Мұзафар Әлімбаев (1923 жылы туған)
Туған жері: Маралды атырабында, (Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды ауылы)
Қызметі: ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
5 жасында кітап оқи бастаған. 6-сыныпта бір қыста ауыл кітапханасының 150-ден аса кітабын тауысқан.
Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылған.
1932–1933
алапат аштықты бастан кешкен.
1937
Сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байлағанын өз көзімен көрген. Осы тұста тырнақалды өлеңін жазды.
Өкінемін ерте өмірдің өткеніне,
Көре алмай қызығымды кеткеніңе.
Өзгелер өз баласын еркелетсе,
Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?!
Соғыс басталғанда 18 жастағы М.Әлімбаевтың педучилищені бітірген кезі еді. Өзі сұранып, соғыс комиссарына арыз береді. 1941 жылдың желтоқсанында соғысқа шақырылып, Талғарға келіп, бір ай саяси жауынгерлер бригадасының 120 мм миномет дивизионына барды. Үш жарым айдай қатардағы жауынгер, сосын саяси жұмыстар жөніндегі жетекшінің орынбасары (замполитрук) болды.
1942
қарашада соғыс жорығын Калинин майданында Ржевтің түбінде бастады, 1943-тің шілдесіне дейін соғысты. Сол кезде саяси қызметкерлер институтын жойып, жауынгер командир етіп даярланып, танк батареясының командирі болды. Соғыстан кейін Шығыс Германия жерінде әскери қызметке алынып, одан елге 1948 жылы оралды.
1944
17 сәуірде «Батырға» деген бірінші өлеңі (Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинге арналған) Балтық майданының «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланған.
25 жыл бойы «Балдырған» журналында бас редактор ретінде басқарып, қазақ балалар әдебиеті үшін үлкен еңбек етті.
Шығармашылығы:
«Ту тіккен» дастанында Рейхстагқа ту қадаған Р.Қошқарбаевтың қаһарман ерлігін жырлады.
«Жүрек лүпілі» атты кітабында қазақ жерінің, кешегі Отан соғысының отты күндері жырланады.
Соғыстан кейін «Қарағанды жырлары», «Менің Қазақстаным», «Естай–Қорлан» туындыларын жазды.
«Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ – олақ», «Шынықсаң – шымыр боларсың» т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды.
«Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген.
М. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар.
Сын-зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған.