Тітіркенгіштігі. Басқа біржасушалы жәндіктер тәрізді кірпікшелілер де сыртқы тітіркендірулерді қабылдап, оған тиісті жауап қайтарады. Олардың сезім мүшесінің қызметін кірпікшелері атқарады. Кірпікшелілер тітіркендіруге қимылын баяулату немесе тездету, сондай-ақ қимыл бағытын өзгерту арқылы әр түрлі әрекеттер жасайды.
Кірпікшелілер бөгде заттың жанасуына, ортадағы химиялық әсерге өте сезімтал, бірақ жарықты сезетін арнаулы органелласы болмайды.
Көбеюі.Кірпікшелілер қорегі мол болса, жазда көбеюге кіріседі. Көбею кезінде кірпікшелінің екі ядросы да біраз созылып, ортасынан қынала бастайды. Осы кезде кірпікшелі жәндік қоректенуін тоқтатады. Ядролар біртіндеп екі жартыға бөлінеді де, екі жаққа қарай таралады, сөйтіп жаңадан екі жасуша пайда болады. Циста түзуі. Суқоймалардың суы тартылған кезде кірпікшелілер де денесіне тығыс қабық түзіп, ұзақ уақыт қимылсыз жатады, бұл құбылыс кірпікшелілердің циста түзуі деп аталады. Цистада жатқан кірпікшеліні жел ұшырып, басқа суқоймаға түсіруі немесе бұрынғы орнына су толуы мүмкін, сондай кезеңде жәндік цистадан шығып, тіршілігін одан әрі жалғастырады.