9. Биосфера туралы білім берудегі тиімді әдіс-тәсілдер Әңгіме. Мектеп оқушыларының ботаникадан, зоологиядан, адам анатомиясы мен физиологиясынан, физикадан, химиядан және басқада ғылымдардан алған білім қоры жалпы биологияны оқытып үйрету практикасында әңгімені – мұғалім мен мектеп оқушыларының қатысуымен екі жақты сөйлесу арқылы баяндалатын методты пайдалануға мүмкіндік береді.Оқушыларды жаңа материалдың мазмұнын ашуға жұмылдыру олардың танымдық әрекетін күшейте түседі. Мұғалім әңгіме барысында баяндалатын материалдың ұғыну дәрежесін ашып, баяндау сипатына түзетулер енгізеді, мәселенің түсіндірілу тереңдігін оқушылардың танымдық мүмкіндігіне орай шамалайды. Мұғалім оқушыларды талдау жасауға, процестерді салыстырып, оларды бағалауға, маңызды белгілер мен байланыстарды баса көрсетуге, қорытуға бағдарлайды.
Лекция. Ең күрделі, оқушыларға белгілі материалды оқытып үйрену кезінде лекция жиі пайдаланылады. Оны білімнің бастапқы негізіне бақылау және эксперимент жасау мүмкіндігі болмағанда, программалық материалды оқытып үйретуге уақыт жеткіліксіз болғанда қолданған орынды. Лекцияға әңгіме жиі араласады, ол кезде сұрақтар қойылып, проблемалық жағдай туады да кері байланыс іске асады.Мектеп оқушыларын белсенді іске (конспекті немесе жоспар жасауға, мәселенің алдын ала қойылуына, оқушылардың қысқаша хабарын енгізгенде) араласуына мүмкіндік туғызатын әр түрлі методикалық тәсілдерді пайдаланған кезде лекцияның тиімділігі арта түседі. Лекцияны конспектілеу мектеп оқушыларын түп нұсқамен жұмыс істеуге әзірлейді.
Бақылау. Тірі табиғат объектілерін бақылау (болмаған жағдайда олардың модельдері мен көрнекі құралдарды) – оқушының объективті шындықты тану процесіндегі маңызды кезең. Бақылаудың нәтижесінде оқушыларда түсініктердің пайда болуына негіз болатын ұғым қалыптасады, яғни зерттелетін заттардың маңызды белгілері көзге айқын түсіп, олардың арасындағы байланыс белгіленеді.Қойылған сұраққа жауап іздестіру мақсатындағы әңгімелеу және әңгіме барысында бақылау жүргізіледі. Класта таратпа материалдарға, сондай-ақ экскурсия кезінде тірі табиғат объектілеріне, лабораториялық сабақта өздігінен және практикалық жұмыс істегенде бақылауды қолдану дұрыс нәтиже береді. Бұл методтың тиімділігі оқушылардың алдына қойылған мақсаттың қаншалықты айқындығына, тапсырманың қалай жасалғандығына, онда жұмыстың негізгі кезеңдерінін ашылған-ашылмағандығына, бақылау объектісінің анықталған-анықталмағандығына едәуір дәрежеде байланысты болады. Оқушыларға затты немесе құбылысты жазып алуға және өздігінен қорытынды шығаруға жөн сілтеудің маңызы зор.
Эксперимент. Эксперимент тірі табиғат құбылыстары мен процестерін зерттеудің ең тиімді методтарының қатарына жатады. Ол зерттеу принципін кең жүргізуге мүмкіндік береді, оқушылардың, өздігінен жұмыс істеп, ойлануын дамытады, ғылыми методтармен таныстырып, белгілі іскерлік қалыптастырады.Эксперимент арнайы жасалған жағдайларда зерттелетін процесті жасанды еске түсіруді ұйғарады және зерттелетін объектіні бөгде, қосымша құбылыстардан тазартуға мүмкіндік береді. Бақылау – эксперименттің қажетті компоненті.Эксперимент оқу процесін ұйымдастырудың лабораториялық сабақ, практикалық жұмыстар тәрізді формаларыңда цитология, генетика, селекция, экология мәселелерін оқып үйрену кезінде жиі пайдаланылады.