Тіл білімінде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылады. Нөлдік форма термині ғылымда нөлдік жалғау, нөлдік морфема, нөлдік форма, нөлдік қосымша, нөлдік таңба т.б. терминдермен белгілі болды. Нөлдік форма теориясының пайда болуына Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңба теориясы негіз болды. Ф.Соссюр грамматикалық мағына білдіруші көрсеткіші жоқ сөз формасы басқа сөз формаларымен салыстыру арқылы, солардан өзгешелігі арқылы танылады дейді.
Нөлдік форма жайлы мәліметтер алғаш Ф.Ф.Фортунатов еңбектерінен басталады. Ол атау септік формасын ең алғаш рет басқа септік формаларымен бірдей грамматикалық мағына бере алатын, көрсеткіші жоқ нөлдік форма деп таныған.
1960 жылдардан бастап нөлдік форма теориясы ғылыми айналымға түсті. Орыс ғалымдары Ю.С.Маслов, П.С.Кузнецов, И.П.Иванова, А.М.Пешковский т.б. ғалымдар нөлдік форма туралы пікірлерін ортаға салып, әртүрлі терминдер ұсынды.
А.М.Пешковскийдің пікірінше, сөздің қосымшасы болмауы басқа түрлі қосымшалы сөз ішінде оны өзінше бір форма етеді, ондай формадағы сөз түбірден және нөлден тұрады, сол нөлге қарап, ол сөздік формасы танылады [90, 16 б.].
Е.С.Кубрякова түбір парадигмада қосымшалы формамен бірдей қызмет атқарып, парадигма мүшесі болғанда, нөлдік морфеманың танылуы қажет деп көрсетеді [91, 16 с].
Түркологияда нөлдік форма жайында О.П.Суник, Т.А.Бертагаев, Э.В.Севортян т.б. ғалымдар еңбектерінде мәліметтер беріледі.
Қазақ тіл білімінде Ш.Х.Сарыбаев, Н.Т.Сауранбаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде септік жалғауларының тасалануы, септік жалғауларының ашық, жасырын қолданылуымен байланысты айтылып келді. Аталған ғалымдардың ой-пікірлері ғылыми мақалаларда, қазақ тілі оқулықтарында жарық көрді. Бұл тілдік құбылысты ғалымдар ертеден-ақ байқаған.
Қазақ тілінде нөлдік форманы Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаевалар арнайы зерттеген. Ғалымдар еңбектерінде бұл тілдік құбылыс алдыңғы аталған ғалымдар еңбектеріндегідей септік жалғауларының тасалануы немесе ашық, жасырын қолданылуы тұрғысынан емес, нөлдік форма, нөлдік морфема терминдерімен аталады.
Нөлдік форма туралы Ә.Төлеуов ілік және табыс септіктеріне ғана тән ерекшеліктерді көрсетеді. Ілік жалғауы көрсеткішінің бірде түспей, бірде тасаланып келуін оның грамматикалық және стильдік ерекшелігімен байланыстырады [92]. Ал “Қазақ тіліндегі зат есім категориясы” атты еңбегінде ілік жалғауының ашық, жасырын келуінің бірнеше себептерін көрсетіп, мысалдар келтіреді. “Егер жіктеу есімдігімен жалқы есімдер тәуелдік жалғаулы сөзбен жақ жағынан қиысса, ілік септігінің көрсеткіші тасаланбайды: менің кітабым, сенің кітабың, оның кітабы. Асанның інісі деуге болады, бірақ мен кітабым, сен кітабың, Асан інісі деуге болмайды. Ал енді біз, сіз, сияқты жіктеу есімдіктеріне ілік жалғауын жалғаса, одан кейінгі сөз тәуелдік жалғауын жалғамай-ақ біздің іс, біздің мінез, біздің кітап, сіздің үй, сіздің бала, сіздің колхоз болып тіркесе береді [33]. Біздіңше, тәуелдік жалғауының бұлайша жасырын келуі, көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады. Автор бұдан кейін ілік септігі мен табыс септігінен басқа барыс, шығыс септіктерінің де жалғаусыз келетін орындарын көрсетеді.
А.Ысқақов еңбектерінде де нөлдік форма мәселесі арнайы сөз болмағанымен осы құбылыстың түрлі белгілері аталып отырған. Айталық, ғалым ілік, табыс септіктерінің ашық, жасырын қолданылуына қатысты ғана емес, матаса байланысқан сөз тіркестерінінің кейбір жағдайларда түсіріліп қолданылу ерекшеліктерін де көрсетеді. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзім ұғар елім жоқ (Абай) деген өлең жолдарында “сөзімді”, “елім” деген сөздердің екеуі де тәуелдіктің бірінші жағында қолданылған. “Тәуелдеулі сөздің әрқашан жіктеу есімдігімен байланысты болатынын ескерсек, осылардың әрқайсысынан бұрын “менің” есімдігі қолданылуға тиісті еді. Бірақ бұл сөйлемдерде “менің” есімдігі қабаттастырылмаған (түсіріліп жұмсалған), өйткені, егерде “менің” есімдігі қабаттасса (түсірілмей жұмсалса), біріншіден, өлеңнің стилі бұзылар еді, екіншіден, сөйлемдердің айтылуы да ауыр болар еді; үшіншіден, бұл сөйлемдердегі тәуелдеулі сөздер жіктеу есімдігінің көмегіне мұқтаж да емес” [11, 50 б.]. Ғалым қолданыстағы түсіріліп не түсірілмей қолданылу ерекшеліктерін жоғарыда аталған үш жағдаймен байланыстырып, бұл құбылыстың стилистикалық қажеттілік екенін дәл таныған.
А.Ысқақов “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында ілік, табыс септіктерінің ашық, жасырын қолданылуы туралы мынадай пікір айтады: “Ілік септік жалғауы жалғанып та, жалғанбай да тұрады. Оның солайша я ашық, я жасырын қолданылғандағы мағыналары, әрине, дәл бірдей емес, өзара айырмашылық болады. ...Табыс септіктің жалғауы да бірде ашық, бірде жасырын түрде қолданыла береді. Бірақ жалғауы айтылмай, жасырын тұратын табыс жалғаулы сөз сыртқы форма жағынан атау септіктегі сөзбен түрлес болғанымен, әрқашан сабақты етістікпен тіркесіп, сөйлемде тура толықтауыш болады [11, 63 б.].
Белгілі ғалым Н.Оралбаева қазақ тіліндегі кейбір грамматикалық тұлғалардың сөзге ыңғайына қарай жалғанып не түсіріліп қолданылуын арнайы сөз етеді [93]. Нөлдік форма туралы жазған мақаласында ілік, барыс, табыс, жатыс, көмектес септіктерінің қосымшасыз формада да, қосымшалы формада да келіп қолданылуына мысалдар келтіреді. Мысалы: Ол еңсесі түскен уайым мен қайғының сар даласын көргендей болды (Н.Әбуталив). Мінекей қазақ солай бітіп жатыр, Күнбе-күн алға қарай барып жатыр (М.Жұмабаев). Бетіңде сақал, мұрттан тұлдыр да жоқ, Қырғандай ұстарамен бұлдар да жоқ (Жамбыл). Бақ, Дәулет, Ақылменен сер байланысқан, Дәл келді үшеуінің уағдасына (Жамбыл). Қала мен далада серуен салады. Бұл келтірілген сөйлемдерде ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктерінің қосымшасыз формасы берілген. Ол сөздерді қосымшалы формаға айналдыруға әбден болады және ол сөйлем құрылысын өзгертуді мүлдем керек етпейді.
Н.Оралбаева қосымшалардың қолданылуындағы еркіндік тек септік жалғауларына ғана қатысты емес, ол тәуелдік жалғауына да, жіктік жалғауына да, көптік жалғауларына да қатысты деген пікірін мысалдармен дәлелдейді. Мысалы: Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізе, Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім (М.Жұмабаев). Дәркембай, дәрісін тап, жібер емдеп, қалыппын көңіл сынып, қатты дендеп (Жамбыл). Өзім – патша, өзім – қызы, өзім – би, қандай ессіз не қылдың деп тергейді (Жамбыл). Төре мен Төлеңгіттер не істемеді? (Н.Әбуталиев).
Н.Оралбаева септік жалғаулары мен тәуелдік жалғауларының қосымшалы не қосымшасыз формада қолданылуын жазушының стиліне, сөз қолдану тәсіліне, оның өзіндік ерекшелігіне байланысты деп түсіндіреді. Қосымшалардың контексте түсіп қалуының өзіндік заңдылықтары бар. Сондықтан қандай конструкцияда, қандай тіркесте, қандай сөздерде түсіріп айтуға болатыны немесе болмайтынын ашып көрсеткен. Мысалы, табыс септіктің қосымшасыз формасының синтетикалық формадағы дара етістікпен тіркесуінің олардың арасындағы мағыналық байланыс күшейіп, осының нәтижесінде мұндай жай тіркестердің бірсыпырасы қазір құранды етістік дәрежесіне (мағына тұтастығына ауысып) жеткендігін айтады (бой тасалау, жол тосу, үн қату, бой жазу, шам жағу, жан ұшыру, көз тастау т.б.). Осы құранды етістіктердің қалыптасу себебін оның құрамындағы сыңарларының формасы мен мағынасындағы өзгеріспен байланыстырады.
Ғалымның пайымдауынша, табыс септіктің қандай формада келуі (қосымшалы не қосымшасыз) етістіктің құрамына да қатысты. Тілде күрделі етістік немесе аналитикалық формадағы етістіктермен, негізінен табыс септіктің қосымшалы формасындағы сөз тіркеседі. Синтетикалық формадағы дара етістіктермен табыс септіктің қосымшалы да, қосымшасыз да формасындағы сөздер тіркесе береді. Бұл ерекшелікке алғаш көңіл бөлгендердің бірі – Н.Оралбаева табыс септіктің қосымшалы, қосымшасыз формада келуінің бұдан басқа да себептерін ашады. Атап айтар болсақ, сөз тіркесіндегі сөздердің әрқайсысының мағынасы неғұрлым анық болса, оны логикалық екпін арқылы, түрлі анықтауыштар арқылы анықтаңқырай түссе, сөз үнемі қосымшалы формада қолданылады; сөз мағынасын күшейте алмайтын, сөз бен сөздің арасын жақындататын шылаулар қолданылғанда, сөз қосымшасыз формада тұрады.
Тілдің нақтылы материалы бойынша, ондаған ілік септіктің қосымшасыз формада қолданылған түрлерін сұрыптағанда, оның көпшілігі көмекші есіммен тіркесте (аяқ астында, қуаныш үстінде, түн ортасы, жол үсті, ел ішінде, от басында т.б.) кездесетіндігін айтады. Бұл жерде ғалым есім сөз бен көмекші есімнің мағыналық байланысына сүйенеді. Егер есім сөз көмекші есімнің тіркесінде оларға ерекше мән беріле айтылса, онда ілік септіктің қосымшалы формасы қолданылады, ал ерекше мән берілмегенде, олар өзінің жалпы мағынасында қалады да, көбіне қосымшасыз түрде тіркеседі. Мысалы, Өлеңнің сыртын (форма) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ... Осыншама айқай-шудың аяғы Мағжанды түрмеге жабуға апарып соқты (М.Базарбаев).
Қосымшалы, қосымшасыз формалардың қолданылуы үнемділік заңдылығымен де байланысты. Бұл жағдай көбінесе бірыңғай мүшелі сөйлемдерде кездеседі. Кейде автор мағынаның анық көрсетілуі қажет болғанда қосымшаларды ашық қолданатынын, мағынасына назар аудару қажет болмаса, онда қосымшасыз форма арқылы ықшамдау заңдылығын қолданатынын көруге болады.
Қосымшалардың қолданылуындағы еркіндік тек жалғауларды емес, тіл материалы оның жұрнақтардың қолданылуында да кездесетінін көрсетеді.
Сонымен ғалымның қорытындылауынша, қосымшалардың қолданылуындағы еркіндік қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан белгілі орын алатынын анық көрсете алады.
Түркологтар арасында септік системасында нөлдік форманың мағынасы мен қызметіне байланысты әртүрлі пікір айтылып жүргені белгілі. Бірқатар түркологтар формаға сүйеніп, атау септікпен қатар ілік пен табыстың қосымшасыз формасы барын дәлелдейді.
Нөлдік форманың бір септікке немесе бірнеше септікке қатысын көрсетуде септік категориясында мағына мен септіктердің қызметінің ерекше мәні бар. Бұл жөнінде ғалымдар Н.Оралбаева мен Ж.Балтабаева А.М.Щербактың пікірін негізге алып, әр септіктің синтаксистік қызметін ашады. Ғалымдардың пікірінше, атау септік басқа септіктерден мағынасы, қызметі жағынан әбден дифференцияланған. Қазақ тіліндегі ілік, табыс септіктердің қосымшасыз формасын сырт тұлғасына қарап атау септігіне жатқызуға болмайды деп көрсетеді. Өйткені орыс тілінде де қосымшасыз форманың бәрін атау септікке қоспайды және қосымшасыз формалардың бәрін жиып бір септікке санамайды. “Сөйлемде қосымшасыз формада қолданылған зат есімнің бәрі септік системасына қатысты деп қарау дұрыс емес. Оған анықтауыш, баяндауыш қызметінде түбір қалпында қолданылған сөздер дәлел. Олай болса, сөйлемде нөлдік формада тұрған зат есімдердің бір тобы түбірге қатысты болса, екінші тобы септік системасына қатысты. Олардың ішінен тек бастауыш қызметіндегі сөздер ғана атау септікке жатады. Өйткені, А.М.Щербак айтқандай, атау септік – бастауыштың септігі [94]. Н.Оралбаеваның көрсетуінше, ағаш қасық, темір ине деген тіркестердегі алдыңғы сөздер анықтауыш қызметінде тұрғандықтан, атау септікке жатпайды. Сын есімдер зат есімнің алдынан келіп, анықтауыш болғанда, атау септік формасында деп танылмайтындықтан, оның орнында қолданылған зат есім де атау тұлғада деп саналмау керек. Сол сияқты жіктік категориясының нөлдік формасындағы баяндауышты да атау септігіне жатқызбайды. Яғни, ол – жіктеу парадигмасында қолданылған сөз, сондықтан ол әрі жіктік әрі септік категориясының формасы бола алмайды. Сөйлемде қолданылған сөйлемнің бәрі белгілі септік формасында тұрады деу дұрыс емес. Сөйтіп, анықтауыш, баяндауыш қызметінде зат есім түбір қалпында тұрады. Сөйлемде қолданылған нөлдік формадағы зат есімдердің мағыналары, атқаратын синтаксистік қызметі, тіркесетін сөздері, олар арқылы жасалатын сөз тіркестері мүлдем басқа-басқа екені анықталды. Олардың тек сыртқы тұлғасы ғана ұқсас. Тек осы бір белгіге ғана сүйеніп, оларды негізгі септік деп атау теориялық тұрғыдан алғанда дұрыс емес деген қорытынды жасайды.
Ал кейінгі “Қазақ тілі грамматикасында” атау септіктегі сөз бастауыш болумен қатар, баяндауыш та, анықтауыш та болады деген пікірге тоқтайды.
Қазақ ғалымдарының арасында септік формаларын және олардың мағыналық ерекшеліктері жөнінде пікір білдірген ғалымдардың бірі Қ. Өмірәлиевтің тұжырымынша, тілімізде септіктер бірінің орнына бірі жүріп, біріне тән қызметті бірі атқара берген. Бұл – Y – YІІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштерден бастап, ауызекі тіл және халық әдебиеті мен бүгінгі таңдағы жазба әдебиетімізге тән ұзақ дәуірлік тарихы бар, өрісі кең құбылыс.
Тілімізде кейін пайда болған септіктердің шығуына барыс, табыс, жатыс септіктері ұйытқы болған. Ал септіктердің мағыналық тұрғыдан кеңеюі , яғни алмасуы тіліміздегі етістік сөздердің лексикалық мағынасының даму ерекшелігіне байланысты [95].
Қазіргі қазақ тіліндегі септіктердің синонимдік қатарларын, стилистикасын Н.Базарбаев қарастырған [96].
Ж.Балтабаева септіктер жайлы мақаласында табыс септіктің қосымшалы, қосымшасыз формаларының бір-бірінен сөйлемдегі орны жағынан айырмашылығына тоқталады. Табыс септіктің бұл екі формасының екеуі де жалпы бір мағынаны – объекті мағынасын білдіреді. Бірақ олардың жалпы ортақ мағынасы бір болғанымен, тілдегі екеуінің қызметіне, олардың әрқайсысының қолданылуында өзіндік ерекшелік бар екендігін айта келе, табыс септіктің қосымшасыз формасының көркем шығармалардан алынған мысалдарда 30 пайыздай орын алатынын кесте арқылы көрсетеді [97].
Нөлдік тұлға жөнінде басқа зерттеушілерге қарағанда толығырақ зерттеу жүргізген ғалымдарымыздың бірі – С.Исаев нөлдік тұлға деп арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіруді айтады. Бұған бұрыннан белгілі болған ілік, барыс, табыс септіктерінің түсіріліп айтылуы мен бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрінен басқа тәуелдік жалғауының екінші жағын, жіктіктің үшінші жақтық мағынасын және шығыс септігін жатқызады.
С.Исаев Ы.Е.Мамановтың нөлдік форма туралы тұжырымдарын басшылыққа алып, мынадай пікір айтады: “Нөлдік тұлға сырт қарағанда, түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық нөлдік форма бола алмайды, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нөлдік форма болу үшін түбір күйіндегіден өзгеше грамматикалық мағына білдіріп, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті. Сондықтан да кейбір грамматикалық мағына беріліп, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті. Сондықтан да кейбір грамматикаларымызда “зат есімнің жекеше түрі”, “сын есімнің жай шырай түрі”, “негізгі етіс” деген жеке грамматикалық тұлға ретінде беріліп жүрген атаулардың өзі дұрыс емес [98].
Ы.Маманов нөлдік формаға ілік, табыс, барыс септік тұлғасын және бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрін жатқызады. Түбір сөзді грамматикалық форма емес, грамматикалық формаларға негіз ретінде қарастырады. Оған жоғарыдағы “зат есімнің жекеше түрін”, “атау септік”, “жай шырай”, “негізгі етісті” жатқызып, бұлардың ешқайсысының өзіне тән грамматикалық көрсеткіші жоқ болғандықтан, бұлар нөлдік форма да емес деген пікір айтады.
Жоғарыда сөз болған ғалымдар пікірлеріне назар аударсақ, қазақ тіл білімінде нөлдік форма ұғымы негізінен грамматикалық формаларға қатысты қарастырылып келді. Ол сөйлеу бірлігі ретінде ұғынылды. Нөлдік форма туралы сөз болғанда көбінесе септік формаларының жасырын қолданысы мен екінші жақ бұйрық рай формасы нөлдік тұлға ретінде көрсетіліп келді. Сөйтіп, ғалымдар еңбектерінде нөлдік форманың грамматикалық құбылыс екендігі нақты айқындалып, танылғанмен, оларға нелер жатады деген мәселеде ғалымдар пікірлері бір жерден шыға бермейді. Мысалы, Ы.Маманов еңбектерінде нөлдік формаға ілік, барыс, табыс септіктерінің жасырын формалары мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрін жатқызады. Ал атау септікті бұл қатада қарамайды. Н.Оралбаева мен С.Исаев еңбектерінде атау септік нөлдік форманың ең бірінші элементі болып табылады. Бұл ғалымдар септіктердің жасырын формаларын, тәуелдік жалғау (біздің ауыл), жіктік жалғаудың үшінші жағын, 2-жақ жекеше, бұйрық рай формасын нөлдік форма деп анықтайды. Н.Оралбаева бұған қосымша етістіктің болымсыздық категориясының, сандық категориясының нөлдік формаларын анықтайды.
Қысқасы, қазақ тілінде нөлдік форма ұғымы грамматикалық мағынаның грамматикалық формасының көрсеткішсіз немесе жасырын қолданысы тұрғысынан танылып, бұл теория туралы түсінік осылай қалыптасқан болатын.
Нөлдік форманың екінші бір мәселесі – нөлдік форма мен түбір сөз арасындағы айырмашылықтар болып табылады. Оқулықтарда етістіктің түбірі бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрі немесе зат есімнің түбірі атау септік формасы деп көрсетіледі. С.Исаев “парадигмалық қатардың мүшесі, категориялық грамматикалық мағына білдіретін, сөйлеу кезінде туатын форманы түбір тұлғамен бір деп қарау мүлдем қате. “Кел” деген мен “Сен мұнда кел” дегендегі “кел” бірдей емес. Біз әдетте сыртқы тұлғасында айырма болмаған соң, бір деп үйреніп кеткенбіз. Біріншісі (жеке түбір тұлғада тұрған “кел”) қимылды ғана білдіреді, екіншісі (“Сен мұнда кел” деген сөйлемде) сол мағынаның үстіне тыңдаушы жаққа қаратылып бұйырыла айту мағынасы үстелген”. Нөлдік тұлға сырт қарағанда түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық форма бола бермейді, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нөлдік форма болу үшін ол тұлға түбір күйдегіден өзгеше грамматикалық мағына білдіріп, белгілі бір топтағы түрлену жүйесінің бір түрі болып саналып, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті” деген тұжырым жасайды [28, 43].
Н.Оралбаева түбір сөз бен нөлдік формадағы сөздің айырмашылығын былай түсіндіреді: “Түбір сөздің нөлдік формамен сырттай ұқсастығы болғанмен, олардың мағыналарында үлкен айырма бар. Түбір сөз лексикалық мағынаны білдіреді. Нөлдік формадағы сөз лексикалық мағына және категория мағынасын білдіреді, оның формаларына жатады, оның қосымшалы формасындай қызмет атқарады” [26, 95 б.].
Ы.Маманов “зат есімнің жекеше түрін”, “атау септік”, “жай шырай”, “негізгі етісті” түбір сөз деп танып, нөлдік формаға жатқызбайды.
Сонымен, қазақ тілінде нөлдік форма мен түбір сөздер мәселесі ғалымдар еңбектерінде айқындалып танылды.
Кейінгі ғылыми зерттеулерде нөлдік форма грамматиканың шеңберінен шығып, кең аяда қарастырыла бастады. “Нөлдік форма” терминінің аясы кеңіді. Оны тек сөйлеу бірлігі ғана емес, ол түбір сөздерге де қатысты бола алады деген ғылыми теория пайда болды. Нөлдік форма туралы құнды ғылыми пайымдамалар жасаған белгілі ғалым Н.Оралбаеваның ғылыми кеңесшілігімен А.Қ.Омарова “Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі” атты докторлық диссертациясында нөлдік форма терминін нөлдік морфема терминімен атап, бұрын грамматикалық нөлдік форма ретінде ғана танылып келген бұл тілдік құбылысты жаңа қырынан қарастырады. Орыс тіл білімінде “нулевой суффикс”, нулевая флексия” т.б. терминдерімен аталып жүрген бұл терминді парадигмалық қатардағы нөлдік формамен байланысты қарастырып қоймай, бұл ұғымның сөзжасамға да қатысты тілдік құбылыс екенін дәлелдейді. Зерттеуші бұл орайда тілдегі формасыз берілген мағыналарды негізге алған да, бір сөздің омоним мағыналарын, яғни бір сөз мағынасының екінші бір мағыналарда қолданылуында жаңа мағыналық деривация бар. Сондықтан ол жердегі мағынаны білдіріп тұрған нөлдік жұрнақ деген пікір айтады. Бұл нөлдік форманың сөзжасамдық аспектіден қазақ тілінде алғаш қарастырылуы болғандықтан, ғылымда бұл теория туралы даулы мәселелер болатыны сөзсіз.
Зерттеуші аталған еңбекте нөлдік морфеманың семантикалық-функционалдылық ерекшеліктерін ашу мақсатында нөлдік морфеманы грамматикалық нөлдік морфема және сөзжасамдық нөлдік морфема деп саралап алады. Грамматикалық нөлдік морфемаларды өз ішінен тұрақты және қолданыстағы нөлдік морфемаларға жіктейді. Зерттеушінің грамматикалық нөлдік морфема деп отырғаны тіл білімінде бұрын айтылып жүрген септік жалғаулары мен т.б. грамматикалық формалар болғанмен, бұл тілдік бірліктер диссертацияда функционалды-семантикалық аспектіден сипатталып, олар жүйелі түрде беріліп, тілдік жүйедегі нөлдік морфемалар және қолданыстағы нөлдік морфемалардың аражігі нақты ажыратылып көрсетілген. Автор тілдік жүйедегі нөлдік морфемаларды - тұрақты, ал қолданыстағы нөлдік морфемаларды - ауыспалы нөлдік морфема деп атайды. Тұрақты нөлдік морфемаға атау септігін, бұйрық рай, болымдылық, нақ осы шақ, жекешеліктің нөлдік морфемасы, жіктік жалғаудың 3 жақ нөлдік морфемасы, дерексіз тәуелділіктің нөлдік морфемаларын жатқызады. Ал қолданыстағы нөлдік морфемаларға атаудан басқа септік формаларының барлығын, көптік жалғау т.б. жатқызады. Қолданыстағы нөлдік формаларды зерттуші стильдік мақсаттармен байланысты қарастырады [99].
Септік жалғауларының ашық және жасырын келуін (нөлдік форманы) бірнеше жылдар бойы түркі тіл білімін зерттеуші ғалымдар белгілілік, белгісіздік категориясымен байланыстырып келді. Олардың бір тобы бұл категорияның түркі тілдерінде бар екендігіне түрлі дәлелдер келтіреді.
М.Балақаев белгілілік-белгісіздік туралы мақаласында түркі тіл біліміндегі бұл категорияның зерттелуіндегі даулы мәселелерге тоқтала келіп, түркі тілдеріндегі тура толықтауыштың ашық және жасырын келу құбылыстарын белгілілік және белгісіздікке қатысты емес деп қарайды да, оларды синтаксистік байланыстың түріне жатқызады.
Тура толықтауыш табыс септігі тұлғасынсыз болса, олар сабақты етістікпен аналитикалық тәсіл арқылы байланысады деп көрсетіп, мұндай синтаксистік байланыс түрін қабысуға жатқызады. Ал тура толықтауыш табыс септігі тұлғасымен келсе, олар сабақты етістікпен синтетикалық тәсіл арқылы байланысады деп, мұндай байланыс түрін меңгеруге жатқызады. Сонымен қатар тура толықтауыштың ашық, жасырын болуының бұдан басқа да себептерін көрсетеді [100].
М.Балақаев “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында да тура толықтауыштың жалғаулы, жалғаусыз болуына тоқталып, А.Казем-Бек, Н.К.Дмитриев, В.М.Насилов т.б. ғалымдардың белгілілік-белгісіздікке қатысты пікірлерін талдап көрсетеді. Алдыңғы мақалада сөз болғандай, ғалым бұл еңбекте де қазақ тілінде тура толықтауыштың екі түрлі тұлғада жұмсалуын тек заттың белгілілік-белгісіздігімен түсіндіруге болмайды. Кейде белгілі, айқын деген заттар жалғаусыз айтылады да, мүлде белгісіз деп ұғынылатын заттар (объектілер) табыс жалғауында айтылады. Соған қарағанда, грамматикалық белгілілік не белгісіздікті мағыналық белгілілік я белгісіздікпен бір деп санауға болмайды. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі үшін белгілілік-белгісіздіктің грамматикалық тұлғасы мынау дерлік дербес қосымшасы жоқ деген тұжырым жасайды. Алайда ғалым ондай мағыналық айырмашылық қазақ тілінде мүлде жоқ деп айтуға болмайды деген де пікір айтады.
Ғалымның пікірінше, орыс тіліндегі некий, какой-то (некий Иванов, какой-то мальчик) дегендер қазақ тілінде бір, біреу... деген сөздер арқылы айтылады. Оның үстіне сөйлемнің кейбір мүшесін арнаулы жалғауда я жалғаусыз айту қазақ тілінде де белгілілік-белгісіздік категорияның бар екендігін көрсетеді. Тура толықтауыш бірде жалғаулы, бірде жалғаусыз айтылып, жалғанса – белгілі, жалғанбаса – белгісіз болатынын айтады. Алайда бұл барлық жағдайда абсолюттік заң емес; бірқатар сөздердің табыс жалғауда айтылуында белгілілік болса, бірқатар сөздердің табыс жалғауда тұрып, тура толықтауыш болуында ондай айырмашылық жоқ. Кейбір сөйлемдерде (Мына атты отқа қой. Рақым қолындағы хатын жыртып тастады) толықтауыштардың белгілі екендігі олардың алдындағы анықтауыштарынан айқын болады. Ал басқа жағдайлардағы (Өнерді үйрен де жирен (мақал). Баланы оқытуды жек көрмедім. Даланы жым-жырт, дел-сал ғып, Түн басады салбырап (Абай)) табыс жалғаулы толықтауыштарда ондай белгілілік жоқ [101].
Сонымен, ғалымның қорытынды пікіріне келсек, толықтауыштардың жалғаулы не жалғаусыз жұмсалуы белгілілік-белгісіздік категориясымен байланысты емес.
Ы.Е.Маманов қазақ тілінде белгілілік-белгісіздік категориясы бар деп көрсетеді. Олардың арнаулы грамматикалық көрсеткіштерін де анықтайды. Ғалым табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Мысалы, ілік және табыс септіктерінің ашық келуі белгілілікті көрсетеді. Осыған байланыты кісі есімін белгілілік деп көрсетеді (Асанның үйі – Асан үйі деп айтылмайды). Ғалымның пайымдауынша, ілік, табыс септіктерінің түсірілмей айтылуы – белгілілік, ал түсіріліп айтылуы – белгісіздік ұғымының көрсеткіші болады. Кітапты беріңіз дегендегі табыс септік қосымшасының арнайы қолданылуы белгілі бір объектінің сөз субъектілеріне (адресант пен адресатқа) таныс, мәлім болуымен байланысты түсіндіріледі. Ал ілік, табыс септік қосымшаларының арнайы қолданылмауы нәрсенің, құбылыстың сөз субъектілеріне белгісіз, нақты емес болуымен байланысты ұғынылады. Мысалы, маған газет ала кел дегенде әңгіме әйтеуір бір газет жайында: “Егемен Қазақстан” ба, “Жас Алаш” па, сөз субъектілері үшін бәрібір. Ал маған “Қазақ әдебиеті” газетін әкеліп бер десек, табыс септігінің “жасырын” болмауы, түсіріп айтуға болмайтыны объектінің сөз субъектілеріне мәлім, нақты болуымен байланысты. Ілік септігінің түсірілмей айтылуы мен түсіріліп қолданылуында да осындай мән бар: Ауыл сыртында мен ауылдың сыртында деген құрылымның бір-бірінен өзгешелігі бар. Ілік септігінің арнайы айтылмауы заттың, нәрсенің жалпылама екенін байқатса, ауылдың сыртында деген құрылым белгілі бір ауылды, нақты бір ауылды білдіреді. Ал объектіні одан әрі нақтылай түсу қажет болса, осы, бұл сілтеу есімдігі қолданылады: осы ауылдың сыртында, бұл кітаптың авторы т.б. Сілтеу есімдігімен келген тұста ілік, табыс септігінің түсіріліп айтуға көнбейтін себебі объектінің сөйлеуші мен тыңдаушыға мәлім, белгілі болуымен байланысты.
Автордың пайымдауынша, бір, біреу есімдіктері белгісіздік мағынаның көрсеткіші болып табылады: Сізге бір бала келіп тұр. Хатта Бейсен деген біреу қол қойыпты т.б.
Белгісіздік мағына, ұғым тіл білімінде әлі де кеңірек зерттеуді қажет етеді. Өйткені белгісіздік ұғымын ”бір”, “біреу” сияқты екі-үш сөз бен табыс септіктің жасырын түрімен ғана байланыстыру жеткіліксіз.
Белгісіздік ұғымының тілдік табиғатын ашу үшін ең алдымен сөздерді мағыналық жағынан, яғни осы белгісіздік ұғымын білдіруі жағынан талдау жасау керек. Белгісіздік мағынаны барлық сөз таптарына қатысты айқындауға болады. Мысалы, зат есім болатын – ағаш деген сөзде жалпылық, көптік ұғымдармен қатар, белгісіздік ұғым да бар. Сондай-ақ, шаш сөзінде жалпылық, көптік ұғымдарымен қоса, оның түр-түсі, сапасын білмегендіктен туатын белгісіздік ұғымы бар. Осы сияқты ұғым үй, машина, арба т.б. сөздерден де байқалады. Бірақ бұл барлық жағдайда осылай бола бермейді. Мысалы, тұз, қант сөздерінде жалпылық, көптік ұғымдармен қатар, белгісіздік емес, нақтылық (белгілілік) ұғым да бар. Бұл жерде “қандай” деген сұрақ қойсақ, тұздың ащы, мөлдір екені, қанттың сарғыш, тәтті екені белгілі. Бұл зат есімдерге қатысты.
Ал сын есімдердің заттанған түрінде ғана белгісіздік ұғым бар. (Қызылдар жеңіске жетті. Белсенділер алдыға шықты).
Сан есімнің болжалды түрінде (екілер, бестер шамасы) белгісіздік мағына болса, бұл ұғым есімдіктің бірнеше түріне тән. Мысалы, белгісіздік есімдіктері: біреу, кейбіреу, кейбір, қайсыбір, әрбір, бірдеме, әркім, әрне, әрқайсы, әрқалай, әлдекім, әлдене, әлдеқайдан, әлдеқашан т.б. Жіктеу, сілтеу, өздік есімдіктерінде де белгісіздік мағына болады. Мысалы, мен, сен, ол; бұл, ана, мынау; өз сияқты сөздердегі белгісіздік мағынаны байқауға болады.
Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияға бай, күрделісі – етістік екені белгілі. Белгісіздік мағына түбір етістіктерде де кездеседі. Мысалы, бар, кел, жүр, ал, ойна, қара сөздерінде қайда бару, келу, жүру; нені алу; кіммен, немен ойнау; кімге, қайда қарау керек екендігі түбір қалпында белгісіз. Ол тек контексте ғана белгілі болады.
Белгісіздік ұғымы етістіктің шақ формаларында (келер ме екен, барар еді), сыпат категориясында, аналитикалық етістіктерде де кездеседі. Белгілілік-белгісіздік категориясы туралы мәселе жеке зерттеуді қажет етеді.
Жоғарыда берілген ғылыми теориялар мен пікірлерді қорытындылай келе, нөлдік форма туралы мынадай пайымдаулар жасауға болады:
- нөлдік форма тек сөйлеу процесінде танылатын грамматикалық форма, оның білдіретін грамматикалық мағынасы да тек сөйлеу кезінде анықталады;
- нөлдік формада тұрған сөз бен сөздің түбірі бір емес. Түбір сөзде лексикалық мағына мен жалпы грамматикалық мағына болады, ал нөлдік формадағы сөзде лексикалық мағына, жалпы грамматикалық мағына (жалпы грамматикалық мағына дегеніміз – түбір сөздің қай сөз табына қатыстылығын білдіретін грамматикалық мағына, мысалы, зат есім, сын есім т.б.), бұған қосымша категориялық грамматикалық мағына болады. Өйткені нөлдік форма грамматикалық категорияның бір мүшесі;
- нөлдік форма сыртқы тұлғасы жағынан ғана түбір сөзбен сәйкес келеді. Ол түбір сөзден категориялық грамматикалық мағына білдіруімен, сондай-ақ сөз байланыстырушы қызметі арқылы ажыратылады;
- нөлдік форма синтагмамен тікелей байланысты. Өйткені нөлдік форманың қай категорияға тәндігі тек сөйлемде ғана анықталады (мал / дың күтімі; мал / өсіру; мал жайылып жүр). Үш түрлі позицияда (1– ілік септік; 2 – табыс септік; 3 – атау септік) үш түрлі грамматикалық мағына бар. Олардың құрылымы бірдей, сөзбен ешқандай қосымшасыз тіркескен. Синтагмалық қатынас олардың қандай грамматикалық мағына білдіріп тұрғандығын ажыратып тұр;
- Ы.Маманов нөлдік формаға ілік, барыс, табыс септіктерінің жасырын формалары мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрін жатқызады;
- ғалым атау септікті көрсеткішсіз болғандықтан, түбір сөз ретінде көрсеткен. Ы.Мамановтың “зат есімнің жекеше түрін”, “атау септік”, “жай шырай”, “негізгі етісті” нөлдік форма емес дегеніне қарағанда, ғалым тілдік жүйедегі қосымшасыз формаларды (бұйрық райдың 2- жақ формасын есептемегенде) нөлдік формаға қоспаған;
- Ы.Маманов табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Ғалымның пайымдауынша, ілік, табыс септіктерінің түсірілмей айтылуы – белгілік, ал түсіріліп айтылуы – белгісіздік ұғымының көрсеткіші болады. Белгілілік, белгісіздік категориясы нөлдік форма теориясымен тығыз байланысты;
Қазақ тіл білімінде Ы.Маманов – нөлдік форма туралы алғаш ғылыми пайымдау жасаған ғалым. Ол нөлдік форманың тілдік құбылыс ретінде танылуына елеулі үлес қосты. Оның нөлдік форма туралы айтқан ғылыми концепциялары осы тақырыпқа қалам тартып жүрген Н.Оралбаева, С.Исаев сияқты ғалымдар тұжырымдарымен үндесіп жатады.
Кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде нөлдік форманың анықтамасы (ереже), оның белгілері, тілдегі қызметі т.б. ерекшеліктері анықталып, әлі де зерттелу үстінде.
Достарыңызбен бөлісу: |