СƏРСЕНБІ
Бисмиллəһир – рахманир – рахим. Əл – хамду лиллəһи раббил – алəмин.Уас – салату
уəс – сəлəму алə сəйидинə Мұхаммəдин уə алə əлиһи уə сахбиһи əжмаин.
Уа, мейірімді Аллам! Біліп – білместікпен жасаған күнəларымызды кешір. Бізді тура жолға
түсір. Нəпсіміздің азғыруынан сақта.
Уа, Алла тағалам! Байсалдығымызды да, əзілдеген кезімізді де, біреуге жамандық
жасағанымызды да, біреудің ақысын жеген кезімізді де, қатемізді де, əдейі жасағанымызды
да кешір. Біз мойындаймыз, бұл кемшіліктердің бəрі де біздің бойымызда бар. Бізге сыйға
тартқан нығметтеріңнің берекетінен бізді мақұрым етпе.
Я, Раббым! Сеннен рақымдылығыңа бөлену үшін соған себеп болатын нəрселерді,
кешіріміңді, əртүрлі күнəлардан сақтануды, əртүрлі жақсылыққа қол жеткізуді, жаннат пен
жаннатта Сені көру бақытына қол жеткізуді, тозақтан құтылуды бізге нəсіп ет.
Я, Раббым! Біздің дəрежемізді көтер, кемшіліктерімізден арылт, бізге рызық бер. Бізге
салиқалы амал жасауды, жақсы мінез – құлық иесі болуды нəсіп ет! Себебі жақсылыққа
жеткізетін тек қана Сенсің, жамандықтардан сақтайтын да тек қана Сенсің!
Уа, мейірімділердің ең Мейірімдісі! Қайғы – мұңнан, қиянаттан сақтай көр. Шынайы
болмысымызды табуға көмектес, бізді нəпсіміздің жамандықтарынан сақта.
Я, Жаббар Ием! Бізді Саған көп шүкіршілік айтатын, Сеннен қатты қорқатын, Сені көп
зікір ететін, Саған ғана қалтқысыз бағынатын, алдыңда құрметпен тағзым ететін, Саған
қайта – қайта дұға етіп жалбарынатын, үнемі тек қана өзіңе бет түзеген құлдарыңның
қатарына қос!
Я, Алла! Бізді сайтанның сан қилы тұзағынан нəпсіміздің азғыруынан сақтай көр!
Дұшпанменен беттестірме, бізді жалғыз тастама, күллі əлемге күлкі болудан, дұшпанға
мазақ болудан, қас жауымыздың алдында қор болудан, досымыздың алдында зор болудан,
нығмет – ризыққа зар болудан бізді сақтай көр!
Достарыңызбен бөлісу: