2.3 Шәді Жәңгірұлы шығармаларын жоғары сыныпта оқытудың тиімділігі
Шығыстың классикалық поэзия өнерінен нәр алып, оны қоғамның игілігі жолында пайдалануды мақсат еткен және бұл жолда адамзат пен жындар әлеміне түсірілген соңғы хақ дін – Ислам дінін, оның қасиетті кітабы Құран Кәрімді, оны аса көркем үлгімен жеткізуші адамзаттың ардақтысы, соңғы елші Мұхаммедтің (с.а.у.) өнегесін өмірлік қару еткен талантты ақындардың бірі Шәді Жәңгірұлы болды.
Бұл тақырыпқа аса жоғары дайындықпен келген Шәді ақын Алла Тағаланың әмірлері мен тыйымдарын өлеңмен өрнектеді. Ол «Фиқһ кайдани», «Назым Сияр Шариф», «Ахуалы қиямет», «Әмір Әмзе», «Хикаят халифа Һарун ар-Рашид» сынды дастандары арқылы Ислам тарихы мен құқықтық мәселелерінде қалам тербей отырып, пайғамбарлар тарихы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.), Ол кісінің қасиетті өмір жолы, шариғат мәселелері, сенім негіздері мен қатар басқа да мәселелерді көркем сөз өнері арқылы оқырманына жеткізе білді.
Шәді ақынның Алла елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жайлы қалам тербеуінің өзі де көптеген мәселенің басын ашып берген. Мұнда ақын басты мақсаты Алланың разылығын табу болса, Ұлы Тәңір жіберген пайғамбардың өмір тарихын ел арасында өлеңмен жырлауы, адамзатты тура жолға бастауды көздейді. Ақын «Назым сияр Шәриф» дастанында Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірге келген күніндегі мұғжизалардан бастайды:
Ғабдолла Әмина атты әйел алды,
Ибраһим тәртібімен некеленді.
Әуелі кездескенде Ғабдолламен,
Алты айда Ғабдоллаға ажал жетті,
Пайғамбар тумай жатып өліп кетті.
Алланың әмірімен Мұхаммедті,
Құрсақта анасының жетім етті.
Ақынның мәліметтеріне көз жүгіртер болсақ, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (ғ.с.) тумай жатып жетім қалғанын білеміз, көптеген діни қолжазбаларда Алланың елшісін жетім өсті дейтін, ал қалай жетім қалғандығы жайында осы дастандай жан-жақты түсіндіріп айтқан емес. Шәді Жәңгірұлының «Назым сияр Шәриф» атты дастанында пайғамбарымыздың жиырма бес жасында қырық жастағы Хадиша атты жесір әйелмен некелескенін жырлайды. Миғражға барып, Алланың көргенін де толғайды. Қаншама кәпірлерді ислам дініне кіргізіп күндіз-түні аянбай, Алла жолында қызмет еткенін, мунафиқтарды ешқашанда аямайтынын, күллі мұсылманды бір ел, әр қырынан жырлапты.
Шәді ақынның пайғамбар тарихына арнаған «Назым сияр Шәриф» дастанынан басқа, оның Ислам ғазауыттарын көрсететін «Хайбар» дастанын да жазған. Хайбар – жердің аты. Мәдинеден бірнеше шақырым жерде орналасқан. Бұл соғыстың Ислам тарихында алар орны ерекше. Себебі Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың мүшріктерді жеңіп, елдің сол қанатына шоғырланған жүгеттермен болған шешуші шайқасы Хайбарда өткен болатын. Адам ата жаратылған кезден бері адамзат баласының қасы – Ібіліс. Оның көздегені адам баласын дұрыс жолдан тайдырып, жаманшылыққа бастау болып табылады. Әзәзіл Ібілістің бар айла-шарғысын ашып көрсететін ибн Жузидің «Талбису Иблис» («Ібілістің айлакерлігі») деген еңбегі діндарлар арасына осы еңбектің желісіне құрылған. Шығармада Барсиса деген діндардың хақ жолында жүріп, қалайша Ібілістің тұзағына түскендігі туралы айтылады. Ақын осы шығармасы арқылы оқырманды өз нәпсісінің құлы болмауға шақырған. Шәді ақын «Ахуал қиямет» деген дастанынан оның құран тәпсірін жетік меңгергенін көруге болады. Шығарманың екінші бөлігін оқыған кезде адам баласының өлер алдындағы сәтінен бастап, қабір азабына дейінгі аралықты суреттеген ақынның еңбегіне сүйсінбеске амалы жоқ . Шәді ақын өлімді айтуда адамдарды қорқытудан аулақ болды. Тірлікте істеген әрбір әрекеттің о дүниеге апарар сенің еншің екенін еске салады. Демек, адам баласы тіршілікте істеген қателіктері үшін тіршілікте Алладан кешірім сұрауы керек. Ақынның бұл көзқарасы түсінген кісіге имандылыққа шақырған жаны таза адамның жүрегінен шыққан өсиет нақыл сөз екендігін аңғаруға болады. Кеңес заманында Шәді Жәңгірұлының туындысын «идеямызға жат» деп бүркемелеп, жасырын ұстап келгені хақ, осы бір жайтты ақын, ғалым Ә. Тәжібаев ашына толғайды: «Бұған дейін Шәді туралы сөз айтылмайды, өйткені көркем әдебиеттерді тану және оның ғылымын жасау, тарихын жазу ісіндегі солақайлықтар сонау бастан Шәді еңбектерін жат көрсетіп, әдебиет оқитын қауымнан жабық ұстады да, ақынның өмір тарихы да жаңа жұртшылыққа бейтаныс күйде қалды. Сондықтан бұлдыр бейнені анық көру, жаңа бір ақынды тыңнан ашу, онымен тілдесу, сырласу, оның мінез-құлқын, әдет-салтын, дүниеге қауымға, сұлулыққа көзқарасын білу, қай жағынан алсақ та қажет екен». Шәді Жәңгірұлы жазған әдеби жәдігерлер қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарының барлығына ортақ деп айтар болсақ артығы жоқ деп санаймын. Себебі, сол елдердің ауызша, жазбаша қазына-байлықтарын меңгеріп, пайдасына жарата білген, шайырлармен араласып, ақындық шеберлігін ұштаған адам. Түркі тілдес халықтарының барлығына ортақ болып саналатын іргелі тақырыптарды өзінше қайтадан жазып шығу өздігінен келмейтін жұмыс екені анық. Соған қарағанда, Шәді ақын тынымсыз ізденудің, еңбектің адамы болған, оны қасиетті туындыларынан тауып, тани аламыз. «Шығыс классикалық әдебиетінің назиралық үлгісін толықтай меңгерген, гуманистік ағартушылық бағытта дәстүрлі тақырыптарды жырлаған. Мазмұн мен түрі жағынан, идеясы мен сюжеттік желі жағынан мүлдем жаңа, қолтума төл шығармалар жазған. Сөз өнері мен қолөнер зергерлігін бірдей алып жүріп аты шыққан Шәді ақын шығармаларының тигізген игі ықпалын оның еңбектерінен көруге болады. Көзінің тірісінде жетпіс бес табақтай еңбегі баспа жүзін көрген Шәді шын шабытқа дамыл бермеген қалам иесіне ұқсайды. Кітаби ақындардың ішінде шығыс сюжетін қуалап қана қоймай, орыс халқының тарихын терең бойлаңқырап зерттеген Шәді Жәңгірұлы екен. «Әр сөзі құйылғандай қорғасыннан» деп ақынның өзі айтпақшы, оғын айдалаға бытырата бермей, жинақтап, шымырлап, ой елегінен өткізіп барып көпке ұсынған көрінеді. Шәдінің шығыс әдебиетінің әуендерімен байланысына барлай қарағанда не болса соны бері тарта бермей қазақ ұғымына, санасына, ортасына, өнеріне жақыннан орнығып қалды-ау деген сюжеттерді суыртпақтай шығарып, салмақты дүниеге айналдыра білген [26, 85]. Кезінде түрлі діни мектеп-медреселерде оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, сол арқылы араб поэзиясынан еркін сусындаған, Ислам тарихы мен араб әдебиетін терең білетін қазақтың ғұлама шайыры Шәді төре Жәңгірұлы қазақ көркем сөз өнерін мазмұн мен норма жағынан байыта түсуге өзіндік үлес қосты. Ол шығыс классикалық поэзиясына тән нәзирә дәстүрін жан-жақты меңгеріп, қазақ оқырманының талап-тілектеріне сәйксс келетін шығармалар жазды. Мұның өзі, қазақ әдебиетін мазмұн, тақырып, идея жағынан көріктеу құралдарымен байытуға үлкен әсерін тигізді.Дана халқымыз ештен де кеш жақсы демекші, көп жылдай жабылып келген перденің беті міне енді ашылып отырған жайы бар. Қазіргі кезде Шәді Жәңгірұлы секілді жұртын, туған елін, жерін, дінін барлығын бар жанымен сүйген ғұлама ақын жандарымыздың туындыларын оқып, оларды зерттеп, өз халқына тереңірек ұғындыру қажет деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |