Ә.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова
Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып мұғалімдеріне арналған
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларымен келісілді
Алматы «Атамұра» 2016
Жұмабаева Ә.Е., т.б.
Ж 81 Сауат ашу: Оқыту әдістемесі. 2-бөлiм. Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып мұғалімдеріне арналған/
Ә.Е. Жұмабаева, М.Н. Оспанбекова. – Алматы: Атамұра, 2016. – 112 бет.
ІSBN 978-601-306-608-0
ӘОЖ 373(072)
КБЖ 74.268.1 Қаз я 71
Ж 81
© Жұмабаева Ә.Е.,
Оспанбекова М.Н., 2016
© «Атамұра», 2016
ІSBN 978-601-306-608-0
ӘОЖ 373(072)
КБЖ 74.268.1 Қаз я 71
3
ТҮСІНІКТЕМЕ
Құрметті мұғалім! Сіздің қолыңыздағы бұл кітапша – орта білім беру мазмұнын жаңарту
аясындағы «Сауат ашу» оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылған, әліппеден кейінгі кезең
материалдарының мазмұнын қамтитын «Сауат ашу. 2-бөлім» оқулығының әдістемелік
құралы.
Оқулықта оқу мен жазу материалдары кіріктіріліп (интегративті) құрастырылды.
Оқушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру «Сауат ашу»
оқу бағдарламасында көрсетілген лексикалық тақырыптар («Тағам және сусын» және «Дені
саудың – жаны сау») аясында қарастырылды.
Оқулық негізіне төмендегідей авторлық қағидалар басшылыққа алынды:
– лексикалық тақырыптар аясында қазақ тілі фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен
пунктуациясы туралы бастапқы түсініктерін және дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру;
– айтылым, тыңдалым, жазылым және оқылым дағдыларын қалыптастыру;
– сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениеті нормаларын сақтауға дағдыландыру;
– оқушылардың тілін, ойлау, талдау, талқылау, салыстыру қабілеттерін дамыту;
– сөздік қорын байыту және белсендіру, байланыстыра сөйлеу тілін дамыту;
– туған тіліне, тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы
рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру;
– оқушылардың әлеуметтік, танымдық, қатысымдық, қимыл, белсенділіктерін дамыту;
– алған тілдік білімі мен дағдыларын жеке қарым-қатынас тәжірибесінде, күнделікті өмірлік
жағдаяттарда қолдануға үйрету.
Оқулықта оқушылардың тілдік және қатысымдық дағдыларын қалыптастыру тапсырмала-
ры мен материалдары күтілетін нәтижеге бағдарланған оқу мақсаттарына сәйкес түзілді.
Оқушылардың тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуда:
– тыңдалған материалдың мазмұнын түсіну;
– мәтіннің тақырыбы мен негізгі ойын анықтау;
– тыңдалған материалды мазмұндау;
– оқиғаны болжау;
– түрлі жағдаяттарда тілдік нормаларды дұрыс қолдану;
– тыңдаушының назарын аудару;
– тыңдалған материал бойынша өз пікірін айту;
– берілген тақырыпқа әңгіме құрап айту;
– сөздерді, дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту;
оқылым дағдыларын дамытуда:
– оқу түрлерін қолдану;
– оқылған мәтіннің мазмұнын түсіну;
– мәтіннің құрылымдық бөліктерін ажырату;
– мәтіндегі сөздердің мағынасын түсіну;
– мәтін бойынша сұрақ қоя білу және жауап бере білу;
– мәтіннің түрлері мен жанрын, стилін анықтау;
– түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты алу;
4
– мәтіндерге салыстырмалы талдау жасау;
жазылым дағдыларын дамытуда:
– дыбыс пен әріпті тану және ажырату;
– жоспар құру, оқыған/тыңдаған материалдың мазмұнын жазу;
– мәтінді түрлі формада құрастыру;
– түрлі жанрда шығармашылық мәтін жазу;
– қатені табу және түзету;
– каллиграфиялық, графикалық нормаларды сақтау;
– орфографиялық нормаларды сақтау;
– грамматикалық нормаларды сақтау оқу мақсаттары басшылыққа алынды.
Сабақтағы жаңа ұғым, түсінік мұғалім тарапынан жариялана салмай, оқулық кейіпкерлері
Әли мен Мерейдің диалогтік сөйлесуі арқылы төмендегідей жүйеде берілді:
– проблеманың қойылуы және оны оқушылардың мұғаліммен бірге талдауы;
– оқушылардың өздіктерінен тілдік құбылыс туралы қорытынды жасауға немесе ереже
шығаруға ұмтылуы;
– оқушылардың шығарған қорытындысын оқулықтан нақтылауы;
– берілген білімді іс жүзінде бекіту (әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындау).
«Сауат ашу. 2-бөлім» оқулығымен жұмыста конструктивтік оқуға/оқытуға, яғни әрекеттік
парадигмаға мән беріліп, оқушылардың түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн
құрастыру және бағалау секілді белсенді әрекеттері жүзеге асырылады. Бұл жерде сауат ашу
үдерісінің ең басты мәселесі мен мақсаты оқушылардың белсенді әрекеттерін ұйымдастыру
болып табылады. Белсенді әрекеттер арқылы оқушылар білімді өздігінен меңгереді, үйренеді.
Демек «не білу» емес, «не жасай білу» «Сауат ашуды» оқу/оқытудағы негізгі қағида болып табы-
лады.
Сондықтан да «Сауат ашу» оқулығы «Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарды толықтыр»,
«Сұрақтардың жауабын дереккөздерден ізде», «Мәтіндегі жазылуы қиын сөздерден сөздік
құрастыр», «Өлең мазмұнын әңгімеге айналдыр», «Ұйқасын тап», «Үлгіге қарап, жарнама жазып
көр», «Әрі қарай не болатынын болжап, мәтінді жалғастыр» т.б. оқушының өзі құрастыратын, өзі
жазатын тапсырмалардан тұрады.
Оқулықта оқушыларды белсенді әрекетке түсіретін диалогтік және рефлексивті материалдар
да мол қамтылған: «Берілген жауаптардың сұрақтарын тап. Содан соң сөйлесіңдер», «Бірің даяшы,
екіншің тапсырыс беруші болып сөйлесіңдер», «Суреттегі көгөністердің таласын диалог арқылы
жүзеге асыр», «Футбол добы мен волейбол добы болып бір-біріңмен сөйлесіңдер», «Мәтіннің
мазмұнына қарама-қарсы пікір айтып көріңдер». Мұндай тапсырмалар түрлі әлеуметтік топтар-
мен тіл табысуға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелейтіні сөзсіз.
Оқушының тыңдаған мәтінінің мазмұнын дұрыс түсінуінде мәнерлеп оқудың алатын орны
зор. Алайда бастауыш сынып мұғалімдерінің бәрі дерлік өз деңгейінде мәтінді мәнерлеп оқи
алмайды. Дауыс қарқыны, күші, ырғағы сақталмайды, фразалық, логикалық екпіндер дұрыс
қойылмайды, логикалық, психологиялық, грамматикалық кідірістер дұрыс жасалмайды. Сол
себепті диктор арқылы үнтаспаға жазылған тыңдау мәтіндерін қолдану оқушының тыңдалым
дағдысын қалыптастыра алады.
Оқушылардың жазу дағдысын қалыптастыруда «Жұмыс дәптерінің» алатын орны зор.
«Жұмыс дәптерінде» оқулықта жазуға берілген жаттығу жұмыстарымен қатар, оқушыларды
іздену дағдыларына үйрететін және шығармашылық тапсырмалар берілген. Оқулықта берілген
«көркем жаз» тапсырмасын жұмыс дәптеріне каллиграфиялық нормаға сәйкес орындап шығады.
«Сауат ашу» оқулығы материалдарын оқу/оқыту төмендегі жұмыс түрлері арқылы жүзеге
асырылады (практикалық түрде):
1) бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл сыныппен);
5
2) жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары;
3) жағдаяттық және рөлдік ойындар;
4) дереккөздермен жұмыс жасау (кітап, интернет, құжаттар, мұражай);
5) шығармашылық жұмыстар.
Сауат ашу сабақтарында интербелсенді әдістерді қолдану бастауыш сынып оқушыларының
мүмкіндіктерін ашып, қызығушылықтарын арттырады, белсенділіктерін дамытады.
Интербелсенді әдістер арқылы оқушылар сабақ үстінде еркіндікте болып, бір-бірімен тығыз
танымдық, қатысымдық байланысқа түседі және осы арқылы бір-бірін үйретеді. Интербелсенді
сөзінің өзі (латынша interaction – интеракция, яғни өзара әсер ету) өзара әсер ету дегенді білдіреді.
Бастауыш оқыту үдерісінде қолданылатын интербелсенді әдістер оқушылардың сабақта белсенді
іс-әрекеттер жасап, оқу материалын өзара бірлесіп шешуіне мүмкіндік жасайды.
Интербелсенді әдістер арқылы өтілетін сауат ашу сабақтарында оқушылардың белсенділігін
қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық тұрғыдан арттыру көзделеді. Бастауыш сынып
оқушыларының қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділіктерін арттыру жолдарын
төмендегіше жүйелеп көрсетуге болады:
1) Оқушылардың қимыл белсенділігін арттыру жолдары: оқушының түсінбеген жерін
орнынан тұрып, екінші оқушыдан еркін сұрауы; үлгерімі жоғары оқушының өз тобындағы
үлгерімі төмен оқушыға үйретуі; оқушылардың өз топтарында тапсырма бойынша бір-бірімен
сөйлесіп, ақылдасып отыруы; олардың тапсырманы орындап болғаннан кейін өзара бірін-бірі
тексеруі.
2) Оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру жолдары: олардың өзара оқушы-оқушы не
мұғалім-оқушы, оқушы-мұғалім түрінде бір-біріне сұрақтар беруі; сабақта өзара пікірлесіп оты-
руы; қарсы топ оқушыларының қиын сұрақтарға жауап беру еркіндігінің болуы.
3) Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары: олардың қарсы топтың пікіріне
өзіндік көзқарасын білдіруі; келіспеген жағдайда өзінің көзқарасын дәлелдеуі; өз тобындағы
жолдастарының сөзіне қосылатындығы жөнінде өз пікірін білдіруі.
4) Оқушылардың қатысымдық белсенділігін арттыру жолдары: сабақ барысында
оқушылардың бір-бірімен еркін тілдік қатынаста болуы; жауаптарын бірге жоспарлауы; сөйлейтін
сөздерін нақты әрі қысқа жеткізуі; айтар ойларын әсерлі бере білуі; сөйлеушінің жаргон, диалект
сөздерден таза болуы.
Интербелсенді әдістер қолданылған сабақтарда сыныпты екі немесе үш, төрт ұялы
топтарға бөліп, барлығына бірдей бір тапсырма не әр ұялы топқа бөлек-бөлек тапсырма бе-
руге болады.
Оқыту тәжірибесі барысы пікірталасқа негізделген және оқыту үдерісінде қолданылатын
дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның
ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып,
алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ойын барысында оқушылардың
бойында жағдаятты (ситуацияны) бағдарлау, яғни жағдайға талдау жасай білу, жағдаят (ситуация)
кезінде өзінің атқаратын рөлін сезіну, әңгімеге қатысушы әріптестері арасында байланыс орнату,
қарым-қатынас жасауда тілдік ұғымдарды дұрыс пайдалана білу сияқты қабілеттері жетілетіндігі
байқалады.
«Маршрут» ойыны. Бұл ойын чайнворд ұстанымы бойынша жүреді. Чайнворд (ағыл. chain –
шынжыр және word – сөз) бас қатыру есебі – ойланып табылған сөздің әріптерін, алдыңғы сөздің
соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып табылатындай етіп, бірінің соңына бірі тізбектеле
орналасқан торкөздерге сөздер толтырады.
Мысалы, Алматы, ыдыс, сабын, нар, рақмет, тарақ, қарбыз т.б.
6
«Екі әріп» ойыны. Бірінші қатысушы бір сөз, зат есімді айтады. Келесі қатысушы сол сөздің
соңғы екі әрпінен келетін сөзді ойлап табады, бірақ дауыстап айтпайды, тек өз сөзімен түсіндіреді,
үшінші қатысушы мұның не туралы айтып жатқанын түсінеді де, сол сөздің соңғы екі әрпіне сөз
ойлап табады. Бір қызығы балалар сөзді жасырушының не туралы айтып жатқанын біледі, бірақ
ешкім оны дауыстап айтуына болмайды.
«Екі ассоциация» ойыны. Екі баған сызады да, оған төрт сөзден жазады. Бағанға кез кел-
ген адам, жануар, заттардың атын жазады. Осы екі жақтағы сөзді байланыстырып, ерекше бір
ассоциа ция ойлап табуы керек. Мысалы, егер бірінші бағанға – мысық, екіншісіне жарық деп
жазылса, екі сөзді қосып, «жарыққа жылынған мысық», «лампочка спиралы мысық мұртына
ұқсайды», «лампочка сияқты мысық томпақ және жылы», «мысықтың басы лампочка сияқты»
т.б. ерекше ұқсастықтар табады. Орындауға 5 минут уақыт беріледі. Жазғандардың ішінен ең
қызықты ассоциация таңдалады.
«Қара жәшік» ойыны. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Үстел үстіне екі жәшік қойып, ішіне
көзілдірік, түйме, гүл, желпуіш, айна т.б. заттарды салады. Ойыншының міндеті жәшік ішіндегі
затты өмірде қай кезде, қалай қолданатынын сипаттап айтуы керек. Қарсы топ олардың жасырып
отырған затын айтқан сөздеріне қарап табуы керек.
«Дұрыс-дұрыс емес» ойыны. Ойынға қатысушыларды екі топқа бөледі. Оларды бір-біріне
қарама-қарсы отырғызған дұрыс. Ортаға бос екі орындық қояды. Бір орындық «дұрыс» дегенді
білдірсе, екінші орындық «дұрыс емес» дегенді білдіреді. Мұғалім немесе бір оқушы қағазда
жазылған ой-тұжырымды оқиды: «Ы. Алтынсарин – алғаш мектеп ашушылардың бірі». Бұл
тұжырымды дұрыс деп санаса, олар тез барып «дұрыс» орындығына отыруы тиіс. «Дұрыс емес»
деп санаса, соған сәйкес белгіленген орындыққа отырады. Қайсысы бірінші барып отырса және
жауапты дұрыс тапса, сол жеңімпаз болады.
«Жолға шығу» ойыны. Ойын айналадағы заттарға талдау жасауға мүмкіндік береді. «Жолға
шыққан жолаушы қандай заттарды алады?» деген сұрақ қойылады. Бір топ керекті заттар тізімін
айтады, екінші топ ол заттар не үшін қажет екенін айтып беруі керек.
«Кемпірқосақ» ойыны. Бір минут ішінде түстері әртүрлі бес затты ретімен тез айтып шығуға
тапсырма береді. Мысалы: қарбыз (қызыл), лимон (сары), аспан (көк), жапырақ (жасыл),
топырақ (қоңыр). Кімде-кім түске сәйкес заттың атын таппай қалса, ойыннан шығады.
«Еске түсіру» ойыны. Қатар отырған оқушылар бір-біріне теріс қарап отырады да,
парталасының аты кім, көзінің түсі қандай, киімі қандай, аяқкиімі қандай, егер қыз бала болса,
белдемшесінің түсі қандай, құлағында сырғасы бар ма, осы сияқты белгілерді айтып шығады. Бұл
ойын балалардың бір-бірін жақсы тануға, қарым-қатынасын реттеуге көмектеседі. Балалардың
есте сақтау қабілеті, бақылағыштығы жақсарады.
«Сауат ашу» пәнінің мазмұндық ерекшеліктері оқытудан күтілетін нәтижелерге оңтайлы қол
жеткізуге мүмкіндік беретін, оқушылардың оқу рефлексиясын дамытуға ықпал ететін страте-
гияларды, әдіс-тәсілдерді жетік білуді және таңдап қолдануды талап етеді. Төменде солардың
бірнешеуін ұсынып отырмыз:
7
«Сұрақтар жаңбыры»
Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сұрақ қою және сыни ойлау дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: Оқушылар топтарға өз еркімен, қалауымен бөлінеді. Әр топ параққа
сұрақтар жазып, бір-біріне лақтырады. Алған сұрақтарына жауап жазып, кері лақтырады. Жау-
ап жазылған парақты қағып алған ойыншы сол жауаптан сұрақ тудырып, ары қарай лақтырады.
Ойын осылай жалғасады.
«Суретті әңгімеле»
Ұйымдастыру: барлық сыныппен, жұппен жұмыс.
Мақсаты: бір бөлігі берілген сурет бойынша әңгімелету, суреттегі оқиғаның басын және
соңын болжату арқылы тапқызу.
Қажетті материалдар: сериялы суреттер.
Сипаттамасы: Оқушыларға сурет көрсетіліп, әңгімелетіледі. Қажет болған жағдайда
әңгіменің жаңа сөздерін алдын ала үйретуге болады. Сурет әңгіменің бір бөлігі екені ескертіледі.
Оқушыларға суретте бейнеленген сәттің алдында не болғаны және кейін не болатыны болжа-
тылады. Оқушылардың өз әңгімелері тыңдалғаннан кейін әңгіменің толық нұсқасы оқылып
беріледі.
Оқушылар өздері құраған әңгіме мен әңгіменің шынайы сюжетін салыстырады. Оқушыларға
әңгімедегі негізгі ойды табу тапсырылады.
«Әңгімеге негізделген жазу»
Ұйымдастыру: топпен/жұппен жұмыс.
Мақсаты: әңгіме желісі бойынша орындалған жұмысты топтарда немесе жұптарда талқылай
отырып жазу; әңгіме туралы өз ойларын ортаға салу және пікір алмасу.
Қажетті материалдар: ақ парақтар, қалам.
Сипаттамасы: Берілген әңгіме бойынша шақыру қағазын, хат, ашықхат, электрондық хат,
күнделік жаздыру үшін оқушылар шағын топтарға немесе жұптарға бөлінеді. Оқушылар берілген
жұмыс түрлерінің бірін таңдайды немесе жеребе арқылы анықталады. Жазу уақыты белгіленіп,
оқушыларға ескертіледі. Әр топта немесе жұпта бір хатшы сайланады. Оқушылар не жазатында-
рын талқылап, бір-бірімен пікір алмасады. Жазып біткеннен кейін олар өз жұмыстары төңірегінде
ой бөліседі.
1. Шақыру қағазы
Оқушылар мазмұнында кеш, туған күн немесе басқа да мерекелер туралы айтылған әңгімені
тыңдағаннан кейін шақыру қағазын жазады.
2. Хат
Оқушылар әңгіме кейіпкерінің атынан хат жазады.
3. Ашықхат
Оқушылар әңгіменің кейіпкерінің атынан кейіпкердің ата-анасына хат жазады.
4. e-mail
Оқушылар әңгіменің бір кейіпкеріне электрондық хат жазады.
8
«Детектив»
Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау, көшбасшылық дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: Оқушылар екі топқа біріктіріледі. Екі топқа да шытырман оқиғалы мәтін
шағын бөліктерге бөлініп, қима қағаздарға жазылып беріледі. Олар 15 минут ішінде осы мәтіндегі
шытырман оқиғаның шешімін табуы тиіс. Әр топ өз шешімдерін айтады. Қандай тәсілмен
анықтағандары талқыланып, ақпараттармен жұмыс істеу туралы ой бөліседі.
«Коллаж әңгіме»
Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау және коммуникативтік дағдыларын дамыту.
Сипаттамасы: Оқушыларға түрлі түсті суреттері бар журналдар беріледі. Олар журналдардан
қиып алған суреттерін флипчартқа жабыстырып, әңгіме құрастырады.
«Менің сөзім»
Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сабақта алған білім, білігін бағалау.
Сипаттамасы: Сыныпта бір оқушы орнынан тұрып, бүгінгі сабақтан үйренгендерін
қорытындылап айтады. Айтып болған соң, басқа бір оқушының атын атайды. Сөзді сол оқушы
жалғастырып, сабаққа рефлексия жасайды. Барлық оқушы сабақты қорытындылауға осы ретпен
қатысады.
«Жағымды, жағымсыз, даулы»
Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау, талдау дағдыларын дамыту, сабаққа қызығушылықтарын
арттыру.
Сипаттамасы: Оқушылар шағын топтарға біріктіріледі. Әр топ оқылған әңгімені не-
месе мәтінді «жағымды, жағымсыз, даулы» мәселелерге бөліп, талқылап, өз ойларын (идея-
ларын) айтады. Содан кейін әр топқа тек бір мәселені бөліп беріп, олар үлкен топқа өз ой-
ларын (идеяларын) ұсынады, ал басқа топтар толықтырып немесе қарсы пікірлер айтуына
болады.
«Неге? Неге? Неге?»
Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: орындалған тапсырмалардың түйінді тұстарымен ой бөлісу және оқушылардың
рефлексиялық ойлауын дамыту.
Сипаттамасы: Оқушылар шеңбер бойымен тұрады. Жүргізуші осы сабақта не үйренгенін ай-
тады және соңғы сөйлемін «неге?» деген сұрақпен аяқтайды. Келесі оқушы сол сұраққа жауап
беріп, қасындағы әріптесіне «неге?» деген сөзі бар сұраулы сөйлем айтады. Келесі ойыншылар
да осы әрекеттерді тізбек бойынша жалғастырады. Ойынның соңында оқушылар орындалған
тапсырмаларды еске түсіріп, олардың түйінді тұстарымен ой бөліседі.
9
«Қол белгісі»
Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың рефлексиялық қабілетін дамыту.
Сипаттамасы: Мұғалім оқушылардан тақырыпты түсінгендігін немесе түсінбегендігін қол
белгілері арқылы көрсетуді сұрайды.
«Мен түсініп отырмын және түсіндіре аламын» дегендер қолдың бас бармағын жоғары
бағыттайды. «Мен әлі түсінбей отырмын» дегендер қолдың бас бармағын жанына қарай жантай-
тады.
«Мен түсінгеніме сенімді емеспін» дегендер қол бұлғайды.
Осы белгілерге сүйеніп, мұғалім сабақтың қай деңгейде өткенін біле алады.
«Бағдаршам»
Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың рефлексиялық қабілетін дамыту.
Сипаттамасы: Әрбір оқушыға бағдаршам түстеріне сәйкес кеспелер таратылады. Мұғалім
олардан сабақты түсінген-түсінбегеніне сәйкес кеспелерді көтеруін сұрайды. Жасыл кеспе
көтерген оқушылар барлығын түсінген боп есептеледі. «Не түсіндің?» сұрағы қосымша қойылады.
Сары және қызыл кеспе көтергендерден не түсініксіз болғаны айқындалып, тақырып
төңірегінде қосымша жұмыстар жүргізіледі.
Бұл жүйе арқылы тақырыпты пысықтауға немесе әлі де жетілдіру керектігін білуге болады.
Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып мұғалімдеріне арналып жазылған бұл құрал орта
мерзімді жоспар түрінде түзілді. Орта мерзімді жоспардың алғашқы екі бөлігінде тақырыпқа
сәйкес оқу бағдарламасына сілтеме жасалынып, онда оқу мақсаттары жүйесі, яғни оның
1-бөлігінде дағдылар (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым), екінші бөлігінде күтілетін
нәтиже түріндегі оқу мақсаттары берілді. Бұл оқу мақсаттары мұғалімге өз жұмысын жоспарлауға,
оқушылардың еңбегін бағалауға және оқытудың келесі кезеңі туралы ақпарат алуға мүмкіндік
береді. Орта мерзімді жоспардың келесі бөліктері берілген оқу мақсаттарының жүйесін жүзеге
асырудағы мұғалім іс-әрекеттерінің мазмұнын құрайды. Тақырыпты оқытудың әдістемесі (стра-
тегиялар, әдіс-тәсілдер) беріліп, мұғалімге ескертпелер жазылған. Соңғы бөлікте оқыту ресурс-
тары нақтыланып қойылған.
10
ОҚУЛЫҚТАҒЫ МАТЕРИАЛДАРДЫҢ КҮНТІЗБЕЛІК ҮЛГІ ЖОСПАРЫ
(Барлығы – 48 сағат, аптасына – 6 сағат)
№
Тақырыптар
Сағат
саны
Тағам және сусын
1
Ас – адамның арқауы. Дыбыстар мен әріптер
2
2
Ас – адамның арқауы. Дауысты және дауыссыз дыбыстар
2
3
Мектеп асханасы. Жуан және жіңішке дауысты дыбыстар
3
4
Біздің кафеде. Буын
3
5
Біздің кафеде. Тасымал
2
6
Ұлттық тағамдар. Әліпби
3
7
Ұлттық тағамдар. Мәтін
4
8
Әңгіме оқимын. Сөйлем
2
9
Әңгіме оқимын. Сөйлемдегі сөздердің байланысы
3
10
Әңгіме оқимын. Сөз
4
Дені саудың – жаны сау
11
Денсаулық – зор байлық. Заттың атын білдіретін сөздер
4
12
Денсаулық – зор байлық. Бас әріппен жазылатын сөздер
2
13
Спорт – денсаулық кепілі. Заттың қимылын білдіретін сөздер
4
14
Шынықсаң шымыр боласың. Заттың сынын білдіретін сөздер
5
15
Спорт туралы әңгіме оқимын. Заттың санын білдіретін сөздер
3
16
Нәтиже сабақ. Мен не үйрендім?
2
Барлығы:
48
11
Әдістемедегі ұсынылатын оқу/оқыту іс-әрекеттері бойынша әріптік белгілердің мәні
төмендегідей:
Ұ = ұжымдық жұмыс (сыныппен)
Т = топтық жұмыс
Ж = жұптық жұмыс
Ө = өзіндік жұмыс
ОТ = оқушының тәжірибесі
МК = мұғалімнің көрсетуі
Қ = қалыптастырушы (формативті) бағалау
Ескерту: «Мұғалімнің сыйы» бағытында ұсынылған тапсырмаларды қалауыңыз бойынша
қосымша ақпараттар ретінде қолдануыңызға болады.
12
Достарыңызбен бөлісу: |