Джек Лондон— Сан Франциско қаласында дүниеге келген, америкалық жазушы. Өгей әкесінің қолында тәрбиеленген. Жас кезінде зауыт, фабрика, электр станцияларында түрлі жұмыстар істеген. Әдеби шығармалар жазумен 17 жасынан шұғылдана бастаған. 1893 ж. “Сан-Франциско дауысы” газетінде тырнақалды туындысы “Жапонжағалауындағы Тайфун” атты очеркі басылды. Сонан кейін көптеген әңгімелері, повестері, романдары жарыққа шыға бастады.
Жазушы шығармаларындағы биік белесі — “Мартин Иден” (1909, қазақ тілінде 1968) роман-биографиясында автордың өзіндік тұлғасы, қоғам мен қоршаған ортаны тануы, шығармашылық өнер жөніндегі ойлары көрініс тапқан. Кейіннен Лондон шығармаларын Мұхтар Омарханұлы Әуезов, М. Дәулетбаев, Б. Омаров, т.б. қаламгерлер аударған. Әуезовтің “Көксерек” повесінен канадалық жазушы Эрнест Сетон — Томпсонның “Винипег қасқыры” мен Лондонның “Ақ азу” атты шығармаларының әсері байқалады. Мұның өзі қазақ көркемсөз өнерінің әлем әдебиетімен сабақтаса дамығанын көрсетеді. Лондон шығармалары бұрынғы Кеңестер Одағыаумағында көп аударылып, кең тараған.