Алып кел, ала кел, барып кел, бара кел, алып бар, ала бар, келіп кет, жинап ал, сұрап ал тәрізді жеке-жеке тіркестерді алсақ, олардың әрбір компонентіне өзді-өзінше дербес лексикалық мағына бар және әрқайсысының осы мағыналары бір-бірінен кем емес, бір-бірімен пара-пар не тең түседі. Күрделі етістіктің бұл түріне тән әрбір тіркестің лексикалық мағынасы құрамындағы екі компоненттің мағыналарынан құралады. Мысалы, алып кел, алып бар, келіп кет деген күрделі (құрама) етістіктерді талдап қарасақ, дәлме-дәл болмағанымен, шамамен айқындағанда, біріншісі – ал да кел, екіншісі – ал да бар, үшіншісі – кел де кет деген ұғымдарды білдіреді. Бірақ, солай бола тұрса да, барып кел, келіп кет етістіктерінің компоненттері, тарихи тұрғыдан қарағанда, әуел баста сөйлемнің жеке-жеке мүшесі болғандарымен, кейінгі замандарда бөлшектенбейтін бір күрделі мүше болып қолданылу нәтижесінде, күрделі етістік ретінде жұмсалатын болып қалыптасқан [11, 239 б.].
Ж.Шәкенов күрделі етістікке мынадай анықтама береді: «Іс-әрекет, қозғалыс-қимылдық ұғымды білдіретін сөзді лексикалық тұлға, яғни сөз де болады деп тануға тірек-таяныш болатын белгі қасиеттерге әрқайсысына тән құрылымның болуы, белгілі бір ұғымды білдіріп, соның атауы ретінде жұмсалуы, өзіне тән лексикалық мағына болуы, басқа сөздің жасалуына негіз болуы, компоненттерінің тұтас тұлғалануы, белгілі бір сөз табына жатуы, сөйлемге тұтасымен бір мүше болуы, ортақ екпінге иеленіп, бір ритмикалық екпінмен айтылуы, әр қолданысында тыңнан құрастырылып жатпай, даяр күйінде жұмсалуы жатады» [137, 93 б.]. Ғалым «күрделі формалардың барлығы да аналитикалық тәсілден туып қалыптасқанымен, күрделі сөз болмайды, етістіктің әртүрлі семантикалық, грамматикалық ұғымдарын білдіретін күрделі формалары болады» дейді. Бұдан ғалымның етістіктің аналитикалық формаларын күрделі етістіктен ажырата білгендігін байқаймыз.
А.Хасенова құлақ сала жүр, жүгіріп кірді, опық жеді, жек көрді, сәлем берді сияқты етістіктер тіркесін етістіктің түбір тұлғаларын жіктеуде «күрделі түбірлер» деген атпен бесінші топ етіп берген:
1. Негізгі түбір (ал, жаз, бер, айт, аш, жап, кел, жүр т.б.);
2. Туынды түбір (шегеле, тазала, сана, көгер, көбей т.б.);
3. Біріккен түбір (әкел, әкет, апар, дем ал, түрегел т.б.);
4. Қос түбір (келе-келе, айта-айта, асығып-аптығып т.б.);
5. Күрделі түбірлер (құлақ сала жүр, жүгіріп кірді, опық жеді, жек көрді, сәлем берді). Байқап отырғанымыздай, күрделі түбірлер құрамы күрделі етістікке, идиомалық тіркеске ажыратылып көрсетілмеген.
С.Исаев оқулығында күрделі етістікке мынадай анықтама берілген: «Екі я одан да көп сөзден құралып, бір ғана мағынаны білдіріп, бір сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқаратын етістіктер күрделі етістіктер деп аталады [155, 72 б.]. Оқулық орта білім деңгейінде болғандықтан, күрделі етістіктердің түрі толық көрсетілмеген. Бірақ оған берілген анықтама Н.Оралбаева, Б.Қасым, А.Ысқақов, Ж.Шәкенов т.б. ғалымдар ойымен пікірлес.
Ж.Сарбалаевтың сөзжасам мәселесіне қатысты оқу құралында конверсиялық процестің нәтижесінде сөз тіркестерінің күрделі сөзге айналып қоймай, олардың белгілі бір сөз таптарына ауысып, орныққаны сөз етілген [156].
«Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесінің» авторлары күрделі етістікті сөзжасамның аналитикалық тәсілінің нәтижесі деп көрсетеді [53, 311 б.].
Коч Кенан қазақ тіліндегі күрделі етістіктердің қалыптасуына арналған диссертациялық еңбегінде құранды күрделі етістіктерді күрделі етістіктердің бір бөлігі ретінде таниды да, оның жасалу жолына талдау жасайды [157].
Ы.Маманов сөз табының етістік саласына да қалам тартып, оның морфологиялық құрылысы, грамматикалық категориялары жөнінде өзіндік пікір білдірген ғалымдардың бірі. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында етістік категорияларының мағыналық жақтары және грамматикалық өзгеріміне қарай оларды сатылап бөліп көрсетеді (түбір етістікке қатысты тақырыпта сызба түрінде берілген).
Ы.Маманов етістіктерді негізгі және функциялық деп бөледі де, негізгі етістіктерді өз ішінде түбір және модификациялық деп ажыратады. Түбір етістіктерге етістіктің лексикалық мағынасына ие болатын сөздерді жатқызса, модификациялы етістіктерге қосымшалар мен көмекші етістіктер арқылы үстеме грамматикалық мағына беретін етістік формаларын жатқызады. Яғни түбір етістіктерге негізгі түбір және жұрнақ арқылы жасалған туынды түбірлермен бірге “тіркесті түбір етістіктерді” (құранды етістік) береді. Ғалым құранды етістіктерді негізгі етістіктерге жатқызады. Ал күрделі етістікті модификациялық етістіктер тобында: етіс, күшейтпелі етістіктер қаратында көрсетеді. Ғалым күрделі етістікті модификациялық топта бергенде негізінен етістіктің аналитикалық формаларын негізге алған (кетіп қалған, келе жатса, оқып шыққан т.б.).
Біз жоғарыда сөз еткен күрделі сөз, етістіктің аналитикалық формалары туралы мәселенің өзіндік тілдік сипаты айқын: күрделі сөз дегенде көбінесе есім күрделі сөздер (күрделі зат есім, күрделі сын есім т.б.) нысанға алынады да, етістіктің аналитикалық формалары таза грамматикалық құбылыс ретінде аналитикалық форманттар тұрғысынан қаралады. Ал күрделі етістік мәселесі бұл екеуіне қарағанда әлдеқайда қиын. Күрделі етістікке нелер жатады дегенде ғалымдар пікірі бір жерден шыға бермейді. Ғалымдардың бір тобы күрделі етістікке екі етістік тіркесінен жасалған барлық күрделі құрылымдарды жатқыза берсе, келесілері сөзжасамдық етістіктерді ғана күрделі етістік деп таниды. Ы.Мамановтың күрделі етістік туралы айтқан ой-пікірлерінің оның осы мәселеге қалам тартқан басқа ғалымдардан азды-көпті айырмашылықтары барын байқадық.
Ғалымның сипаттауынша, күрделі етістік етістіктің барлық формаларымен түрленеді және оның құрамындағы көмекші етістіктер әртүрлі грамматикалық мағына білдіреді. Күрделі етістік көсемше формаларымен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады. Күрделі етістіктердің құрамындағы алдыңғы көсемше формасындағы сыңары лексикалық мағынаға ие болады да, соңғы сыңары – көмекші етістік оған грамматикалық мағына үстейді және етістіктің басқа формаларымен түрленетін конструктивтік қызмет атқарады. Мысалы, кетіп қалу, оқып шыққан, атып салмайды т.б. [72, 55 б.]. Жетекші және көмекші етістіктердің түріне қарай, күрделі етістіктерді бірнеше грамматикалық формаларға бөледі.
Күрделі етістіктерді жасауға қатысатын көмекші етістіктерді мәнді (лексикалық мағынасы бар), мәнсіз (лексикалық мағынасы жоқ) көмекші етістіктер деп екіге ажыратады. Осы көмекші етістіктер көсемшелі негізгі етістікке тіркесу арқылы күрделі етістік формасын жасайды. Сөз тіркесінің мұндай түрін көсемшелі тіркес деп атайды. Егер көсемшелі тіркестер бір ритмикалық екпінмен айтылса, тұрақты тіркеске, ал тіркестің құрамындағы етістіктер акцентуациялық екпін сақтап айтылса, еркін тіркес те болады екен. Мысалы, «Бала текшедегі кітапты орнынан тұрып алды» немесе «Бала үйден шықпай тұрып алды». Алғашқы сөйлемде «тұрып алды» – еркін тіркес, екіншісінде – тиянақты тіркес [72, 60].
Ы.Маманов күрделі етістік құрамындағы көмекші етістіктердің кейбіреулерінің лексикалық мағынасын сақтаған, сақтамағанына қарамастан, көсемшелі тіркестерді күрделі етістіктер деп атайды. Бұл арадан ғалымның қазіргі кезде айтылып жүрген күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің ара-жігін бөлмегендігін байқаймыз.
Бір қызығы 1973 жылы жазған еңбегінде тіркесті түбір сөздерге “таң қалу”, “зар қағу”, “жек көру” етістіктерімен бірге “кіріп шығу” етістігін де мысалға береді” [3, 38 б.]. Бұдан біздің байқайтынымыз, ғалым “кіріп шығу” етістігі мен құранды етістіктерді тіркесті түбір сөздер деп таниды да, күрделі етістік терминін етістіктің аналитикалық формаларына байланысты қолданады. С.Исаев та Ы.Мамановтың ізімен: “Сөйтіп күрделі етістік деген ұғымға негізгі етістік пен көмекші (лексикалық мағынасынан айрылған) етістіктің тіркесі және етістіктің белгілі бір грамматикалық категориясының көрсеткіші бола алатын түрі ғана жатады деп білеміз”, – деп ғалымның жоғарыдағы пікірлерін ұстанады [28, 90 б].
Енді ғалымның өзі келтірген мысалдарға жүгініп көрейік:
Лексикалық мағынасын сақтаған етістіктер
Лексикалық мағынасын сақтамаған етістіктер
Кітапты алып шығу
Қасқырды қуып кету
Кітапты сұрап алу
Радио тыңдап жату
Ахмет көшеде қыдырып жүр
Автор сөйлеп тұр
Бала кітап оқып отырды
Кітапты толық оқып шығу
Қасқырдан шошып кету
Кітапты жоғалтып алу
Мәшине жүріп жату
Ахмет мектепте оқып жүр
Мәшине жүріп тұр
Бала арбаның артынан жүріп отырды
Күрделі етістіктерді құрамындағы негізгі етістіктердің мағынасына қарай төртке бөледі:
Кесімді күрделі етістік
Босаң күрделі етістік
Бейімдік күрделі етістік
Қалау мәнді күрделі етістік
Оқулықта кесімді және босаң күрделі етістіктер жарыспалы түрде кең қолданылатындықтан қатар алып, мағыналық ерекшелігін сипаттайды. Мысалы, оқып отыру – оқи отыру; қарап тұру – қарай тұру; алып келу – ала келу т.б. Көмекші етістіктердің мағыналарына талдау жасайды. Әрине, кейінгі еңбектерде басқа терминмен аталғанмен, ғалым аналитикалық етістіктердің мағынасын ашып беріп, келесі зерттеулерге жол ашқан деп есептейміз.
Бейімдік күрделі етістік мақсатты көсемшенің отыр, тұр, жүр, жатыр көмекші етістіктермен тіркесі арқылы (жазғалы отыр, қайтқалы жатқан) жасалады десе, қалау мәнді күрделі етістік -ғы, -й, -қы, -кі формантты етістікке кел көмекші етістігі тіркесу арқылы (барғым келеді, барғысы келіп отыр) жасалатындығын айтады. Қалай дегенмен де, ғалым «күрделі етістіктерді шақтың, райдың, амалдың өту сипатының грамматикалық көрсеткіші деп дұрыс тұжырымдаған.
Құрылысына қарай күрделі болғанымен, алдыңғы сыңары есім және еліктеуіш сөздер болып келіп, соңғы сыңары көмекші етістіктен тұратын сөздерді тіркесті түбір етістік (құранды етістік) деп атайды. Бұлардың құрамындағы компоненттерінің біртұтас ұғымда қолданылатынын негізге алып, яғни сөз тудыру сипатына байланысты күрделі етістіктен бөліп қараған болу керек. Тіркесті түбірдің алдыңғы сыңарлары сөздің лексикалық мағынасына ие сөздер, ал көмекші етістіктерді сол мағыналық бөлікті қозғалысқа түсіретін конструктивтік элемент деп қарайды. Бұларды лексика-семантикалық және тұлғалық қасиеттері арқылы жалпы фразеологиядан, оның ішінде идиомалық тіркестерден бүтіндей басқа категория деп түсіндіреді. Өйткені, тіркесті түбір сөздер сөз жасау тәсілінің бір тәсілі ретінде ауыспалы емес, тура мағынасында жұмсалады дейді. Ы.Мамановтың тіркесті түбір етістік деп отырғандары қазір «құранды етістік» болып басқаша терминмен аталғанмен, олардың тілдік сипаты, яғни тұлғалық және мағыналық құрылымы жайлы анықтамаларда алшақтық жоқ. Ж.Шәкенов бұл тіркестерді “есім-етістік негізді күрделі етістіктер”, А.Ысқақов “құранды етістік” терминімен атайды. С.Исаев “таң қалды”, “зар қақты”, “жақсы көрді” “еңбек сіңірді” т.б. етістіктердің ерекшеліктері сол – бұндағы көмекші етістіктер, ең алдымен, етістікпен емес, есім сөзбен тіркеседі, екіншіден, оған тек грамматикалық мән-мағына үстеп қоймайды, сөзжасам қызметін атқарады, есім сөздерді етістікке айналдырады, сөйтіп сөзжасам қосымшаларының міндетін атқарады, грамматикалық мән шеңберінен шығып қалады” дейді [28, 186 б.].
Ғалым күрделі өткен шақ формасы деп атаған «еді» көмекші етістігі есім сөздермен де, етістік формаларымен де тіркескенде тек өткен шақтық мағына үстейді, ол күрделі етістіктен бөлек категория деп көрсетеді [72, 55 б.].
Жоғарыда сөз болған ғалымдар пікірлерінен күрделі етістік туралы бірізді пікір жоқтығын байқаймыз.
Ы.Маманов күрделі етістік ұғымына аналитикалық формалы етістіктерді де жатқызған. Бұған қарағанда ғалым мұнда етістіктердің тұлғалық жағын ғана ескерген сияқты. Сөз тіркесі мен аналитикалық формалы етістіктерді, күрделі етістіктерді нақты ажыратып көрсетпеген. Дегенмен ғалым еңбектері бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін ашып көрсетпегенмен, аналитикалық формалы етістіктердің мағыналық қырларын ашып көрсетуімен құнды.
А.Ысқақов күрделі етістік деген ұғымға тұрақты тіркестер мен құранды етістіктерді енгізіп, күрделі етістікті “жай күрделі етістік” деп атағанмен, ғалым оның аналитикалық етістіктерден, сөз тіркестерінен ажырата білген. Бұл жағынан Н.Оралбаева мен Б.Қасым жасаған тұжырымдармен біршама сәйкес келеді.
Н.Оралбаева мен Б.Қасым еңбектерінде күрделі етістік жалпы күрделі сөз, оның сөзжасамы тұрғысынан жаңаша қарастырылған. Және оның басқа ұқсас тілдік құбылыстардан айырмашылығы айқын көрсетілген.
Енді осы тілдік құбылысқа назар аударсақ, аналитикалық етістіктерді күрделі етістіктерден ажырату қиынға түспейтіндігін байқаймыз. Етістіктің аналитикалық формасы – грамматикалық құбылыс, ол сөзжасамға жатпайды. Аналитикалық формада тұрған етістіктер екі бөлімнен тұрады: 1) лексикалық мағынаны білдіретін негізгі морфема; 2) грамматикалық мағынаны білдіретін көмекші морфема және аналитикалық формант. Демек аналитикалық формалы етістіктер мен күрделі етістіктерді ажыратудың негізгі критерийі – лексикалық және грамматикалық мағыналарында. Күрделі етістіктерде тұтас бір ғана лексикалық мағына болады да, қосымша грамматикалық мағына болмайды. Аналитикалық формалы етістіктерде лексикалық мағына жетекші (алдыңғы) сыңарда ғана болады да, екінші сыңар (көмекші сөз) грамматикалық мағына үстейді.
Күрделі етістік пен сөз тіркесінің жасалу жолдары ұқсас болғандықтан, олардың арасын ажырату біршама қиын. Оларды айырудың өлшемі болатын формальді белгі жоқ, сондықтан семантикалық белгілеріне қарай ажырату керек. Күрделі етістіктерде екі етістік бір-бірімен көсемше формасы арқылы байланысады. Бірақ бұл байланысу тәсілінде көсемше форма өзінің қимыл-сын мәнін жоғалтып, тек дәнекер байланыстырушы элементке айналады. Ал сөз тіркестерінде көсемше форма қимылды пысықтап, қалай сұрауына жауап береді және тіркескен етістікпен тұтаспай, яғни күрделі баяндауыш болмай, пысықтауыш қызметін атқарып тұрады. Мысалы, Ол шұңқырдан еңбектеп шықты. Қалай шықты? – Еңбектеп шықты. Бұл сөйлемдегі екі етістіктің тіркесі жеке-жеке сөйлем мүшесі болып тұр. Бірі (еңбектеп) – пысықтауыш, шықты – баяндауыш. Олай болса, бұл жердегі етістіктер тіркесі күрделі етістік емес, еркін сөз тіркесі болып табылады. Сөйлемдегі біртұтас синтаксистік қызметі күрделі етістіктерді сөз тіркесінен ажыратудың бірден-бір критерийі болмақ. Бірақ бұл критерий күрделі етістіктер мен аналитикалық формалы етістіктерді ажыратудағы басты критерий емес. Өйткені аталған екеуі де екі етістіктің тіркесінен жасалып, сөйлемде бір ғана сұраққа жауап беріп, баяндауыш қызметін атқарады. Мысалы, Бала жығылып қалды. Қайтті? – жығылып қалды. Бұл аналитикалық формалы етістік. Мұндағы негізгі мағынаны “жығылу” етістігі білдіреді, -ып қалды – аналитикалық формант. Бала үйге кіріп шықты. Қайтті? – кіріп шықты. Бұл тіркес күрделі етістік болады, өйткені лексикалық мағына екі етістіктің құрамында да сақталған. Екеуі де негізгі етістік қызметін атқарады.
Міне, бұл біздің ғалымдар көрсеткен критерийлер бойынша өздігімізше берген талдауларымыз.
Б.Қасымның диссертациялық жұмысының қосымша бөлімінде берілген 200-ге жуық күрделі етістіктерді осы критерийлерге сүйеніп талдау жасағанымызда олардың барлығын бірдей күрделі етістік (ғалымның өзінің жасаған критерийлері бойынша) деп тануға болмайтынын байқадық. Б.Қасымның анықтауынша, өнімді 20-30 тірек компоненттің тіркесуі арқылы 2000-ға жуық күрделі етістік жасалады екен. Солардың бірнешеуіне талдау жасау арқылы күрделі тіркес ұғымының мән-жайын, тілдік сипатын аша түсуді жөн көрдік.
Б.Қасымның күрделі етістік жасайтын тірек компоненттерінің бірі – түс көмекші етістігі. “Түс” тірек компоненті арқылы жасалған етістіктерге тізімде тоғыз мысал беріліп, автор бұл сыңар бойынша 20 шықты етістік жасалатынын айтады. Берілген мысалдар: арқалап түс, секіріп түс, көтеріп түс т.б. Біздің ойымызша,осындағы құлап түс тіркесі – етістіктің аналитикалық формасы сияқты. Өйткені құлады мен құлап түстінің лексикалық мағыналарында айырма жоқ. Құлап түстінің екінші сыңары негізгі етістікке тездік грамматикалық мағына үстеген. Мұндағы түс көмекші етістігін функционалды грамматикада қимылдың өту сипатын (аспектуальность) айқындайтын тілдік құрал ретінде қарауға болады. Ал арқалап түс, секіріп түс, көтеріп түс тіркестерінде қимыл негізінен екінші сыңарға түсіп, алдыңғы сыңар сол қимылдың амалын білдіріп тұрған сияқты.
Содай-ақ жетелеп кел, арқалап кел тіркестерінде қимыл негізінен екінші сыңарда да, бірінші сыңарлар келу қимылын пысықтайды. Қалай келді? – жетелеп келді, арқалап келді.
Тізімде берілген барып кел, беріп кел, айтып кел, біліп кел, көріп кел т.б. тіркестерде қимыл екі кесіндіден құралған, сондықтан бұларды күрделі етістік деуге болатын сияқты. Мұндай талдауларды тізімде берілген әрбір етістікке қатысты жасауға болар еді. Бірақ бұл өз алдына зерттеу объектісі болатын мәселе. Қазақ тілінде күрделі етістіктің тілдік табиғаты толық ашылып бітті дей алмаймыз. Оны зерттеу болашақтың ісі.
Жоғарыда күрделі етістік, аналитикалық формалы етістік туралы айтылған пікірлерді жинақтай келе, төмендегідей тұжырымдарға келдік:
1) күрделі етістік пен аналитикалық формалы етістіктер көп уақыт бойы бір-бірінен ара-жігі ажыратылмай, бірге қарастырылып келді;
2) аналитикалық формалы етістіктер мен күрделі етістіктерді (сөзжасамдық) қазақ тіл білімінде зерттеп дамытқан, осы тілдік құбылыстардың айырым-белгілерін нақты ажыратып көрсеткен профессор Н.Оралбаева болды. А.Ысқақов, А.Хасанова, Б.Қасым пікірлері Н.Оралбаева жасаған тұжырымдарымен ұштасып жатыр.
3) Ы.Маманов қазіргі күнде аналитикалық етістіктер деп танылып жүрген етістіктерді күрделі етістік деп атаған, яғни күрделі етістіктерге сөзжасамдық емес, грамматикалық формаларды жатқызған;
4) есім сөз бен еліктеуіш сөзге көмекші етістіктің тіркесуінен жасалған сөздерді Ы.Е.Маманов тіркесті түбір етістік (туынды сөз) деп атайды. Кейінгі ғалымдар еңбегінде бұлар “құранды етістік” деп аталады.
5) Ы.Маманов күрделі етістік құрамындағы көмекші етістіктердің кейбіреулерінің лексикалық мағынасын сақтаған, сақтамағанына қарамастан, көсемшелі тіркестерді “күрделі етістіктер” деп атайды. Бұдан ғалымның қазіргі күнде танылып жүрген жай күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің айырмашылығын біле отырып, бір терминге сыйғызғандығы байқалады.
6) Ы.Е.Мамановтың күрделі етістіктерге байланысты көзқарастары кейінгі зерттеушілердің еңбектеріне, олардың жай күрделі етістік, құранды күрделі етістік, аналитикалық формалы етістіктерді саралап бөлуге өз септігін тигізді деп есептейміз. Ғалымның пікірлері осы тұрғыдан алғанда өз құндылығымен ерекшеленеді.