Дипломдық ЖҰмыс тақырыбы: ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы діни шығармаларды оқытудың тиімділігі ш ымкент, 2023 жыл


Қазақ даласында кітаби ақындардың діни шығармаларды насихаттаудағы орны



бет6/11
Дата03.07.2023
өлшемі139,38 Kb.
#104007
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
ДұрысталдыДиплом жұмыc ARMAN соны — копия(1)

1.2 Қазақ даласында кітаби ақындардың діни шығармаларды насихаттаудағы орны
Әдебиет зерттеушісі, ғалым С.Ергөбеков қазақ халқының жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығына арналған көлемді зерттеу еңбегінде: «ХІХ ғасыр әдебиетi ұлттық таланттардың көптiгiмен және олардың бiр-бiрiне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседi. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпiрбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әншi ақындар (Бiржан сал, Ақан Серi, Сегiз Серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсiпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәдi Жәңгiров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрiн жалғастырып, халықтық әдебиет үлгiлерiн сақтап жеткiзушiлер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмiр сүрдi. Бұлардың барлығы өз мүмкiндiктерiнше әдеби арнаны толықтырды, өмiрдi өзiнше танып жырлады [12, 102]– дейді.
Империализмнің осындай кертартпа тұстарын заманынан бұрын көріп, бұратана халықтардың шоқынып, орыстанып бара жатқан өкілдерін бар ынта-жігерімен қайтарып, бұл алапат зұлымдықтың ұлт болашағына тигізер кері әсерін жүректен сезінген, оны шешудің бір-ақ жолы – елін қасиетті Ислам құндылықтарымен тәрбиелеу, сол арқылы түркі жұртының басына төніп келе жатқан күпірліктің алдын алуды мақсат еткен шығармашыл зиялы қауым өкілдері қалыптасты және заман қажеттілігінен туындаған бұл әдебиет өкілдерін қазақ жазба әдебиетін зерттеушілер «Кітаби ақындар», «шайырлар», «нәзиралық дәстүрмен жырлаған ақындар», «қиссашыл ақындар» деп атап келеді.
Сонымен қазақ жазба әдебиетінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында ел тәуелсіздігі жолында діни-ағартушылық бағытты ұстанған, тарихи аренада айтарлықтай із қалдырған «кітаби ақындар» кімдер еді? Орыс империализміне қарсы күресте бұл ақындар тобының рөлі қандай? Бұл сұрақтар төңірегінде алдымен әдебиет зерттеушілерінің еңбектеріне назар аударайық.
Жалпы қазақ әдебиетінде қасиетті Ислам нәрімен сусындаған шайырлар поэзиясынан үлгі болып келе жатқан нәзиралық дәстүр менхикая, қиссалар жазып қалдырған ақындар және олардың әдеби шығармашылық мұрасын арнайы немесе жанама түрде қарастырған М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Ө.Күмісбаев,З.Ахметов, Н.Келімбетов,Ш.Сәтпаева, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ү.Сүбханбердина, Ш.Елеукенов, А.Қыраубаева, Б.Әзібаева, Ж.Шалғынбаева, С.Ергөбеков секілді ғалымдар зерттеулерінен көруге болады.
Көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов қиссашыл-дастаншыл кітаби ақындардың санын 140 қа жуық екенін айтып, олардың шығармашылығын өзге ақындардан ерекшелеп тұратын ерекшеліктердің бірі діни шығармалар және нәзиралық дәстүрі жөнінде: «Көпке мәлім болған шындықтар бойынша Шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір шығыс ақыны қайталап әңгіме ететін, тың дастандар шығаратын дәстүр бар еді. ...Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша бір тақырыптың әр ақында қайталауы еш уақытта аударма деп танылуы керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «нәзира», «нәзирагөйлік» деп атау да берген» [13, 169]– деген пікірді ұсынған.
Кітаби ақындардың ірі өкілі болып табылатын Шәді Жәңгірұлы шығармашылығын арнайы зерттеген ғалым Н.Келімбетов те қазақтың төл әдебиетінің қалыптасуына негіз болған қайнар бастаулардың бірі – көп ғасырлық тарихы бар Шығыстың классикалық поэзиясы екендігін растайды. Сондай-ақ ерекше рухани байланыстар негізінде жүзеге асқан көркемдік тәсілдердің бірі саналатын «Нәзира» дәстүрі және оны қазақ әдебиетіндегі көріністері тұрғысынан зерттей келе атақты ғалым Н.И.Конрадтың: «Бір халықтың әдебиеті екінші халықтың әдебиет әлеміне тек екі жолмен яғни, шығарманың түпнұсқасы және аудармасы арқылы ғана енеді деп ойламау керек. Әлемдік әдебиеттер байланысының тарихы мұнан басқа да формалар бар екендігін дәлелдеп отыр. Мұндай формалардың бірі – бір халықтың қаламгері жазған шығарманың мазмұны мен сарынын басқа бір халықтың сөз зергерлері творчествосы арқылы қайта тудыру болып табылады. Орта Азия, Иран Алдыңғы Азия әдебиетінде осы форма айырықша кең өріс алды» деген пікірін мысал келтіреді және тек кеңестік зерттеулермен шектелмей, бұл мәселеге түркі халықтарының танымал зерттеуші ғалымдары ат басын бұрғандығын сөз ете отырып: «...әзірбайжан, өзбек, түрікмен және түрік ғалымдарының осы бағыттағы зерттеулеріне көңіл қойып, олардың қол жеткізген табыстарын назарда ұстағанымыз абзал болар еді. Нәзира дәстүрімен жазылған шығармаларды зерттеу барысында әсіресе, Түркия елінің Н.Банарлы, А.Инан, Ф.Көпрүлүзаде, А.Рефик сияқты ғалымдары мол үлес қосты. Тегінде олардың нәзира дәстүріне қатысты зерттеулерін көпшілік оқырман қауымға таныстыру үшін болашақта қазақ тіліне аударғанымыз игілікті іс болар еді»[14, 176] – деген. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінде бұл көркемдік тәсілді пайдаланған қаламгерлер қатарына шығыс поэзиясынан терең сусындаған Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шәді Жәңгірұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды алып тұлғалар шығармаларының қайнаркөзі болып табылатын шығыс әдебиетінің классиктері Фирдауси, Физули, Науаи, Хироми сынды ақындар шығармаларымен салыстырмалы түрде талдап көрсеткен. Ғалым: «Нәзира дәстүрін меңгерген қазақтың бірқатар «қиссашыл ақындары» Шығыс хикаяларының желісіне ғажайып дастандар жазғаны мәлім. Олар: Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Жүсіпбек Шайхулисламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Ораз молда, Ақмолла Мұхаммедиярұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Шәді Жәңгірұлы сияқты шығыс классикалық дәстүрінде тәрбиеленген сөз зергерлері жоғарыда аталған гуманистік идеяларды ту етіп көтерді. Олар түрлі хикая-хикметтер желісін пайдалана отырып, өздері өмір сүрген дәуірдің аса маңызды қоғамдық әлеуметтік мәселелерін көтере білді» – деп түйіндейді. Сондай-ақ, Н.Келімбетов қазақ поэзиясындағы нәзира дәстүрін әдебиет тарихы, теориясы және сыны тұрғысынан зерттеу арқылы келелі мәселелердің бетін ашуға болатынын айта отырып, Шығыстың есімдері әлемге мәшһүр шайырлары жырлаған аса маңызды гуманистік идеяларға қазақ ақындарының да өзіндік үлес қосқанын ерекше атап өткен.
Әдебиет зерттеушісі Бейсембай Кенжебаев– ХХғасыр басындағы әдебиет өкілдеріне оның ішінде кітаби ақындар туралы ойларын айта келіп орыстың атақты фольклорист ғалымы қазақ фольклорлық шығармаларын жинаушы, жариялаушы В.В.Радловтың: «Қазақ әдебиеті шығармаларын қазақтардың өздері екі бөлімге бөледі: халық шығармалары (қара сөз) және кітаби өлең. Халық шығармаларын қарапайым халықтың ауызша тараған өлеңдері мен әңгімелері құрайды, сондықтан да оған қазақ халқының ислам діні әсері тие қоймаған шығармалары жатады. …Кітаби өлеңдердің мұндай атқа ие болу себебі, оны жыршы жатқа айтпайды, жазылған кітаптан оқиды. Мұндай кітаби өлеңді шығарушылар – моллалар, сауатты қазақтар. ...Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұм-жұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді» [15, 17]деген пікірін келтіре отырып, өзі ақындар алдында қолданылып жүрген «Кітаби» сөзі, оның ақындар шығармашылығына қатысты қолданылу аясы жайлы былай деп пікір қорытады: «Кітаби» деген атау ертеде христиан діндарлары арасында діни кітап – «Инжіл» ережелерін бұлжытпай орындауды жақтаған, уағыздаған адамдар жөнінде қолданылған. Оны біздің ХХ ғасыр басындағы ақындарымыз жөнінде қолдану мүлде орынсыз. Кітаби ақын-жазушы деген атау біздің ғалымдарымыз бұл топқа жатқызып жүрген ақын-жазушылардың не идеялық көзқарастарын, не көркем әдебиеттік бағыт-әдісін аңғартпайды, кәсібін, кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана аңғартады» [16, 51]. Әрине, әр заманның өзіндік таным-түсінігі болатынын ескерсек, ғалымның кітаби ақындар шығармашылығын терең танып білмегені ме, яғни кітаби деген сөз кітап бастырушыларға ғана тән деген мағынада түсінгендігі ме, әлде сол кездегі кеңестік саясаттың салқыны ма, әйтеуір бұл терминді қолдамағандығын көреміз.
Көрнекті әдебиет зерттеушісі Өтеген Күмісбаев өзінің көп жылдар бойы зерттеп жазған «Терең тамырлар» атты зерттеу еңбегінде біз сөз етіп отырған ақындар тобын «кітаби, ағартушы дастаншылдар» деп атайды. Сондай-ақ, бұл топтағы ақындардың шығармашылығы қазақ әдебиеті тарихында жете зерттелмей отырғандығын айтады: «Қазақ әдебиетін зерттеу ғылымында жете бағаланбай, толық та, лайықты орындарын ала алмай жүрген кітаби, ағартушы дастаншыларымыздың есімдерін тізе бастасақ, ұзаққа кеткен болар еді. Ақылбек ибн Сабал, Шәді Жәңгірұлы, Мәулекей Жұмашев, Жүсіпбек Шайх-улисламұлы, Ораз молда, Мұса молда, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Бейсенов Баймұқамбет, Мағаз Батырғалиұлы, Кешафиддин бин Шаһмардан, Мақыш Қалтаев, Ғали Махмұдов, Нұржан Наушабаев, Ақмолла, Есен молла, Әбубәкір, Ахмед Оразбаев, Жанұзақ және басқа көптеген әлі аттары көпке мәшһүр емес ақындарды мақамға салып, «ескішіл бағыттағы ақындар» деп, сыпырып сипай өте жүрміз. Бір кезде туған әдебиетіміздің қалыптасу тарихында орын тепкен мұндай құбылысқа көзжұмбаймен қарап, қол сілтеу парасаттығымызға жатпаса керек-ті» – деп, кезінде кеңестік саясат тұрғысынан «діншіл, ескішіл, пессимист т.б» деп бағаланған зерттеулерге алғашқылардың қатарында сыни тұрғыдан пікір білдіріп, Шығыстың классикалық әдебиетінің небір асыл үлгілері қазақ даласына тереңдей тарап, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқандығын, осы қайнаркөздерден нәр алып, мұсылмандық рухпен Ұлы Алланы бір біліп, Оның көрсеткен жолын «хақ» деп қабылдаған ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында жазба мұралар қалдырған әдебиет өкілдерінің өз шығармалары арқылы елді тәрбиелеп, ағартушылық қызмет атқарғандығын да айтады. Ғалым: «Шығыс шығармаларын, сюжеттерін варианттарын қазақ топырағына әкелуші, қиссашы, дастаншылар жалғыз қиссаны ғана қуып кетпей, өздері де ірі білімпаздар болып, сан-алуан тақырыптарға қалам тербеді, халықты өнер-білімге шақырды. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы, аударушы, бастырушы және жырлаушы болды. Шығыс үлгісімен поэма, дастандар, хикаяттар тудырды» [17, 49]– дейді. Сондай-ақ бұл кезең әдебиет өкілдері шығармашылығының маңыздылығын ескере отырып, олардың әрқайсысын жеке зерттеу нысаны ретінде қарастыру керек деген идеяны ұсынған.
Кітаби ақындар шығармашылығын зерттеуде жоғарыда аталған ғалымдар еңбектері мен олардың пікірлерін терең талдай отырып зерттеген ғалым С.С.Ергөбек төл және назиралық үлгідегі шығармаларымен қазақ жазба әдебиетіне мол әдеби мирас қалдырған Ораз молда, Шәді төре Жәңгірұлы, Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Ақылбек Сабалұлы, Кәшшәфуддин Шаһмарданұлы, Мәулекей Юмашықов, Әріп Тәңірбергенұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мәшһүр Мақыш Қалтайұлы, А.Ұлымжыұлы, Молда Мұса Байзақұлы сынды шайырлар есімдерін атай келіп, олардың шығармашылығына төмендегідей анықтама береді:
«Кітаби ақындар шығармашылығы – ежелгі дәуір әдебиетінің, орта ғасырлық сопылық әдебиеттің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қайта өркендеуінің көрінісі. Қазақ әдебиетінің тарихындағы ежелгі дәуірлерден келе жатқан жазба әдебиеттің дәстүрлі жалғасы. Көне жазба әдебиет дәстүрінің қайта тууына осы кезеңде қазақ даласында мектеп, медреселердің көбеюі, мұсылманшылық оқу, ғылым-білімнің күшеюі көп себеп болды». ...Кітаби ақындар – отарлық езгі себебінен туындаған жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп, халықтың рухани байлығына шабуыл жасалып жатқан тұста орысшылдыққа түрікшілдікті, шоқындыруға Ислам дінін қарсы қару етіп күреске шыққан ақындар. Бұл ақындарды өздері өмip сүрген кезеңінен бөліп қарауға болмайды. Олар – өз дәуірінде қоғам қажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ұлты үшін ағартушылық қызмет еткен ақындар. Ол ақындар дінді, білімді насихаттады, көпшілігі қазақ ішінде бала оқытқан молда ақындар болды. Олар білім алуды адалдықты, адал еңбекпен мал табуды, рухани тазалықты насихаттады. Рухани тазалықтың құралы – діни исламдық мәдениет деп білді[18, 49].
Біздіңше, ғалым С.Ергөбек осы зерттеу еңбегі арқылы кітаби ақындар туралы осы күнге дейін жүргізілген зерттеулер мен айтылған пікірлердегі тартысты мәселеге жасаған қорытынды ойы орынды. Зерттеуші «кітаби ақын», «шайыр», «қиссашыл ақын», «нәзирашыл ақын» секілді атауларға түсініктеме бере келе тұшымды пікірлерін ортаға салады және «Осы атаулардың ішінде олардың шығармашылығын тап басып танытатын бірден-бір атау «кітаби ақын» сөзі болса керек» деп, оның нақты себептерін көрсетіп береді. Сонымен қатар бұдан кейінгі зерттеулерде «кітаби ақын» терминін ғылыми айналымға енгізуді ұсынады.
Кітаби ақындар шығармашылығындағы бұл ерекшеліктер он ғасырдан астам уақыт бұрын түркі халықтарының төл мәдениетімен синтезделіп, қанына сіңіп, салт-дәстүрінің ажырамас бөлігіне айналған қасиетті дініміз – Ислам және оған негізделген дүниетаным мен адами қасиеттерді үнемі жоғары деңгейге көтерген, осылайша адамзат баласын тәрбиелеп отырған Исламдық тәрбие мен әдеби дәстүрлер негізінде қалыптасқан еді.
Әдебиет зерттеушісі, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бұл кезеңде өмір сүрген түркілік-мұсылмандық идеяны ұран етіп, империяның орыстандыру, христиандандыру саясатына қарсы шығармаларымен көрініс берген кітаби ақындар туралы: «Шоқындырып, орыстандыру саясатының қазақ елінің тағдырына құрылған тұзақтары мен қақпандарын алдымен қазақ ақындары сезіне бастады. Сезіне бастауының елеулі бір көрінісі «уды умен қайтару» үшін қиссашыл кітаби ақындар Ислам дінін насихаттауға ерекше мән беріп, араб-парсы тіліндегі діни тақырыптағы әңгіме, дастандарды аудару не өзінше жырға қосу немесе нәзиралық жолмен жарыса жырлау тәсілдерін қолдану жолына түсті» [19, 234]– деп кітаби ақындардың орыстандыруға қарсы түрікшілдік идеяны ұстанғанын, христиандандыруға қарсы дәстүрлі Ислам құндылықтары мен дін тарихын насихаттау арқылы елдің көкірек көзін ашуға, тақуалыққа, оқу-ағарту жұмыстарында сауаттылыққа баулып отырғандығын, осылайша кемел Ислам қағидаларына негізделген түркілік болмысты сақтап қалудың қамында болғандықтарын айшықтап берді.
Шәді ақын да Абай секілді қазақ халқын өз кезінде сынайды. Абай қара сөзінде «қазақты» ноғай, сартты сынаймын деп көштен қалып қойды»,– деп налыса, Шәді төре де қазақ пен қырғыздың мешіт салуына салғырттығын айтады. Петроградта салынғалы жатқан мешіт құрылысына қазақ пен қырғыздан өзге мұсылман халықтарының, әсіресе, соның ішінде ноғай мен сарттың көмек қолын созғанын айтып, қазақтың бай дәулетті жандарына қайырлы істен құр қалмаңдар деген ой-пікір айтады.

Бір халықпыз қырғыз, қазақ қатар жатқан,


Жақынбыз бір-біреуге ноғай, сарттан.
Біздің де ішімізде өзгелердей,
Байларымыз, сахилар бар дәулеті артқан.

Көптікке аз емеспіз ешбірінен,


Есепте алты миллон санға айналған.
Осындай қалың қол қойған қайыр іске,
Біздерден жәрдем жоқ еш бөленген.

Біздерге мұнан артық болмас ұят.


Сол үшін хабар беріп жазамын хат
Сонымен қатар, Шәді ақын «Ресейдің жиырма бес миллиондай мұсылманы бір мешітті бітіре алмаса, біздей Алла Тағаланың пенделері үшін өлім», - дейді. Құдай жолына жұмсалған қайырлы істер ешқашан өлмейтіндігін, қайта оның сауабын Алла Тағала беретіндігін айтып, Құранның «Бақара», «Әнбая», «Нәміл», «Қасас», «Майда» секілді бірнеше сүрелеріне сілтеме жасайды. Шәді ақын өз заманының «кітаби ақындары» сияқты шығыс шығармаларын қазақ тіліне аударумен де айналысқан. Ол парсының атақты шайыры Фирдаусидің «Шахнамасын» алғаш қазақ тілінде сөйлетіп, Атбасар уезіндегі Қалменбайға тарту еткені жайлы деректер бар. Оған «Шәдінің болыс Қалменбайдан ат сұрап жазған» өлеңі дәлел бола алады [20, 67].
Шәді ақын жасы ұлғайып, пайғамбар жасынан асқан соң өз ортасының үлкенге өнеге, кігшіге ақыл айтар қариясына айналған. Оның білімі мен діндарлығынан хабасры бар үлкен ақсақалдар оған әртүрлі сұрақтар қойып, дер кезінде оның салиқалы жауабын ала отып, оның берген жауатарына таңғалып отырған. 1828-1829 жылдары кімпеске кезінде Шәдіні кедей болса да, діншіл молда деп, Түркістан түрмесіне қамап тастайды. Бірақ кезінде дәмдес-тұздас болған жазушы Сәкен Сейфуллиннің араласуымен түрмеден босатылып шығады. Алайда өмірінің соңғы шақтарында «Молла» деген айып тағылуына байланысты, қуғынға ұшырап Шәді Жәңгірұлы 1933 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеден озады.
Кезінде дана философ Әбу Нәсір әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп адам баласының қандай да бір білім иесі болуы үшін оған міндетті түрде өзін-өзі тануы шарт деген қағиданы жүктеген. Өзіндік болмысы мен өзіне тән адами қасиеттерді танып білген де ғана ол кез келген білім мен ғылымның иесі бола алады. Бұл даналық сөзді ұран қып ұстаған кітаби ақындар алдымен қоғамды өзін тануға тәрбиелеуге кіріскендігін көруге болады. Бұл кезең өкілдерінің бір тобы ел арасында ежелден қалыптасқан әдеби дәстүр, халық арасында өтіп отыратын «қиссахандық» кештерінде адами құндылықтарды дәріптеп, жаратылғандардың арасында ерекше бітім мен қасиетке ие болған адам үшін Ұлы Жаратушысының көрсетіп берген ақиқат жолынан тайынбауға, Аллаға серік қоспауға шақырды. Соңғы Елші Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық өмір жолын насихаттайтын қисса-дастандарды жатқа оқып, сол арқылы халықты діни біліммен тәрбиелеп жатса, екінші бір тобы заманының жетістіктерін пайдалана отырып, Ташкент, Қазан, Орынбор сынды сол кезеңдегі түркі халықтарының ғылым мен білім ошағына айналған қалаларда дәстүрлі Ислам тарихынан мол хабар беретін, хикаяттар мен қисса-дастандарды кітап етіп басып шығару, сөйтіп халыққа тарату ісімен айналысқандығын көруге болады. Міне осы қасиеттеріне қарай әдебиет зерттеушілері оларға кітаби ақындар мақамын берген болса керек.
Зерттеу объектісі ретінде қаралып отырған қазақ әдебиеті тарихында өзіндік бағыт-бағдарымен ерекше көрініс берген кітаби ақындар шығармашылығын зерттеу барысында екі үлкен мәселені атап көрсету керек. Оның бірі, кітаби ақындар қалдырған әдеби мұралар тақырыптық-идеялық жағынан және сюжеттік-құрылымдық жағынан қазақ жазба әдебиетін жаңа жанр, жаңа туындылармен байытқан әдеби дәстүр десек, екіншісі – олар жазып қалдырған туындыларда сол кезеңдегі өзекті мәселенің бірі – орыс империализмі және оның халыққа әкелген зардаптарының көрініс беруі дер едік. Осыдан шығып халықтың алдыңғы қатарлы ойлы азаматтары ретінде біз сөз етіп отырған ақындар бұл тарихи үдеріске өз мүмкіндіктерінше қарсылық жасады. Бірі саяси көзқарастарын өлеңмен өрбітіп елге демеу болғысы келсе, екінші бірлері қасиетті кітабымыз Құран Кәрім әмірлері мен тыйымдары, яғни Ұлы Алла Тағала бұйырған өмір сүру қағидалары мен сол жолды өміріне серік еткен пайғамбарлар мен әулиелер өмірлерінен алынған ғибратты оқиғалардан туындаған шығыстық үлгідегі қиссаларды өздері қайта жырлап, өлеңдер жазып, халықтың рухани құндылықтарын қанағаттандыруға, мәдени-рухани тәрбие беруге тырысты. Әсіресе, ХІХ ғасырдың соңғы ширеги мен ХХ ғасырдың алғашқы 17 жылында Шәді Жәңгірұлы, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ақындардың қисса-дастандары Ташкент, Қазан, Орынбор қалаларындағы сол кездің аты әйгілі баспаханаларында басылып, мыңдаған тиражбен елге тарап отырғандығын көреміз.
Қазан қаласы сол кезеңдегі ресейлік шығыс халықтарының тілдеріндегі кітаптарды шығарушы орталығының бірі болды. Сонымен бірге, қазақ ақын-жазушыларының кітаптары Қазан, Уфа, Орынбор, Троицк сияқты қалалардағы татар баспаханаларында басылды. Мәселен, ең алғашқы қазақ тіліндегі «Игьлан намэ Қырғыз халығына» («Объявление киргизкому народу») атты кітап 1831 жылы, ал «Ер тарғын» дастаны 1862 жылы Қазандағы университет баспаханасында басылып шыққан [21, 14].
Ғалым Бейсембай Кенжебайұлы ХХ ғасыр басындағы қоғам және әдебиет мәселелерін қарастыра отырып кітап бастыру жұмыстары ХІХ ғасырдың орта тұсында басталғандығын, ал ХХ ғасырдың басында бұл үдеріс жандана түскендігін мысалға алып, «Кітаптың көптеп басыла бастауы халықты ағартуға үндейтін алапат күш еді» – дейді.
«Қазақ кітабының тарихы» еңбегінде «1917 жылға дейін қазақ тілінде, қазақ-татар, қазақ-орыс тілдерінде 900 аталымнан астам әр түрлі баспа өнімдері басылды. Барлық басылымдардың жалпы тиражы 5 миллион данаға дейін жеткен» деген дерек келтіріледі [22, 14].
Сонымен ХІХ ғасырдың екінші жартысында әдебиет майданына келіп прогрессивті ағартушылық бағыт ұстаған қазақ ақындарының бір тобы дәстүрлі тақырыптарға шығарма жазудың нәзирагөйлік әдісіне көбірек көңіл бөлді. Дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың шығыстық әдісі – нәзирагөйлік қазақтың бір топ ақындары тарапынан кезінде қолдау тапты. Осы бағыттағы қазақ ақындары Шығыстың классикалық әдебиетіндегі дәстүрлі тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды бетке ұстай отырып мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті тұрғысынан мүлдем жаңа шығармалар жазды[23, 35].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет