты. Тіпті, өмірін түбегейлі өзгертіп, оны құрдымға тарта берді. Ақыры түбіне жетті: «...Жәнібек те, Василий де қатты қорылға басқан сәтте, қапталған мол кітаптың етегінен от көрінді. Жалынның жарығынан қараңғы бөлменің ішін қараң-құраң толқынды сәуле қыдырды»[10, 101 б.].
«Көзімнің қарасы» әңгімесі бүгінгі күнннің қаны сорғалаған шындығы. Үйлену тойы үстінде Рамазан есімді жігіт ағасы өзге ұлтқа тұрмысқа шығайын деп жатқан қызын тапаншамен атып тастайды. Неткен қаталдық! Қандай болса да әке шешімі. Әке қарсылығы. Рамазан «Әзірет-Әлі» кафесінде қызының дүнген жігітіне тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсы екенін айтып, әңгімені шорт кеседі. Бұл шешімге көнбеген Самал:
« – Көке! –деді Самал. – Мен оны сүйемін! –дауысы салмақпен зілді шықты. – Кешіріңіз! Маған басқа ешкімнің де керегі жоқ.
– «Көке» деме, – деді Рамазан ызғарлы үнмен.– Енді сенде «көке» де жоқ... «Әке» де жоқ. Көкектің жұмыртқасы.» [10,87 б.].
Қазақ қыздары бұрын жат ұлттың түтінін түтеткен бе? Жоқ, қазақ қыздары өз ұлтының серілерімен ғана шаңырақ көтерген. Ал қазір... Қазір қара көз қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы сәнге айналды. Қытай ма, орыс па, ағылшын ба, ұйғыр ма, өзбек па бәрібір. Бұған кім кінәлі? Адам ба, қоғам ба? Өзге ұлтқа кеткені – бойынан қазақылықтың кеткені.Қазақылықтың қаны бұзылып, қыздарымыз өзге ұлт өкілдерімен қол ұстасардай не күн туды?
Бұл шағын әңгімеден автордың жан айқайын байқаймыз. Асқар Алтай бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесін «Көзімнің қарасы» шығармасының негізгі арқауы еткен. Қазақ қызы – ертеңгі ұлтымыздың анасы. Ана – ұлттың тынысы, ұрпақ әкелуші нәзік жан. Әрбір қазақ қызы жаман болса да, қазақ жігітінің етегінен ұстауы керек. Жазушының әңгімесінің негізгі идеясы – осы.
Автор өз әңгімелері арқылы жастарды, болашақ ұрпақты түзу жолға бағыттайды. Қателіктердің кесірінен қоғамдағы ажырасудың арттуы, отбасының бақытсыздыққа ұшырауы, теріс әрекеттерге бой алдырмау керек екендігін тереңнен түсіндіріп, дәлірек айтқанда, оқырманның өзі түсініп, ой елегінен өткізіп, өзі шешім шығаруды мақсат етеді. Сан ғасырлардан бері айтылып келе жатқандай, «заман жастардікі». Ендеше, бүгінгі мен келешек ұрпақ теріс әрекеттерден аулақ болып, жақсылыққа, жақсы әрекеттерге ұмтылу тиіс. Автордың алға қойған мақсаты да – осы.
Төл әдебиетімізде ит-құс, жан-жануарлар туралы шығармалар баршылық. Ойымызға алдымен түсетіні, М.Әуезовтің «Көксерек», М.Мағауиннің «Тазының өлімі», С.Шаймерденовтің «Ит ашуы» сынды повестері.
Ал Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандары» өзгеше дүние.
Хикаятта қаладағы қаңғыбас бес ит – алпамсадай Ала төбет, қара овчарка – Тік құлақ, сүліктей Сары тазы, қоспа қанден – Торшолақ, сүйріктей қаншық – Ақ қанденнің кезбе тірлігі қамтылған. Иттердің көзімен кәрі анасын тастап кетткен қайырсыз ұрпақтары, маскүнем еркек, нашақор қыз-жігіттердің адамгершіліктен аттаған, қоғамға жат, лас, жиіркенішті кейіп-кескіндерін көріп, төбе шашыңыз тік тұрады. Күшік кездерінде ол иттердің өз иелері, мекен-тұрақтары болған. Кейіннен әр-түрлі себеппен далада қалып, кезбелік өмірге көшкен. Қазақта жеті қазынаның бірі саналатын иттердің мұндай аянышты халге тап болуына, әлбетте олардың иелері, екі аяқты адамдар кінәлі.
Жазушы иттердің тағылық тірліктерін жеріне жеткізе бейнелеген. Көз алдыңызға елестетіп, сурет салған. Қаладағы қоғам келбетін бес ит көзімен суреттеп шыққан.
Желтоқсанның ақырған аязынан аш иттер бүрсең қағады. Түн сабылып жортып келеді. Іздегендері қу құлқын қамы. Топ басында тік құлақ – овчарка. Өзгелері соңында. Иттер қала сыртындағы ауыл тектес жатаған тамды үйлерді бетке алған. Кенет алдағы Тік құлақ терезелері үңірейген, өртенген үйді көріп сілейіп тұрып қалған. Ит жазбай таныды. Күшік кезінен көзіне ыстық мекен. Бірақ қожайыны жоқ. Өртеніп кеткен ғой. Өртеңнің ішінен түк таппаған өзге иттер тайып отырды. Тік құлақ қалып қойды. Иесінің өзін мәпелеген сәттері елестеп үнсіз жылады...
Хикаят соңында құндақтаулы сәбиді көтерген қыз жөргектегі нәрестені аялдамаға әкеліп тастайды. Артында қалып бара жатқан тастанды сәбиге бұрылып қараған да жоқ. Не деген тасжүрек жан.
Аяздан бүрсеңдеп тоңған, аштықтан бұралған иттердің ортасында – қорғансыз сәби. Құтпандардың көздері қарауытып әлі қырқынан да шықпаған періште-сәбиді жәукемдемек. Сол үшін де бірімен-бірі таласты. Абырой болғанда аяқастынан бір топ қыз-жігіт келе қалып, тастанды бала тірі қалды [3, 10 б.].
Автор бұл шығармасында да төгілген тілмен бірге жан тебірентер тағдырлар мен өмірдің ащы ақиқатын бейнелеген.
Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесінің ерекшелігі тақырып өзгешелігінде, оқиға соңылығында.
«Бұла тірлік атаулыға баз кешірген бұлаң құйрық сауысқан екен...
...Ал ала мойнақ, құба құйрық сауысқан өлі-тіріге саят құрғалы қай заман?! Өлі өлексені де, тірі тірсектіні де жұмырына жұқ құрлы көрген емес» деп басталатын әңгіменің оқырманға берері мол. Молақ шөрке үстінде сыңар сауысқан шықылықтап отыр. Бөтегесі бос, иесі қара шал кешелі бері қара тастай қатып, тамақ бермей аш ұстап отыр. Автор шығарманың бастамасын осы қара шалдың ішіне қан қатқандай, тома-тұйық күйін психологиялық дәлдікпен беруден бастайды.
«Кеше түнде келінің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді. Дәрігерлер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті.
«...Бәріне жарық дүние куә! Анау алшаңдаған ала қанат сумақай куә! Кінәлі болса да, күнәлі болса да сол сусыл қанат сауысқан себепкер...» деп автор бар әулеттің басына түскен трагедияны жұдырықтай ала қанат сауысқанға апарып тірейді. Ал, ашқарақ сауысқан болса қос бірдей жемаяқ болған жұмыр басқа жұтына қарап, шықылықтап отыр. Жазушы кейіпкерінің өткеніне көз жіберткізіп, шегініс жасайды.
Ол уақытта Қараш шал отызға енді іліккен жас жігіт еді. Барымталаған жылқысын алайлық қазақтарға апарып жүргенде тағдыр жатжұрттық Қосман деген біреумен қанжығалас қылып, тау ішінде тағдырлас болады. Түздің аң-құсымен бірге күн кешкен шыбын жандарын қу құлқынның құлы еткен қос барымташы бір-біріне адал еді. Алайлық Қосман хантәңірлік Қарашқа үй-жайын көрсеткен. Жас келіншегі үйден ала сауысқанды иығына қондыра шығып, бұларға иіле сәлем салып, үйден әлдебір жүнді басты алып шығып еді. Бас – теңбіл барыстың басы екен. Сөйткеше әйел үйден ас қалдығы салулы ыдысты алып шығып, барыстың жанарсыз көзұясына әкеп төкті. Қорқау құс жеңіл ұшып келіп көзұясындағы асты тоқылдақтай шоқи бастады.
«Қараш тұңғыш рет өзіне таңғажайып жаңалық ашып еді. Сонымен бірге үрейге де бой қалдырған. Барыс басының көзұясынан көз жалмаған жендетті де қапысыз таныған... «Көзжендет» деген ой санасын қарып өткен. Жанарсыз, жансыз басты ашқарақтана шоқыған құстың алапат қимылына шошына қарап, аңтарыла аңсары да ауған-ды.
«Осы бір оспадар қимыл мен әумесер әрекет өз көзін шоқып алғандай мәңгілік сана сарайында таңбаланып қалды...» – деп автор кейіпкерінің тағдырына әсер етіп, өміріне өзгеріс, жарқыраған жарқын болашағына балта шауып, көрсоқыр тіршілігінің бастамасы қалай басталғанын өткеніне өкіне отырып көз жіберген кешегі – тепсе темір үзетін баукеспе барымташы, бүгінгі – ит қорлықпен өлген мың сан түз тағыларының киесі атқан қамаукөз ұрпағы бар тәубесіне түскен пайғамбар жасындағы қария. Жетпістің желкесіне шықса да сауысқанмен саятшылдық құруын тоқтатқан емес. Көзжендет те аң мен жануардың жазықсыз жанарын оюын қойған жоқ. Сумаңдаған аш сауысқан өз құлқыны үшін, иесі үшін арқар мен түлкі түгілі, бөрі мен барысқа да түсіп берді ғой!
«Ала сауысқанның сайқал амалы мен жез тұмсық жылдамдығы жазықсыз жанарды екі-ақ шоқып ағызып, өзі бір жаққа жалт беріп, ұша жөнелгенде, бейшара жемтігі қараңғы қапасқа қамалып, қу басына сілкілеп, қу тізесін соққылап қала беруші еді. Бір-ақ сәтте аңдаусыз аң мен жануардың басына зауал орнатып, өзі ғана бұл дүниеде жасай алатыншеберлігіне тәнті болған күймен шетке қарай шығандап шыға келетін. Ал, аң мен болсын, жануар болсын қамаукөз күйін кешіп қала беретін.
...Жарық дүние жалп етіп сөнген жұмбақ жанарлар жұтқыншағынан өтіп-ақ кетті ғой. Өтіп кетті. Сауысқан көзін оймаған, сауысқан басын жоймаған не бар бұла түзде: құз төскейіндегі таутеке, құм ішіндегі қарақұйрық, бұлаң бел түлкі, бұлаң сауыр бұлан... – бәрі де қамаукөз тұтқын болған.»
Жарық дүниені жара, сүйе таныған жазықсыз мың сан жанарлар сумаң сауысқанның жеміне айналды. Сырғақтай ұшып келіп жұмыр басқа жұтына қонғанда, ешқандай да бір аң осы бір шөкімдей ала сауысқаннан қауіп күтіп үлгірмейтін. Табиғат-ананың өзі сияқты бір төл перзенті деп қабылдап, сескенбей сенетін. Осы өзім деп сенген сенім талай түз тағыларының түбіне жетті. Жазушының алып отырған мәселесі ар тазалығы, әркімнің өз-өзіне адалдығы. Түз тағысы ретінде мейілі ол – аң патшасы арыстан болсын, тіпті қу түлкі, не жұдырықтай шымшық болса да табиғи заңдылықты бұзбаса, ал адами тұрғыдан келгенде аңшылық, саяткерліктің атам заманнан сақтап келе жатқан қағидасын сақтап, шектен шықпаса, әркім өз табиғат болмысына адалдық танытса онда жаратылыста да ауытқушылық болмаған болар еді дейді авторлық таным. Әу баста Алла тағаланың жаратқан жаратылысын бұзбай, адамдық бет-пердемізді сақтасақ, болашағымыз таза болар еді деген ой түйдірді.
«...Қосман қарақшы: «Сендер сауысқанмен аңшылық құра алмайсыңдар. Оған тек-тағайларың жібермейді, тым тектісіңдер, намысқойсыңдар. Бұл – біздің дәстүр...Мұнымен біз аң түгіл адамның да көзін ойып, миын сорып аламыз! – деп зілденетін. – Ұлы бабаларың «қамаукөз – сұмдық іс, обал-сауабы ауыр» деп тыйым салған дейтін-ді.
Сол сұмның айтқаны ақиқат болды-ау! Мұның мұндар қылығынан мұңсыз ұрпағы қамаукөзу, тіпті қамаубас боп туыпты. Тәңірі жер бетіндегі өзі секілді пайғамбар мен құдайды ойламайтын қу құлқын пендесіне ұрпағының жанарын жалмап қоя беріпті. Жұдырықтай бас жып-жылмағай жұмық бет боп дүниеге келіпті.»
Суреткер Қараш шалдың немересі ғана емес, шалдың өзі де қамаукөз өмірін сүріпті. Қамаубас тіршілік кешіп, адамнан өткен зомбықшыл жоқ екенін дәлелдепті. Мынау дүниенің өзі қамаубас, көкірегі қамаукөз екен деп аяқтайды шығармасын.
Автордың шеберлікпен алып отырған психологиялық параллелизмі: соқыр сәби – соқыр адам. Соқыр адам жарық дүние есігін ашты дегенше, қараңғылық басты десеңізші. Ал, көрсоқырлық не істетпейді, аздырар адам баласын...Қараш шалдың немересін соқыр қылып тудырып отырған тәңірінің әмірімен...
Қарасаңыз, күн де, ай да өз орнында. Алла-тағала жаратқан он сегіз мың ғаламның артық-тыртығы болсашы!Раббымыз ұлан-ғайыржерді жаратты. Оның бетіне таулар тұрғызып, өзендер ағызды. Түнді күнмен жалғастырды. Ой жіберген қауым үшін осының бәрінде белгілер, дәлелдер бар. Ал жұмыр жердегі саналы саналатын адамдардың істегендері көп жағдайда кереғарлық.
Аталмыш жинақтың аңдатпасында: «Абсурд әлем новеллалары» деп жазылған. Неге абсурд? Абсурд етіп отырған кім? Әрине, адамдар. Қасиетті Құран Кәрімге жүгінейік: «Анығында, Алла адам баласына қылдай қиянат жасамайды, тек адамдар өздеріне-өздері қиянат жасайды» («Жүніс» сүресі, 44 аят)[22, 215 б.].
Көзін шел қаптап, танымын тұман тұтып тұрған ұрпақ соқыр болса – қоғам да соқыр. Ал, соқыр қоғам мен соқыр адам жайлаған дүниеден не күтуге болады? – деп автор оқырманына сұрақ қояды да – « Мүгедек адам да бір мүсіпір. Мүгедек қоғам да бір кісәпір. Кісәпір қоғам не істемейді... не дегізбейді?! Тек тәңірге бағынышсыз тексіз қоғам ғана. Ал, тексіз қоғам атаулы пенденің қолында. Оны құрған да кесір адам ғой...Ал, есір пенде қайда бұрса, қайда бұрылса – қоғам да дауыл тиген қоғадай жапырылады, боранда адасқан қойдай ұйлыға ығады. Сол пенденің ғана патша көңіл иелігінде ғана иіліп өтеді екен. Көзін бір-ақ сәтте көр қараңғылық жауып қалған аңнан айырмасы қанша?! Бүкіл болашағы бұлыңғыр тартып қалды емес пе?! – деп, болашағымыздың жарқын, ұрпағымыздың жолы ашық болуы біздің – бүгінгінің қолында деп ой түйдіреді.
Жазушының бұл шығармасы қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік тақырыбы, өз айтары бар шығарма деп тұжырымдама жасауға толық негіз бар. Автор бұл туындысында өзекті ойын түюге неге құстың ішінен сауысқанды таңдаған? Жалпы сауысқан қазақы танымымызда қандай құс еді десек, ойымызға бірден «Аяз би» ертегісі түседі. «Құстың жаманы дегенде таңдау – сауысқанға түседі.»
А.Алтай мифопоэтикалық ой жүйесі арқылы тарих пен бүгінгі күннің оногенетикалық тамырластығын тануымен, астарлы «қара» мысқылмен дараланады. Әрі «сауысқанадай сақ, сумаңдаған сауысқандай өсекші, сауысқандай сыпылдақ» деген сөздік қолданыстарымыз бар [12, 166 б.].
«Бүгінгі күннің тақырыбына жазылған бір ғана әңгімемен бүгінгі қоғамымыздың бет-пердесін ғана емес, сонымен бірге осы қоғамның басындағы оқшырайған шляпасын, иығына жамылған әлем-жәлем шекпенін, содан кейін көйлегі мен галстугін, бұдан кейін бұтындағы шалбарын, ең соңында ішкиіміне дейін түгел шешіп алып, осыдан соң үсті-басын тегіс іріңді жара басқан және жараның асқынуынан кей жері іріп-шіріп, кей жері шұрқ-шұрқ тесіле бастаған шұбарала денені шұқып тұрып: «Ал, қадірлі оқырман, анықтап қарап алыңыздар! Біздің қоғамның шын сиқы – осы! Біздің бәріміз осындай ауру, бейдауа қоғамда өмір сүріп жатырмыз!» –деп көрсетуге, көрсете алуға бола ма? Болады, әрине. Бірақ, бұл – қиынның қиыны. Бұл шын жазушының, яғни суреткердің ғана қолынан келетін іс.
Пәлсапада «художественная нация» дейтін ұғым бар. Бұл жақсы ұғым емес, кекесінді ұғым. Бұл ұғым, көбіне, әсіре сауықшыл, әсіре салтанатшыл, еліктеп-солықтағыш, өзінің барын бағалай алмайтын, ұлттық құндылықтарын сақтай білмейтін дәрменсіз ұлтқа қаратып айтылады. Мұның қазақшасы «тыраш ұлт» дегенге көбірек келіңкірейді.
Жасырып-жабатын түк те жоқ, сорымызға қарай тыраштық бізге де әбден үйір болып алды. Әсіресе, бүгінгі күні тыраштықтан, тыраштық болғанда да тұқымымызды тұздай құртуға айналған жаппай тыраштықтан көз аша аламай жүргеніміз де рас. Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесіндегі басты кейіпкер Қараш та – біздің қазіргі күнгі есепсіз көбейіп кеткен көп тыраштықтарымыздың бірі.»[20, 7 б.],– дейді Әмірхан Меңдеке.
Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесіндегі Қараш Памирдің ақжолақ сеңгірлерін талмай жортқан Қосманнан елде жоқ, қазаққа жат өнерді үйреніп алған. Ол өнер – сумақай сауысқанмен құрған саятшылық. Асқар Алтай Қосман жайлы: «Өзі де не қазақ емес, не қырғыз емес, не тәжік, не бадахшандық емес, не ауғандық, тіпті парсылық та емес, - әлдебір ежелгі ұлттың, бәлкім, ұлыстың өкілі... Осы өлкеге аталары әлдеқайдан ауып келген келімсек көрінеді дейтін ел. Жұрт жалғыз-жарым жан сауғалаған жат пендені орыс жерінен қаңғып келген «сібірлік», қытай жағынан қашқан «хансулық», иран даласынан безінген «парсылық» екен десіп сан-сапалақ саққа да жүгіретін-ді... Ал ақиқатында Қосманның сайда сайғақсыз, құмда ізсіз біреу екені ғана белгілі еді. Адам екені анық, кім екені жұмбақ?!» [21, 149 б.].Тексіз адамның текті өнер үйретуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Қосман сауысқанды байлап, әбден ашықтырады. Содан соң өзі атып алған жануарлардың басын кесіп алып, көзін ояды да, сол көзге жемтікті салып сауысқанды қоректендіреді. Тіпті, суды да ойылған көзге құйып береді. Солай ала шұбар қанат «көзжендет» болып шыға келеді. Аңға алып шығып балақ бауын босаттың-ақ, желдірте отырып жақын маңда жүрген аңның (арқардың, таутекенің, еліктің, түлкінің, барыстың, бөрінің) басына қонып, қос жанарын бір-ақ шұқиды. Қос жанардан айырылып, қап-қара түнекте қалған байғұс түз тағысы аңшының қолына оп-оңай түседі не болмаса тау-тасқа ұрынып, құзға құлап азаптанып өледі. Міне, Қараш осындай тексіз, қиянатшыл өнерді өзіне әуес қылып, туған жерінің тағыларын аяусыз қырады.
Автор осы жерде әңгімесіне мынадай аса мағызды деталь енгізеді:« Қосман қарақшы: «Сендер сауысқанмен аңшылық құра алмайсыңдар. Оған тек-тағайларың жібермейді, тым тектісіңдер, намысқойсыңдар. Бұл – біздің дәстүр... Мұнымен біз аң түгіл адамның да көзін ойып, миын сорып аламыз! – деп зілденетін. – Ұлы бабаларың «қамаукөз – сұмдық іс, обал-сауабы ауыр» деп тыйым салған» дейтін-ді. Сол сұмның айтқаны ақиқат болды-ау! Мұның мұндар қылығының мұңсыз ұрпағы қамаукөз, тіпті қамаубас боп туыпты. Тәңірі жер бетіндегі өзі секілді пайғамбар мен құдайды ойламайтын қуқұлқын пендесіне ұрпағының жанарын жалмап қоя беріпті. Жұдырықтай бас жып-жылмағай жұмық бет боп дүниеге келіпті.»[21, 154 б.].Яғни Қараштың жар дегенде жалғыз ұлының әйелі босанып, дүниеге соқыр ұл бала келеді. Солай парықсыздық мен тыраштықтың соңы соқыр ұрпақтың дүниеге келуімен аяқталды.
Әңгіме мынадай тұжырыммен аяқталады: « Соқыр сәби – соқыр адам. Соқыр адам дүние есігін ашыпты. Соқыр ұрпақ қилы қоғамға келіпті. Ұрпақ соқыр болса – қоғам да соқыр. Соқыр... соқырлар... соқырлық не істетпейді?!
Ал соқыр қоғам... соқыр адам жайлаған дүниеден не күтуге болады? Мүгедек адам да бір мүсәпір, мүгедек қоғам да кісәпір. Кісәпір қоғам не істемейді... не дегізбейді?»
Автордың айтқысы келген «кісәпір қоғамы» қандай қоғам?
«Иә, кісәпір қоғамнан бәрін де күтуге болады.
Айтпақшы, «кісәпір қоғам» дегеніміз қандай қоғам? Азғындаған қоғам. Ал қоғам қай уақытта азғындайды? Ұлттық топырақтан ажырағанда. Ұлтсыздыққа ұрынғанда. Неге? Не себепті?
«Ұлт» деген ұғымның бір синонимі – топырақ. Ал топырақ – бүкіл барлықтың негізі. Топырақта дүниедегі химиялық, физикалық, органикалық, органикалық емес элементтердің барлығы да кездеседі. Демек, топырақтан ажырау – бәрінен ажырау деген сөз. Топырақты сақтау-табиғилықты сақтау, тазалықты сақтау, өзіндік ерекшелігіңізді сақтау, ұлттығыңызды сақтау деген сөз.
Біз ұлттық топырақтан бірте-бірте алыстау арқылы, ажырау арқылы өмірге соқыр ұрпақ әкеле бастадық. Сауысқанмен саятшылық құрған (яғни, өзгенің қансығын таңсық көрген, сөйтіп, дәстүрсіздікке ұрынған, ақыр соңында адамшылық жолдан тайып азғындаған) тыраш Қараш секілді, ұзақ жылдарға созылған ұлтсыздықтың кесір-керінен өмірге соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөберелерді шұбыртып алып келе бастадық. Асқар Алтайдың өз әңгімесінде айтайын деп отырған да және оны жетер жеріне жеткізіп айта алғаны да –осы! Осы қасірет! Осы ақиқат!
Енді аздап салыстыру жасайықшы. Асқар Алтайдың әңгімесіндегі тыраш Қараштың тірлігі кімге ұқсайды? Құдай-ау, дәл біздің тірлігіміз ғой. Тыраш Қараштың бейнесі де – дәл біздің бейнеміз. Егіз қозыдай ұқсап-ақ тұр. Тыраштығы да, парықсыздығы да, пәруайсыздығы да...»,- дейді Әмірхан Меңдеке. Яғни Асқар Алтай бүгінгі заманның жай-күйін дөп басып айта білген. Біз бұл әңгімеден автордың сөзге шебер, ойға жүйрік екенін көре аламыз.
«Біз де тыраш Қараш секілді қоймай тыраштандық қой. Үздіксіз, үзіліссіз тыраштандық. Тоқтаусыз, тоқтай алмай, өзімізді өзіміз тоқтата алмай тыраштандық... Ең әуелі ұл-қызымызды жаппай, жабыла орысша оқыттық. «Мұнымыз қалай болар екен?...» деп ойлана алмадық, өзімізге өзіміз тоқтау сала алмадық. Содан кейін Қазақстанды «халықтар достығының лабораторясына» айналдырдық. «Қазақтардың мемлекеті, білдей бір мемлекет неге лаборатория болуға тиісті? Мұнымыз тыраштық емес пе?..» деп тағы да ойлана алмадық. Бұдан кейін (тыраштанатын түк таппаған соң!) «Грузиндер, өзбектер, литвандар, түрікмендер, латыштар, әзірбайжандар орыс тілінде акцентпен сөйлегенде (қазақ тілінен, яғни ана тілінен мүлдем мақұрым адам, әрине, орысша оның көрген-баққаны жалғыз осы тіл ғой! – Ә.М.), мәскеулік орыстардың өзін таңғалдырды! Бұл ғажайып жетістік емес пе?» деп мақтандық. Біз, Құдай тас төбеден ұрғанда, тыраштықты жетістік деп бағаладық.
Кеңес заманы кезіндегі мұндай «жетістіктеріміз» із-түссіз кеткен жоқ. Асқар Алтай айтқандай, қоғамға соқыр ұрпақ келді. «Соқыр ұрпақ» емей немене, соңғы екі жылда екі ғылым докторы (мұның екеуі де қазақ!) «қазақ тілі – жетілмеген тіл, қазақ тілі нарық заманының тілі бола алмайды! Деп ашық жазды. Және өздерінің осындай сұмдық сорақы, қасіретті һәм қорқынышты, өлі «тезистерін» олар өлермендене қорғап бақты. Бұларға сенсек, «қазақ тілі ғылымның, техниканың, кибернетиканың тілі бола алмайды». Оның үстіне, қазақ тілі «еуропалық стандартқа да сай емес» екен. Асқар Алтай айтқан «көзжендеттік» дегеніміз осы ғой. Өз ұлтыңның көзін сауысқанға шұқыту, «сауысқанмен саятшылық құра жүріп шұқыту» деген де осы емес пе?[20, 186 б.].
Кеңес заманындағы тыраштығымыз мұның жанында «баланың ойыншығы» ғана екен. Біз бұрын тыраш Қараш болсақ, енді Тыраш-Қарашқа айналдық. Біз бұрын Қазақстанды «халықтар достығының лабораториясына айналдырсақ, енді... алаңға айналдырдық. Қазақстанды мекендейтін 178 диаспораның өкілдерінен құралған Халықтар ассамблеясының көңіл көтеретін алаңына айналдырдық. Ән айтып, би билеп, керней шалып, дутар тартып, қаласа – ішіп, қаламаса – құсып, қош көрсе – күліп, қош көрмесе – тіліп, көңілі шапса – кекіріп, көңілі шаппаса – түкіріп кететін алаңына айналдырдық. Ал енді мұның Қазақ мемлекеті мен қазақ мемлекеттілігінің екі көзін бірдей сауысқанға шұқытудан кем емес.
Әлемдік діндерге, әлемдегі діндерге есігімізді айқара ашып тастадық. Соның нәтижесінде ит тұмсығы батпайтын сон-a-a-ay алыстағы Амазонияның қалың ормандарында тұратын тайпалардың ұстанатын діні де Қазақстанға келіп жеткен. Ресми емес деректерге сенсек, басқасын есептемегенде, дәл қазір Қазақстанда дүниежүзінде өте сирек кездесетін 6 cекта жұмыс істейді екен. Бұл да дініміз бен діліміздің екі көзін сауысқанға шұқытумен пара-пар тірлік.
Асқар Алтайдың әңгімесінде айтылатын «соқыр ұрпақ» (соқыр ұл, соқыр немере, соқыр шөбере), яғни ұлттық топырақтан ажыраған, ұлттық болмыстан алыстаған, ұлттың мүддесін білмейтін, ұлттың мұңын түсінбейтін ұрпақ бүгінгі күні билікті де жаулап алды. Тағы да ресми емес мәліметтерге жүгінсек, бізде жоғары биліктің 80 пайызы қазақша білмейтін шенеуніктерден жасақталған. Ал енді не қалды? Не қылдық?[20, 190 б.].
Дүниеде жасалған жақсылықтың да, жамандықтың да қайтарымы бар деген философиялық қағида әңгіме арқауына алынған. Көптен күткен немересінің екі көзі жоқ соқыр болып туғанына налыған қарттың өткеніне ой жіберіп, өзін-өзі тексертуі шығарманың шеберлігі. Ұлттық танымдағы ең жаман құс, аярлықтың, залымдықтың бейнесіндегі сауысқанды серік етудің өзі де көп жайтты аңғартады. Автор әңгімесіндегі «Соқыр», «Соқырлық» ұғымдарына терең символика жүктеген. Өз өміріне, айнала табиғатқа соқыр сезіммен қарап, талай азулының көзін ағызып қанжығасына байлаған қанқұмар пиғылдың зауалының ұрпағына тиюі кезкелген оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бұл – авторлық танымның тереңдік, суреткерлік, шеберлік арқылы бүгінгі ғана емес, ертеңгі күннің де өзекті мәселесін көтере білген туынды [12, 160 б.].
Қ.Отарбай өзінің «Көзжендет картинасын талантты жазушы Асқар Алтайдың «Көзжендет» деп аталатын әңгімесінің желісі бойынша салыпты.
Бірден көзге түсетіні, картинада кеңістік жоқ. Ағаш екеш ағаш та ортан белінен шорт үзілген. Ауа да буалдыр. Тұнжыр. «Соқыр ұрпақ жүрген жерде кеңістік те, келешек те жоқ. Және болмақ та емес!» Суретші де осы ойды меңзеп тұрғандай.
Картинада титтей жылылық жоқ. Керісінше, суреттен бір сұп-суық леп есіп тұр. Соқыр ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген суықтығы сияқты.
Біздің ғалымдарымыз да, журналистеріміз де, мәдениеттанушыларымыз да, әлеуметтанушыларымыз да ашып әрі ашық айта алмай жүрген осы өмірлік шындықты суретші Қабдырахман Отарбай өз картинасында бұлжытпай, мұртын бұзбай, қаз-қалпыңда бейнелепті(Өнердің артықшылығы да осында ғой!).
Картинада бейнеленген жер бедері қай елдің жер бедеріне ұқсайды? Ресейдікіне ме? Қазақстандікіне ие? Жоқ әлде Эвенкияның жер бедерін еске сала ма? Тап басып тани алмайсың. Біздіңше, бұл жерде де суретші төмендегідей шындықты меңзеген сыңайлы. Соқыр ұрпақтың туған жердің қадіріне жете алуы мүмкін бе? Мүмкін емес, әрине. Өйткені, оларға – «барибир». Қай жерде жүрсе де, қай елде өмір сүрсе де. Қай тілде сөйлесе де...
Картинада бейнеленген соқыр ұрпақтың енді бет-жүзіне емес, тұрқына бітіміне, киіміне көз салыңызшы. Бәрі де бойшаң, денелі. Спортшы, не атлет деп қалғандайсың, Киімдері де сайлы: қымбат плащ, қымбат костюм-шалбар, қымбат галстук. Бұл нені аңғартады? Бұл соқыр ұрпақ ұлттық мүддені емес, «ішсем, кисем, бой-басымды түзесем» деген тұрмыстық мүддені алдыңғы планға шығарғанын білдіреді. Сонымен қатар, ұлттық байлығымыздың да осылардың қолына шоғырланғанын көрсетеді [24, 5 б.].
Асқар Алтайдың тұңғыш жинағы «Қыр мен қала хикаялары» атты жинағына енген «Қара бурасы» тарих беттерінен сыр шерткен туынды.
«Қара бура» хикаятындағы қара бура – символ. Символ – белгілі бір құбылыс не ұғымның, идеяның орнына балама, тепе-теңдік белгісі ретінде алынған шартты белгі, екінші бір зат[25, 193 б.].Қара бура – қазақтың езіп-жаншылған, сорлаған, қорланған рухы. Жиырмасыншы ғасырда қазақ халқы басынан нені өткермеді?! Тепкіні де, теперішті де, аштықты да, қуғынды да көрді. Орыс отаршыларының езгісіне көніп, лажсыз мойын ұсынып, айдаған қойша жүре берді. Қазақты жер бетінен жою үшін, қаңғыртып жіберу үшін «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ болмасын» деген сайқал саясат желеуімен әуелі алдындағы азды-көпті малын тартып алды. Ал малдан айрылған бейшара халық бас сауғалап, быт-шыты шығып шекара асты. Аштан қынадай қырылды. Бұл алаң-топалаңға қазақтың өз ішінен шыққан жандайшап, жағымпаз, сатқын, тайғанақ адамдар да барынша үлес қосты.
Хикаят басында ашу-ызадан қаны қарайған қара бура аязды ақпанда өз жолымен келе жатқан автобустың алдына шөгіп, кесе-көлденең жатып алады. Қыларыңды қылып ал дегендей өр көкірек. Анда-санда ақ көбіктенген аузын аша азынайды-ай кеп. Өйткені, екі аяқтыларға кекті! Басқа ноқта, санға шідер, аяққа тұсау салатындар осылар деген ойға берік бекінген. Ал жылжып көр батыр болсаң. Автобус жүргізушісі шыж-быж. Бензинім таусылуға тақау, моторды сөндірсем, қатып қаламыз, сөндірмесем, жанар-май таусылады дейді ышқынып. Осы кезде жолаушылардың арасындағы қара бураның иесі – Ескендір шалдың немересі Ұлбосын нәзік қолдарымен қант ұсынады. Қара бура «Меңсіз Қара» деген нәзік дауысты бота күнінде көп естіген. Кейіннен сол нәзік дауысты жоғалтып алып сағынып жүрген. Ұлбосынның созған алақанына мойнын иген бура танауынан буы бұрқырай жұп-жұмсақ ернін тигізе бір тал кесек қантты тас жолдың арғы бетіне қарай көрсете шашып жіберді. Қара бураның тіліне тәтті дәм үйіріліп, солай қарай беттегенде, салон толы жолаушылар да «уһ» десіп, автобус орнынан қозғалады.
Екі аяқтыларға қанша қаһарлы, еш болса да мейірімге зәру бураның Ұлбосын қыз ұсынған қантты жеп, жүрегі елжіреп қоя берді. Қазақ та сондай халық! Қайтпас қайсар, табанды, рухы мықты болғанымен жеме-жемге келгенде, жан дүниесі нәзік, кең, кешірімшіл, аяғыш, еліккіш. Сол аяғыштығы, сол кеңшілдігі, сол кешірімділігі, сол көнбістігі өз басына соққы таяқ болып тигенін, тоз-тозы шыға жаздай барып аман қалғаны тарихтан мәлім.
Түйеші Ескендірдің көрмеген құқайы жоқ. Неше жерден намысқой, қайсар, табанды, рухы мықты болғанымен, жалғыздың аты – жалғыз! Ауданнан келген шолақ белсенді өкілдің: «Ендігі күш-көлік – трактор, машина, комбайн. Түйе мен жылқының күні өтті, көзін құртамыз олардың»[26, 10 б.] дегеніне илікпегені үшін – өкілдің қасындағы жас жігіттер Ескендірдің қол-аяғын қыл арқанмен шандып, байлап, төрт жүзден астам келені мылтықпен жайратып салады. Онымен де қоймай, кейіннен жапон мен қытайдың шпионы деген айып тағып, он үш жылға кесті. Содан 1951 жылы бір-ақ оралды. Автор Ескендір тағдыры арқылы XX ғасырдағы қазақ тағдырын айтып отыр
Басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, соған әдеттенген, өз ана тілінде сөйлеуге намыстанатын, өз ұлтын мақтан тұтуға ұялатын дүбәрә қазақтар бүгін де бар және жеткілікті.
«Қара бура»– ұлттық намысты қамшылайтын, ес жиғызатын және қазақтың өткенін ғана емес, бүгінгі кескін-келбетін де қанын сорғалатып көрсетуімен құнды шығарма.
Достарыңызбен бөлісу: |