2.1 Түбір етістіктердің мағыналық ерекшеліктері
Тілдің сөздік қорының баюы, молаюы түрлі тәсілдер арқылы болса, солардың көне түріне семантикалық даму жатады. Семантикалық даму бойынша сөз дыбыстық, морфемдік құрамын өзгертпей-ақ бірте-бірте өзіне жаңа мағыналарды қосып отырады. Соның нәтижесінде тілде бір сөз бірнеше лексикалық мағына білдіреді, тілдегі қызметі артады. Семантикалық даму арқылы сөз саны көбеймегенімен, сөздердің мағыналық мүмкіндігі әлдеқайда өседі.
Етістік – грамматикалық категорияларға, сонымен қатар модальдік реңктерге бай күрделі сөз табы. Атауыш сөздерден семантикалық реңкінің көп түрлілігімен де дербес сөз табы ретінде ерекшеленеді. Етістіктер жіктемесінде маңызды рөл атқаратын түбір етістіктердің мағыналық құрылымын, семантикалық сипатын анықтау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Түркі тілдерінде етістік семантикасы біршама зерттелген. Атап айтқанда, Э.Р.Тенишев [102], Н.З.Гаджиева, А.А.Коклянова [103], Б.И.Татаринцев [104], И.К.Кучкартаев [105], А.К.Алекперов [106], А.А.Цалкаламананидзе [107], М.Оразов [71] т.б.
Қазақ тілінде грамматикатанушы ғалымдар етістікке қатысты арнайы зерттеулер жүргізіп, монографиялар жариялаған. Етістікті әрі сөз табы ретінде әрі мағыналық сипатын қоса талдаған зерттеулерден А.Қалыбаева (Хасенова), Ы.Е.Маманов, А.Ысқақов, Н.Оралбаева еңбектерін ерекше атаған жөн.
Етістік – сөз табына қатысы тұрғысынан морфологияның нысаны болды. Жоғарыда аталған қазақ ғалымдары етістікті негізінен осы қырынан зерттеді. Десек те, кез келген тіл бірлігі мағыналық қыры арқылы ғана өзіндік тұрпатқа ие болатыны белгілі. Осы ретте етістіктің мағыналық қыры да еш уақытта назардан тыс қалған емес. Қазақ тілінде етістіктер алуан түрлі ұғымды білдіреді. Сөйлемде контекске байланысты бір етістіктің сөздік мағынасының бірнеше ұғымды білдіруі мүмкін.
Етістік семантикасы ең алдымен оларды лексика-семантикалық топтарға бөлумен байланысты қарастырылды. Қазақ тілінің етістікті зерттеген белгілі ғалымдары етістік семантикасына қатысты пікірлер айтып, оларды мағыналық топтарға ажыратып отырған.
А.Хасенова «Қазақ тілі грамматикасында» түбір етістік дейтін межеге сыйдыруға келетін сөздерді іс-әрекет, амал, қалып процесінің динамикасын білдіруі жағынан қарастырып, оларды бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөлуге болатынын атап көрсетеді. Ұйымдастыру, жорғала, мияула, шырылда сияқты туынды етістіктер де лексика-семантикалық топтардың құрамына енгізілген. Жұмыста басқа түркі тілдерінде қалыптаспаған жаңа үлгіде топтастыру да ұсынылған, алайда бөлудің принциптері ашып көрсетілмеген [27, 127].
А.Хасенова етістікке арналған жеке монографиясында қазақ тіліндегі етістіктерді 6 топқа, оларды әрі қарай бірнеше шағын топтарға бөледі. Олар:
1) объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер:
а) же, іш, пісір, қаз, құрт, піш, уат, кес;
ә) майла, боя, сүтте (сүттеп шай ішу), асфальтта, сабында, оюла, лентала (шашын ленталап өрді);
б) ұр, соқ, жық, көтер, апар, әкел, ал, бер;
в) жүр (шахмат, дойбы, картаны жүр дегендегі), бас (аяғыңды бас), қат (тіл қат);
г) есіт, оқы (кітапты), ұқ, ұйымдастыр, сезін, сүю, көңілі түсу, аңсары ауу т.б.
2) субъекті қозғалысын, беталыс, бағытын білдіретін етістіктер. Бұлар, негізінен, салт етістіктер тобынан құралады:
а) кел, кет, бар, қайт, жүр (кейін жүрме, ілгері жүр, ол осында жүр), серуенде;
ә) түс, шық, көтеріл, көлбе, ақ жау, күт;
б) ұш, самға, сырғана, жылжы, шап, жорғала, жүгір;
в) жинал, тара (хабар тарады), тарқа, ыдыра т.б. [108]
Жекелеген еңбектерде етістіктер семантикалық топтарға түрліше бөлінеді. Г.Кулиев азербайжан тіліндегі етістіктерді тоғыз топқа бөлсе [109], өзбек тіліндегі етістіктерді М.Садықова төртке топтастырады [110].
Қазақ тіл білімінде М.Оразов сөздерді лексика-семантикалық топқа бөлудің шарттарын көрсетеді. Олар:
1) бір лексика-семантикалық топтың құрамына енетін сөздер өзара бір мағыналық сыңар (семалар) арқылы байланысып жатуы керек;
2) бір лексика-семантикалық топтың компоненті болып саналатын сөздер өз дербестігін сақтауы керек;
3) лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бірі екіншісін мағыналық жағынан толықтырып, ұштасып жатуы керек;
4) антонимдік, синонимдік сыңарлар да белгілі бір лексика-семантикалық топтың аясында болады;
5) лексика-семантикалық топтар іштей семантикалық топтарға бөлініп, сатылай байланысып жатады;
6) лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір сөз табынан болуы керек т.б.
Осы шарттар негізінде етістіктерді 11 лексика-семантикалық топқа бөледі:
1. Амал-әрекет етістіктері:
а) қоректенуді білдіретін амал-әрекет етістіктері (ішу, жеу, жұту, сору, асау, жалмау т.б.);
б) жасау, құру етістіктері (құру, жасау, соғу, тұрғызу, өру, тігу, өндіру, салу, жарату, қалпына келтіру т.б.);
в) қырып-жою етістіктері (сындыру, қирату, бұзу, құлату, жермен жексен ету, күлін көкке ұшыру т.б);
г) өзгеру етістіктері (бояу, майлау, ақтау, жану, әшекейлеу, өрнектеу, тазалау, сабындау, оюлау, өңдеу т.б.);
д) объектіні қозғалысқа түсіретін амал-әрекет етістіктері (итеру, шашу, жүру (шахматты жүру), беру, алу, көтеру, лақтыру, ыршу, түсіру, құлату, т.б.);
е) объектіні толық қамтымайтын амал-әрекет етістіктері (керту, шабу, найзалау, сұғу, қамшылау, сипау, түрту, шымшу, шаншу т.б.);
ж) объектінің қалпын өзгертетін етістіктер (төңкеру, аудару, құлату, бүктеу, жазу т.б.);
з) даралау және бөлшектеу етістіктері (боршалау, жіліктеу, бөлу, ажырату т.б.);
2. Қозғалу етістіктері (жалпы қозғалысты білдіретін етістіктер, қимылдың объектіге жақындағандығын білдіретін қозғалу етістіктері, белгілі бір межемен, кедергімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері т.б.);
3. Сөйлеу етістіктері (хабарлау етістіктері, сөйлесу етістігі, сұрақ-жауап мәнді сөйлесу етістіктері.бейнелік мәнді сөйлеу етістіктері т.б.;
4. Қалып-сапа етістіктері (адамның не жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер, таза қалыптық мәнді білдіретін етістіктер т.б.);
5. Сезіну етістіктері (көру, есту, иіске байланысты етістіктер т.б.);
6. Ойлау етістіктері (ойға шому, ойла, ой талқысына салу т.б.);
7. Көңіл-күй етістіктері (таза психологиялық процестермен байланысты етістіктер, адамның эмоциясымен, көңіл-күйімен байланысты етістіктер);
8. Дыбыс-сес және бейнелеу етістіктері (адамның және жан-жануарлардың дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер, табиғат дыбыстарымен байланысты қолданылатын етістіктер т.б.);
9. Өсіп-өну етістіктері (тірі организмнің туып-өсуімен байланысты етістіктер, табиғаттың өсуімен, көркеюімен байланысты қолданылатын етістіктер т.б.);
10. Табиғаттың түрлі құбылыстарына байланысты қолданылатын етістіктер (түнеру, бұлттану, күн шығу, ай туу, нөсерлету, желдету т.б.);
11. Субъектив реңкді білдіретін етістіктер (азсыну, менсінбеу, бойын аулақ салу, білгішсіну, масаттану, мұрнын көтеру т.б.). [111, 23].
М.Оразов 1983 жылы «Семантика казахского глагола» тақырыбында жазылған докторлық диссертациясында етістік сөздерді 11 топқа бөлсе, диссертацияда етістіктің 12 лексика-семантикалық тобын көрсетеді.
М.Оразов сөйлеу етістіктерін сөйлеу етістігі, хабарлау етістігі, сұрау-жауап мәнді сөйлеу етістіктері, көңіл-күйге байланысты сөйлеу етістіктері, индивидуал қарым-қатынасты білдіретін сөйлеу етістіктері, бейнелік мәнді сөйлеу етістігі, дыбыс-сес қатынасты сөйлеу етістіктері деген топтарға бөліп, олардың айырмашылықтарын, ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Ғалым етістіктерді мағыналық топтарға бөлуде мынадай ерекшеліктер болатындығын айтады: “Кей жағдайда бір топтағы сөз басқа топтағы сөзде қайталанып та қалып жатқан жағдайлар кездеседі. Мысалы, “малтасын езу” – бейнелік мәнді сөйлеу етістігінде де, көңіл-күйіне байланысты сөйлеу етістігінде де ұшырасады. Мұның себебі бұлар жалпы сөйлеу етістігі болғандықтан, ондағы сөздердің мағынасының ұқсауы да, қайталануы да заңды сияқты. Айталық, мысқылдау, мыңқылдау, танту, былжырау, аузы-аузына жұқпау, бөсу дегендердің мағыналарын бөліп-жаруға келмейтін сияқты. Кей етістіктер морфологиялық тұлғаларының әртүрлі болуы себепті мағыналық топтарға бөлінеді (айту-айтысу, хабарлау-хабарласу т.б.). Бұдан байқағанымыз, сөйлесу етістіктерін автор семантикалық жағынан бөлгенімен, морфологиялық белгілерін де негізге алып отырған.
Осы сияқты етістіктерді мағыналық жағынан топтастыру А.Ысқақов оқулығында да кездеседі:
1. Амал-әрекет етістіктері: босат, көтер;
2. Қимыл-қозғалыс етістіктері: ауна, аудар, домала, жыт, қаш, секір;
3. Қалып-сапа етістіктері: жат, жантай, тұр, тос, күт, ұлғай т.б.;
4. Ойлау-сөйлеу етістіктері: айт, сөйле, де, ескер, жатта т.б.;
5. Өсу-өну етістіктері: балала, жапырақта, гүлде, өс, өн т.б.;
6. Бағыт-бағдар етістіктері: бар, кел, кет, қайт, әпер, әкет;
7. Көңіл-күйі етістіктері: жыла, қайғыр, өкін, күл, қуан;
8. Бейнелеу-еліктеу етістіктері: жарқыра, күркіре, дүркіре, тарсылда, сыртылда, сырқыра т.б.
9. Дыбыс-сес етістіктері;
10. Көру-есту етістіктері;
11. Мінез-құлық етістіктері [11, 224 б.].
Ғалым еңбегінде етістіктер лексика-семантикалық топтарға жіктелгенімен, оларды бөлудің ғылыми принциптері көрсетілмеген.
Ы.Маманов етістіктерді мағынасы жағынан басты ерекшеліктеріне қарай мынадай бірнеше топқа бөледі:
1. Іс-әрекеттік қимылды білдіретін етістіктер: жазу, сызу, қазу, жұлу, көтеру, тазалау, кесу, шашу т.б.
2. Қозғалыс қимылын білдіретін етістіктер: жүгіру, еңбектеу, домалау, жорғалау, өрмелеу, қозғалу, жылжу, қашу, жүзу т.б.;
3. Қалып-күй процесін білдіретін етістіктер: ауыру, ұйықтау, тұру, жату, отыру, тынығу, жүдеу, жабығу, арықтау, семіру т.б.
4. Көңіл-күйін білдіретін етістіктер: қайғыру, мұңаю, қуану, ренжу, күлу, жылау, ашулану, қызғану т.б.
5. Сапалық белгінің өзгеру процесін білдіретін етістіктер: ұзару, қысқару, сарғаю, ағару, көбею, азаю, жұқару, қалыңдау т.б.
6. Еліктеу, бейнелеу етістіктері: жымыңдау, қылмыңдау, пысылдау, ыңқылдау, гүрсілдеу, жылтылдау, бұртию, күржию т.б.
7. Туу, өсу қимылын білдіретін етістіктер: балалау, құлындау, қоздау, боталау, күшіктеу, жұмыртқалау т.б.
8. Субъектив реңді етістіктер. Бұлар сөйлеушінің қимылға субъективтік көзқарасын көрсетеді: азсыну, көпсіну, кісімсу, ұлықсыну, білгішсіну т.б. [72, 32-33б.].
Көріп отырғанымыздай, ғалымдардың етістіктерді мағыналық топтастыруда алшақтықтар бар.
Ы.Мамановтың етістік түбіріне байланысты (мағыналық қыры) пікірлері былай болып келеді:
1) түбір етістіктерді сөздік мағынасына қарай топтастырып бөлудің мәні шамалы. Өйткені бір сөз бірнеше мағынада қолданылуы мүмкін.
2) грамматика үшін түбір етістіктерді сыртқы тұлғалық бірлігіне қарай топтастырып бөлген дұрыс. Себебі олар сыртқы тұлғалық бірлігі бойынша әртүрлі типтес сөздер тобын жасайды;
3) негізгі түбір етістіктерді семантикалық жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді;
4) морфологиялық және синтаксистік тәсілдердің белсенді қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді мағынасына қарай бөлуге болады;
5) етістіктерді семантикалық жақтан топтастырғанда оларды семантика-грамматикалық немесе лексика-грамматикалық деп бөлген жөн.
Ы.Мамановтың түбір етістіктерді семантикалық топтастырудағы ұстанған принципі Г.А.Золотова, А.В.Бондарко, З.Ахметжанованың функционалды грамматика теориясына байланысты теорияларымен үйлесіп жатыр. Әсіресе, ғалымның “негізгі түбір етістіктерді семантикалық жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді, морфологиялық және синтаксистік тәсілдерінің белсенді қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді мағынасына қарай бөлуге болады” деген тұжырымы қазіргі функционалды семантиканың негізгі принципі. Дегенмен, етістіктердің негізгі лексикалық мағынасын да жоққа шығаруға болмайды. “Тілдік бірліктердің жиынтығы, мазмұн ортақтығымен бірігіп, белгіленуші құбылыстардың ұғымдық, заттық немесе функционалдық ұқсастығын көрсететін” функционалды-семантикалық өріс тұрғысынан алсақ, түбір етістіктерді бір-бірінен ажырататын жекелеген /дифференциалды/ белгілері арқылы топтауға болады. Мысалы, қимыл етістіктері (жүру, ұшу, жүзу, қашу, еңбектеу); көңіл-күй етістіктері (күлу, жылау, қуану, қайғыру, мұңаю) т.б. Яғни қимыл етістіктеріне қозғалу тәсілі, көңіл-күй етістіктеріне эмоционалды белгілер, сапалық белгінің өзгеру процесін білдіретін етістіктерге сапаның басқа қалыпқа көшуі, өзгеру процесі тән.
Ы.Маманов қазақ тілінде етістікті лексика-семантикалық топтарға жіктеп көрсеткен ғалымдардың бірі. Қазіргі кезде етістіктің жекелеген лексика-семантикалық тобы арнайы зерттелуде.
Достарыңызбен бөлісу: |